Қандасты «қашқын» деген Ахметбеков Мәжілістен кетсін!
Тәуелсіз Қазақстанның негізгі заң шығарушы органы – Мәжілісте «Қазақстанның халық партиясы» деген партия отыр. Тұп-туралы бір жыл бұрын бұл партияның атауы – «Қазақстан коммунистік халық партиясы» болған. Ықшамдап айтсақ – Қазақстан компартиясы. Бүгін ел ішінде елесі де қалмай бара жатқан Советтің сарқыншағы.
Былтыр сайлау науқан қыз-қыз қайнап, ресми тіркелген саяси партиялар едел-жедел сьез өткізіп, Парламенттің төменгі палатасынан орын бөлісуге ұмтылып жатқан уақ. Ел көзінде саяси беделі әбден жоғалуға шақ тұрған коммунистер 2020 жылдың 11 қарашасы күні сьез өткізді. 15-ші сьез. Қызылдар партиясы «комунистік» деген атаумен елден екі дауыс та ала алмайтынын түсініп, ребрендинг жасады. Сөйтіп, партия атауынан «коммунистік» деген сөзді алып тастады.
Ахметбеков, Қоңыровтар бастаған партия лидерлерінің бұл шешіміне Парламенттің сол кездегі ең егде жастағы депутаты, қарт коммунист Владислав Косарев бастаған топ наразылық білдірді. Сөйтіп, партия өз ішінде бүліне бастады. Косарев: «Біз өзіміз жаңадан партия құрамыз. Коммунистері көп аймақтарда филиалдар ашамыз», - деп шықты. Алайда, содан бері Владислав Борисовичтің құрамын деген партиясынан да, өзінен де хат-хабар болмады. Ол әлгінде ғана (16 қарашада) 84 жасқа толды.
Ал партия атауынан «коммунистік» деген сөзді алып тастап, «халықшыл болдық, мінекей», деген Ахметбековтер былтырғы сайлауда қалай ұпай алғаны бір Құдайға аян, әйтеуір Парламенттегі үш партияның бірі атанды. Қазір «компартия» атынан 10 депутат Мәжілісте отыр. Олардың ішінде «орыспен ортақ ақшамыз болсын», - деп сөйлеген Айқын Қоңыров тар, «Қазақстан орыс әлемінен алыстап бара жатыр», - деп ойбайға салған Ирина Смирновалар бар...
Бұл ондықты «компартиялықтар» деуіміз тегін емес. Былтыр ат ауыстырған кездің өзінде-ақ, Жамбыл Ахметбеков: «Партия аты өзгергенмен, коммунистік идеологиядан бас тартпаймыз», - деп ашық мәлімдеген.
Ойда-жоқта, бұл Нұргелді коммунистердің жағасына неге жармасты дейтін шығарсыздар. Жуырда Серік Жолдасбай деген әріптесіміз өзінің «ORDA LIFE» You Tube арнасында Жәкеңмен (Жамбыл Ахметбеков) сұхбат жасапты. 17-18 минутқа жуық сұхбат барысында Жамбыл Аужанұлы арғы-бергіні айтамын деп, атынан ауып түсіпті. Аужанұлының ауыт кеткен әңгімесін шолып шықтық. Қараңыз:
;t=5sАты да, заты да компартия – «халықшыл» партия бола алды ма?
Былтыр, 12 қарашада жазған сөзім: «Атын жүз рет ауыстырса да компартияның заты да, аты да - компартия! Бұл ребрендинг қаншалықты дер уағында немесе эффективті жасалған?! Өз басым бұл жүріс тиімді деп ойламаймын». Осы сөзім – сөз! Мұны Жамбыл Ахметбековтің өзі де айтыпты.
«Біз былтыр ребрендинг өткізіп, партия атын өзгертіп, «коммунистік» деген сөзді алып тастап, «халық партиясы» болып қалдырдық. Негізінен алғанда, біздің бағдарламаларымыз сол қалпы қалды. Біз социалистік идеяны алға ұстап отырмыз, ол бұрын да болатын. Негізінен бұл идея қалды. Біз тек атауын өзгерту арқылы жұмыс істеу тактикасын, методикасын өзгерттік. Біз алдағы уақытта халықтың әл-ауқатын көтеруге, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, әлеуметтік мемлекет құруға атсалысып жатырмыз.
Коммунистік идея дегенді әзірейілдік идея деп көргендей болады. Кейбіреулер өзінің істей алмай жатқан жұмысын ақтау үшін өткенді жамандауы керек. Адамның ең жақсы өмір сүру деңгейі деген коммунистік идея қалады. Сондықтан атын өзгерткенімізбен, затын өзгертпедік», - депті Жамбыл Ахметбеков.
Демек, дәл қазір Мәжілістегі 10 депутат – «Қазақстан халық партиясынан» емес, бұрынғы сол «компартиядан» отыр деген тұжырым – дәлелді! Жалпы Қазақстан секілді коммунистік жүйеден аса ауыр қысас көрген, ұлттық геноцидке ұшыраған елде коммунистік партияның болуы, әрі билікте жүруі ақылға қонбайды. Десе де, Ақордадағы үлкен кісінің һәм оның саяси ұстазының солтүстік жақтың ықпалына қарай қабылдаған шешімі болса керек, әйтеуір соңғы жылдардағы сайлауларда компартия Мәжіліске өтіп жүр. Оның үстіне Қазақстанда түбегейлі десталинизация, декоммунизация үдерісі болған жоқ. Өзі кешегі коммунистік партияның шинелінен шыққан бүгінгі бас билік өкілдері әзірше ондай батыл қадамға баруы екі талай.
«Лениннің мүсіні бар, ол тұрады»
Былтыр ғана: «Халық партиясы болдық», - деп ел көзіне сүйкімді көрінуге әрекет еткен Жәкең Советтің қызыл жалауы мен Лениннің портреттерін әлі сақтап жүр екен.
«Лениннің мүсіндері бар. Ол тұрады. Біз тарихтан мүлдем бас тартып отырған жоқпыз. Бізде жалаулар да бар. Біздің бағдарламамыз да сол, Маркстік, Лениндік идеялар қалады. Социал-демкортаттар деп айтуға да болады. Социал-демократтизм коммунистік идеяның алдыңғы сатысы ғой. Қазір тарихымыз артқа кетіп бара жатқанан кейін, өмір сүру деңгейі артқа шегініп бара жатқаннан кейін, осы жақтан бастауды жөн санадық. Біз бәрібір коммунистік идеяға жетеміз», - дейді «халықшыл» депутамыз.
«Коммунистік» атпен Парламентке өте алмайтын едік»
Партия атауынан «коммунистік» деген сөзді алып тастағанда алатайдай бүлініп, «өзім коммунистік партия құрамын», - деп кеткен Владислав Косаревпен байланысын үзбепті. Сөйлесіп, кездесіп тұратынын, тіпті Косаревті өзінің ұстазы тұтатынын айтып мақтаныпты.
Десе де, жоғарыда біз айтқан әбден ескірген идеологияның – сайлауда пайда әкелмейтінін мойындапты. Мойындап:
«Иә, Косаревпен сөйлесіп, хабарласып тұрамыз. Ол кісі қазір өзінің үйінде, үй шаруашылығымен айналысып жатыр. Денсаулығы жақсы. Тың. Қазір кітап жазуға кірісіп жатыр...
Ол кісі партия атауын өзгертуге ғана ренжіген. Бірақ, ол түсіністікпен қарағанын айтты... Ол әрине, адами тұрғыдан жақсы. Ал қазіргі жаңаша өмір кезінде заманауи жүру керек қой. Егер біз сол атауымызды сақтап қалсақ, бізді қаралау, жамандаулар көбей берсе, біз жұмысымызды әрі қарай жалғастыра алмайтын едік. Тіпті, Парламентке де өте алмай қалуымыз ықтимал еді», - дейді Жәкең.
Кезінде партия басшылығына жетелеп әкелген, өзі айтпақшы «ұстазына» Ахметбеков сатқындық жасады ма, деген журналист сұрауына, бүйдейді:
«Мен Косаревқа ешқандай сатқындық жасаған жоқпын. Біз дос ретінде қалдық. Ол мені партиялық жұмысқа қалай үйретті, «Сіз менің мұғалімім болып қаласыз», - деп оның көзінше де айтқанмын», - дейді Ахметбеков.
«Қазақты мен қырған жоқпын»
Хош, бұл партияішілік әңгіме. Жалпы жұртқа Ахметбековтің кімді ұстаз тұтатыны маңызды болмаса керек. Жәкеңнің, сөзден сүрінетін жері мынау: Кеңестің қандыауыз әмірі қазаққа қолдан ашаршылық жасап, саяси репрессия ұйымдастырып, қасақана қырғын салғаны үшін, кешегі қандықол коммунистік жүйенің қылмысы үшін бүгінгі компартия қазақтан, кешегі қылмыскер жүйенің сұмпайы саясаты өмірлерін жалмаған Алаш арыстарының бүгінгі ұрпақтарынан кешірім сұрауы керек еді. Бүл сіз бен біздің пікіріміз. Алайда: «Атымызды ауыстырсақ та, затымызды ауыстырмадық», - деген Жамбыл Аужанұлы сазарған қалпы: «Ол қазақты мен қырған жоқпын», - депті. Сөзбе-сөз:
«Ол кезде халықты мен қырған жоқпын және біздің партия қырған жоқ. Сондықтан кешірім сұрайтын жөніміз жоқ. Ал бұрынғы тәжірбие жасаған адамдар қоғам алдында жауап берген де шығар. Коммунистік идеологияны – коммунистік тәжірбиемен шатастыруға болмайды. Коммунистік идеологияның ақшылдығы, тазалығы, халыққа қызмет етулігі бір бөлек.
Қазір сіз 4 миллион дейсіз... 1-2 жылдан кейін 6 миллион, содан кейін 8 миллион боп кететін шығар. Халықты алдауға болмайды. Негізінен 700 мың адам репрессияға ұшырады. Соның 25 мыңы Қазақстанда атылды.
Ал ашаршылық кезінде 4 миллион деген... Ол кезде барлық Қазақстан 4 миллион болатын... Үш жарым ба, төрт-ақ миллион болатын. Соның ішінде қырылғаны 1 миллион 200 мың адам деп саналады. Содан кейін қайтыс болғаны бар, сыртқа кетіп қалғаны бар, шетелге қашып кеткені бар, амалсыз кеткендері бар. Өз жерінде қалатын адам қалып, қазір біз, ұрпағы өмір сүріп жатырмыз», - дейді Ахметбеков.
Парламент депутаты Жамбыл Ахметбеков, басқасы-басқа Ресей Империясының 1897 жылғы тұңғыш халық санағы бойынша, қазақтың саны 4 млннан асатынын, 1924 жылдың қазан айында Әлихан Бөкейханның бүгінгі «Егемен Қазақстан», сол кездегі «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Қазақ қанша?» деген мақаласында: «Хиа мен Бұқар әмірліктеріндегі қазақтарды қоспағанда, Қазақ Кеңестік Аутономиясы аумағындағы қазақтың саны 1914 жылы 6 млн 450 мың болды» дегенін оқымаған болса керек.
«Олар ел басына күн туса, ертең де қашып кетеді»
Жәкең, онан әрі де оңдырмапты. Советтік сойқанның салдарынан шекара ауып, босып кеткен қазақты – «қашқындар», - депті. Керек десеңіз: «олар ел басына күн туса, ертең де қашып кетеді», -деп көкіпті. Сөзбе-сөз:
«Кезінде ел басына күн туған кезде қашып, басқа жаққа кетті. Енді Ауғаныстанға күн туған кезде қашып бізге келейін деп жатыр. Кешірсін, әрине. Оны басқа бермеген соң, амалсыз кетті ғой. Ертең ел басына күн туатын болса, біздің арамыздағы сол адамдар тағы да қашып басқа жаққа кетеді. Бізді қорғайтын, туды ұстап жанын пида ететін адамдар аз болады. Сондықтан олардың келуі мен кетуіне екі түрлі қарау керек. Оларды жақсылап тексеру керк. Олар келді. Айыбы жоқ, келсін...
Алаш батырлары дей ма, қазір Алаш арыстары деп аталады, өзіміздің ителлигенцияның кетіп қалғаны өкінішті-ақ. бірақ, олар дер кезінде өздерінің қандай жүйеге келгенін, Совет одағы сол кездегі түпкілікті болмаса дағы, жетпіс жыл болды ғой, сол кезде басқа тактикамен қызмет атқаруы керектігін түсінулері керек еді. Ол тактиканы бұлар таба алмай, қарсы шығып, түпкі мақсатын түсінбей отырып, бірден қарсы шыққанан кейін, әрине, бір-біріне жала беріп, атылып кетті», - депті Жәкең.
Әрі қарай, «АҚШ пен Батыс капитализмі - коммунизмнің басты жауы», - деп мәлімдейді. Қытайдағы геноцидтік саясатты ақтағандай әлектеніп, «экстремистерді жазалау амалы», - дейді. «Ішкі шаруасына араласуға хақымыз жоқ», - деп білгішсінеді. Сосын Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың «Қазақстандағы ксенофобия» жайлы сөздеріне пікір білдіреді. «Қазақстанда ксенофобия мүлдем болған жоқ», - дейді. «Ресейдің жүргізіп жатқан Қазақстанды сырттан идеологиялық қорқыту, үрейлендіру тактикасы», - дейді. Жалпы солай.
Қашқын кім, сатқын кім, Ахметбеков мырза?
Сонымен, қашқын кім, сатқын кім? Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков – Кеңес өкіметінің зұлматынан жан сауғалап, туған ел, туған топырағынан босып, бөтен жұртты паналап, аман қалған қазақты – «қашқындар, олар ертең де қашып кетеді», - деп үкім оқиды. Бұл қып-қызыл жала! Керек десеңіз, ел ішіне бүлік салу!
Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанда түбегейлі десталинизация, декоммунизация үдерісі болған жоқ. Ел тарихындағы сол ауыр кезеңге, ондағы Компартияның жетекші роліне өркениетті түрде баға берілген жоқ. Миллиондаған қандастарымыздың өмірін қиған, тағдырына обал жасаған ол ауыр қылмыстар ресми түрде айыпталмады.
Лениндік-сталиндік зұлматты бастан кешірген, сол кезеңдерде ұлттық геноцидке ұшыраған Қазақстан секілді елде дәл сол большевиктік-коммунистік партияның болуы әрі биліктің қолдауына ие болуы – тарихи, саяси нонсенс!
Ал тағдырдың тәлкегімен, Кеңестік зұлматтың шоқпарымен шекара асқан, ел Тәуелсіздігі нығайып, шекарасы шегенделгенде Атажұртқа асығып жеткен қазақты – «қашқын» деп айыптаған Жамбыл Ахметбековтің Қазақстанның басты заң шығарушы органы – Парламентте, Парламенттің Мәжілісінде отыруға моральдық құқы жоқ! Тәмам!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz