Байденмен кездесуде Кремль ұтылды
Ресейдің Украина шекарасына өз әскерін шоғырландыруы туралы аз айтылған жоқ. Негізгі себептері де белгілі -Украина НАТО-ға мүше болмауы керек. Шабуылды әне бастаймыз, міне бастаймыз деп истерика туғызып жүрген де РФ БАҚ-тары (Қазақстан сияқтылардікі тек солардың айтқандарын қайталау ғана, себебі Қазақстан РФ информациялық кеңістігінің бір бөлшегі-дүр, тәуелсіз ақпарат көзі бізде де-факто жоғы белгілі). Мұндайда соғыс иісін алыстан сезетін ең алдымен банктер. Егер шын соғыс басталғандай болса рубль құлдырап бастауы керек еді, бірақ ол орнында қалды, яғни бәрі де жел сөз деген сөз. Дегенмен Путин түпкі мақсатына жетпесе де аралық мақсатына жетті - оның АҚШ президентімен құпия видеокездесуі болып өтті. Арада біраз уақыт өте келе оның да нәтижелері белгілі бола бастады. Бірінші скрипка рөлін Байден орындаған. Ол тіпті қатаң талаптар қойған, соғысты бастасаң өз обалың өзіңе, аямаймыз дегенге дейін барған. РФ жағының көпке шейін үндері шықпай қалу себебі содан болды, бұл кездесу Кремль үшін таза минуске шықты.
Жеңілген тек тұрмас, бұлар енді әскерін одан әрі шоғырландырып, НАТО-ның шығысқа қарай ұлғаймауын жазбаша түрде талап ете бастады. Кремль Ұлыбританиямен, Франциямен, Финляндиямен сөйлесіп көрді. Бәрінен де ПНХ деген жауап алды. Мәскеу алдында бұрынғыша жалбақшып тұратын Батысты көре алмады Путин. Олар өзгеріпті, Ресейдің ойын ережесін бәрі де түсініпті, сөйтіп қарсы әрекетке көшіпті. Басқа амалы қалмаған Кремль 15 желтоқсанда АҚШ-қа хат жолдап бірқатар талаптар қойыпты, Келісім-шарт үлгісін ұсыныпты.Екі күн өтпей жатып онысын бүкіл БАҚ-қа жариялаған. Бұл нені білдіреді? Өздерінің ешкім еместігі миларына енді жете бастағанын, ызадан жарылардай болып не істерге білмей отырғандығын ғана білдіреді. Әйтпесе мұндай Келісім-шарттар әуелі алдын-ала құпия талқыланып, әбден пісіп-жетілгесін өзара ортақ мәлімдеме жасалып, пысықталып, тек содан кейін ғана егжей-тегжейі көпшілікке ұсынылар еді. Бұл да өздерінше жасаған қулықтары - міне, біз ұсыныс жасап едік, олар келіспей жатыр дегісі келген сияқты. Сөйтіп ақпараттық шабуылды төкпектеткісі келді ғой деймін. Бірақ... ол ойлағандары да іске аспай қалды - НАТО да, АҚШ та әлгі талаптар БАҚ-тарда жарияланысымен бірден жауап қатты - далаға ойнаңдар деді. Өздеріне де сол керек еді - ешкіммен ақылдаспастан, пікірін сұрамастан, сыртымыздан тон пішіп, бұрынғы СССР құрамында болған елдерден аулақ жүріңдер, оларда біздің мүддеміз бар деуі тіпті әбестік қой? Заманның өзгеріп кеткенімен саудасы жоқ, сол баяғы империалистік пиғыл, олар қайда кетер дейсің дегендей. Бұлар тіпті өзгеретін емес, бірақ енді айдай әлемге масқара болды, шын ниеттері айқын көрінді.
Қуаныш Еділхантегі
Abai.kz