"Росатом" Қырғызстанда АЭС салмақ
Ресейлік корпорация Қырғызстанда қуаттылығы аз АЭС салумен қатар, ядролық инфрақұрылымды да дамытуды көздеп отыр. Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы мен Қырғызстанның Энергетика министрлігі арасында Қырғыз Республикасында қуаттылығы аз атом электр станциясын салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
Құжатқа «Росатом» бас директоры Алексей Лихачев пен Энергетика министрі Досқұл Бекмырзаев қол қойды. Тараптар RITM-200H реактор блогы негізінде атом электр станциясын (АЭС) салуға мүдделі. Меморандумда сонымен қатар Қырғызстандағы ядролық инфрақұрылымды дамыту және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану үшін ғылыми-техникалық кадрларды даярлау мәселелері де қарастырылған.
"Бүкіл әлемде экологиялық таза энергия көздері өте маңызды. Қырғызстан бұл салада шет қалғысы келмейді. "Росатоммен" ынтымақтастық еліміздің энергетиканы, экономиканы және өнеркәсіпті дамытуға көмектеседі деп сенеміз", - деді вице-министр Тілек Айталиев.
Лихачев Қырғызстанда атом электр станциясы сияқты нысанның болуы елді электр қуаты жағынан тәуелсіз етіп қана қоймай, бүкіл Орталық Азия аймағындағы ғылыми жобалардың санын көбейтетінін айтты.
Abai.kz