Жұма, 22 Қараша 2024
Желтоқсан жаңғырығы 5971 9 пікір 22 Қараша, 2021 сағат 15:05

«Казахское дело»: Бейбіт Қойшыбаев

СӨЗ БАСЫ

– Не ащы?
– Шындық!
– Не тәтті?
– Шындық!

Ия, кімдерге ащы, кімдерге тәтті?..

Халық шындықты біліп, әділеттіктің салтанат құрғанын қалайды. Бірақ екеуінің де жолы шырғалаң. Дер кезінде біле алмай сарсаңға түсетіні сондықтан. Халық зиялылардан үміт күтеді. Бірақ зиялылардың бәрі бірдей күрескер емес. Саяси ортада ақиқатын айтып, ағысы қатты тасқын суға қарсы жүзу екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтіні тағы рас. Мұндай көзсіздікке тек ұлтын жан-тәнімен сүйгендер, басын бәйге­ге тіккендер барады. Өкініштісі, ондай ізгі жандардың саны саусақпен санап аларлықтай ғана. Ел басына күн туған сол бір азапты, еңсені басқан 86-ның ауыр желтоқсан күндерінде ұлт жастарының әлеуметтік әділдік үшін жанкешіті күресін империяның қарулы жасақтары басып-жаншып, қолшоқпар­лары мен жандайшаптары жапа-тармағай қаралап жатқан саяси ұйымда оларға араша түскен кім? Бейбіт Қойшыбаев!

* * *

Ал елдегі басқа интеллигенция өкілдері, ұлт зиялылары неге үнсіз қалды?

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омар­беков «Тәуелсіздік – ұлт-азаттық қозғалыстарының заңды нәтижесі» атты мақаласында былай ой түйген: «...Желтоқсан көтерілісін айтқанда, алаңға шыққан жастардың белсенділі­гін сөз қыламыз. Өте дұрыс. Бірақ 16–18 желтоқсан оқиға­сында қазақ халқы қандай бағыт ұстанды? Саяси-әлеуметтік пиғылы қандай болды деген мәселені де зерттеуіміз керек. ...Сонымен бірге, кейбір ағаларымыз Желтоқсан оқиғасы тұ­сында алаңға шыққан балаларды ашықтан-ашық айыптады.

Коммунистік партияға адал берілген, сол партияның саясатынан игілік, рақат көрген толқынның көптеген өкілдері жастардың алаңға шығуын құптамады. Дәл сол кісілерді, көзіміз көрді, құлағымыз естіді, Орталық Комитетте желтоқ­саншыларды «алқаштар», «нашақорлар» деп айыптаған қау­лысын қолдап, партия жиналыстарында сөз сөйледі. Үшін­ші топ сол Желтоқсан қозғалысы кезінде не істерін білмей, дағдарысқа ұшырады. Партия саясатына сеніп келген ұрпақ сол саясаттың қазақ халқына бағытталғанын көрген кез­де, аяқ астынан осындай қиын жағдайға тап болған уақыт­та дағдарыс біздің зиялы қауымның көп бөлігін шарпыды. Жастарға не қолдау жасай алмады, не жастарды қорғай да алмады және жастарды айыптап, оларға баға да бере алма­ды. Желтоқсан көтерілісі, шынында да, күтпеген жерден орын алды. Халықтың намысы тапталған, ашу-ызасы әбден күшейген кезде пісіп-жетілген қарсылық еді бұл» («Қазақ әдебиеті», 14 желтоқсан 2012 жыл).

КОПК-нің органы «Правда» мен КОТА-і оны әлемге «Ал­матыдағы оқиға» деп таратты. Ұлт тарихшылары қазір мұны «Желтоқсан көтерілісі» деп тануда. Омарбеков сол кездегі ахуал қалай болды, сол қалпында жеткізген. Шынында да, Желтоқсан көтерілісін ешкім де алдын ала болжамаған еді. Солай бола тұра, бұл көтеріліс «халықтық сынға» айналды. Әсіресе зиялы қауым үшін. Алаңға шыққан жастардың та­лаптарын іштей мақұлдағандарымен, саяси топта қолдап, қорғай алмаған дәрменсіздіктері көңіл қынжылтады. Алай­да кеңестік саясаттың ықпалында келген олар мұндай то­сын жайға дайын емес еді. Не істерлерін білмей дағдарып, қайраңда қалған қайықтың күйін кешті. Дегенмен арала­рынан зобалаң-зорлығына тап болған жастарға жаны ауы­рып, биліктің шаршы тобында сауға сұрап, арашаға түскен санаулы бірегейлері шығып, азаматтық белсенділіктерімен «халықтық сыннан» сүрінбей өтті. Бұл қазір айтуға жеңіл болғанмен, сол шақта туған сыннан өту – соқтықпалы, соқпақсыз тайғақ жолдың табандылықты, төзімділікті, жан аянбайтын күрескерлікті талап ететін қияметінің көпірі­нен өткенмен бірдей еді. Олар – академик Салық Зиманов, жазушы Сейдахмет Бердіқұлов, тарихшы-жазушы ғалым Бейбіт Қойшыбаев және ақын Жұбан Молдағалиев.

Желтоқсан көтерілісі кезіндегі Қазақ республикасының бұрынғы гимні қолданыста болатын. Сол гимннің «Біз, қа­зақ, ежелден еркіндік аңсаған...» деп басталған бір ғана өлең жолында тұла бойыңды шымырлатып жан-дүниеңді селт ет­кізер қаншама шындық жатыр. Арғы тарихтан бері тартып, ХХ ғасырда Қызыл империя құрсауында жүріп, халқымыз еркіндік үшін қаншама рет күресіп, қан төгіп, арыстарымыз репрессияға ұшырады. Ұлт ұландарының отаршыл импе­рияға қарсы ең соңғы тұяқ серпер көтерілісі 1986 жылдың 16, 17, 18 желтоқсан күндері болғанын Отанның шерлі та­рихынан ешкім де жоққа шығара алмас. Жастар алаңда саз­гер Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, әлеуметтік әділеттілікті талап етті. Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін бұл ән ұлттың гимніне айналды. Алаңдағы жастардың бар кінәсі «Әр ұлттың өз көсемі болсын!», «Әр ұлт өз тілінде өмір сүрсін» еді. Көтерілістің соңы жаппай жазалауға, қуғын-сүргінге ұласты.

Ел ішін дүрбелең, үрей билеп алған. Мәскеудегі компар­тия басшыларының солақай саясатының салдарынан ел іші алатайдай бүлініп, екіге жарылды. Жергілікті ұлт пен бірне­ше ұлт өкілдерінен құралған келімсектер, жікке бөлінгендер бір-біріне ашкөзденіп, өшіге қарады. Түсінісіп, бір мәміле­ге келу қиынға айналған. Республиканың барлық облыста­ры мен аудандарында қазақ жастарын қызу қаралау жүріп жатқан осынау шақта Бейбіт Қойшыбаев нартәуекелге бар­ды. Өзі қызмет істейтін Қазақ республикасы Жоғарғы Кеңесі аппаратының 25 желтоқсан күні өткен партия жиналысында жастар талабының орынды екенін тайсалмай айтып, олар­ды жазықсыз жазалауды тоқтатуды талап етті. Империяның билік машинасы жастарға «ұлтшыл», «бұзақылар», «на­шақорлар» деп жөнсіз жала жауып, қаралап, намыстарын таптап жатқан сол бір саяси жиында Қойшыбаев кімге арқа сүйеп, неге үміт артты? Коммунистерге арқа сүйеді, әділет­тікке үміт артты. Бәрі бекер екен. Коммунистер орға итерді, ал әділеттік алдап кетті.

Бұл зиялылардың азаматтығына сын кезең еді. Өкінішке қарай, ел басына күн туған шақта елге танымал болған та­лайлар шаршы топтың алдында бас көтеруге жарамай, қара бастың қамымен үнсіз қалып, тарихи сыннан өте алмады. Іштен тынды. Үйде бой тасалап отырып, ызаға булығып, құр күйінгеннен аса алмаса не пайда. Білім-біліктілігімен атақты болып, халықтың құрметіне бөленген жақсы-ау. Бірақ сон­шалық дабыра даңқыңмен тағдыр шешер шешуші шақта ұл­тыңа қорған бола алмасаң, басынғандардың алдында мінез көрсетіп табандап тұрмасаң, ар-намысың мазалап түн ұй­қыңды қашырмай ма. Өкініштісі сол, олардың кейбірі қалың ел қайғыға батып жатқанда жастарды қорғамақ түгілі, билік­тің айтағына еріп қаралағандарына қалай налымайсың. Со­лар да бүгінде түк болмағандай ұлттың зиялы қауымынан­быз деп көкіректерін қағып жүр-ау.

«Айтпасаң сөздің атасы өледі». Иә, Бейбіт Қойшыбаевтың қазақ қоғамы қауға тиген өрттей болып тұрған осынау шақта Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасындағы партия ұйымы­ның жиналысында ашынып ащы айтқан сөздері кімдердің құлақтарына түрпідей тимеді дейсіз. Ащы болғанмен шын­дық. Ешкім де шындықтан қашып құтыла алмайды. Уақыт­ша жалтарғанмен, кейін бәрібір тұтылары хақ.

Ол әкімшіл-әміршіл биліктің азуынан от шашып, жастар­ды аяусыз басып, жаншып жатқан қаһарлы шағында басын қауіп-қатерге неге тікті? Саналы түрде ме, жоқ әлде көңіл- күй ауанына ерік беріп, көзсіздікке барды ма? Енді Бейбіт Қойшыбаевтың сол саяси жиында биік мінберден батыл сөйлеген сөзіне оралып, талқыға салып көрейік. Ол не деді? (Мәтінді орыс тілінен тәржімелеген Төрехан Данияров).

«Әрине, арандатушылар мен ұлтшылдық элементтердің айдап салуымен демонстрацияға шыққан жастарды ақтауға болмайды, бірақ көзсіз кінәлауға да тиіс емеспіз – түсінуге тырысу керек, болған жағдайларға талдау жасап, фи­лософиялық тұрғыдан дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл қозғалыста басты кінәлі адамдар – біз, аға ұрпақтар, оқыған азаматтар екендігімізді мойындауға тиіспіз...»

Қойшыбаев: «...көзсіз кінәлауға да тиіс емеспіз – түсінуге тырысу керек» деп, қаралаудың алапат тасқынына тосқауыл болып қана қоймай, күрделі жайды ақылға салып шешу­ді, тіптен басты кінәні «біз» деп өзінен бастап бар айыпты жастардан алып қашуын қалай түсінуге болады? Ұлтын, оның жас өркенін шын жүрегімен сүймесе, осылай деп ай­тар ма еді.

«Партия өміріндегі кілт бұрылысқа дейінгі елдің ахуалын­да, дәлірек айтқанда, масаттанушылық, ойына не келсе соны істеу орын алған еді, сондай-ақ шын мәніндегі жағдайды боямалап көрсетуге тырысу, насихат және идеология жұмы­сының нақты өмірден алшақтығы – осы жағдайлардың бар­лығы 17–18 желтоқсан күнгі оқиғаларды бірте-бірте «дайын­даған» болатын-ды. «Жайбарақаттық» сол бір ұзақ жылдары нағыз өмірге тіктеп қарау сезімін бәсеңдетіп тастаған еді, сол себептен де біз интернационалдық тәрбиелеу бөлігіндегі тіке бетбұрыс стратегиясын, қоғамдық өмірдің революци­ялық қайта құрылысын творчестволық тұрғыдан қабылдай алмадық. Бәріміз де партияның қанатты сөздерімен қа­рулансақ та, оның мәнін жете түсінбеген сияқтымыз. Адам факторының маңыздылығы жөнінде мақтана айттық, экономикалық цифрларды келтірдік, бірақ осы көрсеткіштің артындағы қоғам мүшелерінің қозғаушы күші жөнінде ойла­маппыз, әр адамның интернационалдық сезіміне үлкен мән бере тәрбиелеу қажеттігін түсінбеппіз...»

Иә, қоғам Горбачевтың «қайта құру» саясатына дейін адам факторы тек экономикалық жетістіктермен ғана баға­ланып, басқа қордаланған көп әлеуметтік мәселелер ашық айтыла бермейтін. Бұл жағы биік мінберлерде боямаланып, атүсті баяндалатыны рас. Әсіресе Қазақстан секілді ұлттық республикаларда шындық нақты өмірден алшақтап кеткені соншалық, соқтасы сыздатқан бітеу жара жарылып, Алматы­дағы 17–18 желтоқсан көтерілісіне алып келді. Қойшыбаев компартияның интернационалдық тәрбиеге, ұлт мәселе­сіне атүсті қарап, жете мән бермеуінің салдарынан ұлттық сезімге сызат түсірілгенін алға тартқан.

«Біздің идеологиялық-насихаттық машинамызға әбден сіңген формализмнің интернационалдық тәрбиеде кең қанат жайғандығы осы күндері айқын білінді. Барлығы да ұлт­тық мәселе туралы Ленин шығармаларын түрлі оқу орын­дарында оқып үйренген, бірақ көпшілігі зачет пен емтихан тапсырғаннан кейін оны ұмытып та кеткен. Сол күндері Ле­нин шығармаларына қайта бір көз тастап көргендер көшеге шыққан жастардың пайдасына шешілер көп нәрсені табар еді. Олар Лениннің портреттері мен еңбектерінен алынған үзінділер жазылған транспоранттарды бекерден-бекер алып жүрген жоқ қой. Бірақ біздің тот басып кеткен насихаттық машинамыз алданып, көшеге шыққан жастарға Лениннің кейбір сөздерінің сол замандағы нақты жағдайларға қатыс- ты айтылғандығын, Ленин іліміне даму тұрғысынан қарау қажеттігін түсіндіруді ойлай алмады. Ең жақсы насихатшы­ларымызды, үгітшілерімізді, лекторларымызды аяқтан тік тұрғызып, алаң мен оған жанасып жатқан көшелерде дауыс зорайтқыш орнатып, бұқараға ұлт мәселесін қазіргі кезең тұрғысынан түсіндірудің орнына, біз асыл уақытымызды алаңға милиция мен әскери күштерді жұмылдыруға жұмса­дық, қаншалықты өкінішті болса да, мұның өзі 17 желтоқсан күнгі кешкі сағат 7-ден кейінгі келеңсіз жағдайлардың бо­луына әкеп соқты...»

Қойшыбаев пролетариат көсемі В.И. Лениннің ұлт мәсе­лесі туралы жазғандарына Мәскеудегі Одақ басшыларының формалды түрде қарағандықтан жоғары оқу орындарындағы жастардың кезекті емтиханнан кейін-ақ оның мәнін ұмытып кететінін тілге тиек еткен. Алайда алаңға шыққан жастар­дың саяси талабын қолдарындағы көсемнің суреті мен «Ле­нин идеялары жасасын!», «Әр халыққа – өз көсемі!», «Ешбір ұлтқа, ешбір тілге ешқандай артықшылық берілмесін!», «Біз ұлттардың күштеп емес, еркін, ерікті түрде жақындасуын жақтаймыз. В.И. Ленин» деген тұжырымдамалар жазылған ұрандар анық көрсеткенін мәлімдеді. Олардың ниеттерінің дұрыстығын ұлт теңдігі мәселесі жөніндегі өз ұғымдарын білдіретін осындай транспаранттар ақтай алатынын кесіп айтты. Ол осы сөзі арқылы шерушілердің талаптарын жоққа шығармай, қайта оларға қолдау білдіргені айдан да анық. Өкінішке қарай, империялық көзқарастағы насихаттық ма­шинаның Ленин ілімін сол уақыттың дамуы тұрғысынан қа­рай алмағанын да назардан тыс қалдырған жоқ. Мұның арғы жағында компартия кемшілігін меңзеген ой жатқанын жина­лысқа қатысқандар іштей түсінді. Бұл моральдық тұрғыдан компартияға үлкен соққы еді.

«Адамгершілік тұрғысынан келсек, біз ешуақытта да 17-20 жастағы біздің балаларымызға, қыздар мен жігіттерімізге қарсы таяқ, сапер күректерін, водомет, түтіндету құтыларын жұмсаған, сондай-ақ құтырған иттерді айдап салған жекеле­ген әскери қызметшілердің қылықтарын ақтай алмаймыз...»

«Платон менің досым, бірақ шындық одан да қымбат». Шеруші жұмысшылар мен студент жастарды әскердің күшімен басып, алаңнан таратты. Ал әскердің міндеті – Отан қорғау. Шекараның шебінде тұрып, шеттен тиген жауға той­тарыс беру. Олардың сол міндетін Мәскеудегі коммунистік билік мүлдем өзгертіп, өз халқына қарсы айдап салды. Со­лай компартия үлкен қылмысқа барды. Пролетариат көсемі Карл Маркс: «Үкімет тек өз дауысын ғана естиді, ол тек өз дауысын ғана есітіп отырғанын біледі, соның өзінде ол ха­лықтың үнін естігендей өз-өзін алдаусыратады, сонымен бірге ол халықтан осы өзін-өзі алдаусыратуды қолдауды талап етеді» деп анықтама берген. Кеңес өкіметін тек бір ғана Коммунистік партия басқарып, Үкімет сол партияның қолында болды. Әскерилер коммунистік Үкіметтің сол қыл­мысын айуандықпен жүзеге асырды. КСРО халық депута­ты, ақын Мұхтар Шаханов басқарған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Комиссиясына түскен «Құйын – 1986» оперативті жоспарына қарағанда, Қазақ КСР Мемле­кеттік қауіпсіздік комитеті жаппай тәртіпсіздікті жою үшін республика МХК мен ІІМ-нің басқа республикалардан ар­найы шақырылған әскери құрылымдармен бірге қимылдау жөніндегі жоспарын ұсынған. Штабтың (генерал-лейтенант Г.Н. Ниязов) қарамағында 2928 адамнан тұратын үш опера­тивті топ және арнаулы құрама отряд болды. Операцияны атқару үшін 5700 адамдық Алматы гарнизонының күші мен құрал-жабдықтары пайдаланылды. Оған қосымша КСРО ІІМ-нің ішкі арнаулы әскері 2169 әскери адам шақырылғаны көрсетілген. Ал мұның сыртында Кеңестер Одағының Таш­кент, Новосібір, Бішкек, Челябинск, Свердлов, Уфа қалала­рынан алдырылған әскери жасақтар қаншама. Осыған орай солдат М. Тоқхожиннің естелігін де айғақ ретінде келтіре кеткен жөн шығар. «...17 желтоқсан күні шамамен сағат 23- те демонстранттарға сапер күрекшелерімен қаруланған ше­кара училищесінің курсанттары «уралап» лап қойды. Олар­дың артынан бәрін қатарынан ұрып-соғып біздің бөлімше жүгірді. Біз қалқан және келтекпен (дубинка) қаруланған едік. Демонстранттарды алаңнан қуып шыққанда жерде жүзге тарта зардап шеккендер қалды. Оларды машиналарға сүйрелеп тасыды». Солдат өзі қатысқан қанды оқиғаны айт- қан. Жалған дей алмайсыз. Әскерилер мен жасақшылардың бейбіт шеруді, қарусыз жастарды жаудан да бетер көріп жа­залағандары ешқандай ақтауға жатпайтынын Қойшыбаев ашып айтқан. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегенің осы шығар, сірә.

«Адамгершілігі бар бірде-бір адам жасақшылар қатарына қатыстырылған қызметкерлерін арнайы дайындап, қолына қару берген кәсіпорындардың кейбір басшыларының істеген әрекеттерімен келісе алмайды. Олар қызметкерлерінің қо­лына таяқ, арматурадан жасалған сүймен, қымбат тұратын кабельдің кесіктерін ұстатқан болатын-ды. Өкінішке қарай, шындығы сол, көптеген тәртіп сақшылары бұл күндері бір- ақ сәтте бағындырушылар мен жазалаушылар рөлін атқарып шыға келді...»

Билік өз мүддесін сақтап қалу үшін кез келген сұрқиялыққа баратындығын көрсетті. Мұхтар Шаханов басқарған комиссияға Қазақстан Компариясы ОК екінші хатшысы болған Марат Сәмиұлы Меңдібаев берген түсініктемесінде былай деп жазыпты: «Олар бәрін түсінуге тырысқан сыңай танытты да, алаңға қайта оралысымен Орталық Комитеттің ғимараты алдында (сол кезде Брежнев атындағы алаң) біздің сөйлеуімізді талап етті. Біз сөйлесуден қорықтық, сондықтан оның орнына қайта оларды таратуға ерекше ден қойдық». Оның «біз» дегеніне қарағанда, биліктегілердің бәрін айтқаны ғой. Ал неден қорықты? Шындықтан! Жастар макси­малистер. Мәскеудегі билік олардың талабы орынды екенін іштей білді. Жауырды жаба тоқу үшін халық жасақшыла­рын әлгіндейлермен қаруландырып, жастарға айдап салды. Меңдібаев секілді қала, қаланың аудандары басшылары мен қолдарына қару алған жасақшылар әлі күнге ел ішінде жүр. Олардың осы күнге дейін бірен-сараңы болмаса, біздің ісіміз асылық болыпты-ау деп опынғанын көрген емеспіз.

Шындықтың жолы ауыр, шырғалаңы шаш етектен. Сон­дықтан дер кезінде ашып айтылмай, арада бірнеше жылдар өткен соң барып көмбеден шығып, жария етіледі. Оның ешқашанда өлмейтіні сондықтан. «Жас қазақ» газеті 2012 жылы 14 желтоқсан күнгі санында Желтоқсан көтерілісінің 26 жылдығына орай «Желтоқсан: Баррикаданың екі жағы» тақырыбында пікір алысу конференциясын өткізген. Га­зет журналисі Шадияр Өстеміров бір столдың басына жазушы-тарихшы Бейбіт Қойшыбаев пен қарт коммунист Александр Яковлевті шақырып, өзара пікір алысуын ұй­ымдастырған. Содан үзінді.

«Жас қазақ»: Сіздерге таяқ әкеп берген кімдер еді?

Александр Яковлев: Машинамен әкелді. Бәріне таратты. Таяқ әкелгендердің арасында аудандық комитеттегілер бол­ды.

Бейбіт Қойшыбаев: Рас, оларды қаруландырған аудандық комитеттегілер еді.

«Жас қазақ»: Ол кезде сіздің жасыңыз қаншада еді?

Александр Яковлев: 51-де едім. Қазір 75-ке келдім. Бір кезде нөпір адамның қарасы көрінді. Өте көп. Екі шетінде қолдарында таяқтары бар жігіттер жүр. Ортасында қыз-қырқын. Бәрі кілең өрімдей жас жеткіншектер. Балалар дерсің. Қолдарында плакат. Онда бір әйелді босатуды талап етілген жазу бар. «Қазақтарды – Орталық Комитетке!» деген ұран­ды қайта естідім. «Орталық Комитетте кімнің отырғанын­да сендердің шаруаларың қанша?» – деп күлдім. Олардың жүріп бара жатқан бағытын автобустармен бекітіп тастады. Бірнеше автобустың терезесі шағылды. Сосын олар бізге қа­рай бұрылды. Бір тас менің қолыма келіп тиді. Біз де қарап қалмадық, тұра ұмтылдық. Қатарымызда кілең алып денелі мұжықтар.

Институт қызметкерлерінің үштен бірі қазақтар еді. Бізді жинап алған кезде: «Қазақтар жұмыста қалсын немесе үй­леріне қайтсын. Бұл олардың шаруасы емес!» – деп бірден айтты. Осылайша орыс тілділерді орға жықты.

Бейбіт Қойшыбаев: Қазақтарды қайтарып жіберіп, сіз­дердің қолдарыңызға таяқ беріп, қаланы «қорғауға» шығар­ды ма, сонда?

Александр Яковлев: Иә, сөйтті. Бірақ арамызда екі қазақ болды. ...Не керек, еңгезердей мұжықтар қолындағы таяқта­рымен жасөспірімдерге дүрсе қойып, тап берді. Аудандық комитет өкілдері: «Қойыңдар, төбелесті доғарыңдар! Ұр­маңдар!» – деп араша түсті. Онысын тыңдаған ешкім жоқ. Қолдарындағы таяқтарымен студенттерді соққыға жығып жатты.

Мен біреуін ұстап алдым. Ол кезде салмағым 80 келі­ден асатын. Әлгі бала салмағы жоқ, жеп-жеңіл екен. Әріде тұрған автобустарға қарай сүйрей жөнелдім. Бізге: «ұстап алып, автобусқа кіргізіңдер», – деп бұйрық берілген еді. Оны автобусқа кіргізіп, қайта келгенімде ешкім қалмады.

Бір кезде бізге милиция қызметкерлері келді. Полковник пе, майор ма, ол жағы есімде жоқ, әйтеуір шендісі: «Ана жақта бір топ жастар жүр. Өткен-кеткенге тиісіп жатыр. Ба­рып, сазайын беріңдер!» – деп бұйырды. Сонда мен: «Біздің төбелесуіміз керек екен, ал сендер не бітіріп жүрсіңдер, сонда?» – деп реніш білдірдім. Сол кезде әлгі шенді милицио­нер: «Бізге тимеңдер деді. Сендер кірісіңдер!» – деп жауап берді.

«Жас қазақ»: Сіздерді орға жықты деп ойламайсыз ба?

Александр Яковлев: Бұл – сараптау. Ол басқа нәрсе. Саяси сараптамамды соңында айта жатайын. Жолда кір жуғыш ма­шина жасайтын зауыттың қасынан өтіп бара жатқанымызда, оның жұмысшылары: «Мынаны алыңдар!» – деп шақырды. Арматураны келтек-келтек етіп кесіп дайындап қойған екен. Мен біреуін алып, қолымды былғамас үшін газетке орап ал­дым.

Сосын біз оншақты адам болып сол жаққа қарай жүрдік. Алдымыздан бізден екі есе көп нөпір көрінді. Олар бізге қарай жүгірді. Сасып қалдық. Дәл осы кезде қасымызға бір автобус келіп тоқтай қалды. Ішінен бронды жейде киген бір топ түсті. Олар Киров зауытынан екен. Ол – әскери зауыт. Жұмысшылар ма, зауыт күзетшілері ме, ол жағын білмей­мін. Құрыш жейде, темір дулыға киген, қолдарында жоғары қысымды шланга. Өздері көп емес. Біз солардың артынан жүрдік. Олар ешкімді аяған жоқ. Қолына түскендерін аямай ұрды. Бір студентті арыққа жығып алып, соққанда айнала түгелдей қанға боялды. Бұл оқиға Мир (қазіргі Желтоқсан) және Горький (қазіргі Жібек жолы) көшелерінің қиылысын­да болған еді. Менің қазақ достарым көп. Бірі – академик, бірі – институт директоры. Желтоқсан оқиғасында бізді ар­сыздықпен орға итермелепті. Оны біз кейін түсіндік.

«Жас қазақ»: Бұл оқиғаға сол кезде қандай баға бердіңіз? Қазір қандай баға бересіз?

Александр Яковлев: Мен бұған өзімнің саяси бағамды берейін. Қазір жастар Желтоқсанда Кеңес өкіметіне қарсы шықты деп жүр. Мүлде олай емес. Кеңес өкіметіне ешкім қарсы шыққан жоқ. Мұның бәрі Горбачевтан басталды. Ол АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының немесе ағылшын барлау қызметінің агенті. Билікке келгенде елді ыдырату мақсатын көздеді. Ескі кадрларды ығыстыра бастады. Со­ның бірі – біздің Қонаев. ...Ол кезде Алматыда қазақтар аз болатын. 1986 жылы мұндағы қазақтардың саны 16 пайызды ғана құрайтын. Оның көбі студенттер еді. Бұл жердегі басты қателік – үгіт-насихат жүргізу арқылы наразыларды басу ке­рек еді. Екіншісі, орыс тілді халықты қазақтарға қарсы қой­ды. Ең сорақысы да осы. Оқиға студенттерді қудалаумен, институт мұғалімдерін, ректорларын жұмыстан шығарумен аяқталды. Кейін мұндай жағдайлар көрші мемлекеттерде де жалғаса бастады. Мұның бәрін Горбачев қасақана ұйымдастырған еді.

Бейбіт Қойшыбаев: Менің білгім келіп отырғаны, сіздер өздеріңізге қарсы еш әрекетке бармаған адамдарды да ұрып- соға бердіңіздер ме?

Александр Яковлев: Жоқ, олай емес. Басында ешқандай әрекет жасамадық. Олар әуелде тыңдамай, бөгет-қоршаудан өтіп кетпек болды. Бізді таспен, әйнек сынықтарымен ұра бастағанда ғана тап бердік.

Бейбіт Қойшыбаев: Сол кезде қандай сезімде болдыңыз?

Александр Яковлев: Қайдағы сезім? Ұру керек пе, ұрдық. Біреудің басынан, біреудің арқасынан. Қашып үлгіргені үл­гірді. Қолға түскені таяқ жеп, автобусқа тоғытылды.

Бейбіт Қойшыбаев: Соның бәрі не үшін керек еді?

Александр Яковлев: Бізге солай тапсырма берілді.

Бейбіт Қойшыбаев: Қонаевқа қатысты айтатын болсам, ол жастарға басу айтқысы келген. Бірақ оған рұқсат етпеді. Қонаев Колбиннің кабинетінде отырды.

Александр Яковлев: Мен оны білмеген екенмін.

Бейбіт Қойшыбаев: Біз әлі де Алматыда қазақ жаста­ры неліктен мұндай әрекетке барды дегенге жауап берген жоқпыз. Сіз жастардың әрекетін бассыздық деп санайсыз ба? Олар жайдан-жай мұндай қадамға барған жоқ.

Александр Яковлев: Бассыздық емес, әрине. Мұның бәрі жоғарыдағылардың ұйымдастыруымен болды. Әрине, сту­денттердің бұл жағдайға көңілі толған жоқ. Осы көңіл тол­маушылық жастарды осындай әрекетке итермеледі деп ой­лаймын.

Бейбіт Қойшыбаев: Желтоқсанның 25-сі күні осы оқиғаға қатысты жиналыс болды. Мен сол кезде «Бұл тек Горбачев­тың кінәсі емес, бұл ұлттық ерекшелікті ескермеген пар­тиялық бюрократияның да әсерінен болып отыр» деп, өз ойымды білдірдім. Қазір де солай ойлаймын. Ал партия ком­мунистерге «ұлттар жақындасып келеді, соған байланысты жұмыстар жасалып, дайындалып жатыр» деп оқытты. Ал нәтижесінде не болды? Алматыда тек студенттер емес, қазақ жұмысшылары да көп болды. Олардың жатақханадан басқа еш нәрсеге қол жеткізуге мүмкіндіктері болмады. Қазақтар­дың өз ана тілін қолданатын жері де жоқ болатын. Орысша білмесе, нан да сұрай алмайтын. Сол үшін бәрі орыс тілін жаппай меңгеруге мүдделі болды.

Александр Яковлев: Меніңше, мұнда 100 пайыз орысша сөйлейтін.

Бейбіт Қойшыбаев: Әрине, сөйледі. Олар соған мәжүр болды емес пе. Орыс тілінсіз еш жерге жұмысқа да орналаса алмас еді. Сондықтан үйренді.

Александр Яковлев: Қазір де солай.

Бейбіт Қойшыбаев: Әрине, дұрыс айтасыз. Бұл – Мәскеу ұйымдастырған орыстандыру саясатының салдары. Сол әлі күнге дейін бізде қалып қойды. «Барлық істер орыс тілінде жүргізілетіндіктен, қазақ тілінің не қажеті бар?» деп есеп­теді. Қазақ жастарын ашындырған мәселенің бірі осы еді.

Александр Яковлев: ...Ал біздің мемлекет халқының жар­тысынан көбі орыс тілділер. Басқаша болса, олар жұмыссыз қалады.

Бейбіт Қойшыбаев: Неге жұмыссыз қалады?

Александр Яковлев: Себебі тіл білмейді.

Бейбіт Қойшыбаев: Неге үйренбейді, онда?

Александр Яковлев: Оның не қажеті бар?

Бейбіт Қойшыбаев: Міне, көрдіңіз бе, қазақ тіліне, қа­зақтарға деген осындай көзқарас жастардың сол толқуына апарып соқтырды.

Александр Яковлев: Себебі, әдеби, ауызекі сөйлеу болмаса, кәсіби тұрғыдан қазақ тілі дамымаған тіл болып саналады.

Бейбіт Қойшыбаев: Дамымаған? Сіз неге бұлай дейсіз? Сіз қазақ тілін білмейсіз де. Бұлай деуіңізге не себеп? Мәсе­лен, түрік тілін алыңыз. Оның қазақ тілінен артықшылығы бар деп ойлайсыз ба? Мүлде олай емес. Себебі ол қолда­ныста көп пайдаланылады. Ал қазақ тілінің қолдану аясы тар. Мұның бәрі дұрыс жүргізілмеген саясаттың нәтижесі. Сіздер әлі де Қазақстанды мойындамайсыздар. Оны Кеңес Одағының бөлігі көріп, Ресейде отырғандай әсердесіздер. Өздеріңізді Ресейдің мұндағы «бесінші колоннасындай» сезінесіздер. Және негізгі ұлттың ешқандай өзіндік ерек­шелігін, болмысын қабылдағыларыңыз келмейді.

Александр Яковлев: Одан басқа бір-бірімізбен сөйлесетін тіл жоқ.

Бейбіт Қойшыбаев: Міне, көрдіңіз бе, бізді жеткілікті түр­де орыстандырып тастаған. Осы дұрыс па? Тарихи ақиқат тұрғысынан, бұл барып тұрған – әділетсіздік.

Александр Яковлев: Мұның бәрін құртып кеткен Горбачев емес пе? Ол ұлттық саясатты ыдырату үшін пайдаланды.

Бейбіт Қойшыбаев: Пайдаланған жоқ, білместікпен жа­сады.

Александр Яковлев: Мүлде олай емес. Ол Орталық барлау басқармасының (АҚШ-тың) агенті.

Бейбіт Қойшыбаев: Жоқ, ол өзінің ұлтынан басқаны көр­гісі келмеді. Сіздерді мұндағы «бесінші колонна» ретінде пайдаланды. Сондықтан да Желтоқсан оқиғасында тек қана сіздер қазақ жастарының шашынан сүйреп, ұрып-соқтыңыздар. Ал қазіргі таңда жүргізіліп жатқан интеграция мәселесін алып қарайық. Кедендік одақ туралы «бұл Кеңес Одағының басқаша құрылып, қайта қалыптасқан түрі» деп есептейтін­дер бар. Бұл пікірін белгілі орыс тілді саяси тұлғалар жасы­рмай ашық айтып та жүр. Ал біз одақ құруға қарсы емеспіз, егер унитарлы емес, нағыз ұлттар одағы құрылса. Мәселенің бәрі қазақты, оның тілі мен ділін құрметтеуде болып тұр. Егер «ертеңнен бастап бәрі қазақ тілінде сөйлейді, сол тілде жұмыс жасайды» десе, сіз бүгін-ақ меңгеруге тырысасыз.

Александр Яковлев: Мен бұл жерден кетіп қалар едім. Он­сыз да елден қаншама адамдар кетті.

Бейбіт Қойшыбаев: Иә, не кетер едіңіз, не тіл үйренер едіңіз».

Осы пікір алысу сұхбатында қаншама шындық жатыр. Ащы әрі өкінішті. Яковлевтей коммунистің желтоқсаншы­ларды қаншама жылдан соң түсінгенін айтсайшы. Ол сол кезде бізді алаңға шыққан жастарға айдап салмай, екі жаққа да үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, мәселені шешу керек еді дейді. Қойшыбаев та 25 қарашадағы партия жиналысын­да осы жолмен шиеленісті бейбіт түрде шешу керектігін ай­тып, жіберген қателікті көрсетіп берді ғой. Ал коммунистер «Шынында да бізден қателік кеткен екен» деп жөн сөзге құлақ асып, опынды ма? Жоқ. Қайта үдере тұрып, бюрократ­тық әдеттеріне басып, өзін жалалы етті.

«Бұл күндері ұжымдарда болған жекелеген идеологиялық қызметкерлер де өздерін жақсы жағынан көрсете алмады. Мәселен, «ОК бірінші хатшысының қазақ болуы маңызды ма, жоқ әлде дүкеннің нанға толып тұрғаны керек пе» деген аудандық партия комитеті хатшысының көпшілікке айтқан сөзінің келтірген зиянкестігін немен өлшеуге болады екен? Партия қызметкерлерінің соншалықты қарабайыр да тұр­пайы түсіндірмесінің кез келген ауыр да қатаң қол жұмсау­дан да қауіпті екендігі сөзсіз...»

Иә, идеология қызметкерлері бір ғана орыс ұлтының ме­рейін көтеретін жалған интернационализмді насихаттаудан арыға бара алмады. Тіптен хормен: «Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына...», – деп те ән шырқап, басымызға көтеріп пір тұттық. Бәрі де шамадан тыс астамшылық екенін аңғал қазақ қайдан білсін. Республиканы Қонаев басқарып тұрған кез­де дүкендерде нан болмай қалған кез болды ма? Жоқ! Жұрт тоқшылыққа, барға қанағат етті. Ал әлгі хатшы елдің наза­рын қазақ басшысының болмай қалғанына емес, нанға ауда­рып отыр. Шынында, бұл қарабайыр әрі тұрпайы түсіндіруі кез келген соққыдан да ауыр екенін Қойшыбаев мысалға алып, атап айтқан. Ойлау жүйесі кем, дарынсыз басшы қай кезде де елдің тұтастығына, ынтымағына орны толмас нұқ­сан келтіретіні анық.

Жалғасы бар...

Көлбай Адырбекұлы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5276