Салық кодексі: Жаңа жылдан бастап бизнеске қандай жеңілдік беріледі?
Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2026 жылдың қаңтарынан бастап енгізілетін жаңа Салық кодексін түсіндірді.
Вице-министрдің айтуынша, шағын бизнес үшін декларация мен бөлшек салық режимдері біріктіріліп, бірыңғай режим жасалады. Бұл жаңа режим шағын кәсіпкерлікке арналған бірыңғай салық жүйесін қамтамасыз етеді.
- Жылдық кіріс шегі – 600 мың АЕК немесе 2,4 миллиард теңге. Қызметкерлер саны бойынша шектеу жоқ.
- Егер жылдық кіріс 24 000 АЕК-тен асып кетсе, салық салынатын табыс жалақы қоры сомасына азайтылады.
- Бұл режимді қолданатын салық төлеушілер ҚҚС және әлеуметтік салық төлеуші болып есептелмейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін жаңа жеңілдік режимі енгізіледі — біртұтас минималды төлем 4%.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес. Біртұтас төлем құрамына зейнетақы аударымдары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары кіреді, - деді ол.
Вице-министр атап өткендей, салық есеп беру формалары 30%-ға қысқарады, ал салық төлеушінің келісімі бойынша декларацияларды автоматты түрде толтыру мүмкіндігі қарастырылған.
Жоспарлы тексерулер толық жойылады, тек тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша тексерулер жүргізіледі. Микро- және шағын бизнес үшін 2026 жылға дейінгі кезеңге салықтық тексерулер мен камералдық бақылау толығымен жойылды.
Сонымен қатар жер, көлік және мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер 1 миллион теңгеден аз болса, есептеу жүргізілмейді.
Вице-министрдің айтуынша, сенімді салық төлеушілер үшін кепілсіз және банктік кепілдіксіз төлемді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
Abai.kz