БЖЗҚ Президент тапсырмасын ескермей ме?
Зейнетақы қоры төңірегіндегі соңғы жаңалықтар ел-жұртты алаң етті. Бұған себеп Қазақстанда зейнетақы жинағын алудың жеткілікті шектік деңгейі 2022 жылы екі есеге жуық өседі.
Мысалы, 2020 жылдың қыркүйегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинағын алудың жеткілікті деңгейі кестесін жариялады. Ол жерде, 20 жастағы салымшы үшін жинақ шегі 1 млн 720 мың, 30 жастағы салымшылар үшін шек 2 млн 518 мың теңге, 40 жастағы салымшылар үшін 3 млн 437 мың теңге болған еді. Ал, қазір 20 жастағы салымшының өзіне зейнетақы қорындағы ең төменгі жинақ қоры 3 млн 140 мың болғалы тұр.
БЖЗҚ басшысы не дейді?
Бұл өзгеріске қатысты БЖЗҚ АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов жауап беріп, түсіндіруге тырысыпты.
«Бекітілген ереже бойынша зейнетақы жинағын алудың жеткілікті мөлшері адамның жасына қарай және зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуіне қарай (индекстелу) есептеледі. Есептеу кезінде Республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты ТЖШ мөлшерін есептеу жыл сайын айтылған көрсеткіштердің өсуін ескере отырып жүргізіледі», - дейді Құрманов мырза.
Құрмановтың айтып отырғаны, 2022 жылы мемлекеттік әлеуметтік көрсеткіштер көлемі ұлғаяды да, соның әсерімен ТЖШ мөлшері де өспек-мыс. Биыл ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге болса, 2022 жылы 60 000 мың теңге болады деп бекітілген еді, өткенде.
Бұл өзгерістің негізгі себебі – «білімсіздік»
Біз экономист Мақсат Халық мырзаға хабарласып, аталған мәселеге қатысты пікір сұрадық. Экономист Мақсат Халық ТЖК көлемін ең төменгі жалақы көлемімен есептеу ақылға қонбайтынын айтады
«Бұл жерде ең төменгі жалақының қатысы қанша? Ең төменгі зейнетақы өсімін алсын, ол қанша пайызға өсті сонша пайызға өсіріп жатса кішкене болса да логика бар. Зейнетақыға қатысты дейміз. Ал, бұл жерде ең төменгі жалақыны айтып отыр, ол 41 пайызға өскен, БЖЗҚ 80 пайызға өсіріп отыр. Яғни екі есе жоғары. Ең төменгі жалақыны назарға алып ТЖШ өсіргеннің өзінде, ең төменгі жалақы осыдан үш жыл бұрын 42 500-ге жетті. Сонда үш жылғы инфляция бар. Соның 20 пайызын үшке бөле салу керек. Сонда 7 пайыз шығар еді. Әрі кеткенде 7 пайызға өсіріп жатса, ақылға қонымды, дұрыс логикалық есептемелік тізбегі бар деп айтуға болар еді. Ал, қазіргі өсім ешқандай есепке де, логикаға да сәйкес келмейді», - деді экономист.
Ол бұл өзгерістің негізгі себебі – «білімсіздік» деп есептейді. Тіпті, осы шешімді шығарған азаматпен пікірсайысқа шығуға дайын екенін жеткізді.
«Бұл - Президенттің айтқанының бәрін күлге ұшырумен тең шешім. Ел басшысы осы жолғы жолдауында: «зейнетақы қорында артық жинағы бар жас азаматтар сол қаражатты «Отбасы» банкіндегі депозиттік шотына аударуына мүмкіндігі болсын, сүйтіп олар алғашқы жарнасын жинай бастайды», - деп айтқан болатын. Ал, зейнетақы қорында қазір болып жатқан өзгеріске қарасақ, жастардың ешқандай жарна салуға мүмкіндігі жоқ екені айдан анық. Сондықтан бұл шешім қайта қаралуы қажет деп санаймын. Президенттің өзі бұл шешімге қарсылық білдіреді деп ойлаймын», - деді экономист.
Бұған дейін Abai.kz порталында жазғанымыздай ТЖШ жеткілікті деңгейден асқанда, азаматтарға зейнетақы қорынан ақша алуға құқық берілген болатын.
Байлар шешіп алды, кедейлер сан соғып қалды
БЖЗҚ мәліметінше, 2021 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы күшіне енді. Заңға сәйкес, азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделудің ақысын төлеу, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалану құқығы беріледі. Бұл құқықты зейнетақы жарналарын тұрақты және толық көлемде аудару есебінен ең төменгі жеткілікті деңгей шегінен асатын және болашақта ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемін алуға мүмкіндігі бар салымшылар пайдалана алады.
Азаматтардың пайдалануы үшін қолжетімді зейнетақы жинақтары тек міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын ғана емес, сондай-ақ, оларды инвестициялаудан алынған инвестициялық табысты да қамтиды. ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңында: «зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегі - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалған, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес ай сайынғы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төмен мөлшері» деп айқындалған», - делінген хабарламада.
Ал, енді қарапайым азаматтарға жинақтан керегіне жарататын сома алмақ тұрмақ, зейнетақы жинағын алудың жеткілікті деңгейіне жетудің өзі мұң болып тұр.
Байлар бай бола түседі, кедейлер кедейлене түседі
Бұл шешімді қаржыгер Андрей Чеботарев ең сәтсіз шешімнің бірі дейді.
«Бұл өзгерісті ешкіммен талқаламастан жасап отыр. Ешбір жерде тіпті, анонс та айтылмады. Әлі ешкім түсіндірмеді. Бұл барлық ақпарат тараушы көздердің және қор тарапынан әлсіз жұмысты көрсетеді. Бұл өзгеріске қарап байлар бай бола түседі, ал кедейлер кедейлене түсетін болады. Бұрын 7% салымшының қаржы шешуге мүмкіндігі болса, енді ол 3% ғана болмақ. Егер расымен экономикаға бұл бағдарламаның керіс әсерін сезсе, онда оны мүлде жауып тастасын. Өзгерісті Отбасы банкіне салым салуды мақұлдау заңынан бұрын қабылдап жібереді де, көптеген жанның ашуына тиеді», - дейді сарапшы.
Зейнетақы қорының салымшылармен байланысы жоқ
Мәжіліс депутаты, Ақ жол фракциясының жетекшісі Азат Перуашевтың айтуынша, ТЖШ көлемін Үкімет бекітеді, ал, жоспарды әзірлейтін – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Зейнетақы қоры нақты есепті жүргізеді. Дәл қазіргі қордың ТЖШ көлемін көтерудегі жоспары қисынға келмейді.
«Келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы көтерілетініне сілтеудің қажеті жоқ. Оның үстіне ең төменгі жалақы зейнетақы төлемдеріне тікелей әсер етпейді. Ал «кейінге қалдырылған», яғни уақыт бойынша созылған үрдістерді уәкілетті мемлекеттік органдар зейнетақы жинақтары бойынша орта мерзімді, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективадағы табыстылықты ескере отырып, алдын ала есептеуге міндетті. Сонымен қатар, зейнетақы жинақтарының ең аз жеткіліктілік шегін көздейтін тікелей норма заңнамада жоқ. Сондықтан Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының басшылығына өз шешімін заңнама арқылы дәлелдеудің қажеті жоқ», - деп мәлімдеді депутат.
Депутат бұл жағдайдың туындауының себебі – зейнетақы қорының салымшыларымен байланысының жоқтығынан деп атады.
«БЖЗҚ жаңа шекті мөлшерді жарияламас бұрын, оларды Үкіметпен, салалық министрлікпен талқылауы керек еді. Механикалық түрде тек формулаларды толытырып нәтижесін қоғамға жайып, оны алаңдатып қоймауы керек еді. Бұл миллиондаған азаматтарымызға қатысты мәселе емес пе?», - деп сөзін түйіндеді депутат.
Айжан Темірхан
Abai.kz