Қытай арманы. Үшінші қарар қайда бастайды?
Қарашаның 8-і мен 11-і арасында Пекин қаласында ХКП-ның 19-сьезінің 6-ы пленумы жабық жағдайда өтті. Осы пленумда ХКП-ның 20-съезінің уақыты белгіленіп, компартияның жүз жылдық тарихындағы маңызды тарихи, саяси мәселелерді қортындылаған үшінші қарар қабылданып, мақұлданды.
Жұқпалы індет тарағалы екі жылға таяу уақыт болып, әлемнің қалыпты қарым-қатынасы өз ырғағынан жаңылып, адамдар санасын үрей билеген мына аласапыран заманда аталмыш қарардың жолдануы әлем сарапшыларының назарын ерекше аударды. Оның үстіне Қытайдың ішкі-сыртқы жағдайы да тым шіркін-ай емес. АҚШ пен арадағы сауда соғысы диалогқа келсе де әлі теке-тірес жағдайында тұр. Жылжымайтын мүлік нарығының құлдырауы Қытай экономикасына зіл-заланың дүмпуінен белгі берді. Өйткені ел ішкі өнімінің 60 пайызын мүдделі кландарға арқа сүйеген осы жылжымайтын мүлік нарығы ұстайды. «Қызыуы» көтерілген осы нарықтың бәсейуі қалай болады? Ол жағын ешкім дөп басып айта алмайды. Тайвань және саны аз ұлттар мәселесі, Гонконг дауынан кейінгі оқиғалар Батыс пен Қытайдың қарым-қатынасын тіпті де күрделендіре түсті. Қытай дәл қазір тоғыз жолдың торабында тұрғандай. Сыртқы қысым, ішкі дағдарыс дендеп тұрғанда үшінші қарардың дүниеге келіу түрлі жорамалдар мен топшылаулардың тұздығы болды. Осы қарар қабылданады дегеннен бастап билікке тәуелді ақпарат құралдары жағынан тоқтаусыз түсініктеме беріліп, насихатталса, шетелге ауып кеткен өзгеше ойлайтын демократиялық күштер мен Батыс медияларының сын садағына ілінді.
Жоғарыда айтқанымыздай бұл Қытай компартиясының ғасырлық тарихындағы үшінші қарар. Бірінші қарар 1937 жылы Zhang, Yang сынды екі генарал сол кездегі ел басшысын кепілге алған «Xi’an оқиғасынан» кейін Совет, Құрама штаттың ара ағайын болуымен, ішкі соғыста он жыл жан беріп, жан алысқан екі партия ымыраға келіп имперализмге қарсы біртұтас ұлттық майдан құрып жеңістің шуағы көріне бастағанда, яғни 1945 жылы 21мамырда Yan’an-да компартияның 7-съезінде дүниеге келген. Осы құрылтайда алғы шептен оралған қолбасшылар мен саяси комиссарлар, әр аумаққа жауапты тұлғалар бір айға жуық партия құрылғаннан бергі саяси оқиғаларды, шешімдерді сараптан өткізіп, талқыға салды. Қортынды шығарды. Мәскеу көріп, қызыл алаңның ауасымен тыныстаған Wang Ming, Bo Gu, Zhou Enlai сияқты серкелер қатаң сынға ұшырап, безбенге түсті. Армияда Zhang Guotao бастаған Маомен көзқарасы келіспеген өзге таудың бұғылары шеттетіліп, есеп берді. Жалпы баяндама жасаған Маоның жерлесі әрі жақын серігі Liu Shaoqi тұңғыш рет Марксизм, Ленинзм мен Маоизмді қатар атап, халықаралық комунизм қозғалысына қосылған үлес әрі тың құбылыс деп бағалады. Сонымен партия ішінде Маоның авторитеті теориялық жақтан нақтыланып, қалыптасты. Бұл баяндама кейін «коммунистердің ақылағы» деген кітап болып шығып, көп тиражбен тарады. Сонымен Маоның партия мен армиядағы орны, беделі мызғымастай болып қалыптасып, қашан көз жүмғанша ешкім бет келмеді. Қиыс кеткендерді дер кезінде аластап отырды. Әскери, саяси, идеялық жақтан бір танымға келіп, Маоның авторитарлық билігін толық қабылдаған коммунистер кейінгі ішкі соғыста қарсыластарын мұхит асырып жіберді.
Мао қайтыс болып мәдениет төңкерісінде Маоның қолдауымен билікке келген науқаншыл топтар, кландық тепе-теңдік сақтау үшін билікке келген Hua Guofeng мен сақа коммунистер жағынан саяси төңкеріс арқылы саясат сахнасынан аластатылған соң, біртіндеп әскери билікті қолына алған Дын атышулы мәдениет төңкерісінде қысымға, зияңкестікке ұшыраған қарт коммунистердің қолдауына ие болды. Сонымен 1981 жылы компартияның 11-съезінің 6-ы пленумында Deng, Chen Yun, Hu Yaobang үштігі бірлесе отырып «ҚКП орталық партия комитеті мемлекет құрылғаннан бергі партияның бірнеше мәселелері туралы қарары» деген құжат қабылдады. Осы қарар негізінде партия Маоның тарихи орнына баға беріп, кемшіліктерін атады. Партия тарихындағы «оңшылдыққа қарсы тұру», «зор секіріп ілгерлеу», «мәдениет зор төңкерісі» сынды оқиғаларға баға беріліп, теріске шығарылды. Партия мен мемлекеттің негізгі нысанасы таптық күресті арқау етуден экономикалық құрылысқа аударылды. Сыртқы саясатта өзге елге «төңкеріс тасымалдау» тоқтап, озбыр болмау, бар елмен достық қарым-қатынас орнату басым орынға шықты. Сыртқа есік ашып, инвестиция тарту экономикалық құрылыстың өзегі болды. Реформа жемісін берді. Отыз жылда Қытай әлемдегі екінші ең қуатты елге айналды.
Мао 81 жас жасап, 41 жыл компартияны жеке дара билегенде 11 реткі саяси бағыт немесе тақ талас күресінде өз қарсыластарын жеңіп шықты. Осы барыста ешкімді аяған жоқ, әсіресе өзі мұрагер деп белгілеген екі қанды көйлек жолдасы мемлекет төрағасы Liu Shaoxi мен Маоға еріп взвод командирінен маршаллға дейін жеткен Lin Biaoдың саяси ғұмырлары трагедиямен аяқталды.
Әлем жан санының 1/5 бөлігін құрайтын, 90 миллион мүшесі бар партияның ішкі қайшылығы – мүдде қақтығысы да өте үлкен екенін байқаймыз. Десе де «мылтықтан әкімият туады», «құралға партия ғана команда бере алады» деген Мао сөзіне жүгінсек, кім армияға ие болса, сол бүкіл партияда шешуші сөзді айта алады екен. Екінші қарардан кейін Қытай реформасының атасы Дын Мао белгілеген мұрагері мен өз шекпенінен шықса да, ырқына көнбеген партияның екі бас секретарын жоғары биліктен ығыстырды. 1991 жылы Оңтүстік Қытай сапарында «кім реформа жасамаса, сол биліктен кету керек» деген сөзін алдымен әскери комитеттің талқысына салып, ақсақалдардың қолайына жаққан сол кездегі бас секретарь Jiang Zeminға ескерту берді. Реформатор Zhu Rongjiді бас премьер етіп тағайындады.
30 жылда Қытай кісі танымастай болып өзгерді. Коммунистердің екінші, үшінші ұрпақтары арасынан «қызыл капиталистер» шоғыры қалыптасты. Компартия саяси қызметте армия мен комсомолдарға иек сүйесе, ел басқаруда кәсіподақ, әйелдер бірлестігі, жастар бірлестігі, бұрынан келе жатқан, бірақ саяси бағыттары мүлде өзгерген аталмыш демократиялық партиялар мен шетелдегі мұқажырлардың қоғамдық ұйымдары мен қозғалыстарына арқа сүйейді. Ұзақ жылғы қордаланған тәжірбие негізінде олардың арасындағы қарым-қатынастары мен байланыстарды мүлтіксіз реттеп, бағыттап отырады.
2012 жылы Қытай қоғамындағы Jiang Zemin тобы, Hu Jintao бастаған комсомолдар тобы, бекзадалар тобы және басқа саяси, қаржылық топтардың ұзаққа созылған ырғасуы, саудаласуы нәтижесінде Сицзиньпинь билікке келді. Си алғашқы бес жылда бұрынғы премьер министр Zhu Rongjiдың идеялас шәкірті Wang Qishanмен бірлесе отырып, коррупцияға қарсы соғыс ашты. Нәтижесінде орталық саяси бюроның бір бюро мүшесі, орталық әскери комитеттің екі орынбасары, Hu Jintao кезіндегі орталық аппараттың бұрыңғы меңгерушісін қамтыған 430-дан астам лауазымды тұлғалардың қолына кісен салды.
Идеология саласында Jiang Zemin заманынан келе жатқан бас идеолог Wang Humingға көбірек арқа сүйеді. 19-съезде орталық саяси бюроның 7 мүшесінің қатарына қосып, алғашқы қадамдарын ҚХП-ның дүниеге келген жері Шанхайдағы музейге барып тәу етіп, «әуелгі арманымызды ұмытпай, парызымызды есте сақтайық» деп саяси программасын жариялады. Осы съезде партия жарғысына өзгеріс жасалып, «Сицзиньпиньнің жаңа дәуірдегі қытайлық ерекшелікке ие социализм идеясы» бұрынғы-соңғы көсемдермен қатар аталды. Мемлекет төрағасының биліктегі мерзімі шектелмейтін болды. Hu Jintao кезінде шашырап кеткен билікті қайтадан орталыққа шоғырландырып, «Си центризм» идеясын жеріне жеткізіп дәріптеді. Екінші қарардан кейін көп айтылатын, «бір бөлім адамдар алдымен байып, жалпы халыққа бастамашы болу керек» деген Дыңның идеясын толықтырғаны ма, әлде кері жағы ма, «ортақ баю теориясы» партия мен халыққа ұсынылды. Мемлекеттік корпорациялардың есебінен жүгенсіз кеткен олигархтардың артынан қоңырау тағылып, басқан қадамдары есепке алынуда. Жылжымайтын мүлік нарығындағы Шанхай, Шэньжэнь, Бейжің, Гуанчжоу сияқты жетекші қалалардағы компанияларға салық салу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Компартияның асқалдарының бірі саналатын Сидің әкесі Xi Zhongxun «партия тарихында солшылықтан көрген зәбіріміз оңшылдыққа қарағанда өте көп» дей келе, жеке басқа табыну синдромынан құтылу жолдары туралы көп өсиет қалдырған. Бірақ Батыстың адамзатқа ортақ құндылықтары мен Шығыстың дәстүрі мен менталитеті көбінде бір қазанда басы пісе бермейді. Оны қазіргі Сингапурдың жетістігі мен Ауған, Иран, Сириядағы дағдарыстар мен қантөгістер дәлелдеп отыр. Си және оның командасы осындай күрделі жағдайда үшінші қарарды ортаға тастады. Қазіргі Қытай бұрынғы Қытай емес, өткенге айналған екі қарар Қытайдың ішкі ісі саналса, мына интернет заманында өз ықпалын қалағанынша жүргізетін супердержаваға айналған Қытайдың әр қадамы көршілерін ойландырмай қоймайды.
Батыс сарапшылары үшінші қарарды Си жалғасты билікте отыруының дайындығы, Дың заманынан қалған билік алмасу механизмнің бұзылуы деп санайды. «ҚХК орталық партия комитеті партияның ғасырлық күресінің үлкен жетістіктері мен тарихи тәжірібие туралы қарарда» компартия дүниеге келген бір ғасырды бөлшектемей, бір тұтас қарастырады. Отыз жылға таяу уақытта ішкі соғыс, Жапонға қарсы соғыс және ішкі соғысты бастан өткерген компартия «үш үлкен тауды» аударып, Тайваньнан басқа тұтас Қытайды бірлікке келтіріп, бірнеше бес жылдық жоспар арқылы жалпы Қытайдың индустриялық аумағын қалыптастырды. Осы арада екінші қарарда теріске шығарылған «оңшылдыққа қарсы тұру», «зор секіріп ілгерлеу», «мәдениет зор төңкерісі» сияқты оқиғаларға баға бермей, тек «ізденіс жолындағы іркілістер» деп сипай қамшылап өте шығады. Мао басшылық етіп Қытайды орнынан тұрғызса, Дың бастаған реформалар Қытайдың есін жиғызып, есіктегі басын төрге шығарды. Jiang, Hu бастаған көзі тірі көсемдердің еңбегі де атаусыз қалмаған, тиісті бағасы берілген. Ендігі тарихи миссия Сиға жүктеледі. 2012 жылы айналысқа енген екі ғасыр жобасы, 2013 жылы ортаға қойылған теңіздегі, құрлықтағы «бір жағалау – бір жол» жобасы бойынша діні, тілі, территориясы тұтастанған Қытай әлемдегі ең құдіретті елге айналады. Міне бұл Қытай арманы.
Ел іші-сыртындағы қарар туралы әртүрлі пікірлерге үңілгенімізде, көкейге түйгеніміз осы болды. Шынында шығыстағы көршіміз сан алуан қайшылықтың қазанында қайнап жатыр. Аляска, Tianjing келісімінен кейін АҚШ-Қытай сауда соғысындағы негізгі нысанаға айналған Huawei корпорациясының құрылтайшысының қызы, корпорацияның қаржы жөніндегі жауаптысы Meng Wanzhou ханым Канададағы мырза қамақтан босап, еліне оралды. Сол жанжалда Қытайда тұтқынға алынған Канаданың үш азаматы да аман-сау еліне жетті. Климат бойынша Ұлыбританияда жолдары түйіскен үлкен жетіліктің бас қосуына Си бармаса да, тараптардың келісімге келгені туралы хабар тарады. Бірақ Лондонда өткен ұйғыр соты, Прагада өткен дүниежүзі ұйғыр конгресінің құрылтайы, Тайваньдағы шиелініскен жағдайлар әлі де болса бәсекелестік пен тай-таластың аяқталмағандығын айғақтайды. Ал Қытайдағы жылжымайтын мүлік пен энергетика дағдарысын сарапшылар жарыса жазуда. Қытай тағы бір таңдаудың кезеңіне дөп келгендей. Сондықтан үшінші қарар дүниеге келді, нәтижесін уақыт көрсетер.
Омарәлі Әділбек
Abai.kz