Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 4117 17 пікір 20 Желтоқсан, 2021 сағат 15:09

Цой да Біртановтың тағдырын қайталай ма?..

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қызметінен кетті. Ақорда ресми мәлімдеді. Себебін ашып айтқан ешкім жоқ. Ведомство: «Басқа қызметке ауысуына байланысты, өз еркімен қызметтен кетті», - деп қана айтқан.

Цой қандай қызметке ауысты? Денсаулық сақату министрлігін енді кім басқарады? Бұл жағы әзірге белгісіз. Белгілісі – Цойдың «отставкасын» Ақорданың мақұлдап бергені ғана.

Үш күнде министр болған Цой кім?

Денсаулық сақтау министрлігін ұзын-ырғасы 1,5 жылдай басқарды. Былтыр 25 маусымда тағайындалған. Оның ДСМ тізгінін ұстауы да өзгелерден ерекше болды.

Цой 44 жаста. Медицина ғылымдарының кандидаты. «Нұр Отанның» мүшесі. Мамандығы – хирург-эндоскопист. ЕАЭО-ны қамытуға қосқан үлесі үшін кеудесіне тақан ордені тағы бар. Ресейде оқып, білім алған.

2020 жылдың маусымында ҚР Президенті Іс басқармасының медорталығына басшы болып ауысты.

2020 жылдың 22 маусымында Алексей Цой ҚР Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Сол кезде інден жұқтырып, оқшауланып жатқан министр «Біртановтың міндетін уақытша атқарады» деп басқа-басқа емес Үкімет басшысы Асқар Маминнің өзі мәлімдеген.

Ал 25 маусым күні (арада үш күн өткенде) Цой Біртановтың орнына біржола жайғасты. Жаңа қызметке кірісер-кіріспестен бұрынғы министр Біртановқа арнап жазба жариялады.

«Індет ешкімді аямайды. Сізге шын көңілмен тезірек сауығып, қатарымызға қосылуыңызды тілеймін», - деп жазған үшбу хаты әлеуметтік желіде әжептәуір талқы болды. Кейін білікті басшы Біртановқа «аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын үптеп кетті» деген айып тағылып, 2020 жылдың қарашасынан бері үйқамаққа алынды.

Жалпы Цойға қатысты сөз көп. Соның барлығын тегіс жіпке тізбесек те, бірлі-жарымын сөз етуді жөн санадық.

Жыныс ауыстыру

2020 жылдың желтоқсаны. Цой басқаратын министрлік жыныс ауыстыруға рұқсат беру туралы бұйрық шығарып, жұртты бір шулатты. Негізі аталған министрлік 2020 жылдың 25 қарашасында: «Гендерлік сәйкестілігі бұзылған адамдарды медициналық куәландыру және жынысын ауыстыру ережесін бекіту» туралы бұйрық шығарыпты. Жаңағы министрліктің бұйрығы бойынша енді, ер болғысы келетін әйелге, әйел болғысы келетін еркекке ота жасап, жыныс ауыстыруға ресми рұқсат беріледі-міс. Ол рұқсатты Алекей Цой басқаратын министрлік берген және. Бір талап – жыныс ауыстыру үшін адамның жасы 21-ден асуы керек және психикалық және мінез-құлық ауытқулары болмауы керек екен.

Қазақша сөйлемейтін министр

Жалпы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік тілге қатысты жиі сынға ұшырайды. Тіпті, осы уақытқа дейін сол министрліктің тізгінін ұстаған Цой мырзаның қазақша сөйлеп, пікір білдіргенін естімедік. Есесіне айлық жалақысы 1 миллион теңгеге жуық екенін қуана-қуана мәлім еткен.

Сот ісі

«СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріптің ісіне қатысты сотқа шақырылған. Дәлірек айтқанда, адвокат Ерлан Мәкен соттан Цойды куәгер ретінде шақыруды талап еткен. Алайда министрлік өкілі Оралов дейтін адам «Цойды сотқа шақыру басы артық шаруа», деп мәлімдеген.

Ресей вакцинасына кенеше жабысқан Цой

Рас. Ресей вакцинасын Қазақстан бірінші болып сатып алғандардың қатарында. Еліміз жаппай вакцинациялауды дәл осы Ресейлік «Спутник V» вакцинасынан бастады. 10 млн доза вакцина сатып алынды, бұл 5 млн адамды толық вакцинациялауға жететін көрсеткіш. Тіпті отандық «КазВак» вакцинасының өндірісіне қарамастан, Қазақстан вакцинациялауда Ресейлік өнімге сенім артты.

Ол аз десеңіз, Ресейден «Спутник Лайт» вакцинасын сатып алуға тағы ниет білдірді. Дегенмен «Спутник Лайт» вакцинасы ДДСҰ тарапынан мойындалмаған, сәйкесінше тиісті сертификаты жоқ вакцина түріне жатады.  Ал ДДСҰ мойындаған Pfizer вакцинасын сағызша созбақтап жүріп, 2 миллионға жуық жозаны сатып алды. Онда да қоғамның қатаң талап етуінен ғана сол қадамға барды. Кештетіп әкелген Pfizer вакцинасын жасөспірімдер мен әйелдерге ғана салатынын, ал қалған жұрт сатып алуға болатынын мәлімдеді.

Болжамшы Цой

Алексей Цойдың осы бір жарым жыл ішінде ел көзінде «болжамшылық» қыры ашылды. Ол аймақтарды қызыл, жасыл, сары түстерге бөліп, позитивті және негативтік болжамдарды апта сайын айтып тұрды.

Осыдан алты күн бұрын, 14 желтоқсанда Цой арнайы мәлімдеме жасап, елдегі эпидахуал тұрақталғанын айтқан. Үкіметтің кезекті отырысында есеп берген Цой коронавирусқа қарсы вакцинаның толық дозасын 8,3 миллион адам алғанын мәлімдеген. Соның ішінде 150,6 мың жасөспірімге және аяғы ауыр немесе бала емізіп жүрген 38 мың әйелге Pfizer вакцинасы салыныпты. Ал жақында өткен Үкімет отырысында Цой Қазақстанда короновируспен ауырғандар саны 31 пайызға төмендегенін мәлімдеген болатын.

Орындалмай кеткен 10 миллион

Ең ақыры Алексей Цой мен Асқар Мамин 2021 жылдың қыркүйегіне дейін 10 миллион адамға толық вакцина салатындарын айтып, елге де, ел басшылығына да ақпарат таратқан. Сәуірде. Міне, желтоқсан аяқталар уақыт болды. Өздері межелеп бекіткен сол 10 миллионға жақындай қоған жоқпыз, әлі. Қойшы әйтеуір, осылай айта беруге болады. Сөз де көп. Сын да көп.

Алексей Цой өзінің отставкасы туралы Facebook парақшасында:

«Біз эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге ден қою үшін жағдай жасадық: әр өңірде жаңа инфекциялық ауруханалар салынды. Жедел-жәрдем машиналары паркі жасалды. ӨЖЖ аппараттары алынды. Ауылдағы жылжымалы медициналық кешендер жаңартылды, отандық фармацевтика өнеркәсібі өнімділіктің жоғары деңгейін көрсетті. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қажетті қоры жасалды, СЭС пен зертханалық қызметтің әлеуеті артты. QazVac вакцинасы шығарылды және тағы басқалар», - деп жазды.

Оның айтуынша, аз уақыт ішінде денсаулық сақтау саласы күшейе түскен.

«Біз жүйелі түрде медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге қол жеткіздік. ҚАЖК медициналық қызметін денсаулық сақтау министрлігіне беру, фармацевтика өнеркәсібі, биологиялық қауіпсіздік, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру және басқа да көптеген заң жобаларын әзірледік. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы бекітілді. ДДҰ, ЮНИСЕФ және БҰҰ-ның басқа да агенттіктерімен сенімді әріптестік жолға қойылды, денсаулық сақтауды цифрландыру бойынша жобалар іске қосылды. Бұл әріптестермен бірге қол жеткізген жақсы нәтижелердің бірнеше бағыты ғана», - дейді ендігі экс-министр Цой.

Жоғарыда айтқанымыздай, Цой кетті. Оның орнына министрлікті кім басқаратыны әлі анықталған жоқ. Ал аталған министрлікте қазір бес бірдей вице-министр елеңдеп отыр. Олар: Марат Шоранов, Жандос Бүркітбаев, Әсем Нүсіпова, Ажар Гиният пен Ерлан Қиясов.

Ойда жоқта Цой қызметінен кетті. Оның отставкасы туралы ел ішінде көп сөз бола қойған жоқ. Ақорда жақтың әр қадамын аңдып қарап отыратын саясатшылар үшін де, біз үшін де Цойдың қызметтен кетуі құлақ түргізер жаңалық болды. Сондықтан да, елішілк талқының бір парасы «Цой да Біртановтың тағдырын қайталай ма» деген сұрақ төңірегіне ауып барады...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417