Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Жаңалықтар 5318 0 пікір 31 Тамыз, 2012 сағат 11:00

Әлемдік деңгейдегі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов 80 жаста

1 қыркүйек - Қазақстанның Халық қаһарманы, КСРО халық артисі, КСРО және Қазақ ССР-інің мемлекеттік сыйлығының иегері Әзірбайжан Мәмбетовтің туған күні. Атақты режиссер көзі тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Біз мерейтой иесін еске алу мақсатында аяулы жары, Қазақстанның халық артисі Хорлан Қалиламбекованы әңгімеге тартқан едік. Сондай-ақ ол кісінің көзін көрген, қызметтес-дәмдес болған замандастары, шәкірттері өз ойларын ортаға салады.

1 қыркүйек - Қазақстанның Халық қаһарманы, КСРО халық артисі, КСРО және Қазақ ССР-інің мемлекеттік сыйлығының иегері Әзірбайжан Мәмбетовтің туған күні. Атақты режиссер көзі тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Біз мерейтой иесін еске алу мақсатында аяулы жары, Қазақстанның халық артисі Хорлан Қалиламбекованы әңгімеге тартқан едік. Сондай-ақ ол кісінің көзін көрген, қызметтес-дәмдес болған замандастары, шәкірттері өз ойларын ортаға салады.

Хорлан Қалиламбекова, опера әншісі: Бізді тағдыр қосты

- Мен Әзекеңді сырттай білгенім бол­маса, аса жақын таныстығымыз жоқ еді. Ке­рісінше, ол кісінің алғаш­қы зайыбы Ға­зи­за Жұбановамен шығармашылық жолда көбірек араластық. Ғазиза Ахметқызы менің өнердегі ұстазым, тәлімгерім, ақыл­шым екенін мақтанышпен айта аламын. Өкінішке қарай, 1993 жылы бергенінен берері мол шағында дү­ние салды. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін, екі жылдан соң Әзекең екеу­міз­ді ортақ таныстарымыз та­быс­тырды. Сол кісілердің ақ тілеуімен, дәнекерлігімен бас құрап, содан 14 жыл тату-тәтті бірге өмір сүрдік.
Отағасым ашуға бой алдырмай­тын, мінезі жібектей жұмсақ еді десем, өтірік болар. Өте өткір, тура сөйлейтін, шын­дықты бетке айта­тын, талапшыл кісі-тін. Осы қасие­тін көп адам жақтыра да бермей­тін. Ал таланттылығын, бойындағы қа­бі­­летін сөзбен суреттеп жеткізу мүм­кін емес. Іскерлігіне күншіл­дікпен, қызғанышпен, іштарлықпен өртене қарайтындар да та­былды. Жұмысына кедергі жасағысы кел­гендердің жы­мыс­қы әрекеттерін ел көрді. Артис­тер куә. Отыздан жаңа асқан жас жігіттің М.Әуезов театрына басшы­лық­қа келуі біраз адамдардың ішін күйдіргені рас. Есесіне ол кісі күні-түні тынбай еңбек етіп, театрды әлем­­дік деңгейге көтерді. Атын шығарды. Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Әнуарбек Молдабеков, Сәбира Майқановаларды елге та­нытты. Гастроль­дік сапармен арала­маған шет мемлекеттері кемде-кем. Бұл кезеңді театрдың алтын дәуі­рі деп атасақ та артықтық етпейді. Бі­рақ жоғарыда айтып өткендей, қолас­­тын­дағы күншілдер аяғына ора­­лып, жұмыс істеуге мүмкіндік бер­ме­ген уақыттар болды. Арыз-шағым кө­бейіп, қайта-қайта қыз­мет­тен кетір­ді. Сондай жаны жабыр­қап жүр­ген сәттердің бірінде екеу­­мізді тағдыр қосты. Мен жұ­байым­­ның қас-қаба­ғы­на қарап, жағдайын жасауға, ойын түсінуге, дамытуға жәрдемдестім. Баладай мәпелеп, күтім жасадым. Әкемдей, баламдай қа­дір­леп, отба­сы­лық бақытқа, жылуға бөледім. Ба­ла­ларымызға да әрдайым есігіміз ашық болды. Немерелерімізді бірге тәрбиеледік. Шөбересінің алақаны­нан май жалап, қолынан су ішіп, бақытты ата атанды. Қа­зақ­тың маң­дайына біткен тұлғаны бар ықылас-пейіліммен бақытты етуге тырыс­тым.

Орнында бар оңалар
- 1999 жылы Президент Әзекеңді Астанаға шақырып, Қалибек Қуа­ныш­баев атындағы академиялық қа­зақ музыкалық драма театрының тізгінін ұстатты.
Елордаға келгеннен кейін, мұн­да да театрды өркендету үшін аянбай тер төкті. «Қозы Көрпеш - Баян сұ­лу», «Махамбет», «Жоғалған дос», «Қан мен тер» сияқты көптеген қойы­лымдарды сахналады.
Өкінішке қарай, өмірінің соңғы сәт­терінде қатты ауырды. 1986 жылы Желтоқ­сан оқиғасына қатысып, басынан жарақат алғанын көпшілік біледі. Сол соққы үлкен дертке ай­на­лып, ақыры алып тынды. 2009 жылы 18 қарашада ақтық демі үзіл­генше қасында отырып, өз қолымнан аттандыр­дым.
Әзекеңнің артында қалған төрт бала­сын айтпағанда, сегіз немересі ержетті. Бірі Мәскеу консерва­то­рия­сында, енді бірі Англияда оқып жатыр. Жұмыс істеп жүргендері де баршылық. Алды отбасын құрып үлгерді. Әзірге екі шөбересі өсіп ке­леді. Әзекең ел сияқты дүние-мүлік жи­намаған адам. Бар байлығы - елге сіңірген еңбегі, Астанадағы үш бөлмелі пәтері, соңынан ерген ұрпағы.
Көзі тірісінде әр туған күнінде қатты дайындалатын едік. Күндізгі екіден бастап, үлкен дастарқан жаю­лы тұратын. Театрдың артистері тай­лы-таяғымен келіп құттық­тайтын. Немере-шөберелері аталап, түн жарымына дейін тілектерін жеткізетін. Өзі арамызда жоқ болса да, осы үрдісті жоғалтпай, отба­сы­мызбен жиналамыз. Әріптестері әлі де туған күнінде келіп, дәм татып кетеді. Биыл да сексен жылдығына арнап, әзірлік жасап жатырмыз.
Мерейтойына орай қыркүйектің орта­сында Орал қаласында Мәде­ниет минис­тр­лігі мен жергілікті әкім­шіліктің ұйым­дас­тыруымен Әзір­бай­жан Мәмбетов атын­­дағы театр фестивалі өтеді деп жос­парлануда.

Елеусіз қалған есіл ер
- 2000 жылдары Күләш Бай­сейі­т­о­ва атындағы ұлттық опера және балет театры ашылғанда Әзекең сол ұжымға Мұқан Төлебаевтың «Бір­жан-Сара», Евгений Брусиловс­кийдің «Қыз Жібек» операларын қойған болатын. Бұл спектакльдер әлі күнге театр репертуарынан түс­кен жоқ. Ал қалған ұжымдар «өзі жоқ­тың, көзі жоқ» деді ме екен, Әзе­кең­нің жүзін топырақ жасырар-жа­сыр­мастан, ол кісі сахналаған спек­такль­дерді бірінен кейін бірін түрлі желеулер айтып, тізімнен алып тас­тады. Режиссер қайтыс болғанымен, қалған артистер тірі ғой. Мұнысы несі? Неге бұлай істегендерін түсіне алмадық. Осыған жүрегім қатты ауырады.
Тағы бір мәселе, 2009 жылы бір топ өнер қайраткері Президенттің атына хат жазып, Әзекеңе ескерткіш тұрғызу, тұрған үйіне ескерткіш тақ­та орнату, театр, көше есімін беру мә­селесіне көмектесуін сұраған едік. Елбасы құп алып, арнайы жар­лыққа қол қойды. Бірақ әлі күнге бұл тапсырма орындалмай келеді. Тек зира­тының басы қарайтылып, Алматыдағы тұр­ған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Ал Астанада он жыл тұрған үйінің қа­бырғасы бос тұр. Ол кісінің атын беруге елімізден бірде-бір театр да табылмай отыр. Деректі фильм де түсірілмеді. Мұның барлығы орындалу үшін бес жыл уақыт керек екен. Менің алаңдайты­ным, сексен жылдығына орай осы шаруаның бірі қолға алынбады, той өткен соң тағы елеусіз қала ма деп қорқамын...

Әшірбек СЫҒАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: Халқы оны бағалай білді

- Әзірбайжан Мәмбетов - қазақ режис­сурасында ғана емес, әлемдік ре­жис­сурадағы айқын тұлға. Оған оның жүріп өткен көркемдік жолы куә. Ол қойған керемет қойылымдар тек қазақ өнерінің үлесі ғана емес, дүниежү­зілік театр қауымдастығының та­бысы деп қарау керек. Қазақ театры әлем­дік театрдың бір бөлшегі десек, әлемдік көп дауысқа үн қосуда Мәм­бетовтің жеке үні айрықша естіледі. Мәселен, ол сахналаған «Қан мен тер», «Ана - Жер Ана», «Көктөбедегі кез­­десу», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Адас­қан құс», «Абай», «Қобы­лан­ды» сияқты спектакльдер бүкіл әлемдік театр­дың елеулі қойылым­дары, айрық­ша табыстары болып есеп­теледі.
Ол жанр талғамайтын, комедия, трагедия, мелодрама, опера, жалпы, қан­дай бағытта болсын өзінің бет-бейнесін, жеке қолтаңбасын бірінші кезекте ұстай­тын айқын тұлғалы суреткер. Біздің қазақ театрының әлемдік деңгейде танылуына көп үлес қосқан қабілетті, аса талантты шығар­машылық иесі. Ол таза режиссура­лық еңбекпен қатар, үлкен қоғамдық жұ­мыс­тар да атқарды. Депутат та болды, әртүрлі кезендегі беделді құрылтай­ларға, съездерге делегат болып қатысты. Қазақ театр қоғамын, қазіргі Театр қайраткерлері одағын басқарды. Сол сияқты «Қазақ­фильм» киностудиясын да басқарып, кино түсірумен де айна­лысты. «Қан мен тер», «Ән қанатында», екі сериялы «Абай» теле-фильмі, «Қу­ғыншы» сияқты көптеген туынды­лар­дың авторы атанды. Бүкіл Одақ­тың атақты режиссерлерімен байла­ныста болды. Олармен шығармашылық ынтымақ орнатты. Сондықтан Әзір­байжан Мәди­ұлы Мәмбетов - қай жағы­нан алып қарасаң да, қазақ өне­рінің әлемдік шең­берде танылуына, баға­ла­нуына үлкен жол ашқан тұлға. Есесіне халқы оны бағалай білді. Үкі­мет тара­пынан да үлкен сый-сияпаттар көрді. Кеңес Одағының халық артисі, екі дүркін Мемлекеттік сыйлық­тардың лауретты атанды. Профессор, Халық қаһарманы. Осының бар­лығы ол кісінің жан-жақтылығын, өнерге сіңір­ген ең­бегін айшықтайтын беделі деп есептей­мін.
Биыл 80 жылдығы, өнер тарланы­ның еңбегі ешуақытта өшпейді. Ұстаз ретінде көптеген шәкірт тәрбиеледі. Нұрқанат Жақыпбаев, Болат Атабаев, Сәулебек Асылхановтар Әзекеңнің режиссерлік мектебінен тәлім алған жігіттер. Демек, Мәмбетов тағылымы жалғаса береді деген сөз.

Роза Әшірбекова, Қазақстанның халық артисі: Сүйікті ұстазым менің...

- Әз-ағаңды ең алғаш рет бұрынғы М.Әуе­зов атындағы, қазіргі Қ.Қожа­мяров атындағы мемлекеттік ұйғыр музыкалық театрының ғимаратында көрдім. 1958 жылы «КазПИ-дің» бірін­ші курсын бітіріп, бұрынғы Көкшетау облысы, Ең­бекшілдер ауданы, Казгоро­док ауылында жазғы демалысқа келген кезім. Бірде газет оқып отырып «Әзір­байжан Мәмбетов драма артистерін дайындайтын студия ашқалы жатыр» деген хабарламаға көзім түсті. Ешуа­қытта артист боламын деген ой менде жоқ еді. Неге екенін, жүрегім ал­қы­нып қоя берді. Басқаша күй кештім. Алла жол көрсетті ғой деймін, шаба­данымды арқалап, «Алматы қайдасың?» деп, ешкімге айтпай, ауылдан тайып тұр­дым. Пойыздан түсе сала, Әуезов теат­рына келдім. Директордың бөлмесіне кірсем, Қалибек Қуанышбаев, Хадиша Бөкеева, сосын кішкентай бойлы, кү­лім­көз бір жас жігіт өзара әңгімелесіп, бірдеңеге мәз болып отыр. Кейіннен білдім, үшінші кісі Әз-ағаң екен. «Сіз кімге келдіңіз?» деді, жаңағы көзінен от ұшқындап тұрған жас жігіт. Өзі орыс­ша сөйлейді екен, біртүрлі сес­кеніп қалдым. «Студияға оқуға түспек ойым бар. Актриса болғым келеді» дедім ақырын ғана. Денем қалшылдап, дір-дір етіп, дауысым өзгеріп, үнім шық­пай қалған сияқты болды. Өйткені театр сахна­сынан көрген Қалекең мен Хадиша апайды бетпе-бет көргенде, көзім бұлдырап, қатты толқыдым.
«Сіз кешігіп келдіңіз. Оқуға қабыл­дан­ған қыз-жігіттер баяғыда картошка теруге кеткен» дегенде, төбемнен жай түскендей қалшиып, тұрған орнымнан қозғала алмай қалдым. Отыр­ғандар да үнсіз. Сол үнсіздікті Әз-ағаң бұз­­ды. Менің басқа жерде студент екенімді іштей сезген секіл­ді. «Қайда оқисыз?» деді байыппен. «Каз­ПИ-де» деп едім, «Мұғалімдік - жақсы мамандық. Оқуың­ды ары қарай жалғас­тыра бер» деді. Аяғым жерге желімденіп қалғандай, қоз­ғала алар емеспін. Артынша үшеуі­нің көздерімен сөйлесіп, ұғысқанын байқап қалдым. Әз-ағаң «Оқуыңды таста­ма, театрда шеберлік сыныбы өтіп тұрады. Қолың боста, соған қатыс. Қыр­күйекте оқу басталады» деді. Осы­лай «КазПИ» жайына қалды. Әз-ағаңның болашақ артисі болу маң­дайыма жазылыпты. «Осы қыздан драма артисі шығады-ау» деп тесіле қараған көзқарасы әлі күнге көз алдым­да. Нағыз болашақ артиске деген ре­жис­серлiк түйсігінің қырағы­лы­ғын көрдім. Не деген талант иесі де­сеңізші. Әз-ағаңның сол студиясын Қазақ­стан­ның халық артисі Әнуар Молдабеков, еңбек сіңірген артист Есболған Жай­саңбаев, әрі артист, әрі режиссер Жа­қып Омаров, Қазақстан халық артисі Шәміл Жүнісов және мен бітіріп шық­тық. Ол бізді тап басып тани білді, біз де ұстазымыздың сенімін ақта­дық.
Алайда ол кісі тәлім-тәрбие беріп, теа­тр­да, кинода атын шығарып, таны­мал еткен шәкірт­терінің барлығы бір­дей жақ­сылығын түсіне алған жоқ. Тізесін батыр­ғандар да болды, оның несін жасырамыз. Астанада өткен 75 жылдық мерейтойына баруға жарама­ғандар бар. Әз-ағаң сол тойында сахна­да сөйлей алмай, кемсеңдеп отырғанын көргенде, көз жасымды тия алмай, еңі­реп тұрып жыладым. Отыз жыл театр­дың даңқын дүниежүзіне танытқан режиссерді осындай күйге түсіргендер бүгінде ортамызда жүр...
Есіме бір оқиға ерекше түсіп тұр. Менің 60 жылдық мерейтойыма келіп, арнайы құт­тықтап, гүл ұсынды. «Мені сатпаған актрисам осы Розам» деп халықтың алдында қолымнан сүйіп, маңдайымнан иіскеп еді.
Ол кісінің 80 жылдығы жақындаған сайын осының бәрі еске түсіп, «Сіздің еңбегіңіз қа­зақ тарихында алтын әріп­пен мәңгілік жазы­лып қалады, сүйік­ті ұстазым менің» деп, өз-өзімнен іштей күбірлеп жүрмін...

Нүкетай МЫШБАЕВА, халық артисі: Бізді елге қадірлі етті

- Біз 1969 жылы оқу бітіріп, театрға келдік. Сонда Әзірбай­жан ре­жиссер болып жұмыс іс­тейтін. Жап-жас, керемет та­лант­ты жігіт болатын. Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова сияқ­ты он-он бес кон­сер­ваторияны бітірген жастар қыз­метке алын­дық. Бізге «Беу, қыз­дар-ай» спек­­­таклінде алғаш рөл берілді. Кей­ін­нен қойылған «Ана - Жер-Ана», «Қан мен тер» сияқ­ты көп­теген қойы­лымдар ба­ғы­мызды ашты. Бізді өсірді, өн­дір­­ді, елге қадірлі етті. Танымалдылық шыңы­на шығарды. Көрерменмен қауыштырды.
«Әр елдің телісі мен тентегі бо­ла­ды» дегендей, үлкен ұжым бол­ған­нан кейін арамызда әр­түрлі се­беп­пен тәртіп бұзып қоя­тындар кездесетін. Ондайда алдымыздағы аға буын өкілдері сөздерін сөйлеп, «тәртіп бұзғаны болмаса, жалпы, жақсы жігіт. Өнерлі. Біреудің ба­сын жарып, көзін шығаратындай тентектік жасаған жоқ. Бір еркелі­гін ке­шіре салыңыз» десе, үлкен­дер­дің айтқанын тыңдай­тын. Жұ­мыс­тан шығарып тұрған же­рінен қайта қалдыратын. Аға-апай­лары­мыздың көңілдеріне қарап, сөзін жерге тастамайтын. Сөйт­кен абзал азаматымыз о дүниеге кетіп қалды. Қатты қиналдық, жы­ладық, жоқта­дық. Ендігі жер­де жаны жаннат­та болса екен деп тілейміз.

Сұлтан СРАЙЫЛОВ, Оңтүстік Қазақстан циркінің бас директоры: жастардың болашағын ойлады

- 2001 жылы Елбасы Әзекеңді бос жатқан жерінен Астанаға шақырып алды. Мен Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда актер болып жұмыс істеп жүрген болатынмын. Екі спек­такльді қойып, келесісімен жұмыс істеп жатқан уақытым. Бір күні Әбекеңнен бөлмесіне келсін деген хабар алдым. Есіктен енгенім сол еді, «Әйелің қалай, дұрыс адам ба?» деді. «Жаман емес, шүкір» деп жауап бердім. «Аяғыңды жуа­ды ма?» дейді, мен түсінбей тұрып қалдым. Сөйтсем, «Сенің күтіміңді жасай ма, Алматыға екі жыл оқуға жіберсем, сені жібере ме?» деді. «Оқып қайтем, онсыз да спектакльдер қойып жүрмін емес пе?» деп қыңырайдым. Сөйтіп, шы­ғып кеттім де әрі қарай жұмысымды жалғас­тыра бердім. Екі-үш күн өткеннен кейін ұмытып кететін шығар деп ойлағанмын. Жоқ, олай болмай шықты. Қайта шақырып алып: «Соны­мен, не шештің, ойландың ба?» деп тесіле қара­ды. «Әзеке, балалы-шағалымын. Отбасымды қайтемін. Олар мына жақта, мен ана жақта. Оқу оқып, білім қуып жүрсем, үй-ішімді кім асырай­ды?» деп шұбырта жөнелдім. Сонда «Әй, ақы­мақ. Сен қазір мен осында отырғанда спектакль қойып жүрсің, ертең мен кеткенде сен де кетесің. Саған кім қойғызады? Дипломсыз ре­жис­сердi ешкім еркелетіп отырмайды. Жа­лақыңды ай сайын алып тұрасың, неменеге тартыншақтайсың. Бар дегенде бару керек» деді. Сол сөзі маған қамшы болып, жолға жи­нал­дым.
Қазір Әзекеңнің көрегенділігіне қатты қуа­намын. Өнер жолында қандайда бір жетістікке жетсем, сол кісінің арқасы деп санаймын. Өзін ғана емес, өзінен кейінгі жастардың болашағын ойла­ғанына, қамқорлық танытқанына тәубе деймін. Қойылып жатқан қойылымдар болсын, жүріп жатқан басқа да жұмыстарға сол кісінің айтуымен алған дипломымның үлкен көмегі тиіп жүр.

Беттi дайындаған - Қаншайым Байдәулет

«Айқын» газеті

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1521
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3300
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5910