Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 1735 0 пікір 23 Қазан, 2021 сағат 18:48

Парламенттегі ұлттық саясат: бүгіні мен келешегі

Демографиялық дүпу еліміздің келбетін өзгертіп, қазақтың саны болашақта 80-90 пайызға жетуге бағыт алған шақта Ұлттық саясаттағы біртұтастыққа қатысты Парламенттегі партиялар мен сенатқа сайланған Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері тарапынан пікір қаққа жарылып отыр. «Ақжолдан» басқа партиялар осыдан 30 жыл бұрынғы мазмұны мен мәні көнерген «Қазақстан көпұлтты мемлекет» деген ескі концепцияға жабысып алып айырлмай отырғандары жасырын емес, өз кезегінде «ақжолдықтар» еліміз 10 аса диаспорға мекен болған моноұлттық мемлекет деген қағиданы ұстанып, оның нақты тарихи шындық екендігін дәлелдеп берді. Нақты статистика арқылы саны 10 мың мен 100-нан асып өзге ұлттармен арласпай бір нақты аумақты мекен еткен ұлттарға қатысты жаңаша ұлттық саясат ұстануды алға тартты. Әрі бірлі жарым орыс тілді өзге ұлт өкілдерін осы жеке бір ұлттың өкілінің санатына қосып, Қазақстанды қолдан көпұлтты мемлекетке айналдырудың бүгінде, болашақта да өз зардабын тигізетіндігін парламент мінберінен ашық айта бастады.

Міне, қоғамдағы осы пікірді қолдаушылар бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар 7 тілде телебағдарламалар шығады. Білім беру толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. Біз ешқандай 130 ұлт пен ұлысты көріп отырғанымыз жоқ. Ұзын ырғасы 22 ұлт қана өз тілін дамыту үшін Ел Үкіметінің игілігін пайдаланып отыр дейді.

Мемлекеттік тілді меңгерген этникалық топ өкілдерін мемлекеттік қызмет жүйесінде басшы қызметтерге тағайындау тəжірибесін кеңінен қолдануымыз қажет. Қазақстанды мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстарға тең жағдай жасалынған. Мемлекеттің игілігін бəрі бір кісідей тең пайдалануда. Билік ұлтаралық келісімді сақтап, дамытуда жəне қазақылық кеңшілікті танытуда аянған емес. Сондықтан Қазақстанда келісім мен ұлтаралық татулықты қазақ ұлтының есебінен, мүддесін шектеу арқылы қалыптастыруға еш бір болмайды, керісінше барлығы қазақтардың төңерегінде топтасып, өз тілдері мен салт-дəстүрін қазақтың төл мəдениетімен ұштастыра отырып дамытулары тиіс, «ал кейбір маргиналдар қазақтың кеңпейілдігі мен қонақжайлылығын əлсіздік пен жалтаңдықпен шатастырып түсінуде». Осындайда жазушы, тəуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Дулат Исабековтың: «… ортақ (қазақстандық) ұлт қалыптастыру мүмкін емес, өйткені Қазақстанды мекендейтін барлық халықтардың қазақ жерімен шынайы байланыстары жоқ, ол олардың уақытша мекен ететін территориялары, кез-келген жағдайда олар өздерінің тарихи Отандарына қайтып кетуі ғажап емес» – деген сөзі еске түседі. Сондықтан ұлтаралық келісімнің қандайда бір үлгісі, бастамасы немесе реформалары болмасын бірінші кезекте жергілікті ұлттың яғни қазақтың ұлттық ерекшеліктері ескерілуі тиіс.

Сондықтан, Қазақстандағы ұлт аралық келісімге қол жеткізудің басты себебі, бұл – экономикалық өсімде, халықтың тұрмысының айтарлықтай түзелуінде. Бірақ соған қарамастан, біраз шешімін күтіп тұрған мəселелердің де бары жасырын емес, «орыс мəселесі» уақыт аралап саяси өмірдің тақырыбына айналуда. Оны үнемі саяси қозғалыстар мен ұйымдар өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында қолдан ұйымдастыруда. Қазақстандағы кейбір ұлттық диаспора өкілдерінің білім алуға деген құштарлықтары мүлдем төмендеп кеткен, 1999 жылы елде жүрген соңғы санақ білім алуға құлық танытқан. Ал басқа ұлт өкілдерінің білім алудан бас тартулары мен талпынбаулары республикадағы жұмыссыздық пен қылмыстың өсуіне əкеп соғуда. Осы мəселені оңтайлы шешу мақсатында республикада мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың өкілдерінің білім мен мамандық алуларына мүмкіндік беретін бір жоғарғы оқу орнын ашу жоғарыда аталған қордаланған мəселелерді шешіп қана қоймай, жас ұрпақты отан сүйгіштік бағытта тəрбиелеуге мүмкіндік берер еді. Оппозиция өкілдері елдегі ұлттық жəне ұлтаралық мəселелер бойынша тұшымды ұсыныстар айтудың орнына, республика этностарының күрделі мəселелерін шешуде биліктің жіберген кейбір кемшіліктерін шұғыл түрде көпшіліктің көңілін өздеріне тарту мақсатында жариялаудан жалығар емес. Саяси партиялардың билік үшін күресуде ұлттық қозғалыстарды, мəдени орталықтарды пайдалану, оларды саясиландыру қарқынға  айналуда. Үнемі мемлекет тарапынан және парламент тарапынан бұндай саясиландыруға жол берілмей келеді.

Осының арқасына қоғамдағы ұлтаралық, дінаралық ахуалға ғылыми зерттеу жүргізу ісі ұйымдастырылып, жүзеге асырылды. Ұлтаралық әрекеттестіктің болуы мүмкін түйткілді тұстарына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Оның ішінде әдетте өздерінің қызуқандылығымен ерекшеленетін, бөтен мәдениетті, салт дәстүр мен тілді сыйлау тұрғысынан ұшқары әрекеттерге ойланбай бара салу қаупі жоғары жастар арасындағы ұлтаралық келісімді дамыту  мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Осының нәтижесінде тәуелсіз Қазақстан Республикасы қоғамдық жаңғырудың жаңа белесіне кәрі-жас, орыс-қазақ немесе басқа ұлт деп бөлінбей, мұсылман, я  басқа дін өкілі деп ірге ажыратпай, ортақ үйіміз Қазақстанды жаңғыртудың келелі де кешенді шараларына барлығы бірлесе үн қосып, болашаққа бірге аяқ басып барады.

Мұның барлығы ұлтаралық татулық атты ең ұлы құндылықтың идеялық авторы, әрі оны ешкімнің жанына жара салмай, ешкімді кемсітпей, керісінше барлығының ұлттық болмыстарын елдің ортақ игілігі ретінде көкке көтере білген көреген басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында мүмкін болып отыр. https://abai.kz/post/60371

«Ақжолдықтар» еліміз ұлттық тұйықталған қазақ мемлекеттігін құруға атсалыспайтын 10 аса диаспорға мекен бола бастады деген саяси қаупі шындық екендігін дәлелдеп берді.

Былтыр ақпанда Жамбыл облысында қазақ-дүнген жанжалы болып, 11 адам қайтыс болды. Бұл – Қазақстанда бұрын-соңды болған ең ірі ұлтаралық қақтығыс. Пенжімдегі іс-әрекетіне қарап, Қордайдағы оқиғадан соң ұлтаралық мәселені шешуде билік тәжірибе жинап, жанжалдан сабақ алыды дей аламыз.

30 жылға тарта уақыт бойы қазақтардың ұлттық мемлекетін құрып жатқанын ірі дисапоралардың елеп-ескермеуі белгілі бір кикілжіңдерге әкеп соқтыратынын өмірдің өзі көрсетіп отыр.  Сондықтан бұл нәрсені билік қандай да бір бағдарлама, жоба не Қазақстан халқы ассамблеясы арқылы шеше алмайды. Оны шешетін ең алдымен – белгілі бір партияны қолдайтын қоғамның интеллектуал өкілдері. Қоғамдық пікір көшбасшылары осы мәселені айтып, қақтығыстарға баға беріп, әр партия елмен бірлесе талқылауы керек.

Себебі, белгілі бір ортада қақтығыстарға баға берілгенде бірден "бір ұлттың ерекше орны және осы өңірдегі саны аз титулды ұлттың қонақ саналуы" деген сияқты концепция пайдаланылады да, «бірдей құқығы бар азаматтар арасындағы жанжал мемлекет тарапынан әділ қаралуы керек" деген азаматтық көзқарасқа орын қалмайды да саны аз қазақ ұлтты азаматтар кінәлі болып табылады.

Не орыс, не қазақ тілідерінде емес, тек өз тілінде ғана сөйлетіндер ұлтаралық жанжалды туындатуға себеп болып жүр. Бұл турасында кезінде: «Мемлекеттік ұлт саясатының маңызды ерекшелігі қостілділік саясаты болып табылатындығы шүбәсіз. Үкімет пен мемлекет елдегі барынша таралған екі тілге - қазақ және орыс тілдеріне - нақты орындарын тауып берді. Қазақстанда осы тілдерде сөйлейтіндердің арасында саяси шиеленіс туындаған жоқ, өйткені, халық бүкіл қазақстандықтардың өміріндегі бұл тілдердің шынайы маңызын ұғына білген болатын»,-деп жазған болатынбыз https://abai.kz/post/5588 .

Осыған байланысты, ұлт саясатының негізгі элементтерінің бірі - басқа да этностардың дамуы үшін барлық жағдайларды бір мезгілде жасай отырып, қазақ мәдениетінің негізін мақсатты түрде дамыту болып табылады. Ауыр қиындықтарды басынан кешірсе де, өзінің ұлттық төзімділігін( толеранттылығын), сенімі мен татулығын сақтай отырып қазақ халқы бұған басқа халықтарды кінәламайды, бұл елдегі ұлтаралық қатынастың негізі болып табылады.

Өзге ұлтардың қос тілді болмауы, өз ана тілінің аясында шектелуі де осындай жанжалдарға орын береді. Қазақстанда қостілділікті тәуелсіздік алған уақыттан бері қарай қазақтардың едәуір бөлігі елдегі демографиялық жағдай мен ұлттық мемлекеттілікті қайта жандандыру стратегиясының арасындағы мәжбүрлі және уақытша мәміле ретінде қабылдайды. 2004 жылы бұл жөнінде Ж.С.Смағұлова былай деп атап көрсеткен : « Тіл саясатының құралы ретінде қостілділік елдегі тұрақтылықты сақтау үшін, интеграциялық процестерді күшейту үшін және халықаралық аренада Қазақстанның позитивті имиджін қалыптастыру үшін қажетті саяси мәміле (компромисс) болып саналады; сонымен қатар, бұл орыс тіліне әлі күнге дейін үлкен мән берілетін социолингвистикалық ақиқаттың мойындалуы».

Біздің көзқарасымыз бойынша, 1997 жылы О.Сабденов дұрыс атап көрсетті. Ол былай деп жазған болатын: «... қазақ халқының тағдырында көбіне сыртқы күштердің, империялық орталықтың әсерінен шұғыл өзгерістер жиі болды... бүгінде дамудың дербес жолын таңдаудың, өзіндік, ұлттық өмір сүруді іске асырудың бірегей, бірден-бір мүмкіншілігі бар.... Ұлттық қайта жандану міндеттерін қазақ мәдениетінің нағыз қайнар көздеріндегі жағымды жағдайларды барынша пайдаланумен тығыз байланыстыра отырып шешу қажет. Қазақ халқының интеллектуалдық және рухани әлеуетін барынша толық жүзеге асыру - міне, егеменді республиканың мемлекеттік құрылым ауқымындағы саясаты бірінші кезекте осыған бағытталуы тиіс».

1950-2020 жылдар аралығында Қазақстанда 10 ірі ұлтаралық қақтығыс орын алған. Оның төртеуі шешендермен, екеуі түріктермен, қалғаны ұйғырлармен, тәжіктермен, армяндармен және дүнгендердің қатысумен өткен екен. Енді міне оған Пенжі оқиғасы қосылып отыр.

80-ші жылдардың соңында елеулі дәрежеде шиеленіскен ұлттық қатынастардағы қарама-қайшылықтар халықтардың сана-сезімін ұзақ жылдар бойы қанаудың нәтижесінен туған болатын. Нақ осы сала қоғамдағы толғағы жеткен проблемалардың бүкіл тереңдігін көрсеткен неғұрлым сезімтал барометр болып шықты. Мұның өзі бірқатар республикалардың тоталитарлық жүйеге ашық қарсы тұруына жағдай туғызды. Осы кезеңде халықтардың ұлттық-мемлекеттік теңсіздігі аса үлкен мемлекеттің саяси бөлінуінің басты негізіне айналды. Ол халықтардың нақты мемлекеттік егемендікке қол жеткізуге деген етене ұмтылысына төтеп бере алмады.

Ымырагершілік, мәмілегершілік өте күрделі жұмыс. Көптеген жанжалдардың саяси науқандар кезінде саяси ұпай жинау үшін кейбір жағдайларға барады. Егер сол уақытта қоғам оны берік сақтамай, белгілі бір топ оны құрту керек, оны жою керек деп байбалам салып жатса, жанжалдың басы, міне, осыдан басталады. Сондықтан, мұндай жағдайларды ой елегінен өткізіп, оның аяғы немен тынады деген салқынқанды ой бәріміздің де басымызда болуы керек. Жанжал болып жатқан жерлердегі ымыраға келе білу олардың көсемдері, шешендері, батырларына көп байланысты. Ең алдымен олар өздері ымыраға келе білуі керек. Егер халықтың басқа бір тобы қарсылық білдіріп жатса, солардың да мүддесін ескеруі керек деген сөз. Мәселен, Тәжікстандағы қақтығысты алайық. Олардың басқа бір тобы басқа оймен жүр. Бірақ, сол екі жақты бір-бірімен татуластыра білетіндей, біркелкі қамтамасыз ететін жол таба білу керек. Жанжалдың қызып тұрған кезінде ымыраға келу оңай емес. Мәселен, басқаны былай қойғанда көшедегі кішігірім жанжалдың арасына түсіп тоқтата салу әркімнің қолынан келе бермейді. Ал, енді, қан төгіліп жатқан жерде бұл тіптен қиын. Дегенмен, көптеген жағдайда қақтығысушы топтар басшыларының шын пейілділігі бейбітшілікке жету ниеті бар ма, жоқ па, көбіне-көп соған да байланысты. Жалпы дүниежүзінің көптеген елдерінде соғыстар болып жатыр. Шынын айту керек, сол қарулы қақтығыстардың тоқтамауына да мүдделі күштер бар. Оның ішінде экономикалық мүдделі топтарды алсақ та жеткілікті. Мысалы, танк, қару-жарақ шығаратын зауыттардың иелері өздерінің өнімдерінің өтетініне сенімді болады. Екіншіден, соғыс болып жатқан жерлерден наркотик сияқты зиянды нәрселерді оңай алып жүруге болады. Экономикалық мүдделі күштер деп осыны айтамыз. Олар бітімге келе жатқан кезде соғысушылар жақтарға белгілі бір арандатушылық істер жасалуы мүмкін. Бұл өте қауіпті осыны еліміздегі партиялар дұрыс түсініп, нақты қадамдар жасай білді.

Түрлі сайланған парламенте болған партиялар  жаңа толыққанды қоғам — азат та тең құқылы адамдардың, өз елінің шынайы азаматтарының қоғамын құруға мұрындық бола білді. Ең бастысы — біз өзіміздің ортақ үйімізде бейбітшілік пен келісімді, адамдардың жүрегінде өзара түсіністік пен сенімді сақтай алдық. Қазақстандықтар ұлттық төзбеушілік пен өшпенділікке ұрынбастан, шынайы қазақ тілін білетін біртұтасхалыққа айналу процесін бастан кешуде. Осының бәрі алғашқы күннен бастап ұлттық келісімді өзіміздің басты басымдығымыз және мемлекет саясатының өзегі ретінде айықындаудың арқасында ғана мүмкін болды. Бүгінде еліміздің нақты табыстары депутаттарымыздың келелі істері арқасында елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси жаңартудың саналық жаңа кезеңіне кірісуге мүмкіндік беруде.

Теңдестірілген тіл саясаты, Қазақстан халқының лингвистикалық байлығын молықтыру біздің бірлігіміз бен прогрестің негізі болып табылады. Өткен жылдарда қоғамымызда мемлекеттіліктің бүкіл ғимараты тұрғызылған іргетас ретінде қазақ тілі мен мәдениетінің рөлін терең түсінудің орын алуы өте маңызды. Сонымен бірге, бүгінде отандастарымыздың өз тағдырына өзі қожа болу құқығын нығайта отырып, біз сондай-ақ бабалардың тарихи, мәдени мұрасын, қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрлерін, рухани тәжірбиесін толық мәнінде қалпына келтіріп дамытуға, сол арқылы шын мәнінде тең құқық беруге тиіспіз.

Ұлт саясатында партиялардан бөлек Қазақстан халқының Ассамблеясы алатын орны ерек екендігін естен шығармауға тиіспіз. Қазір Қазақстан халқының Ассамблеясы — беделді, халықаралық тұрғыда мойындалған қоғамдық форум, ол еліміздің халықтарын үйлесімді біріктіріп, бірлесе отырып осы заманғы ең күрделі сұрақтарға жауап табуға мүмкіндік берді.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл жайында: «Азаматтық бейбітшілік пен келісімнің, этносаралық және конфессияаралық үнқатысудың мемлекеттік саясатын біз басты бағытқа жету — өркенді көп ұлтты Қазақстанды құру мақсатында нығайтып, дамытатын боламыз», деп атап өткен еді.

Осы тұста өзінің тарихында, жалпы, мемлекеттік құрылымдық ғұмырында Қазақстан ерекше ел болып қалыптасқанын айта кеткеніміз абзал. Өзінің тағдыр-талайында, біртұтас бола білудің жауапкершілігін көрсеткен кезеңі ондағы ұлттар мен ұлыстардың үлкен жауапкершілігін көрсетсе керек. Біздің бақытымыз да сол, Қазақстан аз уақыттың ішінде əлемдік қоғамдастықтың алдыңғы қатарлы көшіне қосылды. Тəуелсіздік алған 30 жыл ішінде талай өзгерістер болып, дұрыс таңдау жолымен алға батыл қадам бастық.

Парламенттегі партиялардың арқасында ел ішінде қалыптасқан осындай ахуалдың арқасында еліміз ұдайы даму үстінде. Жыл сайын ішкі жалпы өнімнің үлесі артып, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар еселеніп көбейіп, халықтың өмір сүру көрсеткіші артып келеді. Бұл, ең алдымен, еліміздегі тұрақтылықтың арқасы екені даусыз. Алдағы уақытта одан әрі дамуды мақсат еткен еліміз бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуды мақсат етіп отыр. Әрқашан ел ішінде ғана емес, әлемде бейбітшілікті, ауызбіршілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Парламенттегі депудаттарымыз арқасында этносаралық мәселелерді әрқашан әділетті түрде шешіп, еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың көңілін табу арқылы, ел егемендігін сақтап, еліміздің дамуына тиімді жағдай жасай алдық. Бүгінгі күні бұл ұстанымымыздың дұрыс болғанын көріп отырмыз. Ең бастысы да — осы!

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576