Сенбі, 23 Қараша 2024
Желтоқсан жаңғырығы 4326 6 пікір 3 Желтоқсан, 2021 сағат 13:32

«Казахское дело»: Бейбіт Қойшыбаев (соңы)

Басы: «Казахское дело»: Бейбіт Қойшыбаев

Жалғасы: «Казахское дело»: Бейбіт Қойшыбаев

Жалғасы: «Казахское дело»: Бейбіт Қойшыбаев (жалғасы)

Әлемге әйгілі жазушы Лев Толстой «Ата кәсібінен айы­рылған ұлт аштық қасіретіне ұрынады» деген екен. Қазақтың ата кәсібі – төрт түлік малы. Жазушы әрі зерттеуші Валерий Михайлов 2012 жылы Алматыдағы «Мектеп» баспасынан шыққан «Ғаламат жұт шежіресі» атты деректі хикаятында былай дейді: «...1929 жылы шаруашылықтарда 40 миллион бас мал болған болса, 1933 жылы 4 миллион ғана қалды. (Осылай болуы әбден мүмкін, тіпті одан да аз болуы). Бұл ретте, бұрын дерліктей барлық табын шоғырландырылған басты мал шаруашылығы аудандарында, ресми мәліметтер бойынша, бар болғаны 300-400 мың бас мал ғана қалды. Бірақ бұл статистиканың қаншалықты «шыншыл» екенді­гі және оның көрсеткіштерді қай жаққа қарай өзгертетіні белгісіз секілді... Қазақстан Одақты етпен, жүнмен, терімен қамтамасыз ететін ең ірі аймақтан өзін-өзі асырай алмайтын өлкеге айналды» (264-бет).

«Комиссия: «Қойшыбаев жолдас тәртіпсіздіктерге қа­тысқан партия мүшелері мен комсомолецтерге қолданылып жатқан шараларды айыптайды, сонымен бірге, «тәртіп сақшылары қатарында ерекше ынта көрсеткен солдаттар, милиционер, жасақшыларды қатаң жауапқа алуды» талап етеді», – деп жазады. Мен іс жүзінде комиссия айтқандай айыптап тұрған жоқпын, тек ұсталғандардың партия мен ком­сомолдан шығарылып жатқаны туралы атап айттым, оқиғаға қатысушыларға айыптау тұрғысынан келмеуді, алданғандар­ды арандатушылардан бөліп қарауды өтіндім, оларды «бола­шақ үшін тәрбиелеген дұрыс» болатынын айттым (жеке ісім, 14-бет). Содан басқасының бәрін комиссия ойдан шығарған. Оған алдымен сөз мәтінін менің көмегіммен партжиналыста сөйленген қалыпқа келтіріп алу керек еді, өйткені мәтінді менен жиналыстан кейін бірден алып қойды ғой. Ал комис­сия мұның орнына, менің «саяси сенімсіздігім» хақындағы өзінің қолдан жасалған ойын растау үшін, мәтіндегі сы­зылып тасталған сөйлемдерден өзіне «тиімді» үзінділерді қалпына келтірген (жеке ісім, 6-бет).

Комиссия менің «кездейсоқ қате жіберуім» мүмкін емес, менің сөзім «алдын ала дайындалған» деп жазады. Менің дайындалғанымды жазбаша мәтін растап тұр...»

Қойшыбаев өз сөзінде КОКП ОК-нің «жариялылық» саясатына арқа сүйеп, алаңда бейбіт түрде өз наразылықтарын білдірген жастарды тәртіпсіз деп, партия мен комсомол мүшелері қатарынан шығарып, жөн-жосықсыз жазаланып жатқанын құптамайтынын мәдениетті түрде жеткізе білген.

Комиссия мүшелері оларға қолданылған іс-шараларды Қой­шыбаев айыптап, жазалауды жүргізген күштік құрылымдар­ды жауапқа тартуды талап етуде дейді. Оның талабын жоққа шығаруға болмас. Сол талабын ол қалай батылы барып сая­си топтың қарауына қойды десеңізші. Оларға жастарды қа­таң жазалау туралы бұйрық берген биліктегі коммунистер ғой. Оның сол сөзінің астары коммунистерді жауапқа тар­ту керек дегенді меңземей ме. Ол арандатуға түсіп қалған жастарды солай өрескел жазалауға қарсы болған, оларды бо­лашақ үшін қайта тәрбиелеуді өтінген. Комиссияның мәтін­де сызылып қалған сөздерді ол айттыға санап, алдын ала мұқият дайындалған деуін қалай түсінуге болады? Әрине қара бояуды барынша жағу үшін. Сөзін қызметтегі аракідік уақытты пайдаланып, шұғыл түрде қағазға түсірмей, «алдын ала мұқият дайындалғанда», бәлкім, мәтін одан да өткір әрі шымыр шығар ма еді.

«25. XII. 1986 ж. таңертең жиналыс жайында хабарлап, не ойлайтыным туралы айтуды сұрады. Менің айтарым бар-тын. Мен Шульгамен дауласқаннан кейінгі эмоциялы ахуалдан арыла қоймаған едім. Партқызметкер жайындағы мысал тәрбие жұмысының дұрыс ғылыми жолға қойылмағанын растап тұрған. Сол шақта интернационалдық тәрбие жоқтығы атап айтылған Қазақстан КП ОК Бюросы­ның мәжілісі жайындағы есепті (24 декабрь 1986 ж.) оқып отырғанмын. Содан мен, қызмет істері ара-арасында, айтар сөзімнің мәтінін дайындап алдым.

Асығыс болғандықтан да, бірінші жиналыста-ақ мойын­даған қателіктерім сонда кетті. Менің интернационалдық тәрбиені түбегейлі жақсарту қажеттігі жөніндегі негізгі пай­ымдарымда жаңа ештеңе де жоқ. Теориялық қисындарым­ның бәрі – партсъездерден, В.И. Ленин еңбектерінен, бұл ойдың бәрі СОКП ОК қаңтар (1987 ж.) Пленумындағы М.С. Горбачев жолдастың баяндамасында расталған. Алай­да комиссия сөздің басты мәніне жете алмады, тіпті жеткісі келмеді деп те ойлаймын...».

Қойшыбаев Лениннің еңбектеріне, партия съездеріне, Бас хатшы Горбачевтың сөздеріне сүйене отырып, Қазақстан КП ОК Бюросының мәжілісінде интернационалдық тәрбиенің формалды түрде жүргізіліп келгені жайында айтылған кемшіліктерді қоштап, бұл мәселе ғылыми жолға қойыл мағанын теориялық тұрғыдан көрсетіп берді. Оны тек қа­ралауды көздеген комиссия оның бұл сөздерін көпе-көрінеу қаперлеріне де алмай, өз дегендерінде, ұсынған жазаларын­да табандап тұрып алса не шара. Солай өз ортасында бөтен болып шыға келді.

«Партбюро отырысы комиссия анықтамасы ауқымында өтті. Бюро мүшелері бұдан бір айдан астам уақыт бұрынғы алғашқы жиналыс әсерінен айыға алмағанын көрсетті. Олар мені қайткенде «жерлеуге» – өте қатаң жаза қолдануға да, менің шығармашылық жолымды қиюға да, жұмыстан боса­туға да құлшынысты.

Алайда маған дөрекі түрде қара жалау тағуға құмартқан­нан басқа, мен өзімнің сөзімнің бейсаясилығын растайтын­дай ешбір аргументті дәлел естімедім. Сөзде фактілер келтіру жағынан елеулі қателер бар, мен оларды барлық инстанция­ларда, жиналыстарда және партбюро отырысында мойында­дым және соларым үшін кешірім сұрадым. Ал сөздегі негізгі ойларым менің идеялық иланымыма жауап береді, мен олар­дан бас тартпаймын, себебі олар партия талаптарына, қайта құру рухына сәйкес және ғылыми коммунизмге негізделген.

Партбюроның (31 қаңтар 1987 жыл) шешімімен келіспей­мін, осы туралы Сізді жазбаша хабардар етіп отырмын.

Б. Қойшыбаев. 2 ақпан 1987 жыл».

(Б. Қойшыбаев. «Желтоқсан – Сын» Алматы, 2016 жыл, 58–62-беттер).

Қателеспейтін пенде жоқ. Қойшыбаев та сондай жұмыр басты пенделердің бірі. Ол кейбір жіберген қателіктері үшін тиісті орындарда кешірім сұрағанын жасырмайды. Комис­сия ұсынысын қолдаған бюро мүшелері Қойшыбаевқа одан да ауыр жаза қолдануы ықтимал еді, егер оның саяси сауаттылығы, білімділігі төмен болғанда. Оның «...сөздегі негізгі ойларым менің идеялық иланымыма жауап береді, мен олардан бас тартпаймын» деп кесіп айтқан түйінді сөзі өз ұстанымынан қайтпайтынын анық байқатып тұр. Оның күресінің мақсаты да осында.

Партбюро хатшысы М.Ф. Бабушкин оның жазбасын оқып шықты. Ілкім сәт ойланып отырып, бұл мәселе бойынша екінші рет бюро шақырмайтынын ашып айтты. Сонда да екі оттың ортасында қалған ол әділдікке үміт артып келген Қой­шыбаевқа: «Егер қаласаң, партияның жалпы жиналысында осы жазба хатыңды оқып берейін, бірақ бюро коммунистері шешімін өзгерте алмайсың», – деп ескертті. Солай Бабушкин де болысудан бас тартты. Тіптен оны түсінгісі де келмеген. Күштік құрылымдарды жазалап, айдай әлемге «бүлікшілер», «бұзақылар» деп жария етілген жастарды қайта тәрбиелеу­мен шектелуді ұсынып отырған оны қалай қолдасын. Қойшыбаев партбюроның өзіне қолданған жазасын жөнсіз деп білді. Өз шындығын дәлелдеуде райынан қайтпады. Шын­дықтың шырайын шығару үшін күресін жалғастырып, Жоғарғы Кеңес Төралқасының Төрағасы Саламат Мұқашев­тың қабылдауына барды.

Бар ойы Мұқашев партбюро мүшелеріне, әсіресе басқа­лардан айрықша белсеніп комиссия құрғызған, ақты қара деп қиыстырған бөлім меңгерушілері Дунаев пен Жабағи­наға әділ сөзін айтып, сауатсыз да тұрпайы шешімдерін өз­гертер деген сенімде болды. Алайда жағдай ол күткендегідей болмады. Төраға да оның тәлкекке түскен тағдырына араша түсуден бас тартты. Тіптен жанашырлық сөзін де айтпаса, не шара. Сонда да ол тоталитарлық биліктің ұйығынан шығар жол іздеп жанталасты. Түн ұйқысын қашырған алдында екі таңдау кесе-көлденең тұрды. Не көптің айыбына көну, не ар-намысы үшін күресу. «Жоқ, ар-ұяттың азабын шегіп, жер басып жүре алмаймын!» Қойшыбаев екіншісін таңдады.

Қойшыбаевтың жыры мұнымен біткен жоқ. Оның өткен жылғы 25 желтоқсандағы сөзі туралы мәселе үшінші рет Төралқа аппаратының партия жиналысында қайта қаралды. Аппараттың Іс басқарушысы Корнев пен баспа-редакция то­бының жетекшісі оны, бұрынғы жазасы аз болғандай, жұ­мыстан шығаруды талап етті. Әсіресе Корнев қызбаланып, өктем үнмен: «Қойшыбаевтың коммунистік қоғамға саяси көзқарасы жат», – деп кең дүниені тарылтып, айды аспанға бір-ақ шығарсын. Оның сөзіне арандап қалғандар бастарын изесіп, құптаған сыңай танытты. Бұл айып оны қара есекке теріс мінгізгенмен бірдей. Алаң көңіліне «Бұлар мені пар­тия қатарынан шығарғысы келеді-ау» деген күдік туып, аза бойы қаза болды. Көкіректен арыстандай ақырып көмейге келіп қалған ашу-ызаны сабырға жеңдірді. Әліптің артын бағып тосылды. Алайда «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар». Залда оған қалай болысарын білмей, іштен тынып отырғандар шешуші сәтте қолдау білдірді. Жиналыс «бұрын ешқандай теріс мінез көрсетпегендіктен», Қойшыбаевқа есеп карточкасына жазылатын қатаң сөгіс беру жайында қаулы алды. Осы шешімді ауком бюросының қарауына ұсынар алдында партиялық комиссияның хатшысы қарт коммунист онымен жылы сөйлескендей еді, балаларының қайда оқиты­нына дейін сұрастырған. Сөйтсе, олардың қаладағы жалғыз қазақ мектебіне баратынын естіп, өзінше мұны «үмітсіз ұлтшыл» дегендей ой түйген боп шықты, ол парткомис­сия мәжілісінде Қойшыбаевты партиядан шығару керектігі жөнінде ұсыныс жасады. Комиссия мүшелері бір ғана дауыс артықшылығымен ЖС Төралқасы аппаратының бастауыш партия ұйымы берген жазаны дұрыс деп бағалап, оны бюроның қарауына өзгеріссіз ұсынуға ұйғарды. Ал аупартком бюросы, бірлі-жарым шолақ белсенділік онда да бой көрсет­кеніне қарамастан, бастауыш ұйым берген жазаны қабыл­дады.

Ал партияға «берілген» Корнев кім? Қандай адам? Арада көп күндер өтпей жатып-ақ оның былықтары әшкерелен­ді. Қызмет бабын пайдаланып, Жоғарғы Кеңес Төралқа­сының дүние-мүлкінен, депутаттық қаржыдан қымқырып, басқарма ксерокісінен де жасырын түрде әлдекімдердің басылымдарын шығарып, өзінің жеке басына пайдаланған. Бұдан өткен алаяқ болмас, сірә. Бірақ бір столдың басында сыйласып жүрген сыбайластары үшін оның «коммунистік қоғамға саяси көзқарасы дұрыс» болғандықтан, тоталита­ризмге тән «шен-шекпен, жалған абыройды қорғау тәсіліне машықтанған» пысықайлардың арқасында не партиялық, не әкімшілік жазаға тартылмады. Сүттен ақ, судан таза болып, басқа қызметке ауысып жүре берді.

Сол жиналыста, басқаны қойшы, «Ау, Қойшыбаев жастарға жанашырлық сөзі үшін неге жазықты болуы керек? Ол өзінің қара басын емес, алаңға алданып шыққандарды қорғап отыр ғой. Біз неге оның тағдырына арашаға түспей­міз?!» деп өз ағайынымыздың бірі бас көтерсейші. Әй, бірақ, бұл Қойшыбаевтың бір көрген құқайы емес еді. 1980–1983 жылдары «Білім және еңбек» журналының бас редакторы қызметінде жүргенде тағдыр тәлкегіне түскені бар. Қырағы баз біреулер идеология өкілдеріне «ғылыми басылым айдың аттарын қазақша жазып жүр» деп шағым түсірген. Кейін сондай пысықайлар бақсылық қасиеттің сырын зерттеген бірнеше мақалаларға тиісті. Қазақша шала сөйлейтін комсо­мол комитетіндегілерге сол мақалаларда «шаманизм» наси­хатталған, алашордашы Мағжан Жұмабевты дәріптеген деп соққан. Содан кейін-ақ іс насырға шауып шыға келді. Ол тек сонымен жазықты болса мақұл-ау. 1982 жылы Қазақстанның Ресейге қосылуына 250 жыл толуына байланысты таптық көзқарас тұрғысынан келген Қазақ хандары туралы көлемді мақалалар жариялады. Бұл тыңнан салынған сүреңмен бір­дей еді. Сондай-ақ шет жақтағы қандастар және еліміздегі демографиялық жағдай жөнінде өзекті мәселелер көтергенін көзі қарақты жандардың күні бүгінге дейін есінде. Қарақал­пақтық бір оқырман Өзбекстандағы қазақтардың көбісі «төл құжаттарына» өзбек болып жазылып кеткені туралы хат жазған. Белгілі демограф Мақаш Тәтімовтың сол хатты не­гізге ала отырып, журналға маңызды мәселе көтерген мақа­ласы жарияланады. Тырнақ астынан кір іздегендерге бұл «із­дегенге табылған» болып шыға келеді. Олар үшін мәселенің маңыздылығы емес, Қойшыбаевты қалай да орнынан алды­рып, өздерінің қалаулысын отырғызу. Бар гәп сонда.

«Ит үреді, керуен көшеді». Журнал шын мәніндегі ғылы­ми-көпшілік басылымға айналды. Шетелдерге таралымы да ұлғайды. Өкінішке қарай, кейбір мысық тілеулі жандар сол мақалалардың мәнін, өңін айналдырып, оны ескілікті көк­сейтін жан ретінде көрсетіп, комсомол басшыларына көзге шыққан сүйелдей етті. Тіптен ішкілікке әуестігін анықтау үшін жасырын түрде жұмыстар жүргізген. Жанталасқан функционерлер қанша жала жауып, мың әуре-сарсаңға сал­са да, оның сағын сындыра алған жоқ.

1983 жылы 24 ақпанда Қазақстан Комсомол жастар одағы Орталық комитетінің бюросы «Республика комсомолдары мен жастарын еңбекке тәрбиелеу және ғылыми-техникалық білімді насихаттау бойынша «Білім және еңбек» журналы­ның жұмысы туралы» мәселе қараған. Алдын ала шыға­рылып қойған қаулы жобасында: «За серьезные недостатки и упущения, неумелое руководство журналом «Билим жане енбек», проявление комсомольской нескромности и грубые нарушения журналисткой этики главному редактору тов. Койшибаеву Б. объявить строгий выговор с занесением в учетную карточку и освободить его от занимаемой должности» деп жазылып, кірпідей жиырылған бюро мүшелері жиналыс талқылауынан бұрын тағдырын шешіп қойса, не шара.

Қойшыбаевқа таңылған көп кінәнің бірі журналдың 1982 жылы қазан айында жарияланған Қойлыбай бақсының аңызға тән болмысы туралы халық аузында жүрген жыр. Соны біреулер бұл Алашорда өкілі Мағжан Жұмабаевтың өлеңі деп республикалық Комсомол ұйымының Орталық комитетіне жеткізген. Шу шыға бастаған кезде редакция қызметкерлері мұрағат материалдарын ақтарып, оның этно­граф Ә. Диваевтың 1924 жылы жарық көрген «Тарту» жи­нағындағы халық жыры екенін, оны Мағжан Жұмабаевтың құрастырып, «Алғы сөзін» жазғанын анықтайды. Сонда да комитеттің шала сауаттылары бюрода бұра тартып, журнал­да діни сенім-нанымды насихаттап, Жұмабаевты дәріптеген деген айып тағып, «Біздің партия үшін Жұмабаев ақтал­маған. Және бұл алашордашы ешқашанда ақталмайды» деп кесімді үкім шығарған. (Бюро хаттамасы Б. Қойшыбаевтың 2005 жылы Алматыдан шыққан «Талтүске дейін» кітабының 49–55-беттерінде жарияланған).

Бюро шешімі Қойшыбаевты азаматтық ұстанымынан, ар жолынан тайдыра алмады. Қайта әділеттік үшін күреске белін буғызған. КОКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, Қа­зақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшы­сы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа апелляциялық шағым жолдады. Содан соң Мағжан Жұмабаев тағдырын арқау етіп, 1983 жылы 27 ақпанда КОКП ОК-нің Бас хатшысы Юрий Владимирович Андроповтың атына арнайы хат жазды.

«...В 1929-–37 гг. Жумабаев был дважды репрессирован. Осужденный в 1929 г. на 10 лет за свой ошибки более чем десятилетней давности (националистические взгляды в пер­вые годы революции) и к тому же искупленные честным и плодотворным трудом, он в 1935 г. по ходатайству М. Горь­кого был освобожден. Однако на воле его оставляют нена­долго. Вновь начинаются упреки и обвинения Жумабаева в старых грехах. Как «неблагонадежного», его выгоняют со всех работ, куда ему удавалось устроиться. Травля, гонения, издевательства со стороны приверженцев вульгарного со­циологизма, наследников КазАППа и «Пролеткультовской» идеологии приводит к тому, что его в 1937 г. вновь арестовы­вают. С тех пор М. Жумабаев исчез навсегда. Таким образом он дважды пострадал за ошибки молодости, ошибки, в кото­рой в одинаковой степени были виноваты и он, и история.

В 1960 г. его реабилитировали. М. Жумабаева считают поэтическим мостом между Абаем и современной советской казахской поэзией. Тем не менее, творчество М. Жумабаева находится под фактическим запретом. А с высот сегодняш­него дня можно и надо заполнить пробел в истории казах­ской литературы, вернуть незаслуженно забытые имена и не дать повода кривотолкам, – к этим мыслям наталкивают по­ложения о внимательном отношении к национальной куль­туре, высказанные Вами, Юрий Владимирович, в докладе «Шестьдесят лет СССР». (Хаттың толық мәтіні жоғарыда аталған кітаптың 56–58-беттерінде жарияланған).

Иә, М. Жұмабаев 1960 жылы КСРО Жоғары сотының әске­ри коллегиясының шешімімен ақталды. Бірақ оның шығар­машылық еңбектері жарық көрмей, мұрағаттарда шаң басып жатты. Оның аты ғылыми ортада, жоғары оқу орындарында аталған жоқ. Жас ғалымдар мен студенттер бәрінен бейха­бар болды. Жұмабаевты қорғауға ешкімнің батылы бармаған мәселеге Қойшыбаев қана 1982 жылы алғашқы қадам жаса­ды. Мұны неге ашып айтпасқа.

Андропов хатты КСРО Комсомолдар ұйымына бағыт­таған.

Қойшыбаев сырт көзге жайдары, сыпайы, ұстамды жан. Солай бола тұра бойында ана сүтімен енген бір мінез бар. Ол шындыққа басын иеді, ал әділетсіздікке төзбейді. Ар-на­мысының құлы. Қазақстан комсомол ұйымы бюросының солақай шешімімен мүлдем келіспеді. Қазақстан Компартиясы ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы К. Қазыбаевтың қабылдауында болып, комсомол ұйымы таққан айыптардың жөнсіздігін айтып, Жұмабаевқа байланысты Андроповқа жазған хатының көшірмесін қолына ұстатқан. Хатшы оқып шығып, қабағын шытты. «Бекер жазғансың. Осы арқылы өз жағдайыңды ауырлатып отырсың. Күте тұр, хабар береміз», – деп шығарып салды.

Тағдырыңа байланысты төзіміңді тауысқан уақытты са­рылып күткен қандай азап. Ақыры зарықтырып барып, ОК-нің Үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Георгий Шестаков қабылдады. Кабинетінде бірнеше қызметкерлерімен бірге Андроповқа жазған хаты бойынша Бүкілодақтық комсо­мол ұйымынан келген өкіл отыр екен. Олар Қойшыбаев­тың мәселесін талқыға салды. Оның дәлелдерін ешқайсы­сы жоққа шығара алмай, тая соғып, әрненің басын шалып шатып-бұтып сұраумен болды. Мәскеулік қонақ тексеруінің нәтижесі жайында ауыз ашпады. Шамасы, мұндағылар оңа­ша табиғат аясында жақсылып күткен болар. Шыдамы тау­сылған ол Шестаковқа: «Саяси Бюро мүшесінің резолюция­сын неге орындамайсыздар?» – деді тура қарап (Қойшыбаевқа шағымына ОК насихат бөлімі тиісті тексеру жүргізгеннен кейін Димекеңнің «орнына қайтарылсын» деген бұрыштама соққаны мәлім болатын). Тосын сұраққа Шестаков абдырап қалды. Онысын сездіргісі келмегендей лезде езу тартты да: «Осы отырғандар сол үшін жиналып отыр ғой. Тек білгісі келетіні, сіз редакторлық қызметке қайта барғанда онымен жарасымды қызмет атқара алар ма екенсіз?», – деді. Қойшы­баев іркілмей: «Мен болған жәйтті еске алмастан, басқаға еш өкпесіз өз жұмысымды істеуге бармын», – деп жауап қат­ты. Шестаков: «Жақсы, басшылыққа осылай ұйғардық деп баяндаймыз», – деді.

Тағы да ұзақ күту. К. Қазыбаев әбден сарылтып барып қа­былдады. Бұл жолы түсін суытып, сыздана сөйледі. Өзбек­стан Ғылым академиясының Қарақалпақтағы бөлімшесін басқарып отырған Камаловтан журналдың демографияға байланысты берілген материалмен келіспейтінін білдіріп, КОКП ОК-не шағымданғанын ауызға алып: «Сен ұлттар достығына сызат түсіргенсің», – деп кінә артты. Қойшыбаев: «Кәке, олай болуы мүмкін емес. Бұл қолдан жасалынып отырған жала», – деді. Бүйректен сирақ шығарған бас идео­лог уәжге мән бермеді. Тіпті тыңдағысы да жоқ. Аз-кем үн­сіздікте Қойшыбаев Саяси Бюро мүшесінің өзін зорлықпен босатылған қызмет орнына қайтару жөніндегі шешімінің неге орындалмай жатқанын сұрады. Қазыбаев жалт қарап, қабағын түйіп қатуланып: «Сізге кім айтты ондай шешім болғанын? Отыз жетінші жыл болғанда әлдеқашан құрып кетер едің», – деді зілді үнмен. Сосын өзінің Саяси Бюро мүшесіне шешімі қате болғанын дәлелдегенін құлағдар етті. «Енді ОК-ке келуді қойыңыз. Қызметтен босатты ма, ол орынға қайтып бара алмайсыз». – Сөз осымен бітті.

Сол бір сергелдең күндер әдеби ортада кімнің кім екенін танытты. Жайшылықта жылы ұшырап тұратын жандардың жағдай сұрауға да жарамай, «бәлесінен аулақ» деп жалт бергенін де көрді. Сол қаламдастарының арасынан сыншы Сағат Әшімбаев қана сыр ашып, алғаусыз достық көңілін, шын жанашырлығын білдіріп жүрді. Ол бір кездескенде: «Бейбіт, осындағы билікке ықпалды ақын-жазушы ағалары­мызды түсінбей-ақ қойдым. Сенің функционерлерден көріп жүрген қысастығың жайында сөз қозғап, ара түсу туралы ой салып едім, құптай қоймады. Игі жақсыларымыздың бо­лыспағаны былай тұрсын, «Қандай жақсы қызметке барды. Қолдағы бағын ұстап тұра алмаған өзінен көрсін» деп сырт айналды. Міне, біздің зиялыларымыз», – деп қынжылды. Бертінде сол жайды еске алған Қойшыбаев: «Мәселе менің қара басымда емес, мен атқарған істе, қолда болған шағын мүмкіндікті пайдаланып, сонау шектеуі мол заманда елге жеткізе алған идеяда еді. Міне, сол зиялыларымызға ке­рексіз болыпты. Сағат та, мен де соған қапаландық», – деген еді. «Жастар алаңға не үшін және кімнің намысын қорғап шықты?» «Қойшыбаев оларды қорғауға неге жанын салды?» Бақытты қызметпен бағалағандар бұл сұрақтарға бастарын ауыртқан жоқ. Жиналыс-жиында жұрттың алдына шығып, ауыздыға сөз бермейтін ел «игілері» құлдық санадан аса ал­мады. Сондықтан да Қойшыбаевтың күресі зиялылар тара­пынан бұқаралық сипатта көрініс таппады. Өкінішті!

«Шешінген судан тайынбас». Қойшыбаевты әділдік үшін күресі шыңдады. Бірнеше басшылардың есігін ашып, еңсесі түсіп шықса да, өз шындығын ұстанып, ең соңғы үмітпен Қазақстан Компартиясы ОК-нің Бірінші хатшысы Дінмұха­мед Қонаевтың қабылдауында болды. «...Жүзі жылы екен. Мені осынша сергелдеңге түсіргендер жайында өзімше дәлел-дәйекпен айтқандарымды сергек, ықыласпен тыңда­ды. Мен әрі-беріден соң, бас идеологтың қисынсыз айып­тарын тізбеледім. Партияның идеологиялық басшысынан, осы үлкен үйден шығуы мүмкін емес деп санайтын, алыс та қасіретті 37-ші жылмен ұштастырған оғаш сөздерді естимін деп еш күтпегеніме дейін айттым. Кеңпейілдікпен, асқан парасат көрсетіп тыңдады. Әлсін-әлсін, бас идеолог хақындағы менің наразылық сөздерімді құптап: «Да, переборщил, переборщил», – деп отырды. Қабылдауының қорытынды­сында маған өкпеңді ұмыт («проглоти») деп кеңес берді. Менің қызметім төңірегінде біршама қоғамдық пікір туып қалғанын, сондықтан ол қызметке қайтармай-ақ, басқа жұ­мысқа жіберетінін, жарты жылдан соң мәселеге қайта ора­латынын айтты.

...Бұл 1983 жыл еді. Содан бері талай жыл өтсе де, Дін­мұхамед Ахметұлының мейір төккен парасатты бейнесі әлі көз алдымда. Сыбайлас бюрократтарды жеңіп, әділдікке қол жеткізуіме шешуші көмегі тиген қайраткер ретінде» (Бейбіт Қойшыбаев. «Талтүске дейін». Алматы, 2005 жыл. 62-бет).

Қонаев оны «Социалистік Қазақстан» газетіне бөлім мең­геруші қызметіне бағыттаған. Редактор Балғабек Қыдыр­бекұлы журналда «саяси қате» жібергенін алға тартып, ауыл шаруашылығы бөлімінің қатардағы тілшісі жұмысын ұсын­ды. Ол келіспеді. Неге? Өйткені Бірінші басқаша айтқан еді. Оның үстіне редактордың ұсынғаны қабілет-қарымына сай емес. ОК-ке телефон шалып, Қонаевтың көмекшісі Владис­лав Владимировке мән-жайды баяндауына тура келді. Бірін­ші қайтадан редактормен тікелей байланысқа шығып, бөлім меңгерушісі қызметін беруді тапсырған. Ол 1983 жылдың күзінде газеттің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі қызметіне тұрып, 1985 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының аппаратында Іс басқармасы ЖК актілерін жариялау тобының аға редакторы қызметіне ауысқан.

Енді міне, Желтоқсан жастары үшін тағдырдың тауқыметі­не тап болып отыр. Ел ішінде ала да, құла да бар. Сыртынан әлдекімдер: «Бәрі өзінен, жастарды қорғап елге батыр болып көрінгісі келіп еді, енді міне, басы бәлеге қалды. Басқалар сияқты биліктегілерді мақтап тыныш жүре бергенде қызметі де өсер еді. Өз болашағына өзі балта шапты», – деп табалап та жатты.

Ол салы суға кетіп, мойыған жоқ. Бір жағынан ар-ожда­ны, екінші жағынан намысы қамшылап, алған бетінен қайтпады. Аудандық партия комитетінің әділдігіне үміт артты. Бюро мүшелері аупарткомның бірінші хатшысы Айгүл Қа­дырбекова мен ауатком төрағасы Александр Акуленко оның жазған өтінішіне шын көңіл қойды. Бюрода сөз беріп, мұқият тыңдады. Оның жан-дүниесіндегі арпалысты іштей түсінген секілді. Алғашқы болып сөйлеген халықтық бақы­лау комитетінің төрағасы Қойшыбаевта өші кеткен жандай өршеленіп: «Сен баррикаданың арғы жағына шықтың», – деп дүрсе қоя беріп, оның партия қатарында қалуын қош көр­меді, өзгелерге теріс ықпал туғызуға ұмтылды. Биік жардан шыңырау құзға итеріп жібергісі-ақ келіп, өзеуреп сөйлесін бір. Бірақ бюро мүшелерінің бәрі бірдей оны қолдаған жоқ. Бәрі бірдей Қойшыбаев жағына да шықпады. Аудандық пар­тия комитетінің бюросы ҚКСР ЖК Төралқасы аппаратының партия жиналысы берген: «Строгий выговор с занесением в учетную карточку за извращение причин событий 17–18 де­кабря 1986 года, имевших место в г. Алма-Ате, попытку пе­реложить вину на работников партийно-советских органов за их последствия», – деп тұжырымдалған әділетсіз жазаны өзгеріссіз қалдырды. Қойшыбаев көп ұзамай қызметтен де босатылды.

Аузы жеңілдердің ақыл айтулары да тез ғой. Әлдекімдер болысқансып: «Енді әділдікті Орталық Комитеттен, Кол­биннің өзінен іздесейші», – деп мүләйімсіді. Қойшыбаев ол отырған еңселі ғимаратта болған. Жоғарғы Кеңес Төралқа­сындағы сол айтулы сөзінен кейін жастарға қырғидай тиіп, қуғын-сүргінге ұшыратып, ұйымдастырушыны табамын деп зиялылырдың соңынан шам алып түскен Колбинге оның із­дегенге табылғаны болмасына кім кепіл? Қойшыбаев қан­дықол басшының алдына барып, басын иіп, жағдайын айтып жалынғандай кейіппен көрінгісі келмеді. Ондай арсыздыққа өр кеудесі, намысы жібермеді. Солай Колбиннен қайыр күтпеді. Қайта жағдайын мүлдем ушықтырып жіберетінен сезіп, ОК-те ұлт істері мәселесімен айналысатын Ауманға кездесіп, жөн сұрағаны бар. Ауман ол ұсынған қағаздағы мәтінді оқып шыққан соң шошына қарап: «Мына сөзіңіз үшін сіздің партия қатарында қалуыңыз мүмкін емес», – деп өз ойын ашып айтқаны есінде.

Ер жігіттің басына нелер келіп, нелер кетпеген. Қойшыбаев өзі мүше болып табылатын Қазақстан Жазушылар одағы партия ұйымына есепке тұрды. Сондағы бос орынға қызметке алуына төрағаға өтініш берген. Одақтың аузы ду­алы хатшыларының бірі салған жерден: «Жоғарғы Кеңестің бастауыш партия ұйымынан алған саяси айыбың бар. Ал­дымен сол айыбыңнан құтылу үшін басқа шығармашылық орындарының бірінде бір жыл адал еңбегіңмен өтеуің ке­рек», – деп партия «Жарғысын» алдына тартып, одаққа жұ­мысқа алғызбай қойды. Қол ұшын ақын Мұхтар Шаханов берді. Өзі басқарған «Жалын» журналына шақырды. Қыз­метке кіріскеніне үш күн болмай жатып-ақ секемшіл саясат сақшылары ары қарай жұмысты жалғастыруына мүмкіндік бермеді. Қай мекемеге барса да, ол үшін есіктері жабық болды. Солай еңсені езген бір жарым жыл да өтті. Әйтсе де сол уақытты босқа өткізген жоқ. Мемлекеттік мұрағаттан Алаш арыстары мен Түркістан республикасы туралы қанша­ма ғылыми ізденістер жасап, құнды материалдарды қағазға түсірді.

Бұл кезде «жариялылық» саясаты да республикада күш алып, демократиялық бағытты ұстанғандар әсіре сақшы­ларды ығыстырып, қоғам оянып келе жатты. Жастарды қуғын-сүргінге салу тоқталып, зиялы қауым да еңсесін кө­теріп, асыра сілтелген жағдайларды қайта қарау үрдіс ала бастаған еді.

1988 жылдың көктемі. Жазушылар одағының партия ұйы­мы кезекті жалпы жиналысында Бейбіт Қойшыбаевтың есеп карточкасына жазылған қатаң жазаны мерзімді уақыттың келуіне байланысты алып тастау жөнінде мәселе қарады. Жиналыс тізгіні Шерхан Мұртазаның қолында болды. Ақын Ғафу Қайырбеков, жазушы Бексұлтан Нұржекеев сынды қа­ламгерлер оның шығармашылығы жөнінде, сондай-ақ қыз­метсіз жүрген кезінде республикалық мұрағаттарды ақта­рып, құнды әдеби-зерттеу мақалалар жазғанын ортаға салды. Көптің ішінде кім жоқ? Біреулері сүйсінсе, біреулерінің ішін «қызғаныштың қызыл иті» тырнады. Сондайлардың бірі шыдай алмай сыр берген. «Қойшыбаевтың күрескерлігін баға­лап, батырлық атағын беру керек шығар». – Кекесін мысқыл­мен мырс етті. Соны құлағы шалып қалған қарт қаламгер Қалмұхан Исабаев жиналыс хаттамасына «Қойшыбаевтың әділдік жолындағы күресін бұрмалаған партия қызметкер­лерінің келеңсіз істерін беттеріне басып көрсетуді» ұсынды. Солай оның есеп карточкасына жазылған айып алынды.

СӨЗ СОҢЫ

Бейбіт Қойшыбаев: «Ол бір жүйкені жұқартып, жанды күйзелткен күндер мен айлар еді. Күллі иланым-сенімімді партия тәрбиесінен алдым, өзімді сол тәрбиеге сәйкес ұста­дым деп жүргенімде, сонау ар-ождан, ақыл-ой бұлағы іспетті партиямның белсенділерінен жапа шегуім, қолына түрлі дәрежедегі тізгін ұстаған билеушілердің әділдікке жақ бола алмауы, ешқайсысынан тым болмаса рухани түсіну, қолдау таппауым мені қатты жабырқатты. Мені өзімнің ар алдында адал болуым ғана жұбатты», – дейді.

Иә, Геннадий Колбиннің республика басшылығына ке­луі ел басына күн туған кез еді. Ол Желтоқсан көтерілісіне байланысты қазақ елі тарихындағы ең соңғы репрессияны жасады. Бірақ осы бір ауыр жылдары әсіресе зиялы қауым халықтық сынға түсті. Кімнің кім екені анықталды. Сыннан ар-намысын ту етіп ұстағандар сүрінбей өтті. Солардың бірі – Бейбіт Қойшыбаев. Ал қарақан басын күйттегендер әдет­тегідей атақ пен мансап жолында бүгін де жандарын жалдап, тайраңдап жүр.

Көлбай Адырбекұлы

Соңы.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5343