Сәрсенбі, 25 Мамыр 2022
Әдебиет 1952 10 пікір 19 Қаңтар, 2022 сағат 11:17

Ұлт тұлғаларының жыршысы

Мені жазушы Көлбай Адырбекұлының шығармашылыққа, жазу-сызудың мәні мен мақсатына өзіндік көзқарасы тәнті етеді. Ащы шындықты ашуға құштарлық, әрдайым әділеттілікке адалдық. Бұл оның елді елең еткізген жұмыстарының бәрінен көрініп тұр.

Қаламгер біткеннің ұстанымы бірдей бола бермейтіні анық. Едәуір бөлігі әдебиетті әдебиет үшін жасауға атсалысуды көздейді. Жазуынан басқа ештеңеге алаң болмай, ойға алған шығармасындағы кейіпкерлерінің өз ұғымынша ұмытылмас образдарын сомдауды күйттейді. Мұндай әдетті кінәлауға да болмас, дегенмен, еске түсіп кетті, ана бір жылы, алдына сондай мақсат қойғандардың бірі, еліміз күрделі кезеңді бастан кешіп жатқан бір шақта «біз саясатпен шұғылданбаймыз, біз әдебиет жасаймыз» деп айды аспанға шығарғаны бар.

Бұл мәлімдеме көпке ерсі көрінді, оны тіпті күлкіге айналдырды. Өйткені әдебиет қайраткерін жұрт ел мүддесі үшін күресу жолынан тыс мүлдем елестете алмайтын. Еліміз Тәуелсіздік туын желбіреткелі бері соны алға апарушыларға қаламгерлеріміздің рухани қызмет көрсетуіне, қашанда биік рухты қастерлеу үлгісін алға тартып, дәріптеуге тиістігіне ешкім шәк келтірмейтін. Яғни қазіргі жағдайда әдебиеттің әдебиет үшін емес, өмір үшін жасалуға тиістігін әркім жүрегімен ұғынатын.

Бірақ сол жолға саналы түрде түсетіндер азшылық еді. Сол аз шоғырдың ортасынан табылған, барша шығармашылық күш-қуатын кеңестік заманның аса маңызды, түйткілді мәселелерін ұлттық тұлғалар арқылы ашып көрсетуге арнайтындардың бірі – Көлбай Адырбекұлы. Себебі ол сол замана тамырын дөп басып ұстай білген-тін. Сөйтіп бұл жазушы-зерттеуші қаламын жұрт сусап отырған мәселелерді қозғауға бұрған. Сол бағытпен жиырма жылдан бері ол қоғамдық маңызы зор тақырыптар аясында жемісті еңбек етіп келеді. Әсіресе еліміздің даму жолында халық игілігі үшін маңдай терін төккен азаматтардың өнегелі  бейнесін үлкен зерттеушілік ізденісі нәтижесінде жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа түсінікті етіп тартуымен оқырмандар сүйіспеншілігіне бөленуде.

Мерзімді баспасөз органдарында Көлбай қырық шақты жыл бойы қызмет атқарды. Сонша ұзақ мерзім ішінде газеттің көп уақыт алатын қара жұмыстарын да аянбай істей жүріп, оның небір сүбелі мақалалар жазғаны және олардың біразының түрлі бәйгелерде жүлделі орындарға ие болғаны көзі қарақты жұртшылыққа мәлім.

Бір сәт өмірбаяндық деректеріне көз жүгіртейік. Ол бұдан жетпіс жыл ілгеріде, 1952 жылғы 20 қаңтарда, қазіргі Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданының Жүзімдік ауылында өмірге келген көрінеді. Жоғары оқу орнын республикамыздың астанасында 1980 жылы тауысқан. Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіргеннен соң, еңбек жолын Алматы облыстық «Жетісу» газетінде тілші болып бастаған екен. Осы газет редакциясының қабырғасында әйгілі Сексен алтыншы жылғы Желтоқсан көтерілісі дүрбелеңдерін бастан өткеріп, 1989 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысқан. Бес жылдан кейін арнайы шақыртумен «Zaman-Қазақстан» газетіне келді. Кейінірек бұл басылым жабылып, оның орнына халықаралық «Түркістан» газеті шыға бастаған-ды. Көлбай Адырбекұлы мұнда 2018 жылы зейнетке шыққанға дейін жауапты хатшы қызметін атқарған.

Міне, осы баспасөз органдарында кәсіби журналист ретінде міндетті жұмыстарын атқарумен шектеліп қалмай, жазушы «Жүрек жұтқан», «Тамұқ», «Зекеннің қилы кезеңдері» сынды оқырман көңілінен шыққан хикаялар жазды. «Тәуелсіздікке талпыныс» атты атауының өзінен аңғарылатындай,  уақыт талабына сай еркін ел үшін күрес жолына түскен замандастар бейнесін көркем кестелеген повестер жинағын жеке кітап етіп шығарды. Әсіресе тұлғатану саласында жемісті еңбек етті.

Қаламгердің Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нығмет Нұрмақов, Әзімбай Лекеров, Ермұқан Бекмаханов, Нығмет Сырғабеков, Қаныш Сәтбаев, Кәрім Мыңбаев, Нұртас Оңдасынов, Ахмет  Жұбанов, Төлеген Тәжібаев, Өзбекәлі Жәнібеков және басқа да қазақ тарихында өшпес із қалдырған елеулі тұлғалар жайындағы зерттеу мақалалары мерзімдік басылымдарда  жарияланып,  оқырманын әрдайым риза етіп жүрді.  Оның, әсіресе,  30-шы жылдарғы ерен де ерек тұлғалардың бірі Әзімбай Лекеров жайындағы зерттеуі кезінде «Түркістан» газетінің алты санында тұтас бетті алып жарыққа шығуы оқырмандарға тосын да керемет қызық, танымды оқиға болған-ды. Ашаршылық қасіреті шегіне жеткен 1932 жылдың жазында Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы Филипп Голощекинге жазылған әйгілі «Бесеудің хаты» білікті экономист, өлкелік жоспарлау комитетінің төрағасының орынбасары Әзімбай Лекеровтың атқарған рөлі және, жалпы, сонау қасіретті зұлмат кезең шындығы архив деректері мен оның зайыбы Халида Лекерованың естеліктеріне сүйеніп жазылған сол мақалада өте дәлелді әрі тартымды түрде көрсетілген болатын.

Көлбай Адырбекұлының қазіргі заманда ойламаған жерден қатерлі жағдайға тап болған жеке адамның қиын тағдырына сергек қарағаны, мәселені арнайы зерттеп, проблемалы мақала жазғаны бар. Онысы «Жанпида» деген атпен «Түркістан» газетінде шықты. Басылымның тұтас бір бетін алған сол жұмысында Адырбекұлы Америка Құрама Штаттарының Кубадағы Гуатемала түрмесінде жатқан Қазақстан азаматы Илхомжан Ботаевтың өмір жолын жаңғыртқан. Осы орайда оның анасы Хасият Ботаеваның ұлын іздеп, Ауғанстанға жанкешті сапар шеккені және сол қауіпті сапары барысында бастан кешкен азапты сәттері туралы баяндалған еді. Илхомжан тәжік еліне кәсіпкерлік мақсатта екі-үш күнге іссапар ретімен барғанында кездейсоқ моджахедтердің алдауына түсіп қалып, Ауғанстаннан бір-ақ шыққан. Бірақ ешқандай да соғысқа қатысқан емес. Ол олардың арасында аспазшы болған. Көп ұзамай Америка әскері моджахедтерді талқандап, бес жүзге жуығын тұтқындайды. Солардың ішінде Илхомжан да болған. Америкалықтар оның ақ-қарасын айырып әуреленбей, абақтысына  бір-ақ тыққан еді.

Адырбекұлы осылар жайында баяндап, АҚШ-тың Куба аралына орналасқан Гуатемала түрмесінде жеті жыл бойы жазықсыз жатқан Қазақстан азаматының тағдырына араша түсуге тырысқан болатын. Американың Нью-Йорк қаласындағы әскери соты мақаланы ағылшыншаға аудартып, тұтқынның қылмыстық ісін қарау кезінде пайдаланған. Не керек, автордың сол мақаласының арқасында Қазақстан азаматы Илхомжан Ботаевтың адалдығы дәлелденіп, түрмеден босатылып, елге қайтарылған. Бұл Көлбай Адырбекұлының  сергек те ұшқыр, терең ойлы жұмысының арқасында қол жеткізілген нәтиже. Шындап келгенде, оның осы еңбегі қазақ журналистикасында бұрын-соңды кездеспеген шетін жәйт, батылдық пен ерлік еді.

Жазушы Көлбай Адырбекұлы қазақтың ардақты ұлы Тұрар Рысқұлов туралы зерттеуін дамытып, 2018 жылы «Алты алаштың ардақтысы» деген тақырыппен арнайы тарихи-танымдық кітап шығарған-ды. Сондай-ақ репрессияға ұшыраған ұлттық қайраткерлер есімін жаңғыртуға кезінде елеулі үлес қосқан әуесқой тарихшы, геолог, қазақ жер-су аттарының білгірі, ұлттық картографияның білікті маманы Молдияр Серікбаевпен бірлесіп жазған «Тағы да Рысқұлов хақында» атты мақаласы Түркиядағы «Темрин» әдеби журналында басылған. Мақала журналдың мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловқа арналған санында жарық көрді. Рысқұловтың өмірі мен қызметін жан-жақты зерттеп білгенінің арқасында Көлбай өз елімізде әйгілі ұлт қайраткеріне арналып өткізіліп жүрген юбилейлік ғылыми-практикалық конференцияларда өткір де өзекті және өрелі ой-пікір айтып келеді.

Автордың Иосиф Сталиннің жендеттері, КСРО Ішкі істер халық комиссарлары Николай Ежов, Лаврентий Берияның қанқұйлы іс-әрекеттері жайлы тың деректермен жазған зерттеу мақалалары оқырмандардың қызығушылығын туғызды.

Адырбекұлының шығармашылығында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі тақырыбы ерекше орын алады. Баршаға мәлім, сол кездегі билеуші компартияның «жариялылық» пен «қайта құру» жайындағы ұрандарына сенгендіктен, Сексен алтының 16–18-ші желтоқсанында қазақ жастары бейбіт демонстрацияға шығып, қазақ елінің басына ешкімге беймәлім Геннадий Колбинді сырттан әкеп қою себебін айтуды талап еткен. Алайда билік тұтқасын ұстағандар жағдайды түсіндіруден бастартып, өрескел күш көрсетті де, соның салдарынан бейбіт шеру сол күндері саяси көтеріліске ұласты. Совет өкіметі дәуірінде 30-шы жылдарғы «бандылардың бас көтерулері» ретінде таңбаланған қазақ шаруаларының ұлт-азаттық көтерілістерінен кейін араға жарты ғасырдан астам уақыт салып, республикада екінші мәрте студенттер мен жұмысшы жастар кең көлемде дүбірлеткен шын мәніндегі ұлт-азаттық қозғалыс орын алған еді. Тәуелсіздіктің бүгінгі күнгі биігінен және көрші ел саясаткерлерінің жүрекжарды мәлімдемелерінің тұрғысынан қарағанда – Совет Одағы дегеніміз жәй ғана советтік империя ғана емес, баяғы самодержавиелік патшалықпен сабақтасқан кәдімгі орыс империясы еді. Қатыгездігі жағынан келмеске кеткен самодержавиеден де асып түскен советтік билік Қазақ Республикасын империяның отары, оның басшы-қосшыларына да, қатардағы азаматтарына да империяның отарындағы кәдімгі құқықсыз бағыныштылары, отарлық құлдары іспетті қарады. Мұны жазушы Көлбай Адырбекұлының тиянақты зерттеушілік жұмыстары еш бұлтартпайтын мысалдармен дәлелдейді.

Мәселен, «Казахское дело» атауымен метрополияның қылмыс іздегіші генерал В. Калиниченко бастаған тергеушілер тобы  күні кеше СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, одақтағы ең беделді саяси қайраткерлердің бірі болған республика басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты жастардың қарсылық шеруін ұйымдастырды деген желеумен жауапқа тартқан. Жарық күнде қолдарына шам ұстап, қанша шұқшиса да одан ештеңе шығара алмағаннан кейін, тез басқаша жала жабумен айналысады. Үлкен бастықтарының саяси тапсырмасын қайткенде орындауға тырысқан мәскеулік тергеушінің Қонаевқа қандай жосықсыз айыптар тағып тұқыртқысы келгенін, алайда қаншама қорлайтын әрекеттерге барғанымен оның сағын сындыра алмағанын, қисынсыз кінәларының ешқайсысына дәлел таппағанын Көлбай-қаламгер зерттеушілік мақаласында жан-жақты суреттеген.  Республикамыздың абыройлы мемлекет және партия қайраткері Асанбай Асқаровты да әуелде тап сондай, Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырды деген долбармен тұтқынға алып, төрт жылдан астам тергеу кезінде жаңадан таққан айыптарын мойындату үшін Мәскеудің «Матросская тишина» және «Бутырка» түрмелерінде ұстады. Асқаров пен оның серіктеріне 30-шы жылдарғы қилы қорқыту, ұрып-соғып азаптау, қинау, түрлі рецидивист-баскесерлермен бір камераға қамап қорлау тәрізді тәсілдерін қолданған.  Тергеушілердің Асқаровты тергеу барысында іс жүзінде адамгершілік қағидаларын белінен басып, өздері түйіндеген долбар-айыптарын мойындату мақсатымен айтып-жеткізгісіз сорақы қылмысты әрекеттер  жасап  тергеген. Ал олардың айыптау қорытындылары бойынша іс қарау Қырғыз Республикасының  астанасы Фрунзеде (қазіргі Бішкекте) өтті. Жоғарғы сот алқасының мүшесі Нәйлә Алимовна Ибрагимова төрағалық еткен сот бір жарым жылдай уақытқа созылған.  Сот барысында  жалған айыптардың қалай жоққа шығарылғанын Адырбекұлы «Казахское дело»: Асанбай Асқаров» атты көлемді еңбегінде суреттеп береді...

Империялық орталықтың  бұрын әдемі сөздермен бүркемеленіп келген шынайы бет-жүзін, оның Желтоқсан мәселесімен айналысқан эмиссарлары танытқан кәдімгі неоколонизаторлық, коммунистік отаршылдық пиғылын жазушының «Түркістан» газеті беттерінде жиырма шақты жыл бойы «Авторлық бағдарлама» айдары бойынша «Казахское дело» тақырыбымен жариялап тұрған осындай журналистік зерттеу мақалаларынан айқын көресің. Көзі тірі куәлермен қатар архив қоймасын ақтарып тапқан мол деректерді келтіре отырып, автор бұл тақырыпта жазықсыз жапа шеккен қырыққа жуық тұлғалар жайында  зерттеу мақалаларын жазыпты. Олар әдетте газеттің  бірнеше бетінде, кейбіреулері тізбектеліп бірнеше нөмірде  жарияланғанын білеміз.

Осы жарияланымдардың қатарында жазушының Қонаев пен Асқаровтан басқа оқытушы-ғалым Өмірбек Жолдасбеков, ірі кәсіпорын басшысы Рзабай   Хобдабергенов, заңгер-ғалым Салық Зиманов, әдебиет сыншысы, мемлекет қайраткері Сағат Әшімбаев, оқытушы-ғалым, мемлекет қайраткері Көпжасар Нәрібаев, ақын, Желтоқсан шындығын әлемге тұңғыш жария еткен халық қалаулысы Мұхтар Шаханов, сондай-ақ көтеріліске тікелей қатысқан  жастар: Қайрат Рысқұлбеков, Жансая Сәбитова, Гүлнәр Байбосынова, Мырзағұл Әбдіқұлов, Ерлан Декелбаев, Болат Шарахымбай және тағы басқалар жөнінде архив материалдарына сүйеніп жазғандары бар. Бұлар жайындағы жарияланымдардан көтеріліс күндері жазалаушылар және жуасытушылар деңгейіне дейін құлдыраған советтік құқық қорғау органдары қызметшілерінің алаңға шыққан жастарға көрсеткен қанқұйлы қылықтары, ұсталғандардың істерін тергеушілердің көпе-көрнеу бұрмалап жүргізулері, судьялардың сотталушыларға қайткенде де алдын-ала белгіленген жазаны беруді ғана көздегені, сөйтіп сотта қорғаушы жақ тарапынан келтірілген шындықты ашатын өзге  маңызды деректерді көзге ілмей, кері қағып отырғаны жөнінде оқисыз. Олардың, яғни «дүние жүзіндегі ең ізгілікті, ең әділ советтік соттың» отар құлдары іспетті желтоқсаншыларды империя мүддесін қорғап соттау тәсілін көргенде еріксіз жеркенесіз. Жұрттың бостандыққа, нағыз демократияға ұмтылуының, демократиялық құндылықтарды бағалай білуге құштарлығының сырын өткір сезінесіз.

Көлбайдың «Кебенек киген келеді» деп аталған тамаша деректі повесі бар. Хикаятта Желтоқсан көтерілісіне байланысты ату жазасына кесілген Мырзағұл Әбдіқұловтың жары Қазынагүл Базарбаева құқық қорғау органдарының милиция, тергеуші, судья деп аталатын жандайшаптары жасаған, өз көзі көрген озбырлықтары мен айуандықтарын бірінші жақтан баяндайды. Жазушы осындай әдеби тәсіл қолданып, күйеуінің ұлттық кемсітушілікке қарсы тұруға мәжбүр болғанын дәлелдеу үшін ешкімнен жасқанбастан, ештеңеден тайынбай, әділеттілік табуға білек сыбана кіріскен жас келіншектің тебірентерлік, тағдыр-талайы бейнесін жасайды. Қазынагүл: «Затым әйел болсам да арымның тазалығы үшін, күйеуім Мырзағұлдың кінәсіздігі үшін күресуге белімді будым» деп бекінеді. Табандылықпен құзырлы орындарға барып жүріп, көп қиыншылықтан кейін, ақыры, жеңіске жетеді: оны КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Андрей Громыко қабылдап, еріне берілген өлім жазасын жиырма жыл түрмеге ауыстырады. Ол: «Қамықпа, қызым. Уақыт өзгеріп жатыр. Күйеуің онда ұзақ отырмайды», – дейді. «Оның ақ батадай ақ тілегінен жүрегім жарыла жаздап, есім шығып кеткені соншалық, – деп еске алады  Қазынагүл, – кеңсесінен шығып, абажадай есігі жабылған кезде: «Спасибо, Андрей Андреевич!», − дедім. Көмекшісі толқып кеткен жан дүниемді түсінді-ау деймін, жымиып күліп: «Громыко есіктің арғы жағында», − деді иегімен меңзеп. Сонда ғана өзімнің қайда тұрғанымды білдім...» Кейін автордың осы деректі повесі желісімен жазушы Ертай Айғалиев трагедиялық пьеса жазып шықты.

Аталған «Авторлық бағдарлама» айдарымен Көлбай Адырбекұлының 1989 жылдың 16–19 маусым күндеріндегі Жаңаөзен оқиғасы, яғни қазақтардың кеңес заманындағы әлеуметтік әділетсіздікке қарсы шыққан тағы бір көтерілісі туралы архив материалдары бойынша журналистік зерттеуі жарияланғанын айта кеткен жөн. Кезінде де, кейін де саясат ыңғайымен көп айтыла қоймаған осы күрделі дүрбелеңді сәт туралы жазғандары оқырманын шыншылдығымен риза етті.  Газеттің бірнеше санында жарық көрген бұл ауқымды  зерттеушілік жұмысының көлемі бір кітаптың жүгін көтеріп тұр.

Арнайы атап айта кететін жәйт сол, жазушы Көлбай Адырбекұлының көпшілікке беймәлім материалға бай зерттеу жұмыстарынан әзірге «ХХ ғасыр: соңғы репрессия» деген атпен бір ғана кітабы шықты. Бес-алты кітапқа жүк  болатын басым көпшілігі күні бүгінге дейін тек газет беттерінде қалып отыр. Әлеуметтік маңызы бар әдебиетті шығарумен шұғылданатын мекемелер бұған назар аударса дұрыс боларына дау жоқ. Ал оның «Ауыл хикаялары» тақырыбымен басылымдарда жарық көрген деректі әңгімелер топтамасы әдеби ортада өз алдына арнайы бөлек талдауды қажет етеді.

Оқырман құрметіне ие болып жүрген қаламгер еңбегі, әрине, лайықты бағаланып та келеді. Ел назарын аударған жұмыстары үшін оған 2004 жылы Қазақстан Журналистер одағының, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлықтары берілген. 2021 жылы жазушыға туған аймағында үлкен құрмет көрсетілді. Көлбай Адырбекұлы «Бәйдібек ауданының құрметті азаматы» атағымен  марапатталды.

Өзінің таңдаған  тақырыбына адалдықпен оқырман  қауымға небір танымды да тамаша туынды беріп келе жатқан жазушы Көлбай Адырбекұлының алдағы уақытта да шығармашылық биігінен көріне беруіне тілектестік білдіремін. Халқыңды жаңа жұмыстарыңмен қуанта бер, қаламдас інім! Жетпіс жылдық мерейжасың құтты болсын!

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

10 пікір