Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6125 0 пікір 31 Тамыз, 2012 сағат 11:24

Жүрсін ЕРМАН, ақын: МЕМСЫЙЛЫҚ СОҢҒЫ СТАНЦИЯ ЕМЕС ҚОЙ

 

 

Сәрсенбі күні «Қазақфильмде» режиссерлер Ерлан Нұрмұхамбетов пен Бекарыс Елубайдың «Аңшы бала»  фильмінің тұсауы кесілді. Бұл туынды Голливудта өткен «International Family Film Festival» кинофестивалінде Шет елдің «Ең үздік драма» номинациясы бойынша Бас бәйгені жеңіп алған екен. «Бұл  - кино Меккесі Голливудтың қазақ киносына беріп отырған тарихтағы бірінші бәйгесі», - деп жарнамаланған соң бардық.  Көрдік...  Жалпыхалық сүйіп көретін кино бола ала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Фильмнің сценарийін жазушы-кинодраматург Смағұл Елубай  жазыпты. Кинода Жүрсін Ерманның ойнағанын көріп, Жүрсін ағамыз енді әртіс болайын деген бе деп таңырқадық алғашында. Пресс-конференциядан кейін Жүрсін Ерманды ұстап алып, фильмге түскені бар, Мемлекеттік сыйлыққа түскені бар, біраз әңгіменің басын қайырдық...

Шамамның жеткені осы болды
- «Аңшы бала» фильміне түсуге сізге арнайы ұсыныс түсті ме, бұл рөлге қалай бардыңыз?
- Киноға қатысым жоқ адаммын ғой. «Қазақфильмнен» телефон шалып: «Кастинг болып жатыр. Шоқан шалдың рөліне Асанәлі Әшімов, Саят Мергенов сынды актерлермен бірге сізді де шақырамыз. Келіп кетіңізші», - деді. Актер емеспін ғой деп едім: «Аса қиын рөл емес, ата болып ойнайсыз. Өмірдегі өз рөліңіз ғой», - деп болмады олар. Бала-шағам да  «мұндай мүмкіндікті жіберме, барып қатысып көр» дегесін бардым. Сценарийді оқысам, сөйлейтін сөзім де көп емес екен. Әйтпесе киноға түсу түсіме де кіріп шықпаған.  Сценарий авторы Смағұл Елубай: «Асанәлі Әшімов те, Саят Мергенов те көп киноға түсті. Көрермен үшін Жүрсіннің бет-бейнесі «свежийлау» ғой. Киноға мүлде түспеген, жаңалық болсын», - деп  мені таңдапты. Осыдан жиырма жыл бұрын Сатыбалды Нарымбетов: ««Махамбет» туралы фильм түсіремін. Саған Махамбетті ойнатам», - деген-ді. Сонда: «Әй, Сатыбалды, мен Махамбеттің жасынан асып кеттім. Махамбеттің әкесін ойнатпасаң, басқа жол жоқ маған», - деп күлгенмін. «Аңшы баладағы» Шоқан шал жасыма да, болмысыма да келеді. Өзім де шалдың қолында өскенмін. Әкеден жас қалдым да, әкемнің інісі тәрбиеледі. Ол кісі де аңшы еді. Бір ауылға жетерлік ұсталығы, зергерлігі де болатын. Шоқан шалды ойнағанда атам көз алдымда тұрды. Таңсық ештеңе болған жоқ. Немересін тәрбиелеп жүрген шалдың рөлі ғой. Кинода өзімнің өмірдегі рөлімді атқардым деп
ойлаймын. 
- Ақыры киноға түскен екенсіз. Неге жауапкершілікпен қарап, дұрыстап ойнамадыңыз? Кинодағы Жүрсін Ерманнан айтысты жүргізетін Жүрсін Ерманның түк айырмашылығы жоқ. Тіпті дикцияңыз да айтысты жүргізіп отырғандай. Фильмде немереңіз жоғалып кеткенде, немересін жанұшыра іздеп, күйінген атаны сомдай алмадыңыз. Тіпті немереңіз табылғанда жәй ғана «құлыным-ау», - деп маңдайдан иіскеуден ары аспайсыз. Эмоция жоқ, немересі үшін күйіп-піскен қазақтың шалын көре алмадық. Сізге қарағанда кішкентай Абылайдың рөлі жандылау көрінді бізге...
- Жауапкершілік болмады деуге болмайды. Шамамның жеткені осы болды, шырағым.  Мен кәсіби актер емеспін. Шеберлігім де жетпеген шығар.  Айтқан сыныңа таласым жоқ. Оған мені жазғырмаңдар. «Тым болмаса дауысыңызды өзгертпедіңіз бе, айтысты жүргізіп отырғандай сөйлеп отырсыз», - дейсің. Дайындығым жетпесе, жетпеген шығар. Өйткені «Алтынемелдегі» «Айқай құмға» бардық та, небәрі бес күнде, ойпан-тойпан түсірдік те тастадық.  Сен оны айтасың, фильмде түйеге мініп жүрміз ғой. Өзім түйелі ауылдың баласы едім. Түйелері жүріп болмайды. Өңкей жабайы түйелер. Алға қарай жүрмей, артқа шегінеді. Әбден азаптандық, түйеге мінгенімізге өкіндік, тіпті. Мен өзімнің дауысымды айтпай-ақ қояйын, балалардың да дубляжы дұрыс емес. Фильмнің дубляжын жасаған латыш па, ұлты басқа біреу. Балалар «ақ лақ» деп сөйлеп отыр. Қазақ сөйлегенде «ақ лақ» деп айтпайды, «ағлақ» дейді ғой. Қазақ тілін білмегесін, қарапайым үндестік заңын ұқпайды.

Менің де немерем шалақазақ
- Айтқаныңыз рас. «Аңшы баланы» көргенде, фильм қаладағы қазақ балаларына арналған болып көрінді. Актерлердің тілі сынық. Фильмнің дубляжына көңіліміз толмады. Фильмді де ауыл балаларына арналған, қала балаларына арналған деп бөліп түсіретін  болдық па сонда?
- Қазақтың 60 пайызы қалада тұрады. Қаладағылардың көбі, тіпті өзімнің немерем де «шалақазақ». Қалалықтардың санасына бірдеңе жетсін деп түсірілген дүние ғой. Кемшілік іздесек, таба береміз. Фильмде қасқыр үріп жүр әуелі. «Әй, қасқырды неге үргізесің? Қасқыр үрмейді, ұлиды» деп режиссерге айттым. Мұндай жасандылықтар толып жатыр. Ол өзі шағын сюжетті фильм. Оны сынай бергеннің орнына, журналистер қала балаларының бетін қазақылыққа бұруға арналған фильм деп қарасаңдар болады ғой. БАҚ-қа арналған көрсетілімнен бұрын фильмді жаздырып алып, үйге апардым. Өзімнің Қамбармен жасты төрт-бес немерем бар. Орысша сөйлейтін, қалада өскен шалақазақтар ғой, шынын айтқанда. Біреуі қозғалмай көрді. Неге барлық фильмге «классикалық» болмады деп жоғарыдан қарай береміз?  Шалақазақтарды тәрбиелеуге арналған құрал бұл кино. Қазақ балаларының көңілін қозғайтын, көкейіне ой салатын фильм. Баяғы «Шоқ пен шер», «Менің атым Қожа», «Алпамыс мектепке барады» фильмдерінің деңгейіне жете қоймас. Ол кинолардың сценарийінің жанында «Аңшы баланікі» босаңдау болуы мүмкін. Бірақ бұл қала балаларын ауылға қызықтыратын, қазақтың түп-тамыры ауылда жатқанын түсіндіретін фильм. Атадан балаға мирас боп келе жатқан дәстүрлерімізді көрсететін «современный» дүние деп ойлаймын өз басым.
- Киноға түсуіңіз түсінікті болды. Енді Мемлекеттік сыйлыққа түскеніңіз жайлы айтайықшы... Бәйгеде  Жәркен Бөдеш, Несіпбек Айтұлы, Рафаэль Ниязбек сынды ақындар бар. Сізде де Мемсыйлықты аламын деген үміт басым ба, әлде шаң қауып жолда қаламын-ау деген қорқынышыңыз бар ма?
- Несіпбек Айтұлы - бір курста, бір группада оқыған, 45 жылдан бері бірге келе жатқан досым. Мемсыйлыққа төртінші рет түсіп жатыр. Мен өзімді ұсынбайтын едім, аға-дос болып сыйласқан Тұманбай Молдағалиев ағам тірі кезінде: «Әй, сен, әбден кемеліңе келдің. Мемсыйлыққа өзіңді ұсынсаңшы, обал болады», - деп мазамды алды. Сондықтан түстім бәйгеге. Өзімді ұсынғаныммен, ала қояйын деп талпынып, ешбір қадам жасап жатқан жоқпын. Кітабымды тапсырып қойып отырмын. Ала қоямын деп ойламаймын. Өйткені Несіпбек өзін төрт рет ұсынып, бұған дейін ылғи құлаған жоқ па? Оның жанында мен биыл ғана қатыстым.
Ал менімен бірге ат қосқан ақындарға келер болсам: Жәркен - қазақтың көркем ақындарының бірі. Поэзиясы - қазақы. Несіпбек поэмалар жазып жүр ғой. Бір кездері поэманың күні өтті, поэма жазатын уақыт өтіп кеткен деп айтқанмын. Несіпбекті мақтап, «қазақтың мықты ақыны» деп келе жатқан осы күнге дейін мен ғанамын.  Наурызбай батырдан бастап қазақтың батырларын, Астананы, Бәйтеректі жырға қосты ол. Кеше Құныпия Алпысбаев деген әдебиетші «Бостандықтың бұлбұлы» деген мақала жазыпты Несіпбек жайлы. «Бұлбұлың не сенің, сарай ақыны дегенің бе?», - деп қалжыңдап, қағыттым оны. Несіпбек - досым ғой. Қалай айтсам да жарасады. Несіпбектің Мемсыйлық алуына тілектеспін. Рафаэль Ниязбеков те қуатты ақындардың бірі. Бұл ақындардың бәрінен артықпын демей-ақ қояйын, бірақ ешқайсысынан кем емеспін. Көріп жүрміз ғой, қасымдағы ақындардың не жазып жатқанын. Бірақ сорлы ақынның бірі емеспін. Абзалбек Бөкенов басылымдарға мен туралы: «ойбай, қас ақын, қызыл сөздің шебері, ұстасы», - деп мақала жазыпты. Абзалға телефон соқтым: «Ей, мынауың не? Мені Абайдың қасына апарып  қойыпсың ғой», - десем, «Көңілім ғой», - дейді. Мен ондай үлкен дәмедегі ақын емеспін. Алсақ алдық, алмасақ қалдық. Ешкім тонымызды шешіп алмайды. Әрі Мемсыйлық соңғы станция емес қой.

Мемсыйлықты алдың ба, мемлекеттің құлысың
- Мемлекеттік сыйлық ақын-жазушылар үшін ең жоғары статус саналады бізде. Бәрі де Мемсыйлыққа ұмтылады. Кейбір ақындар жасыратыны жоқ, Мемсыйлыққа берілетін ақшамен жағдайын түзеп алу үшін де бәйгеге түседі. Сіздің материалдық жағдайыңыз көп ақындарға қарағанда әлдеқайда жақсы. Мемсыйлыққа таласуға сізді не итермеледі? Есіміңізді айтыстың айналасынан алып шығып, әдеби ортада өзіңізді мойындатқыңыз келді ме әлде?
- Материалдық  жағдайымды мемлекет жасап беріп пе? Өзім жасадым, айналайын.  Біраз ақындар Мемсыйлықты алып алды да, енді оппозицияға өтіп, мемлекеттің шаңын қағып жатыр. Кімдерді айтып отырғанымды, біліп отырсың. Сыйлықты алдың ба, мемлекеттің қызметшісісің, құлысың деген сөз. Мен өзімді ақша үшін ұсынып жатқан жоқпын. Бала кезден серік еткен өлеңің мемлекет тарапынан мойындалып жатса, оның несі айып?! Прибалтика елдерінде ақындар біздегідей өзін сыйлыққа ұсынбайды. Тұрақты комиссия жыл сайын ақын-жазушылардың кітаптарын оқып отырып, лайықты деген авторға өздері береді. Ал бізде Мемсыйлықты қарайтын комиссия керек десең кітабыңды оқымайды.  Қашан да қазақы әдетімізбен араға кісі салу, сақал бұлдаулар болады. Әрі фамилияңа қарап баға береді. Былтыр алпысқа келгенімде Серік Қирабаевтан бастап, сыншы Құлбек Ергөбек, ақын Ұлықбек Есдәулет, менімен бірге бәйгеге түскен Рафаэль Ниязбектер шығармашылығымды талдап, кемшілік жоқ екен деп құлаш-құлаш мақала жазды. Ертең Мемсыйлықтың мәжілісі болғанда,  мұның бірі де ескерілмейді, білем. Екіншіден, жеке бастың араздығын салады. Мысалы, Дулат Исабеков ағам осы күнге дейін айтыспен алысып келе жатыр. Сол ағам: «Жүрсін Ерманның бір өлеңі екінші кітабында қайталанып жүр. Бір өлеңін екіншісіне көшірген», - деп сын айтыпты.  Онда тұрған не бар? Қазір бір кітап шығарсаң, екі-ақ мың данамен тарайтынын ол кісі біледі. Тәуір өлеңдеріңді алдыңғы кітап қолына тимей оқылмай қалған шығар деп қосасың ғой енді. Оны бір әбестік көріп қажеті не?
- Сіздің есіміңіз әдеби айналыста аса жоқ. Өзіңіз де ақын-жазушылардың арасынан тысқары жүресіз. Сізді халық ең бірінші ақын ретінде  емес, айтыстың ұйымдастырушысы ретінде біледі.  Мемсыйлыққа ұсынылғаныңыз көп адамға тосындау естілгені содан...
- Мені көп адам оқымайды. Айтыстың айналасында жүргесін халық  айтыстың жүргізушісі деп қабылдап қалған. Менің әу бастан негізгі миссиям - поэзия. Көзімді ашып көргенім - өлең. Ал айтыс - менің қоғамдық жұмысым. Айтысты халық сүйеді. Айтысты ұйымдастырушы ретіндегі абыройым жоғары. Сондықтан менің ақындығым еленбей қала береді. Ақындығымды тану үшін халыққа менің жазғандарымды оқу керек.

Дулат Исабеков айтысты жек көреді
- Жөн екен. «Құстың көлеңкесі», «Ырғай», «Арнадым сізге» атты үш кітабыңызды Мемлекеттік сыйлыққа ұсындыңыз. «Арнадым сізге» деген кілең арнау өлеңдеріңізді топтастырған жинақ бәйгеге түскендердің арасында сізде ғана бар. Біреулер: «Жүрсін әркімге арнаған арнауларын да Мемсыйлыққа» ұсынды деген сөздер айтып жүр. Бұған не дейсіз?
- Кез келген ақынның кітабын ашып қалсаң арнау өлең бар. Мысалы, менің қазақтың қабырғалы азаматы Мұстафа Шоқайдан бастап, Әбдіжәміл Нұрпейісовке дейін жазған арнау өлеңдерім бар.  Арнау өлеңді құр мақтау, көпе-көрнеу көпшік қою деңгейінен көркемдік поэзия деңгейіне жеткізе білу керек.  Поэзияның тілімен жазу керек... Мәселе сонда... Сен айтқан жаңағы пікірді Мемсыйлықты талдаған комиссияның кіші мәжілісінде бір ағаларымыз да айтыпты. Арнау өлең қазақта жоқ па екен, қазақтікі емес пе екен? Мысалы, Дулат Исабеков айтысты жек көреді.  Әнеу күні бір пікірінде «айтыс деген - өнер емес» депті. Сандалыпты. Айтыс - қазақтың төлқұжаты. Дулат Исабеков сынды ақсақалдарымыздың айтыс жайлы әр жерде лақ еткізген пікірлеріне Бекарыс Шойбеков шыдамай кетіп, жақында өткен айтыста: «Кластағы баланың сөзін айтып, Классикпін деп жүрген осы ғана», - деді.  Осындай сөздерді айтқызғанға ұялмай ма ағалар?! Айтыс - қазіргі қоғамға, халықтың басын біріктіруге қызмет етіп жатқан ең ұтымды өнер. Дулат сияқты ағалар айтыспен неге алысады? Қанша жерден мені, айтысты жек көрсін, мейлі. Бірақ әділ болу керек қой. «Өлеңдерінің бәрі анаған-мынаған арнаған арнау өлең» деп кінәлапты. Абайда да арнау өлең бар. Абайдың ең алғаш жазған өлеңі де арнау өлең. Былтыр бір басылымға «Келесі Президенттің кім болатынын Елбасы екеуміз ғана білеміз» деп сұхбат беріпті Дулат Исабеков. Артынан ондай сөз айтпағанмын деп ақталыпты тағы. Сонда келесі Президенттің кім болатынын Елбасы Исабековке айта ма екен? Бұл әрбірден соң арзан ұпай жинау ғой. Онысын айтпай-ақ қояйын, жарайды. Мемлекеттік сыйлықтың мәселесіне жеке бастың араздығын неге салады? Сөйте тұра, Мемлекеттік комиссияға мүше болады.
- Мемсыйлықтың бәйгесінде комиссия фамилияңа да қарап баға береді деп жатырсыз. Танымалдылық жағынан сіздің есіміңіз, атқарған шаруаларыңыз алдыңызға қара түсіре қоймас. Айтысты ұйымдастырып жүріп, біраз адаммен таныс-біліс, сыралғы да болдыңыз...
- Мәселе танымалдылықта емес, менің атқарған шаруаларымда. Кітабыңды да оқымай дауыс беретін қулар болады. Менің кітабымды оқып, кем-кетігіне баға берсе дауласпаймын. Кезінде жазба ақындардың арасында «Бір өлең - бір әлем» деген мүшәйра өткіздім. Ондағы мақсатым «ақындар домбырасын айналасы бір сағат дыңғырлатып бір көлік мініп кетеді» дейтіндердің аузын тыю, жазба поэзияның еңсесін тіктеп, тұғырын көтеру болатын. Тоғыз ай бойы тоқсан мың доллар тігіп, Қадыр,  Тұманбай ағаларымыздан бастап, Сәкен Иманасов бар, қазақтың біраз ақындарына бәйге бердім. Бұл жаман ба? Сол қаржыны мемлекет бөлген жоқ. Демеуші тауып, солардың қалтасынан қақтым. Менің осы еңбегімді Жазушылар одағының не съезінде, не пленумінде бір адам айтқан жоқ. «Әй бәрекелді» деген ешкім жоқ. Жақында «Қазақтың айтыс ақындары мен жыр-термешілерінің халықаралық одағын» құрдым. Айтысты «Юнеско» қабылдайын деп жатыр. Сен айтып отырған танымалдылық маған осындай атқарған шаруаларым, жазған кітаптарым арқылы келген.
- Жүрсін аға, бұл сауалды сізге осыдан бұрын сұхбат алғанда қойғанмын. «Материалдық жағдайы жақсарған сайын ақын өлеңді қояды» дегеніңмен келіспеймін деп едіңіз сонда. Жағдайыңыз бұрынғыдан көш ілгерілемесе, кеміген жоқ. Өлең жазбай, қаламыңызды суытып қойып жүрген жоқсыз ба соңғы кезде?
- Қайталап айтамын, жағдайым жақсы екен деп, өлең жазбай кеткен жерім жоқ. Абай да мыңғырған жылқысы бар Құнанбайдың баласы ғой. Жағдайы жақсы болған соң төрт қатын алған. Сөйте тұра Абай қаламды тастап,  байлығына малданған жоқ. Материалдық жағдайы жақсы деп айтыстың басы-қасында жүргесін айтып отырған шығарсың. Мен де ел сияқты айлықтан-айлыққа ілініп-салынып жүрген адаммын. Сенесің бе? Шығармашылықтың материалдық жағдайға қатысы жоқ. Поэзия деген - адамның ішкі қыжылы.
- Мемсыйлық алғандар оппозицияға өтіп, мемлекеттің шаңын қағып жатыр дедіңіз жаңа. Мемсыйлық ала қалсаңыз, бұған дейінгі пікіріңізді өзгертесіз бе сонда?
- Мен әу бастан қоғамдық жұмыспен келе жатырмын. Сыйлық алдым деп биліктің әр ісін қолдап, сүйреңдей кететін мен емеспін. 
Әңгімелескен - Қарлыға ИБРАГИМОВА

«Халық сөзі» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036