Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 4286 12 пікір 8 Желтоқсан, 2021 сағат 13:29

Путин мен Байден кездесу: не айтылды?

Әлемнің назары 7 желтоқсанда Ресей мен АҚШ президенттерінің онлайн келіссөздерінде болды. Бұл екі ел арасындағы шиеленістің ушыққан сәтінде өткен күрделі форматтағы кездесу болды дейді сарапшылар. Кездесу екі сағатқа созылды.  Президенттер қауіпсіз бейнебайланыс арқылы бір-бірімен байланысқа шықты. Владимир Путин Сочидегі резиденциясында, ал Джозеф Байден Вашингтондағы Ақ үйде болды.  Саммиттің күн тәртібіне екіжақты қарым-қатынастар, стратегиялық тұрақтылық, сондай-ақ Украинадағы жағдай және НАТО-ның шығысқа кеңеюі талқыланды. 

Кездесу алдындағы Вашингтон мен Мәскеу арасындағы жағдай қатты ушыққан күйде тұр. Ресей Украина шекарасының маңына жүз мыңға жуық әскерін топтастырып, Беларусь пен Польша шекарасындағы босқындар дағдарысын жасады. Жауап ретінде НАТО елдері Украинаға әскери көмекті арттырып, Беларусьқа санкцияны күшейтті. Мәскеуге салынуы мүмкін санкциялар пакетін әзірлеп жатқанын айтты. Сарапшылар Ресей әне-міне Украина аумағына басып кіреді деп болжам айтуда.

Путин мен Байден кездесуі екі сағаттан астам уақытқа созылды. Тараптар өзара позициясын қатаң жеткізетінін көрсетті. Басты тақырып Украина болды. Байден Ресей Украинаға басып кіретін болса, онда бұрынсоңды қолданбаған экономикалық шектеулерді қолданатынын, санкцияларды күшейтіп, Ресейді толықтай оқшаулауға көшетінін нақты жеткізді. Сол сәтте АҚШ сенаторлары «Киев қандай қару сұраса, сондай қару берейік, шектелмейік» деп мәлімдеме жасап жатты. Ал Путин өз кезегінде Ресей ешкімге шабуыл жасамайтынын, Киевтің 2015 жылғы «Минск келісімін» орындамай отырғанын айтты. Ол НАТО шығысқа кеңеймейтіні туралы құқықтық аспектідегі құжат жасау арқылы кепілдік беруін де сұрады. Тіпті НАТО шабуыл жасаушы зымырандар кешенін Шығыс Еуропаға орналастырмау керектігін де айта кетті.

Ресей Украина аумағында НАТО әскерилерінің топтасуы мен Украинаның әскери әлеуетінің артуына алаңдаушылық білдіретінін жасырмады. Сонымен қатар Украина шығысындағы мәселені қарулы қақтығыс арқылы шешуге тырысу қателік дейді. Ресей басшысының агрессиялық саясат ұстанып, сол қақтығысты өзі бастағаны есінен шығып кеткені қызық.

Тараптар қазіргі қатынастарының тым ушыққанын мойындады. Әсіресе дипломаттарды елден шығару жағын айтып, Ресей басшысы дипломатиялық қатынасты қалпына келтіруді ұсынды.

Келіссөздер аяқталуға аз уақыт қалғанда Ақ үйдің баспасөз қызметі Путинмен сөйлескеннен кейін Байден еуропалық көшбасшыларға телефон соғып, әңгіменің нәтижесі туралы айтатынын айтты. «Түстен кейін президент Путинмен әңгімелесу аяқталғаннан кейін Франция президенті Эммануэль Макронмен, Германия канцлері Ангела Меркельмен, Италия премьер-министрі Марио Драгимен және Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонмен телефон арқылы сөйлеседі», - деп келтіреді Guardian.

Сонымен қатар Байден Зеленскиймен де сөйлеспек. Келіссөздер алдында Байден мен Зеленский өзара сөйлескен болатын.

Вашингтонның келіссөздердің қорытындысы туралы ресми мәлімдемесі қысқа және 13 жолдан тұрады. Құжатқа сәйкес, АҚШ пен Ресей президенттері онлайн келіссөздер барысында бұрын белгіленген күн тәртібінен ауытқымаған. Ақ үйдің баспасөз қызметі Джо Байден мен Владимир Путиннің екіжақты қарым-қатынастарды, стратегиялық тұрақтылық, киберқауіпсіздік мәселелерін талқылап, Иран төңірегіндегі жағдай сияқты аймақтық мәселелерде ынтымақтастық орнатуға келісті деп хабарлады.

Байден кездесуде АҚШ пен оның одақтастарының Ресейдің Украинаға қарсы әрекеттеріне және әсіресе шекара маңында әскери күштердің жинақталуына алаңдайтынын айтты. «Президент Америка Құрама Штаттары мен еуропалық одақтастардың Украина төңірегінде ресейлік күштердің шоғырлануына байланысты алаңдаушылығын білдірді. Ол Америка Құрама Штаттары мен біздің одақтастар күрделі экономикалық және басқа да шаралар түрінде шиеленіске жауап беретінін айтты», - деп хабарлады Ақ үй.

Сарапшылар келіссөздер айтарлықтай нәтижелі болмайды дейді. Ресей әскерін Украина маңынан әкетпесе, Батыс экономикалық санкцияларға көшпек. Мәскеу әскери шабуылға көшсе, Еуропа елдері Ресейдің «Солтүстиік ағым – 2» газ құбырын іске қоспайды және радикалдық шешім ретінде Мәскеуді SWIFT жүйесінен ажыратуы мүмкін.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373