Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3306 0 пікір 14 Қыркүйек, 2012 сағат 15:04

Нұртас ИМАНҚҰЛ. МЫЛҚАУ ҚАЗАҚ

Мылқау қазақ - бөгде, өгей қазақ. Орысша немой қазақ - не мой, чужой қазақ. Менің үшінші опусым «Күпірлік. Қашанға дейінді?» ешқандай басылым жарыққа шығармады, мүмкін интернетте «кезіп» жүрген шығар, мен байқамадым. Кейінгі кезде Жаңаөзен, Арқанкерген оқиғалары, олимпия ойындары өтіп, ең маңызды мәселе - қазақ тілі тағдыры көлеңкеде қалып қойды. Мен сол опустың қысқаша мазмұнын кейбір толықтырумен ұсынып отырмын.

Қазақстанда жиырма жыл бойы қазақ тілі мен рухына деген «қарғыс» елесі кезіп жүр. Ана тілі толыққанды қызмет ете алмай қазақ өз жерінде жат, бөтен, өгей, зомбиланған, виртуалды дүниеде, тілдік надандық жағдайында өмір сүруде. Біздің орыстілді билікке қазақ ұлтының мүддесі көк тиын. Өзінің ана тілінсіз, өз тағдырының ырқы өзінде болмай қазақ рухани жат дүниеде тіршілік етуде. Тек Қазақстанда ғана «элита» деп мемлекеттік тілді білмейтін министр, депутат, әкім-қараны, миллионерді айтады, мойындайды.

Мылқау қазақ - бөгде, өгей қазақ. Орысша немой қазақ - не мой, чужой қазақ. Менің үшінші опусым «Күпірлік. Қашанға дейінді?» ешқандай басылым жарыққа шығармады, мүмкін интернетте «кезіп» жүрген шығар, мен байқамадым. Кейінгі кезде Жаңаөзен, Арқанкерген оқиғалары, олимпия ойындары өтіп, ең маңызды мәселе - қазақ тілі тағдыры көлеңкеде қалып қойды. Мен сол опустың қысқаша мазмұнын кейбір толықтырумен ұсынып отырмын.

Қазақстанда жиырма жыл бойы қазақ тілі мен рухына деген «қарғыс» елесі кезіп жүр. Ана тілі толыққанды қызмет ете алмай қазақ өз жерінде жат, бөтен, өгей, зомбиланған, виртуалды дүниеде, тілдік надандық жағдайында өмір сүруде. Біздің орыстілді билікке қазақ ұлтының мүддесі көк тиын. Өзінің ана тілінсіз, өз тағдырының ырқы өзінде болмай қазақ рухани жат дүниеде тіршілік етуде. Тек Қазақстанда ғана «элита» деп мемлекеттік тілді білмейтін министр, депутат, әкім-қараны, миллионерді айтады, мойындайды.

Жванецкий қазақтардың орыс тілін жақсы сөйлеуіне таңданса, мен қазақтың қазақ тілін нашар білетініне жылағым келеді. Ресейде әйгілі бір адам (Абдулов, Гурченко, Капица) өмірден озса - бәрі ұлылардың қатарына кіреді, өйткені олар орыс тілінде Ресейдің, орыстың рухын асқақтатты. Ал Қазақстанда мемлекеттік тілді білмейтіндер (Б. Сыздықова, Ғ. Қасымов, Д. Әшімбаев, Д. Сатпаев) теледидар экранында бір-екі рет жылтылдаса - бірден қоғам қайраткерлері, «политолог» болып шыға келеді.

Кейінгі кезде қазақ тілді қазақ  П. Своиктің мына айтқан сөзіне өкпелеп жүр: «Егер тақысфеодалдық тіл саясатын қазіргі шындық көрінісімен айтсақ, Қазақстанда мемлекеттік тіл - орыс тілі болып табылады. Сонымен бірге бұл - орыстілді қазақ элитасының арқасында қайтымсыз үрдіс. Қазақ тілін, осы шындық аясында ерте ме, кеш пе орыс тіліндей екінші ұлтаралық қатынас тілі деңгейіне айналдыруға тура келеді. Бұл мектепте тілді шынайы оқыту, депутаттыққа кандидаттар, министр және мемлекеттік орган жетекшілерінен қостілдікті талап ету арқылы жүзеге асырылуы қажет. Тек осы жолмен ғана қазақ тілін екінші мемлекеттік тіл деңгейіне көтеруге болады». Тамаша айтылған. П. Своиктікі абсолютті шындық. «Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме».

Тіл - ұлт геномы, коды, тіл - билік, мемлекеттік қауіпсіздік, үлкен саясат. Қай тілде сөйлесең, сол халықтың рухы, пәрмені үстем етеді.

Қазақ тілді интеллигенциямыздың бытыраңқылығы, басының бірікпеуі, кеудомсоқтығы, қорқақтығы, бейқамдығы, шорқақтығы, сатқындығы мемлекетімізде мемлекеттік тілдің салтанаты үшін күреске бірігуге кедергі болып жүр. Бас басына би болған өңшей қиқымбыз. Тіл үшін күресу керек. П. Своик биліктің  мемлекеттік тілге түкіргенін, ал қазақ тілділердің қауқарсыздығын дөп басып айтып отыр.

Алла Тағала Бабыл мұнарасын қиратқанда ұлттық тілдерді мәңгі етіп, ал тарихтағы әлем тілі (грек, латын, ағылшын, француз, испан) деп аталатындарды өткінші, уақытша етіп қойған. Барлық әлемдік, ұлы (ұлттық тілдердің бәрі - ұлы тілдер) тілдер деп аталатындар - ағылшын, қытай, испан, орыс тілдері - «варвар», «жауыз» тілдер, өйткені олар барлық жерде үстем болғысы келеді. Қазір әлемде ағылшын тілі үстем етуде, бірақ АҚШ-тың әлсіреуімен келешекте оның орнына қытай немесе испан тілі келуі мүмкін. Тәжіктер дұрыс айтқан: «екі жүз тіл білсе де, өз тілін білмеген адам - надан».

Қостілдік аз болғандай, енді үштілдік деген үрдіс өріс алуда. Бұл - қазақты тіл арқылы тағы бөлу. Тіршілікте қажеті шамалы ағылшын тілін күштеп тықпылау ана тілін оқытуға кедергі жасайды, жас баланың миын ашытады.   Бірегей ұлт ең алдымен өз ана тілі, меншік тілін жетік білуі керек. Үндістан тәуелсіздігін жариялағаннан соң арнайы комиссия 1948 жылы мынадай тұжырым жасады: «ағылшын тілін қолдану халықты екі ұлтқа бөлді, билік жасайтын аз топ және оған бағынатын бөтен тілде сөйлемейтін көпшілік, бұл екі ұлт бір-бірін түсінбеді». Тіл туралы Дэвид Кристалл : «Ұлтты құрдымға кетіру үшін қостілдікті енгізсе жеткілікті» депті. Данышпан Әбубәкір былай жазған: «Кім екі тілде сөйлесе, ол екі Құдайға сыйынады». Өзі қазақ болып тұрсада орыс мектебінде оқитын бала санасында мына пікір қалыптасқан: «қазақпен салыстырғанда орыстар неғұрылым білімді, неғұрылым мәдениетті».

XXI ғасырда, техника, интернет заманында қазақ тілін үйрену қиын деп айту күлкілі жағдай. Аты «танымалы» Марианна Гурина тіпті ультиматум («Дат» № 23, 30.05.2012) қояды: «Маған сеніңіз, әрқайсымыз қазақ тілін білгіміз келеді, бірақ бұл қиын. Әрине біз тырысамыз, бірақ, егер барлық іс қағаздар қазақ тілінде болса, әлбетте, біз көшіп кетуге мәжбүрміз. Бұл елімізді әлсірету, шығындату емес пе? Меніңше, нашарлату. Халықтар достығы туралы және сонымен бірге біздің көпконфессионалдығымыз туралы дақпырт көкке ұшпай ма?».

Қазақстанда ешкім орыстарды қазақ тілін үйрен деп мәжбүрлеп жатқан жоқ, Марианна, жүз жаса, жүз жыл үйренбе, «осы бетіңнен танбай» жүре бер. Барлық мәселе қазақ болмысы, мәдениетінің негізгі арқауы болып табылатын қазақ тілі арқылы қазақтардың өзін қазақтандыру, қазақтықты сақтап қалу! Қазақтар ең алдымен отарсыздануды тезірек жүзеге асыру керек, жоғалтқан ұлттық бірегейлікті қалпына келтіруіміз керек. Қазақ рухани құлдықтан арылуы керек! Мәселенің бәрі қазақ билігі мен «қара орыстарда». Біз әлі ана тіліміздің толыққанды қызмет еткен кезеңіне жеткен жоқпыз. Өркениетті ұлт ретінде ана тілімізде қызмет етсек көптеген  мәселелер өз шешімін баяғыда табар еді.

Орыс тілі қандай қуатты тіл болғанымен - қатардағы тілдердің бірі, қазақ тілінен асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Орыс тілінде іс жүргізу  қазақтардың әлеуметтік бейімділігін (мобильдігін) тежейді, егер бәрі қазіргідей орыс тілінде жүре берсе, ғылым, саясат, экономика мен технология қазақ тілінде дамымаса, Қазақстан интеллектуалды-әдеби провинцияға, моралдік жағынан ескірген сапасыз, Ресей тауарларының өтім аймағына айналады, айналып жатыр.

Қазақ қалай тыраштансада орыс және ағылшын тілдерінде орыс пен ағылшыннан артық ештеңе жасай алмайды. Қазақстандағы барлық мектеп, жоғары оқу орындары қазақтарға қазақ тілінде білім беруі керек. Барлық ұлы, өркениетті халықтар - еврей, орыс, қытай, жапон және т.б. ғылымды өз тілдерінде жасайды, онсыз болмайды. Елбасының қанша жылдан бері «алдымен экономика, содан соң саясат» деген стратегиясы және тұрақтылықты әйтеуір ұстап тұру әдісі - бұл қазіргі орын алып тұрған жағдайды консервациялау болып табылады.

Орыс тілін тамаша игеріп алған біз қазақ-орыс менталитетін, ділін, жанын жақсы түсінеміз. Орыстардың өз ана тілін қалай сүйетініне мен қызғанышпен қараймын. Біз қазақ ана тілін сүюді, сыйлауды орыстан неге үйренбейміз?!

Бердяевтің пікірінше, ұлы орыс халқы империялық халық, Ресей - әлемдегі  ең мемлекеттелген және ең бюрократталған ел, онда барлығы, тіпті Әлемдік Христос шіркеуіне дейін мемлекет меншігінде, ұлттандырылған, бәрі саясат құралына айналдырылған. Орыстық ұлттық ой-сана Ресейді Құдай таңдаған (еврейлер сияқты) және Құдай жолымен жүреді деген сезіммен бітімделген; орыстар  - көзіңді шығарғанның көзін шығар, тісіңді сындырғанның тісін сындыр, кім бізбен болмаса, ол бізге қарсы, біздікі және өзгелер, қызылдар мен ақтар және т.б. қағидаларды ұстанады. Бұрынғы КСРО халықтары - эстондар, грузиндер, украиндар, қазақтар, бәріміз Ресейді, орыстарды сыйлаймыз, орыс жанын, тілін, ділін түсінеміз, бірақ түсінбейтін бір жайт бар. Ол - орыс әдебі. Орыстар теңдікті мойындамайды, олар primus inter pares - первыми между равными - теңдердің арасында бірінші болғысы келеді.

Орыстар ТМД халықтарының жанды жеріне, тіліне қол сұға береді - кәне хохол, ара, казаченок! - Пушкин мен Путин тілінде сөйле, мен сенен артық жаратылғанмын, сенен ақылдымын, кім орысша сөйлемесе, «ұрдым, ұрамын, ұра беремін» дейді. Матушка-Ресейді ақылмен түсініп болмайды, жалпы аршинмен (кезбен) өлшей алмайсың. Орыстар дүние жүзінде қуатты мемлекет орнатты, Құдай орыстарға орасан (әлемде бірінші) жер берді. Айта кетейік, Алла Тағала қазақтың да несібесін берген, тек тіліміз келмей жатыр.

Бердяевтің тағы бір айтатыны: адамның ұлты - әрбір жеке болмыс сияқты мистикалық, иррационалдық, тылсым дүние. Кім өз халқын сүймесе, кімге оның нақты бейнесі сүйкімді болмаса, ол адамзатты сүйе алмайды және оған адамзаттың да нақты бейнесі сүйкімді бола алмайды. Абстракциялар абстракцияны туындатады. Ұлттық, ұлты бар адам тек жай ғана адам емес, онда жалпылық адам тегі белгісі мен меншікті-ұлттық белгісі бар.

Ұлт дегеніміз өтпелі тарихи функция емес, ол динамикалық субстанция, өз тамырын өмірдің тылсым тереңдігіне жаяды. Тарихта бәрі танылмастай өзгерседе, орта ғасырлық қазақ пен XXI ғасырдағы қазақ жаны - сол бір қазақи ұлттық жан. Қазақстанда қазақ, орыс, кәріс, өзбек және өзге де ұлыстардың бауырластығы мен бірлігін тілеу, сақтау маңызды, бірақ қазақ рухын, тілін стагнацияға ұшыратуға жол жоқ.

Қазақ билігіне, мәңгүрт-қазақтарға ешқандай уәж, дәлел қолқа емес, олар мылқау, саңырау, халық рухынан аластаған, бар билік президент аппаратында, ол «шөп қорыған ит» сияқты, өздері тіл мәселесін шеше алмайды және өзгелерді, халықты жолатпайды, олар үшін қасиетті ештеңе жоқ. Ұлы қазақ халқының тілін құрбандыққа шалуға болмайды, қазақ тілі - Алла Тағаланың сыйы, қазақ өмірі, жаны,санасы, рухы, парасаты, ауасы.

Қасиетті Құранды, Інжілді ашыңдар, оқыңдар.

«Алланың көктер мен жерді жаратуы, адамдардың тілдері мен түстерінің алуан түрлігі. Оның тағылымының белгілері. Шәксіз бұны түсінгендерге ғаламат бар». Құран, Рұм, 30:22.

Norma normans non normata - норманы (ережені) нормалайтын, бірақ нормаланбайтын Інжілді, Жохан жазған Ізгі хабарды оқиық: «Әуел баста Сөз болатын, Сөз Құдайда болатын, Сөз Құдай еді. Сөз әуелден-ақ Құдайда болатын. Құдай бәрін Сөз арқылы жаратқан, жаратылған ештеңе де Онсыз пайда болмаған. Сөз өмірдің бастауы болған. Сол өмір адамзат үшін Нұр еді. Нұр түнекте жарқырайды, ал түнек Нұрды жеңе алған емес». Демек, Сөз (тіл) дегеніміз - Құдай, Бастау, Өмір, Нұр, Құдаи даналық екен. Бұл жойқан Ақиқатты орыс, араб, грузин, эстон, түрік, дүниенің бүкіл өркениетті халықтары біледі, бірақ қазақстандық интеллигенциясы деп аталатындар мен қазақ билігі біле алмайды және білгісі келмейді.

Әлемнің ең бай тілдерінің бірі - қазақ тілі кеңестік тіл саясатының «арқасында» және тәуелсіз Қазақстан билігінің быламығының «нәтижесінде» «қырсыққа» ұшырады. КСРО-да ең басты идеолог, тіл маманы Сталин болды, осындай тіл саясаты қазір кейбір ТМД елдерінде көрініс табуда. Гегель кезінде айтып кеткен, Шығыста бір-ақ адам еркін, ол - деспот (озбыр) басшы. Қазақстанда қазақ тілінің тағдыры президент пен президент аппаратының қолында. Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстанда да сол елдердің президенттерінің білімділігі мен біліктілігіне тәуелді. Белорустың президент - агрономы, украиндық фамилиясы бар Лукашенко белорус халқының бірегей тілін құрдымға жіберді. Белорустарға жаның ашиды, белорус тілі орыс тілінің бір диалектісі болып қалуы мүмкін. Белорустық фамилиясы бар украин президенті Янукович тіл мәселесінде шегініс жасап, Ющенко мен Тимошенконың еңбегіне зая келтіруде. Әлбетте, украин ағайындарға қазақпен салыстырғанда қиындау, ауырлау. Орыстанған украиннің саны орыстанған қазақтан едәуір көп, сонымен бірге орыстармен бір нәсілдес, бір менталитет, тілдері ұқсас және т.т.

Бізде, Қазақстанда президенттің «халыққа жолдауы» әр тілде әртүрлі түсіндіріледі («Егемен Қазақстан»: 27.01.2012): «Мемлекеттік тілді жоспарлы түрде дамыту орыс тіліне нұсқан келтіру арқылы жасалмайды. Бұл мәселені қашанғы айта береміз? Бізге мемлекеттің болашағы мен келешегі, дамуы үшін не керек? Ел ішінде тыныштық керек. Мемлекеттік сыртқы саясаттағы басты қажетті нәрсе - ол көршілермен тату болу. Егер осы екі нәрсе болмаса, мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады. Осы тақырыпты жалаң сөзбен жетелеп, ерттеп мініп алып, елді үркітіп-қорқытып, Қазақстаннан көшіріп жіберу біздің мақсатымызға кіре ме, жоқ па? Бәрі де өздігімен келе жатыр. Қазақтың тілі мемлекетпен бірге өсіп-өркендеп келе жатыр. 2020 жылға таман халықтың 95 пайызы қазақтың тілін білетін болады. Мектепте сабақ беріліп жатыр. Ендеше, үсті-үстіне қамшылап, елді дүрліктірудің қажеті жоқ. Ол Қазақстанға пайдалы емес».

Менің қарапайым түсінгенім: «Қазақтар мен орыс тілін жәбірлеуге жол бермеймін. Маған тиіспеңдер, мазаламаңдар. Сендерге тілді кім бермей жатыр, керек болса үйреніңдер. Бәрі жоспарлы түрде жүріп жатыр, қазақтың саны өсуде, шыдаңдар, тіл-тіл деп шуламаңдар, көршімен тату болу керек, өйтпесе бәрі бардак болады. Қазақ, сен менің даналығымды кейін бағалайсың, мен кеткенде. Мен тұрғанда, өз тіліңді құлағыңды көре алмайтындай көре алмайсың». Сонда барлығы - тұрақтылық, өркендеу, мемлекет болу - бәрі тілге тіреліп тұр екен ғой!

Қазақтар, келіп қалдық! Тұрақтылық үшін тілді құрбандыққа шалу керек екен! Мұндай жағдай тек Боратстанда болуы мүмкін. Қазақстан халқы ассамблеясында елбасы мына бір сөз орамын айтып қалды: «Егер 100 қазақ және 5 орыс отырса, бәріміз орысша сөйлеп кетеміз. Біз забитый (ұрылған, жаншылған, езілген, қорлықта жүрген, жасыған) халықпыз». Расында, «забитый» -  халық емес, «элита», президент аппараты, билік.  Шындығында да Алла Тағала Назарбаевты сүйеді, ыхласы түскен, оған «забитый», заң сыйлайтын, момын, өте толерантты, төзімді, өз тіліне парықсыз халықты берген, соңғы олимпиада да жеті алтын медаль сыйлады, алайда, бірде-бір медаль алмаған израильдік пен австриялық құр қалсада, өздерінің ұлылығын жоғалтқан жоқ қой!

Әрине, ұлы адамдар ұлы қателіктер жібереді. Жиырма жыл бойы қазақ бірегей, өркениетті ұлт ретінде өз ана тілін мойындамаса, - бұл биліктің, елбасының саясатының жемісі.

Енді президенттің «халыққа жолдауының» орыс мәтініне келейік («Казахстанская правда», 27.01.2012): «Одной из этих ценностей и главным преимуществом нашей страны является многонациональность и многоязычие. Государственным языком согласно нашей Конституции является казахский. Наравне с ним в государственных органах официально употребляется русский. Это нормы нашей Конституции, которые никому не позволено нарушать. Планомерное развитие казахского языка не будет происходит в ущерб русскому».

Иә, әрине, орыс тілі - Ресей мен Белоруссиядан өзге, Қазақстанда мығым қорғалған тіл. Іс жүзінде Қазақстан тілдік кеңістікте - Ресейдің үлкен губерниясы. Қазақстанда 2756 басылымның қазақшасы болғаны - 453, ал орыс тілінде - 2303! Оған Ресейден келетін, әрине, орыс тілінде 5248 газет пен журналды қосыңыз! Барлық алпауыттар, бай акулалар «Самұрық-Қазына», «Қазақтелеком», «Қаз-Мұнай-Газ», «КазАгро» теледидар, радио, интернетті айтпағанда, негізінен орыс тілді басылымдарды қаржыландырады. Орыс тілі, орыс рухы қазақтарды қылқындырып жатыр. Осындай жағдайда, күн кешуде қазақ тілі қалайша дамиды, өмір сүреді?! Петр II мың мәрте дұрыс айтады, Қазақстанда де юре және де факто мемлекеттік тіл - орыс тілі, бұл «орыстілді қазақ элитасының арқасында қайтымсыз үрдіс». Барлық нантабар жерде, шешуші орындарда - бұрынғы кеңестік партия қызметкерлерінің үрім-бұтақтары отыр. Оларға тіл, руханияттың қажеті шамалы - олар қазақ коммунизмінде өмір сүруде.

Данышпан Абай Гегельмен үндес. Абайдың қырық бірінші сөзін оқиық: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек: әуел - бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек; екінші - ол адам есепсіз бай боларға керек». Абайдан мен үрейленіп кеттім, демек, қазақтың келешек президентінің бәрі билеп-төстеуші, әрі миллиардерлер болуы керек екен?

Бельгердікі дұрыс, саясаттанушы, экономист, ақын, математиктерді тыңдағаннан гөрі философтарға құлақ асу керек, ол Платонмен үндес: «мемлекетті философтар басқармайынша, немесе қазіргі таңдағы елбасылар және патшалар жан-жақты және түбегейлі философтар сияқты ойламағанша, сол кезге шейін мемлекет те, адамзат тегі де мүшкілдіктен азат бола алмайды». Маған белгілісі, адамзат тарихында мына қағида үстемдік етіп келеді: «философтың ақыл-кеңісін тыңда, бірақ бәрін керісінше істе, сонда сенікі дұрыс болып шығады».

Президент Көшербаевты кеңесші етіп тағайындағанда мен қуанып едім, білгір, парасатты адам келді, енді Ертісбаевты орнын босатады деп. Кейінгі айлардағы арпалыс оқиғалардан кейін Ерекең үндемей қалып еді, әнеукүні бір сандырақты айтты: «бізде күшті оппозиция жоқ, әлсіздермен емес, тек күштілермен сөйлесуге болады». Бұрынғы КПСС тарихшысы, «нұрсиянин, нұршуақ, бұлбұлға да айқын нәрсе: Путин, Назарбаев, Кәрімов, Әлиев, Лукашенко режимінде оппозиция туралы сөз айтуға бола ма, асылық, бұл жүйеде оппозицияның болуы мүмкін емес. Оппозиция, оппозициядамын дейтіндерге рахмет айту керек! Қазақстанда шынайы оппозиция тек қазақтілділер мен жұмыссыз жүрген жастар. Иә, Ертісбаевтың айтар ештеңесі қалмады, бұлбұл сайрайды, ол қызықсыз, тек пенсияға кеткенде құнды, міне сонда ол керек, өйткені ол мол ақпарат иесі!

Н. Ерімбетов, ФНБ «Самұрық-Қазына» әлеуметтік бірлестік орталығының директоры, «орыс жігіті», «саясаттанушы», Қазақстанда байымаған, жолы болмай жүргендердің бәрі ол үшін аутсайдерлер, сандалбайлар, өзі конкурентный, табысты, бес жерде (қазір үш) жұмыс істейді, қазақстандық паспорты бар біздің даңқты олимпияшылдарды гастарбайтерлер деп атайды, «Ашық студия» хабарын жүргізеді - жеті қазақ, жеті чукча орыс тілінде бір мәселені қызу таласып әлек. Жалпы бізде, қазақта намыс жоқ, ұлылық жоқ. Теледидар, радио, БАҚ, бәрінде орыс тілді хабарды, логика бойынша, қазақ еместер жүргізу керек емес пе. Өз ана тілінде емес, орыс тілінде хабарды жүргізуге қазақ ұялу, намыстану керек. Ресейде татар, шешен тілінде хабар жүргізетін орысты кездестіресіз бе?!.

Біздің белсенді-депутат, блогер Тінікеев шахтерлерге қазақ тілінің керегі не деп айқайлап жүр. Кім шахтерден қазақ тілін талап етіпті? Сен депутат, мемлекеттік қызметте отырып мемлекеттік тілді сыйламайсың, жиырма жыл болды қазақша екі сөздің басын құрай алмайсың!

Ең білімді министр Жұмағұловтың жағырапиядан білімі шамалы-ау, сөз сөйлегенде «Чимкентская область» дейді, ондай обылыс жоқ қой. Жұмағұлов министр болғалы жиналыстың көбісі негізінен орыс тілінде жүретін болды. Біз Буштың ойына келгенін айта  салатынына күлуші едік, ал біздің шенеуніктер одан қалысар емес, олардың қателіктерін түзетіп жүрген БАҚ-тың сауатты журналистеріне рахмет айтулары керек.

Олжас көкеме тиіспесем болмайды. Көп адам маған сен кімсің, атақты О. Сүлейменовті сынай бересің дейді. Қазақ советтік Маяковскийдің еңбегін ешкім жоққа шығармайды. Ол бір деңгейде қалып қойды, абстрактты, «әлемдік» мәселелерді көтергісі келіп, нақты ештеңе айта алмайды. Ең көңілге тиетіні, орыстілді қазақтар үлкен мінбелерді, БАҚ-ты пайдаланып, менторлық кейіппен халыққа ақыл айта береді. Егер ол шын мәнінде қазақ ақыны болса, жиырма жыл бойы ағартушылық жұмыс, қазақ тіліне жанашыр болып, ең болмағанда ата-бабасының тілінде жазуға тырысар еді. Ал оның айтып жүргені: «Язык не данность от отца и матери (ата-анадан берілмейді екен) Язык в своем тысячелетнем существовании потерпел тысячи контактов, от этого стал ярче, богаче, и любой патриот своего языка должен стремиться к такому многообразию контактов». Енді не деуге болады.

Кейінгі кезде тек паспорты бойынша қазақ болып саналатындар қайтадан қоғамды дүрліктіріп жүр. А. Азади мен Д. Назарбаеваға «Алматыдан» «Алма-Ата»  көп ұнайды екен, өйткені құлаққа сүйкімді естіледі. Алматының атауын өзгертемін деп жүрген орынбасар әкім С. Сейдумановты өркениетті мемлекетте сол мәселені көтергені үшін жұмыстан қуатын еді. Орыстілді қазақтар, мәңгүрттер «Алма-Ата», «Иртыш», «Тобол», «Караганда», «Чимкент», «Петропавл», «Павлодар» және т.б. атаулар қазақтың намысына, өзіндік санасына ауыр тиетінін түсінбейді. Ресейде, шет елдерде қалай атаса, солай айта берсін, олардың құқы, тіл заңдылықтары. Ал, Қазақстанда барлық қазақ фамилиялары, атаулары қазақ транскрипциясында айтылып-жазылуы керек! Қазақта Джаксыбеков, Кулибаев жоқ, Жақсыбеков, Құлыбаев бар. Барлық министрліктерде, әсіресе, темір жол министрлігінде темір жол билеттерінде қайтадан, ескіше «Чимкент» болып жазылып жүр.

Қазақ әліпбиі көптен бері ішінара реформаны қажет етуде, Д. Елдесов, Б. Нұржекеұлы ақылға қонымды пікір айтып жүр. Кирилл жазуында бола тұрып, 9 әріп - ё, ь, ъ,ч, ц, щ, э, ю, я алып тастау керек. Қазақ тілінде  ч, ц, щ, э, ю, я әріптері бар және олардан басталатын сөздер аз. Сонда, орыс әліпбиі сияқты 33 әріп қалады, ал қазақтың 9 әрпі - ә,ғ, қ, ң, ө, һ, ұ, ү, і клавиште, компьютерде алынған орыс әріптерінің орнын басады. Осы 9 әріпті оқып жаза алмайын қазақ, қазақ емес - мылқау!

Қайтадан ұсынамын: Қызылорданы Алтынорда немесе Сыркент деп ауыстырса, өйткені қызыл, қанды ордадан Алтын орда артық емес пе. Бәріміз Алтын ордадан шыққанбыз, қазақтың тарихи естелігі.

Петропавловск - Қызылжар (Красноярск), Павлодар-Ақертіс (Белоиртышск), бұл Ақтөбе, Ақтау, Ақкөл сияқты болар еді.

Дін құрыса - тіл сақтайды, тіл құрыса - үн сақтайды, үн құрыса - діл сақтайды, діл құрыса - өлгенің.

Менің түсінігімше, егер Абайға сенсек, біз қазақ, қазақстандықтар Назарбаев қандай болса, бәріміз сондаймыз. Молданың айтқанын істе, істегенін істеме. Демек, қазақ тілінің тағдыры, халық рухы елбасының еркіне тәуелді. Қазақ мәдениетінің кемеңгер білгірі, сүйек қанына дейін қазақ Назарбаевты ана тілінің тағдыры мазаламайды деп ойлау бекершілік. Мазалағанда қалай! Бірақ тіл мәселесінде ол «кең пейілді» президент болып қалғысы келеді. Оған қалыптасып қалған орыстілді басқару жүйесін өзгерту, өзінің балаларын, туысқандарын, ат төбеліндей «элиталық» қазақтарды мемлекеттік тілде сөйлеуге мәжбүрлеу қиынның қиыны. Оны істегісі келмейді, әрі істей алмайды. Тіл мәселесіндегі Назарбаевтың «кең пейілдігі», «жалпақ шешейлігі» қазақтың өзіндік санасына бумеранг тәрізді соққы болуда. Меніңше, ол өз айналасындағыларға, күнделікті хабар беріп тұратын «кеңесшілеріне» қарап, қазақ әлі өз тілін игеруге дайын емес деп ойлауы мүмкін. Әрине, «орыс факторын» әсте естен шығармайды. Халық өзінің меншікті тілінсіз - халық емес, тобыр, тұрғындар. Сөз ең түпкілікті, түбегейлі мәселе - халық ұлығында болып тұр. Иә, уақытты соза беруге болады, тағыда 20, 40 жыл күтуге болады. Сонда қазаққа мұндай тілсіз тәуелсіздіктің не қажеті бар, егер «элита», билік КСРО-ның рухани сұлбасымен өмір сүре бертін болса?.. Ежелгі қазақ халқы өркениетті ұлт ретінде өз ана тілінің аясында өмір сүруге міндетті. Гегель: «Менің ана тілімде жазылғанның бәрі менің игілігім»  деген.

Логикалық тұрғыда алғанда, ұлы Назарбаевқа «қазақтарды қазақтандыру», «элитаның мүйізін сындыру» түкке де тұрмайды. Барлық қазақ тілін білмейтін «қара орыстарды», шенеуніктерді, бизнестегілерді, мемлекет қызметкерлерін, депутаттарды көк шыбықпен айдап, қазақ тілін білетін орыс жігіттері мен қыздарына жоғарғы лауазым, портфель берсе болады ғой. Өзінің ана тілін, мемлекеттік тілді білмейтін мәңгүрт-қазақта тек ми ғана емес, сонымен бірге ар-намыс, ұят жоқ, олар ұлт мүддесіне, өз мемлекетінің мүддесіне сатқындық жасайды, сөйтеді де тілді аяқ асты етіп «қазақ мені жәбірлейді, қорлайды, мен орыс, неміс, жапон сияқты ұлы халық өкілі болғым келеді» деп ділмәрсиді. Достоевский айтқандай «дурак, который знает что он дурак, уже не дурак». Мұхтар Мағауин өз ана тілі, тарихы, қазақи болмысынан безгенді подонок (сұрқия) деп атаған.

Кейде тіпті, тарихта көптеген халық басынан өткерген рухани «азаматтық соғыс» жариялағың келеді.  Бұл бұзақылық емес, керісінше, өркениеттіліктің, өзіндік сананың жоғары көрінісі, белгісі болар еді! Егер биліктегілердің қолынан түк келмесе, төмендегілер әрекет ету керек. Лондон олимпиядасында маған француздар мен немістер ұнады, олар ағылшын тілін біліп тұрса да өз ана тілінде сөйледі.

Президент біздің орыстарға идеалды тілдік ортаны жасап берді, егер президентке, қазақтарға наразы болатындар болса, олар құдайсыздар, күпірлік. Қазақстанда Пушкиннің ұлы тілі «ущемляться» етілмейді. Қазақтар орыс тілін тамаша меңгерген, орыстармен орысша сөйлесе береді, қашан жалыққанша. Менің бұл опусымда ұлтшылдықтың, ұлттық патриоттықтың, әлеуметтік араздықтың, антиорыстық көңіл-күйдің ешқандайда сарыны жоқ. Мен барлық өркениетті, демократиялық, еркін елдерде баяғыда шешіліп қойған қарапайым құбылысты айтып отырмын. Әр халықтың өз ана тілі креативті, жасампаз. Қанша «озып кетседе» мәңгүрт-қазақ барлық замана мен халықтардың алтын ережесін білуі керек: «қазақтар орыс, ағылшын және т.б. тілдерге неғұрлым аз тәуелді болса, соғұрлым ұлық бола береді және керісінше». Назарбаевқа, «элитаға» өз халқының рухын ұғынатын уақыт келді. Халық «забитый» емес, ол үнсіз. Мылқау.

Назарбаев ұраны «қазақ қазақпен қазақша сөйлессіні» бос сөз болып қалмауы керек, қазақтардың өзіне қатаң заң қолдану қажет. Бүткіл дүниеде мемлекеттік тіл - зорлық, мәжбүрлеу тілі, өйткені ол мемлекет тілі.

Абайдың категориялық императивінің максимасы (шартсыз ұйғарымының ережесі): «Мылқау қазақ, былай істе, сен өз тарапыңнан және өзге тарапынан Алла Тағаладан ана тілімді қайтар деп сұрама, өйткені сен өзің әрекет етіп, үйренуің керек; сен Назарбаевтан сұра, талап ет, ол сені Құдай берген өз ана тіліңде сөйлеуге мәжбүрлесін!»

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383