Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 5321 17 пікір 2 Ақпан, 2022 сағат 13:08

Коррупцияның көкесі – саяси коррупция!

Президент жемқорлыққа қарсы күреске арналған кезекті жиын өткізді. Оның айтқан сөздерімен келіспеске лаж жоқ. Бәрі дұрыс. Өз басыма жемқорлықпен күрес құлақ үйреніп, әбден жауыр болған жалпылама сөздер мен ұрандардан нақты салалар мен мекемелерге, осы кеселге жол беретін теріс шешімдер жайында сыншыл да сындарлы әңгімеге көшкені ұнады. Негізгі бағыт дұрыс. Енді ықпалды топтар араласып, жақсы бастамалардың артын сұйылтып жібермесе ғана болғаны.

Бірақ та осы жемқорлыққа қатысты айтылмай қалған бірнеше мәселе бар. Соларды тізіп берейін.

Біріншіден, бізде бәрі, соның ішінде, қызмет сатылады. Мектептегі еден жуушыдан бастап әкім мен министр, судья мен прокурорға дейінгі жұмысқа баруға ынталанған адамдар сол үшін кімді және қанша сомамен ынталандыру керек екенін біледі! Неге президент осынау масқара жайттар туралы ашық айтпайды?! «Естуші мемлекет» басшысы ондай әңгімелерден құлағдар болуы тиіс қой.

Тұрмыстық, қызметтік деңгейдегі осы құбыжық та сорақы дәстүрді жоймай, парақорлықты ешқашан жеңе алмаймыз!

Екіншіден, бізде саяси коррупция бар! Яғни, билік белгілі бір қарсы топтардың аузын жабу үшін, олармен коррупциялық қатынастарға түседі. Мәселен, «елбасын немесе президентті сынама, қалған нәрсені айта беріңіз» деген өзара келісімге келеді. Қарап отырсаң, мықты, батыл қайраткер, бірақ сын айтқанда, жоғарыда аталған екі тұлғаны атамайды. Оған таң қалып жатқан ешкім де жоқ.

Немесе, нақты саяси партияларды парламентке енгізіп, дәл сондай келісім арқылы олардың аузын жабу саяси коррупция емес не?!

Мұндай коррупция жергілікті деңгейде де өте-мөте дамыған. Ол жақта қызметте отырған әкімге тиіспеу шарты қойылады.

Үшіншіден, белгілі бір мәселе не жеке адамға қатысты пікірді сатып алу деген заманауи құбылыс пайда болды! БАҚ-та ғана емес, Интернет пен әлеуметтік желілердегі медиа-тұлғалар, топтар, чаттар, «жағымды» да «жағымсыз» комментарийлер, лайктар мен дизлайктар да көтерме және бөлшекті сатылымға қойылған! Бағалары мен тарифтері де жасырын емес!

Әр мықтының, оның ішінде қалтасы қалың шенділердың, өз блог-пулы, «өзботтары» бар. Қажет кезінде қожайынын жер мен көкке сыйғызбай мақтайды, ал оның қарсыластарын ағаш атқа мінгізіп, жермен жексен етіп даттайды. «Ақпараттық шабуыл» мен «ақпараттық қорғау» деген жаңа жымысқы жанрлар дүниеге келіп, қоғамдық ой-сананы жаулап әрі улап жатыр.

Оның бәрі «қоғамдық пікір» ретінде ұсынылады, солай қабылданады да.

Кейде биліктің өзі сол жасанды пікірлерге алданып қалады да, сұмдық манипуляцияның құрбаны болғанын сезбей, теріс шешім қабылдап жібереді.

Ол құбылысқа мониторинг жасап, ақ пен қарасын ажыратып жатқан ешкім жоқ.

Аңқау елге – арамза блогер, ел де соған сеніп қалады. Сөйтіп бір адам не оқиға туралы тиісті «қоғамдық пікір» қалыптасады.

Оның арты не болып жатқанын көріп те жатырмыз!

Не істеу керек?

Екі жол бар.

Алғашқысы «үлкен бастық пара алмаса, оның қол астындағы кіші бастық та алмайды» деген әмбебап принципке саяды! Осы тұжырымды біздің мемлекетте орнықтырмай, ешнәрсе өзгермейді!

Екінші жәйтті біз отыз жыл бойына айтып келеміз. Қарға қарғаның көзін шұқымайды! Бір шенеунік екінші шенеуініктің парақорлығын тексерді деген сөзді естісем, күлкім келеді. Сондықтан да бізге билік тармақтарының – заң шығарушы, атқарушы және сот - бір-бірінен тәуелсіздігі ауадай қажет! Әкім мен министрлердің соңынан май шам алып, әрбір шешімі мен қадамын жіті бақылайтын, керек болса, тырнақ астынан кір іздейтін, секемшіл парламент пен мәслихаттар болуы тиіс. Ол органдарда оппозиция болса, нұр үстіне нұр болар еді! Әділдік іздеген азаматтар кім көп пара берсе, соның ғана ығына жығылатын емес, қара қылды қақ жаратын әділетшіл сотқа жүгінуі шарт! Жемқорлықтың әрбір фактін жария ете алатын еркін баспасөз болуы керек!

Адамзат коррупцияға қарсы басқа рецепт ойлап тапқан жоқ әлі!

Әміржан Қосан

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3232
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341