Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 11523 0 пікір 9 Тамыз, 2012 сағат 08:19

Абайдың туған күні неге әр түрлі аталып жүр?

«Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

«Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма»,  -  деп Ұлы данышпанның өзі айтқан өмір мазмұнының тереңдігін, поэзия түрінің көркемдігі мен өмір соқпақтарын түгел айтып жеткізу қиын. «Пішіп кестім»  дегенге ол көнбейді. Себебі ұлы ақын. Ұлы ақындардың бір рет қамтуға симайтын қасиеттері қашаннан белгілі.  Абай да сондай. Еліміз өскен сайын ол үлкейе береді. Біліміміз артып, көзіміз ашыла түскен сайын бір ақынның өзі туралы, өз басының жеке күйін шерткен күйлерінен адам, адамдық қоғам туралы сырларды көбірек көре түсеміз. Өйткені оның зерттеушілерінің көбейе беретініне таңдануға болмайды. Өйткені ақын өз ұлтынан артылып, бүкіл адам атаулыға беттеп барады. Абайдың дүниеге келгеніне биыл 167 жыл толады. Ақынның дүниеден қайтқанына 10 жыл толу еске алу кешінен бастау алған тұстан сан мәрте мерейтойларын, айтулы күндерін, мерекелік шараларын жыл сайын назардан тыс қалдырған емеспіз. Бірақ, ғасырдан артық ғұмыры бар данышпан ақынның нақты туған күні осы күнге дейін әртүрлі аталып келеді. Қай күні туғаны жайында нақты дерек жоқ. Абай шығармаларының ең алғашқы жинағы 1909 жылы Санкт-Петербург баспасынан жарық көрді. Сол жинақтың соңында Абайдың өмірбаянын тұңғыш жазған Кәкітай Ысқақұлының жазбасы беріледі. Онда: «23 июньде 1904 жылында туған жері Шыңғыс тауында дүниеден қайтты атақты қазақ ақыны» деп бастап: «Абай 1845-нші Жылан жылында туды» дейді. Нақты туған күнін атап айтпайды. «Абай осы күнгі Шығыс Қазақстан облысындағы Шыңғыс деген тауды жайлаған тобықты руының ішінде 1845 жылы дүниеге келген. Абайдың өз әкесі - Құнанбай, оның әкесі - Өскенбай, үшінші атасы - Ырғызбай болсын барлығы да ру ішінде үстемдік жүргізген адамдар. Осылардың нәсілінен шыққан Абайдың қоғамдық орны, тіршілігі, өмірлік әрекеттері де сол ата салтымен қалыптанады». Бұл әйгілі жазушы, Абайдың өмірбаянының төрт нұсқасын жазып толықтырған Мұхтар Әуезовтың «Абай Құнанбаев» монографиясындағы «Абайдың өмірбаяны» (Алматы-1995. «Санат» 24 б.) Мұхтар Әуезов Абайды алғаш зерттеген уақытынан бастап ең соңғы монографиялық еңбегіне дейін ақынның туған айы мен күнін атап жазған емес.  Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» мақаласында: «Абай 1845 жылы туған. Жылы жылан екен», дейді.

Ал, Абайдың туған күні 10 тамыз деп аталып келеді. Ақынның 100 жылдық, 150 жылдық мерейтойлары осы күні тойланды. Бұл мағлұматты берген Кәкітайдың баласы Әрхам Ысқақов. «Абайдың өмір жолы» атты 190 беттік еңбегінде Абайдың дүниеге келген күнін нақты атайды. Онда:  «Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді... Құнанбайдың бұдан бұрын ер жетіп қалған екі ұлы болатын. Өзінің алғашқы бәйбішесі - Күңкеден туған баласының атын Тәңірберді қойған. Мынау үшінші ұлының атын Ибраһим деп арапшалап қояды» дейді. «Әрхам өзі де жас шағынан Абайды көріп, ақынның немере баласындай болып өскен. Абай дүниеден қайтқанда 19 жастағы жігіт болатын.» деп жазады Мұхтар Әуезовтың алдын көрген Абайтанудың білгірі Қайым Мұхамедханов. Бүкіл ғұмырын Абайға арнаған Қайым аға да Абайдың нақты туған күні жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Тарихи деректерге сүйене отырып: «Әрхамның айтуы бойынша, Абайдың ескіше туған күні 10 август, жаңаша 22 август болады. Қазақ Совет энциклопедиясында Абайдың туған уақыты 10 август1845 жыл. Өлген уақыты 6 июль(?) 1904 ж. деп берілген. Қайдан алғаны белгісіз. 1975,1976,1985 жылдардың қазақ календарында  Абайдың туған күнін 8 август деп көрсеткен» деп нақты дерек келтіреді. Ел тәуелсіздігін алғалы Абайдың туған күнін 23 тамыз деп жүрміз. Ұлы ақынның нақты қай күні туғанын анықтай алмаған соң Қазақстан халқы Абайдың туған күнін екіге жарылып, бір жартысы 10 тамыз, бір жартысы 23 тамыз деп тойлап жатырмыз. Қайсысы дұрыс екені белгісіз. Абай дегенде ең бірінші қолға алатын «Атамұра» баспасынан шыққан «Абай» энциклопедиясында «Абай (Ибраһим) Құнанбаев 22.8.1845, кәзіргі Семей облысы Абай ауданы, 5.7.1904 ж» деп дүниеге келген, дүниеден озған жылын да қате беріпті. «Алматыкітап» баспасынан жарық көрген 2011 жылғы мектеп бағдарламасына арналған «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» жинағында  (құрастырған А.Ү.Сужикова)  «Абай (Ибраһим) Құнанбаев 1845 жылы 29 шілдеде (ескіше 10 тамыз) кәзіргі Шығыс Қазақстан облысы, Сырт Қасқабұлақ деген жерде Қарқаралы округының аға сұлтаны Құнанбай Өскенбаевтың жанұясында дүниеге келді» деп мүлде жансақ пікір таратады. Сонда о баста Абайдың өмірбаянын алғаш  жазған зерттеушілер Әлихан Бөкейханов, Кәкітай Ысқақов, Мұхтар Әуезовтар атамаған тамыз айының күндерін кім қайдан ойлап тауып отыр? Әрхам Кәкітайдың баласы болғанымен әкесі Кәкітай айтып, жазып кетпеген деректі ол қайдан келтірген? Осы біз жаңаша жаңалық табамыз деп ойдан бірдемені шығарып бүлдіріп жүрген жоқпыз ба? Әйтпесе Абайды бүге-шігесіне дейін зерттеген, Абайдың заманы мен замандастарының көзін көрген, «Абай жолы» роман-эпопеясын 25 жылға жуық зерделеп, Абайдың өмірбаянын төрт рет қайта толықтырып, зертеген Мұхтар Әуезовтың ақынның туған күнін біліп тұрып айтпай кетуі мүмкін емес қой. Әрхам 1885 жылы дүниеге келгенде 10 тамыз күні Н.И.Долгополов  Абай елінен аттанады. Долгополовтың 12 июннен-10 тамыз аралығында Абай елінде болғаны Әрхамды Ақынның туған күнімен шатастырды ма? Қалай дегенмен тиянақты зерттеуді қажет ететін тақырып. Туған жылы белгілі болғанымен күні белгісіз болған соң соңғы дерекке сүйеніп, Әрхамның естелігіндегі 10 тамызды белгілей салдық па? Кейінгі зерттеушілер Абайдың онсыз да даулы туған күнін былай қойып, бірнеше тарихи деректерде көрсетілген дүниеден өткен күнінен де қателесіп жариялап жүр.  Абайдың өзі айтқан «жұмбақ адамның» жұмбақ туған күнін «Абай жолы» романындағы «күзде жайлаудағы ел ойға түсіп, күзем алар шақта» дүниеге келген Абайдың туған күні тамыз айы екені белгілі. Тамыз айының ескіше көрсеткішін жаңа күнтізбемен шаққанда 23 тамызға келеді. Әр жылдың жаңа жылын қарсы аларда 1 қаңтарды қарсы алғаннан  кейін 14 қаңтарды ескіше жаңа жыл деп қарсы алып жатады. Ұлы ақынның дүниеге келген күнін сан-саққа жүгіртіп болашақты шатастырмай бір нақты күнді белгілейтін уақыт келген сияқты...

Алмахан Мұхаметқалиқызы,

Қазақстан-Ресей университеті,

«Абайтану ғылыми-танымдық

орталығының директоры

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5343