Зейнетақы жетпеген соң зейнеткерлер қайыршы
Үйдің бағасы өсіп кетті. Ресми баға қаншаны көрсетсе де үйдің бағасы кемінде 40%-ға өсті. Тура осылай автокөліктің де бағалары өсті. Азық түлік 40%-ға өспесе де ол жақта қымбатшылық бар. Былтырлары 8000-ға бензин құйсақ биыл 9500-ге құямын. Ол жақта да өсім бар. Менің ойымша осы жылы инфляция кемінде 20% болды. Бірақ ресми статистика 7.8% көлемінде болып тұр. Статистика егер де әділ болғанда инфляцияны дұрыс санайтын еді. Егер де инфляцияны дұрыс санаса халық бағалардың өскенін онша қатты сезінбеу керек. Себебі инфляцияға қарай зейнетақы, басқа да әлеуметтік төлемдер өседі. Инфляция 30% болса, зейнетақы да 30%-ға өсу керек. Шын инфляция 30% болып, ресми статистика 7.5% десе бағаның артынан зейнетақы қуалап жете алмайды. Артынан жете алмаған соң зейнетақы да жетпейді. Зейнетақы жетпеген соң, кейбір зейнеткерлер қайыршы болады. Өзім қайыр тілеген зейнеткерді көргенмін.
Былтыр көп адамның артылған зейнетақы қорындағы ақшаларын таратып берді. Негізі мұндайды әлемде ешбір ел жасамайды ау. Біз қазір 200 долларлық орташа зейнетақы алсақ 20 жылдан соң да осы 200 доллардың айналасынан шыға алмасымызды білемін. Батыстағыдай жақсы зейнетақы алу үшін жақсы айлық болуы керек. Біздікіндей 400-500 доллар айлықпен зейнетақы да мизирьный болып қала береді. Керісінше зейнетақы көп болсын десек біріншіден зейнетақы қорындағы ақшаны долларға индекстеу керек. Әйтпесе құнын жоғалта беретін теңгемен жинағаннан пайда жоқ. Екіншіден ол жақтағы жинақты 10%-дан да көбейту керек. Кемінде 15% болу керек шығар. Үшіншіден байлардың лоббисі үшін артық ақшаны шешіп алу дегенді қою керек. Артылса кедейлерге берсін.
Сабит Рысбаев
Abai.kz