Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2700 0 пікір 11 Қыркүйек, 2012 сағат 08:05

Расул Жұмалы, саясаттанушы: Өркениетті өзгерістерден кеш қалмасақ игі ...

Қос палаталы, һәм «көп партиялы» парламенттің күзгі сессиясынан ел-жұрт дүр сілкінетіндей жаңалық күткен-ді. Бірақ тәуелсіз сарапшылардың үкімет отставкаға кетіп, ауыс-түйістің көкесі болады деп алдын ала жасаған болжамдары да зая кетті. Депутаттардың алдында жарты сағатқа жетер-жетпес баяндама жасаған президент Назарбаевтың сөзінде қара қазаққа қарайлас тұсы бар-жоғын ел-жұрт өзі сарапқа сала жатар, біз өз тарапымыздан қоңыр күздегі билік саясатының кейпі қалай болар екен деген ниетпен саясаттанушы Расул ЖҰМАЛЫ мырзаны әңгімеге тартқан едік. Қойылған сауалдың жауабын сіз де оқыңыз, оқырман қауым!

 

- Дүйсенбі күнгі Нұрсұлтан Назарбаевтың парламенттегі 25 минутқа созылған сөзінің ұзын-ырғасы әдеттегі бір аудан-облыс әкімінің баяндамасынан ары аса алмады деседі тәуелсіз сарапшылар. Ел іші мамыражай тірлік кешіп тұрғандай кейіп танытқан президент аяқ астынан отандық бизнеске жол ашу, газ тасымалы, ауылшаруашылығына қатысты мәселелерден аса алмады. Бұл әлдебір облыс әкімінің селекторлық жиыны сияқты «пленарка» болды дегенге келісесіз бе?

Қос палаталы, һәм «көп партиялы» парламенттің күзгі сессиясынан ел-жұрт дүр сілкінетіндей жаңалық күткен-ді. Бірақ тәуелсіз сарапшылардың үкімет отставкаға кетіп, ауыс-түйістің көкесі болады деп алдын ала жасаған болжамдары да зая кетті. Депутаттардың алдында жарты сағатқа жетер-жетпес баяндама жасаған президент Назарбаевтың сөзінде қара қазаққа қарайлас тұсы бар-жоғын ел-жұрт өзі сарапқа сала жатар, біз өз тарапымыздан қоңыр күздегі билік саясатының кейпі қалай болар екен деген ниетпен саясаттанушы Расул ЖҰМАЛЫ мырзаны әңгімеге тартқан едік. Қойылған сауалдың жауабын сіз де оқыңыз, оқырман қауым!

 

- Дүйсенбі күнгі Нұрсұлтан Назарбаевтың парламенттегі 25 минутқа созылған сөзінің ұзын-ырғасы әдеттегі бір аудан-облыс әкімінің баяндамасынан ары аса алмады деседі тәуелсіз сарапшылар. Ел іші мамыражай тірлік кешіп тұрғандай кейіп танытқан президент аяқ астынан отандық бизнеске жол ашу, газ тасымалы, ауылшаруашылығына қатысты мәселелерден аса алмады. Бұл әлдебір облыс әкімінің селекторлық жиыны сияқты «пленарка» болды дегенге келісесіз бе?

- Бәлкім, баяндамашы елдегі басымдықтарды осылайша түсінетін шығар - бұл оның еркі мен құзыры. Алайда осы орайда бірнеше жайтқа назар аударған жөн. Алдымен белгілі бір баяндаманың ұзақ не қысқа болуы турасында. Меніңше, маңыздысы ол емес. Айталық, кезінде Кубаның ұзақ жылғы басшысы Фидель Кастро өз баяндамаларымен жұртты зарықтырып бес-алты, тіпті сегіз сағат бойы оқитын. Кубаның бүгінгі сыйқына қарағанда, онысынан нәтиже шыққан жоқ. Немесе Сауд Арабиясының бұрынғы патшасы Фахдты алайық: министрлер кеңесін жылына екі-үш мәрте ғана жинайтын. Сондағы сөйлейтіні аз дегенде 15-20 минут. Бірақ айтқан сөзінің барлығы алтынға тең болды және сөзі мен ісі тығыз сабақтасатын еді. Есесіне, бұл елде шексіз, ұшы-қиыры жоқ жиналыстар өтпейтін, бірін-бірі қайталайтын, қаптаған шенеуніктерді ғана емес, мамандардың өзін шатастырып, ақыр аяғында бос сөз болып қалатын том-том шешімдер мен бағдарламалар қабылданбайтын. Ал енді сол Саудияның бүгінгі қалпын көрейік - экономикалық даму, әлеуметтік қамсыздандыру, озық технологияларды игеру, халықтың әл-ауқаты, басқа да бағыттар бойынша дүниедегі көш ілгері мемлекет болып саналады. Бұл арада екінші мәселе туындайды. Ол қойылған нұсқауларды іс жүзіне асыру мәселесі, себебі қандай керемет болса да, орта жолда қалған бағдарламалардың құны көк тиын. Ал көтерілген басымдықтардың өзектілігіне келсек, рас, көпшілік соңғы кездері елде орын алған қанды оқиғалар, лаңкестіктің етек жаюы, бағаның шарықтауы секілді тақырыптардың қозғалуын не болмаса ірі кадрлық өзгерістерді күткен еді. Олай болмауы неліктен деген риторикалық сұрақ туады. Бәлкім, елді одан ары дүрліктірмеу үшін, ал аталған және басқа да атышулы оқиғалардың алдын алудың қамы шығар. Бірақ «келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, мұның ең ұтымды әдіс екеніне күмәнім көп.

- Әдетте парламенттегі күзгі (қос палатаның кез келген отырысындағы) жиынындағы Назарбаевтың сөзі тікелей эфир арқылы таратылатын, ал биыл бұл үрдіс жабық жағдайда өтті. Себебі не деп айтар едіңіз?

- Айтарлықтай жабық жағдайды өз басым байқамадым. Президент баяндамасынынң дыбыстық та, бейне нұсқасын, залдағы депутаттар мен министрлердің отырысын, тіпті олардың БАҚ-тарға берген сұхбаттарын сол күні теледидардан көргеннен кейін, келесі күні газеттерден оқыған соң, осындай байламым бар.

- Айналасы екі-үш айдың ішінде әлемге әшкере болған қанды оқиғалар, бірер апта бұрынғы Атырау облысы әкімінің қызметтен босатылуы бүтіндей саяси элитаның ішін дүрліктіргеннен кейін, билікте ауыс-түйіс болады деген болжам да долбар күйде қалды. Бұл - Назарбаевтың кезекті бір саяси құйтырқы әрекеті ме, әлде президент билік басындағыларды ауыстыруға құлықты емес деп ойлайсыз ба?

- Дәл бүгінгідей жағдайда, менің пайымдауымша, кадрлық ауыс-түйістердің екі жағы бар. Біріншіден, егер, айталық, осыдан 5-10 жыл бұрын әкім не министр ауысса, халықтың басым бөлігі бұл өзгерістерге белгілі бір үміт артатын: «Енді жағдай түзелетін шығар, осы адамның қолынан келіп қалар» деген сыңайда. Әйтсе де, көпшілік жағдайда осындай үміттер ақталмағаннан қарапайым азаматтардың қандай да кадрлық тағайындауларға деген сенімі азайды. Бірқатары ондай өзгерістерді қоғамдық пікірді басқаға аударуды көздейтін көзбояушылық, енді біреулері кадрлық ауыс-түйістердің астарын елдің игілігі емес, жекелеген ықпалды топтардың күресі ретінде қабылдай бастады. Мәселенің екінші жағы, меніңше, бастауын соңғы екі-үш жылдықтан алады. Оның дені - биліктің қандай да, әсіресе белсенді орталар талап еткен кадрлық шешімдерді қабылдауды өз әлсіздігінің көрсеткіші деп тануы. Тіпті солай бола қалғанның өзінде, біздің жиі байқайтынымыз - әлдебір лауазым иесін ресми түрде орнынан тайдырғанда, оның жіберген кемшіліктері, не жасаған былықтарына бола емес, кейді тіпті сын көтермейтін дәйектемелер келтіреді. Мәселен, басқа жұмысқа ауысуына байланысты немесе тепсе темір үзетін шенеуніктің денсаулығы сыр бергені сияқты. Кім кімді алдайды - белгісіз, сондықтан мұны да ел сенімін арттыратын әрекеттер қатарына қосу қиын. Осындай жағдайда кейбір кадрлық тағайындауларды жоққа шығармаймын, бірақ олар болған күннің өзінде ірі саяси өзгерістерге әкелмейтіні анық. Билік оған бармайды.

- Ақорданың ауа райын реттеп отырмын деген шенеунік Мусиннің өзінің басына қара бұлт үйірілгені жөнінде тәуелсіз ақпараттар легі аз жазып жатқан жоқ. Дәл осы жолы президент әкімшілігінің жетекшісі орнынан кететінін де сол сарап иелері кесіп айтқан болатын. Дегенмен, тағы бір дерек көзінің айтуынша, президент Мусинді бір жарлықпен босата алмайтын жағдайға жеткен көрінеді. Мәселен, кейбір дереккөздердің айтуына қарағанда, бүгінде Мусин президенттің өзін «меңгеріп» алған сияқты... Осы пікірлердің қаншалықты жаны бар?

- Өкініштісі - бүгінгі Қазақстанда саяси болжамдар келелі ғылыми сараптаманы емес, көбіне құмалақ шашуды, не болмаса «бір әжей айтқан еді» дегенді елестетеді. Себеп - шынайы ақпараттың тапшылығы, билік өкілдерінің халықтан алшақтығы және олардың қоғам алдындағы жауапсыздығының төмен болуында. Тиісті ақпарат, одан қорытылатын талдау болмағанда, олардың орнын түрлі қауесет пен алып-қашпа дүниелер басады ғой. Біздің қалпымыз осы. Өз басым пәленше келеді екен, оның орнын «ананың адамы» болып саналатын «пәленбай» басады екен деген әңгімелерге әуес емеспін. Бірақ маңызды кадрлық ұйғарымдар жабық есік жағдайында қабылдана берген сайын, билік сапасының төмендейтініне шүбә келтірмеймін. Әрине, сонымен шектелсе игі, бірақ аталғандай олқылықтардың кесірін халық тартатыны қынжылтады.

- Тағы бір қоғамда бар пікірлерге қарағанда, Назарбаев өзі жасаған жүйенің құлына айналып, ендігі кезекте лауазымды тұлғаны алдын ала ақпараттық «дайындықсыз», саяси интригасыз босата алмайтын жағдайға жеткен сияқты.

- Алдындағы әңгіменің жалғасы іспеттес сұрақ екен. Нақты айтарым жоқ. Алайда қайтадан екі мәселеге назар аударсам деймін. Алғашқысы - әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне үңілсек, олардың басшылары қаншама данышпан болса да, сол елдердің бірауыздылығы мен гүлденуін қамтамасыз етіп отырған тетік - саяси жүйе екенін көреміз. Адам болған соң, әділ саяси күресте басшылар ауысып отырады, алайда аталмыш саяси жүйесі, басқаша айтқанда қаңқасы берік болғандықтан, мемлекет бірізді дамуын тұрақты түрде жалғастыра береді. Керісінше болған күнде мемлекет һәм халық ахуалдың қожайынына емес, болжамға келмейтін берекесіздіктердің құлына айналуы әбден ықтимал.

Авиацияда «қайта алмау нүктесі» деген ұғым бар. Ол ұшаққа құйылған жанармайдың жартысы сарқылып, ал ауа райы тым қолайсыз жағдайда қолданылады. Мұндағы басты гәп - белгілі бір нүктеге дейін ұшып шыққан әуежайға қайтып, осылайша әуе кемесі мен оның ішіндегі жолаушылардың қауіпсіздігін сақтап қалуға болады. Бірақ одан асқаннан кейін тәуекелге бел буудан басқа лаж жоқ. Менің айтпағым - әр жағдайды түзету үшін, алғы шарттар ғана емес, нақты уақыты болады. Ол уақыт шектеулі, әңгіме бағана сөз болған ұшаққа, не адам ағзасының асқынған ауруына, не тұтас мемлекеттің тағдырына қатысты болсын. Сондықтан уақытты оздырып алмай, өркениетті өзгерістерден кеш қалмасақ игі?!

- Ақордадағы біздің тағы бір дереккөзіміздің айтуына қарағанда, президент кезекті кадр тазалау науқанына дайындалып үлгермеген сияқты. Ол ауыс-түйістер таяу күндері жүзеге асатын сияқты...

- Солай болсын-ақ делік. Бірақ дәл бүгін өз басым қандай да ауыс-түйістер, оның ішінде үкіметтің отставкаға кетуі болсын, парламенттің таратылуы болсын ірі өзгерістерге әкеледі деген үміттен әлдеқашан қол үздім. Осы уақытқа дейін үкімет 8 мәрте жаңадан жасақталды, парламент те бұл көрсеткіш бойынша қалыспады, алайда нәтижесі қандай болды? Қателескім-ақ келеді, алайда елдегі әлеуметтік жағдайды, әсіресе шағын қалалар мен ауыл-аймақты алсақ, кеңес заманынан қалып, титығы біткен коммуналды инфрақұрылымды, жастар істерін, жұмыссыздықты, бағалардың жылдан-жылға шарықтауын жалпы ішкі өнімге пара-пар сыртқы қарызды, әскердегі келеңсіздіктерді, түбімізге жетіп болған жемқорлықты, отандық тауар өндірушілердің аянышты халін, басқа да салаларды алсақ, осындай ащы қорытындыға келуге мәжбүрміз. Басқасын былай қойғанда, ХХІ ғасырда өмір сүріп, оның үстіне табиғи байлықтарының арқасында әлеуетті зор ел бола тұра, ел ішін жалғастыратын тақтайдай түзу тас жолдарға, ауыз су мен газға зәрулік миға сыймайтын түсінік қой.

Кезінде Араб Әмірліктерінде бірер жыл жұмыс атқарғаным бар. Кішігірім болса да, бұл мемлекет пен Қазақстанның арасында ұқсас тұстар аз емес: мәдениет, дін, көшпенді өмір салты, жер асты байлықтарына кенелуі, халқының аздығы, сыртқы күштерге тәуелділігі, тағысын тағы... Ал ерекшелік болса, тәуелсіздігін алған 1971 жылы Әмірліктердің жағдайы бізбен салыстырғанда әлдеқайда мүшкіл еді. Халқының 99 пайызы кедейлік пен жоқшылықтың күнін кешкен, дәл сондай пайызы жоғары түгілі, орта білімнен жұрдай, әлеуметтік қамсыздандыру тетіктері, тас жолдары, электр желілері атымен жоқ, балық аулау мен мал өсіруден басқа ешқандай шаруашылық, не өнеркәсіп көздері жоқтың қасы болған ел еді. Шарасыздықтан алғашқы жылдары шетелдік мұнай компаниялармен тепе-тең түсе алмайтын шарттарға қол қоюға да тура келді. 1973 жылы мұнайды сатудан түскен алғаш табысын алғанда, Әмірліктердің негізін қалаған Заед шайх ел азаматтарына түгелдей осы байлықты теңдей үлестіріп берді. Жай үлестіріп қоймай, арнайы мамандар жалдап, әр азаматқа алған ақшасын қалай пайдаланған тиімді, банк салымдарын қалайша салу қажет, өз бизнесін ашу жолдары, басқа да мәселелерді түсіндірді. Арада 20 жыл өткенде Әмірліктер барлық араб мемлекеттерін басып озды, мұнайға, басқа да табиғи байлықтарға 100 пайыз мемлекеттік бақылау орнатты. Орта білім алғандардың мөлшерін 100, жоғары білім алғандардың мөлшерін 88 пайызға жеткізді. Жоқ жерден керемет қалалар бой көтерді, сапалы жолдар салынды, әлеуметтік қамсыздандыру бойынша ең үздік стандарттар енгізілді. Арада тағы 20 жыл өткенде даму және өмір деңгейіне қатысты Әмірліктер күллі әлемнің көшбасшысына айналды. Бүгінгі таңда осы елдің әр жетінші азаматы долларға шаққанда миллионер болып табылады. Біреу осы айтылғанды таңғажайып, ешкім сенбейтін жағдай деуі мүмкін. Бірақ мен үшін таңдай қағатындай ешнәрсе жоқ - осылай болуы керек, яғни бай елдің азаматтары бай болуы - табиғи заңды құбылыс. Ал керісінше болғаны, жаға ұстатарлық таңғажайыптың «көкесі» дер едім.

- Бірер ай бұрын Дариға Назарбаева парламенттің күзгі бас қосуында дүр сілкіндіреді-міс деген болжам жасалған еді. Керісінше президенттің қызы «елдегі әртүрлі қанды оқиғаларға бола, үкіметті ауыстырудың қажеті жоқ, одан да Арқанкергенге барып, шекараны шолып қайтуға, табиғаты тамаша застава маңында демалып қайту да артық емес» депті. Елдегі қазіргі саяси жағдай «демалып қайтуға» лайық деп ойлайсыз ба?

- Демалысты қоя тұратын заман әлдеқашан келді. Асыра тоқмейілсудің де қисыны шамалы. Өмірдің бәрі той өткізіп, салтанат құрумен шектелмейтінін соңғы он айда болған қанды оқиғалар көрсетті. Мұның бәрін Алланың ескертулері деп түсінген абзал, әрі одан қорытынды жасамаса, жіберген қателіктерді болдырмауға күш салмаса, іс насырға шабатыны анық.

Өмірдің өзі саясат қой. Бұл тұрғыда «сіз саясатпен айналыспасаңыз, саясат сізбен айналысады» деген нақыл жиі айтылады. Әдетте осы нақылды біз қарапайым халыққа қатысты қолдануға бейімбіз. Алайда мемлекет деңгейінде орын алған олқылықтарды мойындап, ондайларды дер кезінде шешіп отыру - бұл да саясат. Олай болса, саясаттағы немқұрайлылықпен айналаға көз жұма қарау - қарапайым халыққа да, билікке де кешірілмейтін мәселе.

- Таяуда Атырауда экс-әкімге бола жік-жапар әңгіме шыққанын білесіз. Ақыры Нұрлан Нығматуллин бастаған топ «президенттің тапсырмасымен келдік» деп, Бергей Рысқалиевті қорғаған топтың аптығын басты. Осы жәйтті қалай саралауға болады?

- Негізі - өте қауіпті үрдістен белең алып отырғанға ұқсайды. Әйтпесе, жалғыз ғана облыстың, оның өзінде сайланған емес, тағайындалған әкімнің жұмыстан босатылуына байланысты сонша кикілжің туындай ма? Бұл тұстағы себептер қатарында, меніңше жоғары мансаптарға тағайындауларда жариялылықтың жоқтығын атауға болады. Кім нендей жетістіктері үшін осындай мәртебеге ие болды, өңірді көтеруге қатысты оның қандай да бір бағдарламасы бар ма, өркениетті мемлекеттерде міндетті түрде қойылатын сұрақтар бізде әдетте жауапсыз қалады. Есесіне жиі еститініміз, жалғыз ғана «президенттің тапсырмасы бойынша». Бірақ бұл жеткіліксіз емес пе? Екінішіден бірізділіктің жоқтығы. Қазір белгілі болып отырған былықтар тек Атырауда орын алды, қалған аймақтарда жағдай судан таза, сүттен ақ дегенге кім сенеді? Әлбетте кез келген, әсіресе жауапкершлігі мол мансап бақылауды талап етеді. Бірақ біздің жағдайда әкімді тағайындаушы Астана алыс, ал жергілікті мәслихат, жекелеген атқамінерлер қауқарсыз, қайта әкімге тәуелді. Мұны да негізгі себептердің біріне жатқызуға болады. Әрине, орталық пен аймақтар, қала мен ауыл арасындағы өрескел айырмашылық та ескерусіз қалады. Әсіресе осындай жағдай еліміздің негізгі байлығын өндіріп отырған батыс облыстарға тән және елдің біркелкі дамуына, өзара реніш пен қарама-қайшылықтардың туындамасына кепіл бола алмайды. Және соңғысы, тек басқаға сілтей бермей, өзімізден көрген де жөн шығар. Меңзеп отырғаным, әсіре момындығымыз, заңды құқықтарымызды қорғай алмауымыз, азаматтық белсенділіктің жетіспеуі, т.б. Кей кездері әкім-қараларға байланысты ел аузында жүрген мынадай пікірді естіп қалатынымыз рас : «мемлекеттік ақшаны жымқырған да шығар, несі бар екен, бастысы қала не облысты дамытуға да үлес қосты ғой. Әлдебіреулер оны да жасамайды, ойлағандары - өзінің қара басы. Қайта сонысына тәубә». Осыдан-ақ жемқорлық атаулының қанымызға қаншалықты сіңіп қалғанын көреміз.

- Биылғы күзгі-қысқы саяси науқанда Қазақстан оппозициясы әлдебір дәрмен көрсете ала ма?

- Рас, оппозицияға, зайырлы, демократиялық оппозицияға тағылып отырған мін аз емес. Оның негізі бар да шығар. Десе де, пайымдауымша, бүгінгі оппозция өзінің отансүйгіштігін, халқымен бірге екенін, қоғамды мазалаған дерттерді өркениетті жолмен шешуге ынталы екенін шама-шарқынша дәлелдеді. Талай рет ескертті де, айқайлады да, сөйтіп жүріп қысымға ұшырады, бас бостандығынан айырылғандары аз емес. Сонда мін кімнен, ақылға шақырғандардан ба, әлде әділ сөзге құлақ аспағандардан ба?

Осылай жалғаса берсе, күндердің бір күнінде өркениетті оппозицияның орнын өктем және асыра сілтеуші күштер иеленбесіне кім кепіл? Мен үшін анығы біреу - жақын жылдарда еліміздегі ең шешуші рөлге жастар, негізінен 17-27 жастағы азаматтарымыз иелік етеді. Олардың қатарында қараусыз қалған, жұмыссыздық пен қоғамдағы әділетсіздіктен басқа да қиыншылықтарға ұрынып ашынғандары аз емес. Рас, тиісті білім алып, аяғынан тік тұрып кеткен жастар да аз емес. Бірақ олар да ел мен жер тағдырына толғанбай, барына толық қанағаттанып отыр деп санамаймын. Басты мәселе - осы жастарымыз кімнің немесе нендей құндылықтар мен мүдделердің жетегінде кететіндігінде.

Бақытгүл МӘКІМБАЙ,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 30 (158)  06 қыркүйек 2012 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415