Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 3651 0 пікір 27 Желтоқсан, 2021 сағат 14:39

Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы аудитория ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы Qazaqstan ұлттық арнасының оқу зертханасы ашылды.

Шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, журналистің жұбайы Қарлығаш Табулдинова, белгілі қоғам қайраткерлері, студенттер мен БАҚ басшылары қатысты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның айтуынша, Нұртілеу Иманғалиұлы еңбек жолын қатардағы тілшіден бастап жоғары жауапты қызметтерге дейін өсті. Көрерменнің сүйікті тележүргізушісіне айналды. Бұл биікке ол талантымен, дарынымен, еңбекқорлығымен жетті.

«Нұртілеу Иманғалиұлы өзінің терең білімімен, азаматтық ұстанымымен қызметіне адал, айналысына сыйлы, әріптестеріне үлгі бола білді.Тек сауатты тележүргізуші ғана болған жоқ. Қазақ телевизиясы саласында өзіндік мектеп қалыптастыра білді. Өзіне қарап бой түзеген жас журналистер қатарынан қаншама буын шәкірт тәрбиеледі», - деді министр.

Сонымен қатар, ол еліміздегі журналистика факультетінің студенттеріне «Нұртілеу Иманғалиұлы» атындағы арнайы стипендия тағайындалғанын айтты.

«Парламент Сенаты ұйымдастырған «Аманат» конкурсы аясында «Нұртілеу Иманғалиұлы» атында журналистерге арналған арнайы премия бекітілді. Телевизия ардагерінің атында волейболдан турнир өткізілді. Бүгін Нұртілеу Иманғалиұлының құрметіне арналған кезекті іс-шараның куәсі болып отырмыз. Бұл – зиялы азаматқа деген қоғамның құрметін көрсетеді. Бүгінгі іс-шара біріншіден ортамыздан өзі кетсе де, артында үлгі болатын ісі қалған әріптесіміздің рухына құрмет көрсету. Екіншіден, бұл студенттер үшін де үлкен жауапкершілік. Ендігі жерде бұл қатардағы жай аудитория емес. Сыйлы азаматтың есімі берілген – оқу зертханасы. Мұнда студенттер теориялық біліммен қатар, практикаға да үйренетін болады. Сондықтан осында білім алатын әрбір студент журналист ағаларының есімін кірлетпей, лайықты деңгейде оқиды деп сенім білдіремін», - деді Аида Балаева.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев Нұртілеу Иманғалиұлының қызметіне тоқталды. «Еңбек жолын қазақ телевизиясының «Жастар» редакциясында қатардағы тілші болып бастап, терең білімімен, ізденімпаздығымен биік белестерді бағындырды. «Хабар» агенттігінде, Үкімет кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарды. Республикалық «Қазақстан» теле-радио корпорациясын басқарып, зейнетке шыққанға дейін Басқарма төрағасының кеңесшісі болды.

Нұртілеу Иманғалиұлы саналы ғұмырының жарты ғасырын телевизияға арнады. Экран арқылы халықтың сөзін жеткізіп, ұлт зиялыларын елге танытып, өзі де ерен еңбегімен көпке танылды.Нағыз журналист қайда жүрсе де қолынан қаламы түспейтін – жаңалықтың жаршысы, халық пен биліктің арасындағы алтын көпір.Ел мен жер, мемлекет пен ұлт дегенде жан аямай еңбек еткен Нұртілеу Иманғалиұлының ғибратты ғұмыры соның нақты дәлелі. Журналистика факультетінде дәріс алып жүрген болашақ журналистер осындай кәсіби білікті мамандардың шығармашылығын тереңдей зерттейтін күндер әлі алда», - деді ректор. Жиналғандарға Нұртілеу Иманғалиұлының қызметі мен шығармашылығына арналған «Nur - Tiley» естелік бейнефильм көрсетілді. Сондай ақ оқу орнында «Нұртілеу Иманғалиұлы – ұлттық телевизияның қайраткері» атты фотокөрме ұйымдастырылды.

Еске салайық, Қазақ телевизиясында 35 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы биыл 17 ақпан күні өмірден өтті . Нұртілеу Иманғалиұлы «Құрдастар», «Жастар дауысы», «Арай», «Жадыңда ма, жолдас», «Айна», «Жас жігер»,«Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Діңгек», «Көршілер», «Заң сөйлесін», «Nur-Tiley» авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды. Нұртілеу Иманғалиұлы 1952 жылы 1 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып істеген. Айта кетейік, Нұртілеу Иманғалиұлы 2006-2007 жылдары – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, одан кейінгі жылдары «Қазақстан РТРК» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды. Соңында ізбасар шәкірттер тәрбиеледі.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279