Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5296 0 пікір 15 Тамыз, 2012 сағат 13:06

Күнсұлу Тұрғынбекқызы: «ӘКЕМ БАРДА БАЛА ЕДІМ»

М.Әуезов  атындағы Қазақ  мемлекеттік академиялық  драма  театрының  әртісі Күнсұлу  Тұрғынбекқызының балалық шағы туралы сыр сұхбат

М.Әуезов  атындағы Қазақ  мемлекеттік академиялық  драма  театрының  әртісі Күнсұлу  Тұрғынбекқызының балалық шағы туралы сыр сұхбат

Бала қораз біз едік...

Бала кезде бұзықтың бұзығы болдым. Қызықтың көкесі бізде болды. Қараша үйдің он екі баласының кенжесімін. Әке-шешемнің асыға күткен балаларының бірімін. Ойын баласы ретінде көшеден шықпайтынмын. Қыздармен емес, ер балалармен ойнап, солардың қасынан көп табылатынмын. 
Он екі жасымда әкем өмірден өтті. Әкемнің көзі тірісінде балалығым бал татыды. Әкем о дүниеге сол балалық бал күнімнің бәрін көшіріп әкеткендей болды. Он екі жасымда бірден есейдім. Қыз екенімді сезіндім. Қиын-қыстау кезеңдер көп болды. Көмбесі көрінбей, көкжиегі жеткізбей бара жатқан кезеңді есіме алу өзіме де шамалы ауыр­лау. Сонда да ішкі сырыммен бөлісейін...
Менің әкем бригадир болды. Жұмыстан келген соң жуынып-шайынып, кәстөм-шалбарын киіп, иіссуын себініп, ауылнай іспетті ауылды аралап шығатын. Анам сауыншы болған. Сауыншы болса да, көп ізденетін білімді, парасатты адам еді. Менің мамам сонымен қатар депутат болған. Барлық іске үлгеріп, баланы да бағып, шенеунік те болып бәрімізді жеткізді ғой. 
Етжеңді бала болдым. Ауылдың балаларын ұрып тастайтынмын. «Ойбау, анау Тұрғынбектің бұзығы қырды елді, қырды!» деп көрші-қолаң, ауылдас байбалам салып әуре. Әкем өте мәрт, парасатты азамат болған соң, жәй ғана күліп қоя салатын: «Бұл енді осындай болды», - деп. Кешке қарай ауылдың адамдары балаларының шағымын айтып есіктің алдына жиналып қалады. Анам болса, етін асып, дастарқанын жайып қояды. Ұрсуға келген ата-аналар тәтті тағамнан ауыз тиіп, менің «концертімді» тамашалап, ақырында ұрсу, ойбайлау жоқ, қыран-топан күлкімен тарасатын. Мың жылқы суарылғанда лайланбайтын көз бір тентек баланың ым еткенінен бүліне қоймас. Өзімше ақын едім. Бір-екі өлеңімді оқып, әнімді айтып, өздерінің шляпілерін кері айналдырып қайтаратынмын. Қозғалмай отырып алса, «балалардың ұйқысы келді» деп шапшаңырақ қайтуларына  «септесетінмін» (күліп). 
Әкемнің «Көк өгіз» деген тракторы болатын. Сол «Көк өгізге» мініп алып, күнде таңғы сағат алтыда азанғы шықпен (Петропавлда қара суықтың қандай екенін білесіз бе?! Өңменіңізден өтіп, сай-сүйегіңізді сырқыратады) әкем екеуміз егіннің басына жол тартамыз. Оның дарылдаған даусы қалың ұйқыдағы бүкіл ауылды оятады. Тұрғындар: «Әні, Тұрғынбектің тракторы  кетті», - деседі ұйқылы-ояу. Тосаптың қалбырына өзіміздің тауықтың жұмыртқасын пісіріп, орап салады. Мамам бақшадағы қияр (біз жақта - огурщик дейді), қызанағын сөмкеге жақсылап салады. Ол кезде шұжық (колбаса) деген тапшы еді ғой, бірақ, мамам соны әкеме тауып қоятын. Сосын сарымайды ыстық нанға жағып жіберіп, ыстық шәйді ұрттап отырған мен үшін бір ғанибет еді. Қарап тұрсам, сол ас,  сол шәй үйде де бар. Бірақ, егіс даласының басына барып, 5-6 механизатордың қасында отырып ішкенге жетпейді. Әкемнің помази көйлектерінің бірін киіп аламын. Оның ұзын жеңін түріп-түріп аламын. Сосын әкемнің тізесі шығып кеткен трикосының балағын қайырып-қайырып киемін. Аяғымда кебіс. Қазіргі түріме мүлде ұқсамайды. Еркекшора қыз болдым. Егістің басына барып алып, әңгіменің тиегін ағытамын өзімше: «Пәленшенің баласын жылатып қойып едім. Ол төбелесе алмайды екен», - деп даңдайситынымды айтсаңызшы...  Өнімсіз төбелеске ұмтыла беретін бала қораз біз едік. Дегенмен балалардың басын жардым, бірақ мұрнын сындырмадым енді. Құбырға  басын бір ұрсаң, жарыла салады. Қолын қатты қайырып жіберу, аяғының етін сылып жіберу дегендер мен үшін аса қиындық тудырмайтын. Өте өжет болдым. Айырсадақты (рогатка) мықты ататын едім. 

«Сүндеттелген» қызбын

Мен, негізі, «сүндеттелген» қызбын. Ең үлкен әпкемнің тұңғыш ұлы және менің арамыз небәрі алты-ақ ай. Тұңғыш немере дүниеге келгенде бәрі адыра қалады емес пе?! Шешем сол кезде немересін бауырына басқан. Сөйтіп, мен уызға жарымағанмын.  Суға печеньені малып-малып аузыма салып қояды екен. Бар сүтті тетелес жиенім ішеді. Етжеңді болғаным содан шығар деп ойлаймын. Сол жиеніммен асыр салып ойнаймын. Бір күні бауырымды сүндеттеп қойыпты. 
- Мынау немене?! Сендер мен жоқта сүндеттеп қойыпсыңдар ғой. Көрсетемін мен сендерге! - деп қиын қылдым. «Тұр, е!» деп жиенімді бір ұрамын. Ол ойбайлай ала жөнеледі.
-  Мынау неге қыңсылап жатыр? - деймін түк болмағандай. Үйдегілер: 
- Ол енді мұсылман болды, - деп түсіндірген болады. Сосын оған бәрі ақша әкеледі. Қу ақшаны көзім көрген соң, тыныш отырайын ба: 
- Сендер оны сүндеттейсіңдер де, мені сүндеттемейсіңдер. Мені жақсы көрмейсіңдер! - деп бастарына әңгір-таяқ ойнатамын. Болмай бара жатқан соң, үйдегілер кереуетке байлап жатқызып, «міне, енді сен де сүндеттелдің» деп алдарқатады. Мен өзімнің де көп ақшаға қарық болатыныма мәзбін. Онымен қоймай, жиенімді бір ұрып, қыңсылап ары қарап жатқанда, бар тиын-тебенін сыпырып, дүкенге қарай жүгіремін. Лимонадымды ішіп алып, масайрап жатамын сосын. Ол кезде ауылдың ішінде «Әй, Тұрғынбектің ана сүндеттелген қызы ше?!» - деген әңгіме тарап кеткен. 

Ұстазымның аты - АЮ

Облыстық көпбалалы немесе  жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларға арналған қазақ интернатында  жатып оқыдым. Әкем қайтқан соң, анамның бәрімізді бірдей жеткізетін шамасы болмады. Интернаттың терезелерінің алды  кең болады ғой. Сол терезеге шығып алып, қияли әндерді көп айтатын едім. Алматы жайлы, әсіресе. Ару Алматы туралы түннің ортасына дейін «Алматы қаласын тауып алдым, оны құшақтадым, оның айы да, күні де басқаша болады, ағашы да өзгеше» деп «сандырақтап» шығады екенмін. Қазір қарап отырсам, болашақ өміріме сілтемені сол кезде-ақ жасаған екенмін. 
Қазір мен іске де шебермін. Бір емес, бірнеше отбасының келіндерінің қолына оқтауын ұстатып жіберетіндей дәрежедемін, Аллаға шүкір. Бірақ бала күнімде оны ешкім үйреткен емес. Ерке болған соң, анам да «еркіме» жіберген болуы керек. Ескі үйдегі асхананың есігінің  үлкен тесігінен сығалап тұратынмын. Ол әлем маған аса бейтаныс әрі қызық. Жалпы, бала бірнәрсеге зарығып өссе, өсіп, өзі үйренбейінше,  тыншымайды екен. Қазір анама алғысым көп. Өйткені, оның бәрін өзім үйреніп алдым. 
Интернатта жатқанда ата-анаңды жылына екі-ақ рет көресің. Асханада тетя Галя, Күлкәш тәте деген кісілер болатын еді. 
- Мен бүгін піскен жұмыртқа жемей-ақ қояйын, сіз оны сақтап қойыңызшы, аптаның соңында аламын, - деймін. 
- Сен оны қайтпексің? - дейді тамақ пісіретін әйелдер. 
- Торт пісіріп үйренгім келеді, - деймін бұртиып.
- Сен - әлі кішкентайсың ғой. 
Ақыры сол екі жұмыртқаны аптаның соңында аламын. Сосын әрқайсымызға 200 гр сарымай береді. Оны да:
- Мен мынаған қасығымды тигізбедім. Бір апта май жемеймін. Қойып қоясыз ба, а?! - деп қиыламын. Одан кейін шекер сұрадым.  Басында айтқанымды істей бермейтін, қалағанымды бермейтін. Кейіннен үйренгім келетінін, талпынысымды бағалады ма, сенбі, жексенбі күндері ешкім алып кетпеген кезде асханадан табылатынмын. Солар не пісірсе, өзімше қолғанаттыққа жарауға тырысып жүремін. Қазір соның жемісі ғой. Үйіме келген қонақты тек өзім қолдан пісірген тағамдармен күтемін. Сырттан сатып алмаймын. Тіпті кәмпитті де қолдан жасап жіберетін адаммын. 
Ұстазыммен әлі күнге тонның ішкі бауындай араласып тұрамыз. Өзінің жалғыз  қызы бар. Оны - Кіші қонжық дейді. Мен - Үлкен қонжықпын. Ал біз апайымызды Аю деп атаймыз. Өзі денелі кісі. Дәл біздікіндей ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынасты ешкімнен көрмедім. Еркелігімді көтеріп келе жатқан алтындай ұстазыма рахмет. 
Алдыма жан салуды ұнатпайтын едім. Білім бәйгесінен де, өнер сайы­сынан да тек бас жүлде алғанмын. Бас жүлдені алмай қою деген - өліммен тең еді. Ал егер бірінші, екінші орындар бұйырып жатса, тұратынмын да, кетіп қалатынмын. Бала күнімнен сөзге өте шебер болдым. Аюым солай тәрбиеледі. Шығарманы кілең сөз маржандарын теріп, тізбектеп, мөлдіретіп жазатын едім. Ал егер сыныптасымның біреуі менен де жақсы жазып қойса, оқымай отыра беретінмін. Сөйтіп, соңында түні бойы көз майын тауысып жазған шығармамды жыртып тастайтынмын. Кейіннен қарап отырсам, өте әдемі шығарма болған екен. Ұлы Абай хақында, өмір, табиғат туралы көп жазатын едім. Өлеңге де шорқақ емеспін. Күніне 4 өлең жазу - менің басты жоспарым болатын. Тіпті, екі-ақ шумақтан тұрса да. 
Ғарышкер болсам деп те армандадым. Айтсам, ел күледі. 1993 жылы Президенттің шыршасына өзім тіккен көйлекпен бардым. Ханшайым атандым. Сол кезде қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровпен кездесу өтті. 
- Не үшін ғарышкер болғың келеді? - дегенде:
- Аспанға барып, Алла тағаланы, ол жақтағы тылсым дүниені  көргім келеді, - деп жауап қатқанмын бала арманмен. 
Гитараны да, домбыраны да тарттым. Биге де қатыстым. Мен, жалпы, дүниені тануда тойымсыз болыппын. Маңдайыма бұйырғаны, театр өнері болып тұр ғой. Синтездік өнер болған соң, бала кезімнен үйренгенімнің бәрі кәдеге асып жатыр.  Кенде қалып жатқаны, бойымдағы дәстүрлі ән айту өнері. Ел білмейтін қырым сол. Қазір соны дамытсам деп жүрмін. 

Әкені аңсау

Кішкентай кезімде сұрақты да қызық-қызық қоятын едім. «Сиыр неге аузын жауып шайнамайды?» - деген сияқты сауалдарды қойып, үлкендердің миын ашытатынмын. 
Мамамдардың әрбір ісі, сөзі - өнеге. Бірде-бір қайынағасының немесе қайынсіңлісінің атын атамайды. Аттас кісілер болса, тәтем аттас деп айтып отыратын. Жақсылық деген қайынағасын Қуанатын қайынаға дейтін (күліп). Бір күні үйге қонақ шақырдық. Мамам «қайынағамды шақырып келе қойшы» деді. Көшенің ана басына барып: «Қайынаға, бүгін сағат 5-те сіздерді біздің үйге қонаққа шақырады», - деп бар даусыммен айғайладым. 
Он екіден кейін менің қазіргі болмысым қалыптасты. Әкемді қатты жақсы көрген баламын. Әлемде мені ешкім әкемдей жақсы көрмейтін сияқты. Өзімді тірі  жетім сияқты сезіндім. Тіпті анам мен бауырларым да әкемнің орнын баса алмайтындай. Көп жыладым. Әлі күнге дейін жаным қатты жабырқағанда немесе шексіз қуанғанда әкемнің әруағымен сырласамын. Бар назымды, өкпемді әкеме айтамын. Мен өмірде көп қиындық көрген адаммын. Бойымдағы сол балалық қайсарлығым ғана мені сондай қиыншылықтан алып шығады. Әйтпесе, баспанасыз жүрген күндер де болды. Қазір тәуба деймін.

Жазып алған Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

«Жас қазақ» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377