Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Алаң 5976 7 пікір 3 Қаңтар, 2022 сағат 12:45

Мамин Үкіметі «мәңгі» отыра ма?

Жаңаөзенде халық газ бағасының күрт өсуіне наразылық білдіріп, қаланың орталық көшесін жауып тастады. Халық газ бағасының бір күн ішінде 79 теңгеден 120 теңгеге өсіп кеткеніне наразы. Көпшілік бағаның шарықтап кетуін Үкіметтің мәселені дұрыс реттей алмауынан деп отыр. Қазіргі Үкімет президент Қасым-Жомарт Тоқаев таққа отырғанға дейін жасақталған еді. Яғни Президент билікке келгелі әлі нақты Үкіметті жасақтамады. 2021 жылғы 10 қаңтардағы Парламент сайлауынан кейін Президент Үкіметті таратқан болатын. Дей тұра жаңа Үкімет құрамы сол бұрынғы министрлерден құралды. Бар-жоғы екі министр ғана ауысты. 

Асқар Мамин 2019 жылдың 7 ақпанында Премьер-министр болып тағайындалды. Мамин Үкіметін халық түрлі келеңсіздіктер арқылы сипаттайды.

2019 жылы 24 маусымда Арыс қаласының маңындағы әскери қойма жарылып, төрт адам қаза тапты. Экономикалық шығын ондаған млрд долларға жетті. Араға екі жыл уақыт салып, 2021 жылы, 26 тамызда Тараз маңындағы, Байзақ елді-мекенінде әскери қойма жарылып, 16 адам қаза тапты. Жарылыстан кейін қорғаныс министрі Ермекбаев орнынан кетті, ал елде қаралы күн жарияланды.

2020 жылдан бастап Қазақстан пандемия жағдайында өмір сүруде. Пандемия Үкімет жұмысына нақты баға берді, қазіргі Үкіметтің «кризис менеджер» еместігін айқын дәлелдеді. Президент 2020 жылы, шілденің 18-інде Үкіметті қатаң сынға алды. Статистикадағы қателік пен вируспен күрестегі нәтижесіздікті ашық айтты. Жағдайдың күрделі екенін көрсетті.

«Баяндамаларға қарасам, жағдай қалыпты және бақылауда сияқты. Алайда шынайы іске келсек олай емес. Мен өзімнің әкімшілігіме еліміздегі дәрі-дәрмектің қолжетімділігі мен тапшылығын тексеруді тапсырдым. Нәтижесі қуантарлықтай емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында дәрі жетіспеушілігі байқалады. Дәріге кезекке тұру, қажет дәрілердің тым қымбаттап кетуі орын алуда. 

Мемлекетік органдар тарапынан нақты жұмыс болмағандықтан халық бұл мәселені өз бетінше шешуге кірісіп кетті. Бұл нонсенс! Халық жаппай оттегі толтырылған баллондар сатып алуда. Бұл ауруханалардың тікелей міндеті. Өндірістік өттегі баллондарын үй жағдайында қолдану фактілері тіркелуде. Үкімет пен әкімдікке бес күннің ішінде ауруханаларда және үй жағдайында қолдануға болатын өттегі толтырылған баллондармен қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Президент. Расымен Үкімет пандемияда әрекетсіз күйде қалды. Дәріханаларда масканың өзі тапшы болып, билік «медициналық қауіпсіздікті» қамтамасыз ете алмады.

Мамин бастаған Үкімет пандемияда онлайн оқуды да жарыта алмады. Әлем елдері онлайн оқуды арнайы платформалар арқылы іске асырып жатқанда, Қазақстанның көптеген өңірлері қашықтықтан оқуға мәжбүр болды. Whatsapp арқылы тапсырма беріп, сол арқылы сабақ оқыған оқушылар жеткілікті. Бұл әрине халықты жылдам әрі сапалы интернетпен қамтамасыз ете алмаған Үкіметтің кінәсі. Дегенмен Мамин мырзаның бұл тұрғыдан ойы басқаша. Асқар Мамин: «Шектеулерге қарамастан, біз цифрлық инфрақұрылымның қол жетімділігі мен сапасын жақсарту бойынша күш-жігерімізді жеделдеттік. 2020 жылы біз 20 мың шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желілерін салудың МЖӘ жобасын аяқтадық. Мыңнан астам ұялы байланыстың базалық станциялары орнатылды, бұл аймақтардағы технологиялық теңсіздік деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде бүгінде Қазақстан халқын интернетпен қамту 99% құрайды», – деген еді. Бұл сөзін ол 2021 жылдың 5 ақпанында Алматыда өткен «Digital Almaty» дейтін форумда айтты. 99%, бұл көрсеткішке Премьердің өзі де іштей сенбейтін болар.

Мамин Үкіметі тарихта «қымбатшылық, тапшылық, жұт» сөздерімен қалары анық. 2020 жылы еліміздегі бағаны тұрақтандыру үшін 30 млрд теңге қаржы бөлінді, ал 2021 жылы ол көрсеткіш 50 млрд теңгеге дейін жетті. Үкімет осы арқылы бағаны тұрақтандыру бойынша нақты әрекет ете алмайтынын көрсетті. 2021 жылы елімізде азық-түлік бағасы аспандап кетті, ал билік бағаны ұстап тұру бойынша селқостық танытты. 2021 жылы Маңғыстау, Арал маңында құрғақшылық салдарынан жұт болып, мал қырылды. Дегенмен Мамин бастаған Үкімет халықтың жанайқайын төрт ай естімеді. Ақыры мыңдаған мал қырылды, ауыл шаруашылық министрі отставкаға кетірілді.

«Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтып жатыр. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл мәселенің бір жағы ғана. Ең бастысы осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді»,- деді Тоқаев. Бұл тек қана ауыл шаруашылық министрлігіне ғана емес, тұтастай Үкіметке берілген баға деп түсінуге болады.

Олипиада ойындарында ең сәтсіз өнер көрсету, Сбермен келісімге келіп, цифрлық қауіпсіздіктің бір ұшын Ресейге ұстату, тапшылық, қуаңшылық, қымбатшылық, қоймадағы жарылыстар дәл Мамин Үкіметі тұсында болып жатыр. Көпшілік көкейіне бір ғана сұрақ: Біліксіздігін дәлелдеген Үкімет қашан биліктен кетіп, орнына жаңа Үкімет жасақталмақ?

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1518
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3300
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5891