Сенбі, 23 Қараша 2024
2814 3 пікір 31 Қаңтар, 2022 сағат 14:52

Маңғыстауда жаңа мұнай кені табылды

Маңғыстау облысындағы «Өзен» кен орнында жаңадан мұнай кен орындары табылды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (ҚМГ) баспасөз қызметі хабарлады.

«Маңғыстау облысындағы Өзен кен орнынан жан-жақты барлау барысында жаңа мұнай шоғыры табылды. Осының нәтижесінде шығарылатын мұнай қорының өсімі 39,9 млн тоннаны құрайды. Көмірсутек қорының өсімі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ экономикалық көрсеткіштеріне елеулі әсер етеді»,- деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (ҚМГ) баспасөз қызметі.

ҚМГ нақтылағандай, 2017 жылы Ұлттық компанияның, сондай-ақ «Өзенмұнайгаз» АҚ, «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС және Ақтаудағы «ҚМГ Инжиниринг» филиалының геологтар тобы Өзен кен орнын барлаудың егжей-тегжейлі бағдарламасын жасау үшін бастама көтерді.

«Осы бағдарлама шеңберінде 2017-2021 жылдары ішінде жоғары көрсеткішті сейсмобарлау 3D түсірілімі (368 шаршы км) жүргізілді, барлық ұңғыма қорына қайта талдау жасалды (7500-ден астам), геологиялық тұжырымдамасы қайта қаралды және геологиялық 3D-үлгісі қайта құрастырылды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде кен орнының құрылымы нақтыланды және жаңа мұнай шоғыры табылды. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша Өзен кен орнының мұнай қоры 8%-ға ұлғайды, бұл өз кезегінде шығарылатын қордың 39,9 млн тоннасын құрап отыр», - деп жазылған хабарламада.

2021 жылдың соңында көмірсутектердің нақтыланған көлемін Қазақстан Республикасының Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссиясы балансына алған.

«Қазіргі уақытта жаңа қорды есепке алу және оларды өндіруді жоспарлау мақсатында кен орынды игеру жобасына түзету енгізілуде»,- деп мәлімдеді ҚМГ.

«Өзенмұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100 пайыз еншілес компаниясы. 2020 жылы кәсіпорынға Қазақстандағы мұнай және газ конденсатын өндіру құрылымында 6%-ы тиесілі болды. Кәсіпорын Маңғыстау облысындағы Өзен және Қарамандыбас кен орындарында мұнай және газ конденсатын өндіреді.

Өзен кен орны – Қазақстан Республикасында ғана емес, сонымен қатар әлем бойынша бірегей бастапқы геологиялық қоры бар ең ірі кен орындарының бірі болып табылады. Бұл құрылымы күрделі көпқабатты кен орны, оның мұнай мен газ шоғырлары юра-бор шөгінділерінің терригендік бөлінісінде орналасқан.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357