Сенбі, 23 Қараша 2024
Бірлігіміз жарасқан 18063 0 пікір 17 Қыркүйек, 2017 сағат 12:53

 Қазақстан ұлтаралық қақтығыстарды болдырмаудың тиімді тетігін тапты

 

Тағдырдың маңдайға жазғаны сол — ата-бабалардан мұраға қалған қазақтың ұлан-ғайыр даласы түрлі замандарда жер ауып келген сан түрлі ұлттар мен ұлыстарға пана болды. Алыстан кім келсе де, құшағын жайып қарсы алатын қазақтың кеңпейілдігі мен қонақжайлылығы да бұған өзінің ықпалын тигізбей қойған жоқ. Сан тараптан соққы жеп, бас сауғалағандары бар, күшпен жер аударылып, айдалғандары бар, түрлі халықтар қазақ жеріне табандары тигенде ғана жан шақырып, естерін жиды.

Бүгінде олар басқа елді отаным деп санамайды, іргелерін бекітіп, осында тамыр жайған қай ұлттың өкілінен сұрасаңыз да, олардың тарихи отандары біреу, ол — Қазақстан.

Қазақстандағы ұлтаралық және дінаралық татулықты нығайту ісінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  бастамасымен құрылып, бүгінде конституциялық мәртебеге ие болып, елдің ішкі саясатында теңдессіз рөл атқарып отырған Қазақстан Халқы Ассамблеясы екені даусыз.

Дегенмен, біз бүгінгі таңдағы Қазақстандағы ұлтаралық қатынас жайына мәселенің басқа қырынан келіп көрмекпіз.

Еліміз тәуелсіздігін алған сәтте әлемдегі ең көпұлтты, ең көпдінді мемлекеттердің біріне айналды. Заманауи әлемде түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың көпшілігі дәл осы ұлттар мен дін өкілдерінің арасындағы қарама-қайшылықтардан туындап жатқандықтан, әсіресе, Қазақстанға дұшпан көзбен қарайтын, мысықтілеулі сарапшылардың көпшілігі көп ұзамай-ақ бұл ел өз ішінен іріп-шіріп, қырық пышақ болып жан-жаққа тартып, ақыры ел болмай құлап тынады деп сәуегейсіп баққаны да сондықтан.

Ақиқатын айтқанда, оған негіз де жоқ емес еді. Басқаны былай қойғанда, солтүстік аймақтардағы бірқатар шовинистік пиғылдағы азаматтар терістікке қарай бұра тартқан кездері де болғанын көзіміз көрген.  «Мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақтар енді өздерінің үстемдігін басқаларға байқатып, тізесін батырады. Өзгелер бұған шыдамай жан-жаққа тарасады» дегендер де болды. Басқа да түрлі факторлар сәуегейлердің гу-гу әңгімесіне шындыққа жанасымды сылтаулар тауып беріп отырды.

Алайда қазақ елінің бағына қарай сол қиын-қыстау кезеңдерде бұл мемлекеттің тізгінін ұстап отырған Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Ол елдің ең басты жетістігі оның ішкі тұрақтылығында екенін бек түсінген азамат болды.

Ол жас мемлекеттің экономикалық өрлеуі де, саяси тұрақтылығы да, демократиялық дамуы да бұл елді мекен еткен түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара сыйластығына, түсіністігі мен татулығына барып тірелетінін әу бастан жақсы түсінді. Елбасының жетекшілігімен жүзеге асырылған мемлекеттің ұлттық саясаты әр ұлттың этникалық жаңғыруын, өз тілдері мен салт-дәстүрлерін қалағандарынша берік ұстану арқылы өздерін толыққанды ұлт ретінде, әрі осы елдің тең құқылы азаматы ретінде сезінуін тірек етіп алды. Республиканың ішкі саясатында ұлтаралық келісім мәселесі, өркениетті түрде өзара келісімге келуі айрықша маңызды орынға ие болды. Осының арқасында 130-дан астам ұлт пен 46 діннің өкілдері «Қазақстан — ортақ отанымыз, ортақ үйіміз» деген құндылықтың төңірегіне топтаса білді.

Қазақстан секілді көпұлтты мемлекетте ұлтаралық келісімді нығайту жүргізіліп жатқан реформалардың жемісті болуы мен тұрақты дамуының ең басты шарттарының бірі болғаны анық. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі атап өткеніндей, «Біздің саясатымыздың ең басты өзегі барлық ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің ортақ құндылықтарын тауып, олардың біріге отырып, дербес дамуына қажетті алғышарттарды анықтай білуімізде болды».

Қазақстанның 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық рефрендуммен қабылданған ата заңының өзі «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы…» деп басталуының да өзіндік сыры бар. Ата заңымыз бойынша ешбір ұлттың, діннің өкілі өзін бұл мемлекетте екінші сорттағы адам сезінбеуіне толық жағдай жасалды. Оған Қазақстан Конституциясының 14-бабында «тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе өзге де жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жазылуы толық негіз болды. Ата заңымыздың 39-бабында «ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады» деп ұлтаралық татулық мәселесінің маңыздылығы тағы да айшықтай көрсетілді.

Осының арқасында елімізде барлық ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті жалпыұлттық байлық ретінде қарастырылды. Күллі ұлт өкілдеріне конституция арқылы өздерінің этномәдени байлықтарын сақтап, дамытуға мүмкіндіктер берілді.

Сөйтіп, күні кеше ғана «қырық пышақ болып, іргесі қақырай сөгіледі» деген талай сәуегейлердің көмейлеріне құм құйылып, Қазақстан заманауи әлемнің ең қауіпті құбылыстарының бірі — ұлтаралық қақтығыстарды болдырмаудың тиімді тетігін тапты. Өзінің аумағында тұратын ұлттар мен ұлыстарды олардың ұлттық құндылықтарына байланысты араздастыратын ешбір жол қалдырмады.

Қазақстан аумағындағы түрлі ұлттардың ұзақ уақыт бойы «щәй деспей» қоян қолтық тіршілік кешуіне бұл мемлекеттің түпкі иесі — қазақ халқының қанында бар кеңпейілділігі мен сабырлы салиқалылығы себеп болып отырғанын елдің даму тарихына жіті қарап отырған кез келген сарапшы жоққа шығармайды.

Бүгінде қазақ жерін мекен етіп отырған ұлттардың қай-қайсысы да кезінде ұлы далаға шекелері шылқығаннан, жетіскеннен келген жоқ еді. Барар жер, басар таулары болмай, жер бетінде тіршілік иесі болып қаламыз ба, жоқ па деген күдікпен келген кез келген ұлт өкілі осы қазақтың арқасында ауыздары аққа тиіп, естерін жинап, етектерін жапқанын көз көрген көнекөздердің қай-қайсысы да ашық айтады, ондай жандар әрдайым қазаққа алғыс пен ықылас-ілтипаттарын аяған емес. Бұл —  бір дейік.

Екіншіден, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің ең басты факторы Қазақстан басшылығының, нақтырақ айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық және дінаралық қатынастардағы көреген саясаты.

Президентіміз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ елдің ұлттық саясатының басты қағидаларын айқындап алды. Бұл қағидалар ұлттар арасындағы түсіністіктің кілтін табу, қоғамдық тұрақтылықты ұлттық мәселелерді әділ шешудің негізі етіп алу, барша халықты ортақ құндылық — елдің тәуелсіздігін нығайту жолында біріктіру секілді мәселелерге жүгінді.

«Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасында бірінші кезекте қолға алынуы тиіс, ең басты міндеттер елді ішкі қайшылықтар мүжіп, ішінен ірітіп жататын болса, орындалуы мүмкін еместігі айқын көрсетілді. Ұзақмерзімдік стратегияның ең басым бағыттарының бірі ретінде ішкі саяси тұрақтылық пен барлық ұлттардың тең құқылығын қамтамасыз етудің нәтижесінде мүмкін болатын қоғамның бірлігі, сондай-ақ түрлі діндердің арасындағы қатынастардың өзара сыйластығы мен бір-біріне түсіністікпен қарауы алынды.

Соңғы жылдары қолға алынған табысты экономикалық реформаларды саяси реформаларға ұластыру жағдайында Мемлекет басшысы ұлтаралық қатынастар жүйесін бұрынғысынан да тиімді, ықшамды ете түсуге бағытталған жаңа міндеттер қойды.

Қазақстандағы ұлтаралық және дінаралық қатынастардың әрі қарайғы үндестігін дамытып, мақсатты түрде кешенді саясат жүргізу үшін  елімізде «Ұлтаралық және дінаралық келісімнің Қазақстандық моделін жаңғырту жөніндегі 2006-2008-жылдарға арналған бағдарлама» қабылданып, табысты жүзеге асырылды.

Бағдарламаның негізгі міндеттері ретінде республикадағы дінаралық және ұлтаралық келісімнің Қазақстандық моделін жетілдіруді қамтамасыз ететін кешенді шараларды ойластырып, жүзеге асыру мәселесіне басымдық берілді. Сондай-ақ ұлтаралық және дінаралық қатынастар саласындағы ахуалға нақты баға беру, қоғамның әлеуметтік-психологиялық шиеленістердің бар-жоғын  анықтап, олардың деңгейін анықтау, ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық және дінаралық келісімді нығайту мәселелері алдыңғы қатарға шығарылды.

Осының арқасына қоғамдағы ұлтаралық, дінаралық ахуалға ғылыми зерттеу жүргізу ісі ұйымдастырылып, жүзеге асырылды. Ұлтаралық әрекеттестіктің болуы мүмкін түйткілді тұстарына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Оның ішінде әдетте өздерінің қызуқандылығымен ерекшеленетін, бөтен мәдениетті, салт дәстүр мен тілді сыйлау тұрғысынан ұшқары әрекеттерге ойланбай бара салу қаупі жоғары жастар арасындағы ұлтаралық келісімді дамыту  мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Осының нәтижесінде тәуелсіз Қазақстан Республикасы қоғамдық жаңғырудың жаңа белесіне кәрі-жас, орыс-қазақ немесе басқа ұлт деп бөлінбей, мұсылман, я  басқа дін өкілі деп ірге ажыратпай, ортақ үйіміз Қазақстанды жаңғыртудың келелі де кешенді шараларына барлығы бірлесе үн қосып, болашаққа бірге аяқ басып барады.

Мұның барлығы ұлтаралық татулық атты ең ұлы құндылықтың идеялық авторы, әрі оны ешкімнің жанына жара салмай, ешкімді кемсітпей, керісінше барлығының ұлттық болмыстарын елдің ортақ игілігі ретінде көкке көтере білген көреген басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында мүмкін болып отыр.

А.Ерасылов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377