Империяның сұм саясаты: Әуелі билеушіні бағындыру...

Ресей империясы елдерді жаулап алғанда халықты емес, олардың билеушілерін бағындырды. Ал билеушілер өз халқын құлдыққа салды.
Халықпен соғысқаннан гөрі бірнеше адамды сатып алған арзанға түсетін. Бірақ мұндай адамдар өз халқының да, отарлық биліктің де құрметіне ие бола алмады. Соның салдарынан М. Таукин өмірінің соңында қайыршылықта Ресей империясынан зейнетақы сұрап жүріп көз жұмды.
«…Расында, Алла есеп айырысуда тез…». («Әли Имран» сүресі)
Кіші жүздің сұлтаны Мұхамедғали Таукин – надворный советник сұлтан Тауке Айчуваковтың ұлы, Әбілхайыр ханның шөбересі.
Сұлтан М. Таукиннің 1873 жылғы қызмет тізімінде былай делінген:
«…Ол 60 жаста. …1836 жылы 8 ақпанда далада қашқын солдаттарды ұстағаны үшін зауряд-сотник шені берілді. 1837 жылы 2 маусымда киіз үй салығын сәтті жинағаны үшін хорунжий шеніне көтерілді. 1832 жылы 20 қыркүйекте Исатай Тайманов бастаған көтерілісшілерді қудалағаны үшін Орынбор әскери губернаторынан алтын жүзік сыйға алды, ал 1839 жылы 25 қаңтарда мойынға тағылатын Анна лентасындағы алтын медальмен марапатталды. 1840 жылы 28 қазанда Хиуа жорығына қатысқаны үшін сотник шеніне, 1842 жылы 31 тамызда Бұқараға барған орыс миссиясын алып жүргені үшін Анна лентасындағы алтын медальге ие болды. 1844 жылы 11 сәуірде Кенесары Қасымов бастаған көтерілісшілерді қудалаған әскери отряд құрамында болғаны үшін есаул шеніне көтерілді. 1845 жылы 17 қаңтарда Орынбор қазағының Батыс бөлігінің билеушісінің көмекшісі болып тағайындалды. 1847 жылы Санкт-Петербургте сұлтан Баймұхаммед Айчуваковтың қасында болған сапарында император І Николайға таныстырылып, әскери старшина шенімен марапатталды. 1847 жылы 12 сәуірден бастап Орынбор қазағының Батыс бөлігінің билеушісі болып тағайындалды. 1853 жылы подполковник, 1860 жылы 13 тамызда император ІІ Александрға ұсынылғаннан кейін полковник шеніне ие болды».
1866 жылы шілдеде Мұхамедғали Таукин «Орынбор қазағының Батыс бөлігін басқарған кездегі заңсыз алым-салықтар, қызметті сату және жоғары биліктің бұйрығына қарсы әрекеттері үшін» тергеуге тартылды.
1869 жылдың қарашасында ол Архангель губерниясының Холмогоры ауылына полиция бақылауымен жер аударылды. 1870 жылы Екатеринослав губерниясына көшірілді. Жер аударылғанда ол мүлкін үлкен әйеліне қалдырған, бірақ әйелінің қайтыс болуынан кейін шаруасы қожырап, Таукин кедейленді.
Генерал-адъютант Крыжановский Ішкі істер министрлігіне жолдаған өтінішінде: «Оның жасы 70-ке келіп, денсаулығы нашарлаған, аса аянышты жағдайда қалған. Сондықтан ұзақ жылғы Ресейге еткен қызметін ескеріп, полковник Таукинді зейнетақысынан айырмау орынды болар» деген. Бірақ 1881 жылы 11 маусымда Сенат оның өтінішін «құрметке лайық емес» деп, қабылдамай тастады. Тек өмірінің соңында ғана оған зейнетақы тағайындалды. 1894 жылы қайтыс болғаннан кейін жесіріне зейнетақының жартысы берілді.
Мұхамедғали Таукиннің хаты (16 қараша 1871 ж., Екатеринославль):
«Жоғары мәртебелі Ішкі істер министріне, полковник-сұлтан Тяукин тарапынан Ресей үкіметіне адалдығымның белгісі ретінде қазақ халқының тұрмысын жақсарту туралы ой-пікірлерімді қабыл алыңыздар.
Қазақ – дала перзенті. Ол ешқашан құлдық көрмеген, ру билеушілерінің қысымын сезінбеген. Бірақ ол өзінің Ресей билігіне тәуелді екенін сезінбей тұра алмайды. Оның ойынша, иемденіп отырған даласы – өз жері. Бұл ой уақыт өте өшеді, бірақ әзірге қазаққа қатаң биліктен гөрі жұмсақ билік пайдалы. Мен жылы мәміле арқылы терең даладағы Табын мен Адай руларының 10 мыңнан аса киіз үйін Ресейге тарттым, бұл қазына кірісінің өсуінен де көрінді.
Ақылды әрі Ресейге берілген ықпалды қазақтар өз руластарына түсіндіріп, Хиуаға кеткендерді кері қайтаруға да ықпал ете алады. Бірақ қазақ – жартылай жабайы халық, арандатуға тез еріп кетеді. Ал Түркімен мен Хиуаға жақын аймақта қашып кету жолдары да қолайлы. Сондықтан Ресей үкіметі қашқындарға тосқауыл қою үшін Эмба мен Ырғыз өзендері бойына орыс шаруаларын қоныстандырып, әскери күзет бекеттерін орнатуы керек. Қазақтарға жерлерін тартып алдық деген ой тумас үшін, оларға «жер берілсе, ол Жайықтың арғы жағынан беріледі» деп жариялау қажет…
Полковник-сұлтан Мұхаммедғали Таукин»
Нұрлан Салтаев әлеуметтік желідегі парақшасынан
Abai.kz