Трамп пен Путин Будапештте кездеседі

Кеше АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті.
«Президент Путин мені және АҚШ-ты Таяу Шығыста бейбітшіліктің орнауымен құттықтады. Ол біз бұл туралы ғасырлар бойы армандадық деді. Мен Таяу Шығыстағы жетістік бізге Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге көмектесетініне сенемін», - деп жазды Ақ үй басшысы Truth Social желісінде.
Сөзінше, тараптар соғыс аяқталғаннан кейін Ресей мен АҚШ арасындағы сауда қалай реттелетіні туралы да көп сөйлескен. Келесі аптада жоғары лауазымды америкалық және ресейлік шенеуніктердің кездесуі өтеді. Вашингтон тарапынан делегацияны Мемлекеттік хатшы Марко Рубио басқарады.
«Содан кейін мен және президент Путин Будапештте кездесіп, Ресей мен Украина арасындағы соғысты талқылаймыз», - деді Трамп.
Трамп Путинмен болған әңгімелесу туралы былай деді:
«Мен Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесуді жаңа ғана аяқтадым. Әңгімеміз өте жемісті болды деуге негіз бар. Президент Путин мені және Америка Құрама Штаттарын Таяу Шығыста бейбітшілікті орнатудағы ұлы жетістігімен құттықтады. Мен шын мәнінде Таяу Шығыстағы келісімнің Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерге көмектесетініне сенемін.
Президент Путин бірінші ханым Меланияға балаларға қатысты жобаларға қатысқаны үшін алғыс айтты. Ол өзінің үлкен ризашылығын білдіріп, бұл істің жалғасатынын жеткізді.
Біз сондай-ақ, соғыс аяқталғаннан кейін Ресей мен АҚШ арасындағы сауда мәселелеріне айтарлықтай көңіл бөлетінімізді талқыладық. Әңгіме соңында біз келесі аптада жоғары деңгейдегі кеңесшілеріміздің кездесуін өткізуге келістік. АҚШ тарапынан алғашқы кездесуге Мемлекеттік хатшы Марко Рубио және өзге де өкілдер қатысады. Кездесудің өтетін орны әлі анықталуда.
Президент Путин екеуміз Ресей мен Украина арасындағы бұл масқара соғысты тоқтату үшін Венгрияның Будапешт қаласында кездесеміз.
Мен президент Зеленскиймен Ақ үйде кездесемін. Онда мен президент Путинмен болған әңгімені және басқа мәселелерді талқылаймыз. Мен бүгінгі телефон әңгімесін алға жылжудың үлкен көрінісі деп санаймын», - дейді.
Abai.kz