Сенбі, 23 Қараша 2024
Асқанға - тосқан 7111 19 пікір 3 Қараша, 2021 сағат 14:06

Мишустин: «Біз шетел емеспіз». Ал Мамин үнсіз...

Кеше Қазақстан премьері Асқар Мамин Мәскеуге барды. Ресей премьері Михаил Мишустинмен кездесіп, екіжақты келіссөздер өткізді. Мамин мен Мишустин екіарадағы сауда-саттықты ұлғайту жайын сөз еткен. Одан бөлек, қаржылық-инвестициялық, транзиттік-транспорттық, ауыл шаруашылық және мұнай-газ, химия саласында, энергетикалық және ғарыш салаларында т.б. әріптестікті арттыру бойынша әңгімелескен. Мұның барлығы әрине, ЕАЭО дейтін аты экономикалық, заты саяси одақтың шеңберінде атқарылады.  

Сол бір алқа-қотан жиында (келіссөз кезінде) Ресей премьері Михаил Мишустин әзіл-шынын араластырып: «шетелдік инвестиция» дегенді «бауырлас елдің инвестициясы» десек дұрыс», - деп сөйлейді.

Сөзбе-сөз: «Сіз шетелдік тікелей инвестиция дегенді айтқанда, мен Ресейді бұл тұрғыдан, статистикалық есепте «бауырлас көрші» деп айтқым келеді. Бұл әрине, әзіл», - депті.

Ал биыл ғана Ресей президентінің арнайы Жарлығымен «Достық» орденін кеудесіне таққан Асқар Мамин бірінші жарты жылдықтың есеп-қисабы бойынша Қазақстанға Ресейден тартылған тікелей инвестициялар көлемі 20 пайызға өскенін айтыпты. 2021 жылдың 8 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 27 пайызға артып, 14,7 млрд долларды құрапты. Бұл есепті жыл соңына дейін 20 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр екен. Дәл қазір елімізде Ресей капиталы бар 10 мыңнан тастам кәсіпорын тіркелген. Бұл Қазақстандағы шетелдің қатысы бар кәсіпорындардың жалпы санының 36,1 пайызы. Сондай-ақ, өнеркәсіптік кооперация саласында жалпы сомасы 1,7 млрд долларды құрайтын тағы 8 бірлескен жоба іске асырылып жатыр екен. Солай...

Айтпақшы, ҚР Үкімет басшысының ресми сайтындағы ақпаратта Ресей премьерінің «бауырлас көрші» жайлы айтқан әзілі туралы бір ауыз сөз айтылмаған.

Ал орыс ақпараты «бауырлас көрші» дегенді жарыса жазып жатыр. Ресей Үкіметінің ресми сайты Мамин мен Мишустин әңгімесінің стенограммасын жариялапты. Онда да Мишустиннің «бауырлас көрші» жайлы айтқандары анық жарзылған.

Тақырыпқа тұздық ретінде: РФ президенті Владимир Путиннің 2021 жылдың 5 маусымындағы №340-шы жарлығымен ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Ресейдің Достық орденімен марапаталған. Путиннің Жарлығында: «Ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану, халықтар арасындағы достықты нығайту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының премьер-министрі Мамин Асқар Ұзақпайұлы «Достық» орденімен марапатталсын», - деп анық жазылған.

Айтпақшы, бұл Асқар Ұзақбайұлының Мәскеуден алған алғашқы ордені емес. 2010 жылы Орыс православ шіркеуінің немесе Мәскеу патриархатының «Орден Святого благоверного князя Даниила Московского» дейтұғын орденін таққан. Онан соң, 2019 жылы ЕАЭО-ның «Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін» деген медаль таққан.

Мамин мен Мишустин осыған дейін тамыз айында жолыққан. Қазақстан астанасында Мишустин «орыс тілінің, орыс тілділердің құқығын қорғап» кеткен. Дәл сол уақытта Ресейлік БАҚ: «Қазақстанда орыс тілінің, орыс тілділердің құқығы тапталып жатыр», - деп ойбайға басып жатқан. Орыс ақпаратының айқай-шуына Қазақстан билігі де араласып, ақтала сөйлеп жатқан.

Соны меңзеген Мишустин Маминге қарата: «Сізді және Қазақстан басшылығына орыс тіліне деген мұқият көңілдеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Орыс тілі Қазақстанда ресми статусқа ие. Ол ұлтаралық һәм мемлекетаралық қарым-қатынастағы негізгі инструмент болып отыр. Мен үшін Қазақстанға жасалған әрбір сапарым ерекше мәнге ие. Біз Қазақстанмен достық, бауырлық, одақтастық қарым-қатынастарымызды бағалаймыз», - деп сөйлеген.

Түйін: Соңғы уақытта орыспен (Ресеймен – ред.) ортақ көбейіп келе жатқаны қазақ қоғамын алаңдатып отырғаны шындық. «Ортақ ақша», «ортақ спорт», «ортақ мәдениет», «ортақ медицина», «ортақ ақпараттық кеңістік», «ортақ зейнетақы», «ортақ еңбек күші», «ортақ сауда кеңістігі» т.б.

Арысын айтпағанда, кейінгі бір-екі жылдың шегінде Ресей тарапынан Қазақстанның территориялық тұтастығына қатысты агрессияның көбейгені де белгілі. Кремль билігінің түрлі лауазымды шенділері қазақ жеріне көз алартып, территориялық тұтастығын мойындамайтын, арандатушылық әрекеттерді үдетті.

Еуразиялық экономикадық одақтың түп мақсаты – КСРО-ны қайта құру екенін сарапшылар айтудай-ақ, айтып келеді. Шын мәнінде, бүгінгі Қазақстан пайдасынан пәлесі көп ЕАЭО-ның экономикалық тұтқынына айналған. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды», дегендейміз, қазір. ЕАЭО күн санап саясиланып бара жатқаны туралы сан рет жаздық. Дабыл қақтық. Нақты деректер келтірдік. Алайда, естір құлақ болса, кәне?..

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354