Украин дағдарысы: НАТО мен Ресей тіресі
Украина – соңғы кезде әлемдік геосаясаттың өтіне, НАТО мен Ресейдің ақырғы белдесер аренасына айналуда.
Украинаға Кремльден келер қатер 2014 жылы Ресейшіл президент қуылып, орнына Батысшыл билік келген соң басталған-ды. Путин билігі Украинаның шығысындағы орыс диоспорасы шоғырланған аймақтардағы сепаратистерді қолдап, ішкі соғысты тұтандырдырып қана қоймай, Қырымды аннексиялап алғаны белгілі. Осылайша, Украина жеріндегі тыныштық бұзылды. Соғыста қаза болғандар саны 15 мыңға жеткен. Содан бері қайсар да табанды украиндықтар Кремльден жерініп, Еуропа одағының толыққанды мүшесі болуға талпынып келеді. Ендігі жерде Киев үшін НАТО-ның ресми мүшесі болу арманы – Ресей қатерінен құтылудың жалғыз жолына айналды.
Путиннің көздегені
Кеңес Одағының ыдырауы НАТО мен Варшава арасындағы екі полярлы теке-тіреске нүкте қойды. 1991 жылдан соң, өзін Кеңес Одағының мұрагері санаған Ресейдің Батыспен тіресуге экономикалық мүмкіндігі болмады. Президент Ельциннің табиғаты имперлік амбициядан гөрі, демократияның ауылына жақындығын көрсетті. 2000 жылы Ельцин Кремль маңындағы элиталық имперлік ұстанымдағы күштердің қалауымен (қысымымен) ел тізгінін Путинге табысталды. 2001 жылы Кремль қожайыны АҚШ-тың «террорға» қарсы стратегиялық саясатын қолдай кетті де, осы науқанның көмегімен еліндегі, әсіресе Кавказ аймағындағы ұлттық амбициясы күшті азшылық мұсылмандарды жаныштап, өзінің ырқына көндіріп үлгерді. Іле-шала, ел ішіндегі баламалы көзқарастағы тұлғаларды аластап, опозициялық күштерді тұншықтырды. Есесіне, орыстың шовинистік көңіл-күйін жаңғыртып, қолдап отырды. Осы арқылы ішкі қолдаушыларын арттырып, сайлау сайын үлкен көрсеткішпен жеңіске жетіп келеді.
Шикізатқа – мұнай мен газға сүйенген Ресей үшін оның әлемдік нарықтағы бағасының өсуі, Путиннің тәбетін арттырып, амбициясын күшейтті. Енді ол сырттағы ықпалын күшейтуді көздеді. Сирияға әскер шығарып, Асад билігін сақтап қалу арқылы ұпай жинады. 2008 жылы Грузияға басып кіріп, Оңтүстік Осетияны бөліп алып, өзіне қаратты. Грузиндердің бар кінәсі – демократия жолын таңдап, Батысқа жақындағандығы еді. 2014 жылы Украинның шығыс аймағындағы орыс диаспораларының қолтығына су бүркіп, сепаратис күштерге қолдау білдіріп, соңында ол елді ішкі соғысқа жеткізді. Іле-шала Украинаның Қырым аралын аннекциялап алды. Украиндықтардың да бар кінәсі өз жолын өзі таңдап, Еуропаға жақындап, НАТО-ға мүшелікке талпынуы екені анық. Путин оларды осы «сатқындықтары» үшін жазалады деуге болады.
Бұл жолғы Путиннің түп мақсаты Украинға жаппай басып кіру болмаса да, АҚШ пен Еуропаның тамырын басып көруді көздесе керек. Президент кіші Буш тұсынан бастап, Обама, Трамп кезінде де АҚШ билігі Путиннің еркелігіне көз жұма қарап, шиленісті тұстан айналып өтіп отырды. Әсіресе, Трамп АҚШ-тың басты жауын Қытай деп санағанда Путиннің арқасы бір кеңіп қалғандай болған еді. Байден билікке келгелі Ресейді АҚШ-тың басты қатері санауын доғарар емес. Бұл Ресей мүдесіне кедергі келтіріп, Путиннің тынысын тарылтты. АҚШ-тың қысымымен «Солтүстык ағын-2» газ құбырының Гермениямен жалғануы кешеуілдеуде. Бұл жобаның Ресей үшін аса маңызды екені баршаға аян. «Солтүстік ағын-2» жобасы Ресей экономикасы мен Путин билігінің мызғымастығы үшін тіптен өзекті еді. АҚШ пен НАТО-ның стратегиялық саясаты Путиннің көксеген арманын тас-талқан етер түрі бар. Кремль үшін ендігі төнер ең үлкен қатер – НАТО-дан болары белгілі.
2014 жылы өзі шауып алған Украинаның аңсары әлі де Батыс. Мәскеуден әбден жерінген. Енді кері қайтар түрі жоқ. «Шет үй көшсе, ортадағы үй шет болады» дегендей, Украина НАТО-ға мүшелікке қабылданар болса, Ресейге қатер бірден төнбек. Путиннің алаңдайтын жері, міне, осы тұс. Осы қатердің алдын алу мақсатында қазіргі қадамға барып, доңайбат көрсетіп тұрса керек. Діттегені Украинаны тәубесіне келтіріп, НАТО-ны сабасына түсіріп, АҚШ-ты ойландыруды көздейтін болса керек. Өйткені, соғыстың Ресейге тиімсіз екені, басқыншылықты ақтауға келмейтіні анық. Оның үстіне, 1996 жылы Украинаны ядролық қарусыздандырып, оның болашақ қауіпсіздігіне кепілдік берген бестіктің бірі – осы Ресей болатын.
Путиннің НАТО мен АҚШ-қа қойып отырған талаптары да тым артық көрінеді. Ресейдің қойып отырған талабы бойынша, НАТО Украинаны мүшелікке қабылдамауы керек; НАТО, Ресеймен шекараласатын елдерлегі әскерін алып кетуі керек; НАТО 1997 жылғы бұрынғы шекарасына шегінуі керек. Яғни, Польша, Латвия, Литва қатарлы 12 елден іргесін аулаққа салуы тиіс. Сондай-ақ, Польша мен Румыния елдерінде орналасқан зымырандарын әкетуі керек. Бұдан тыс, АҚШ Ресеймен ядролық қаруларын өз территориясынан тыс жерге орналастырмау туралы шарт жасасуы керек. АҚШ бастаған НАТО елдері Ресейлің қауіпсіздігіне жазбаша кепілдік беруі тиіс екен. Мұны орындату үшін емес, саудаласу үшін қойып отырған шарттар деп түсінген жөн сияқты. Кезінде Ялта келісімі арқылы Кеңес Одағы (және АҚШ, Британия) Еуропаны бөліске салып, Шығыс Еуропаға қол жеткізген-ді. Путин сол елесті аңсайтын немесе сондай бір арман жетегінде жүрген көрінеді. Өкінішіне орай, Путин қойған ультиматумге АҚШ-тың көп іркілмей жауап бергені белгілі болды.
Ақ Үй: «Ешкім де НАТО-ның ашық саясатын өзгерте алмайды. Ресейдің бұл процеске араласу құқығы жоқ. Украина тәуелсіз ел. Ол таңдауды өзі жасауы керек!» деп, қысқа қайырыпты.
Ресей әскері Украин шекарасы маңында топталып жаттығу өткізгелі де айға жуықтады. Путин қолында бар қару-жарағын сонда шоғырландырған. Жаппай үлкен соғыс бола ма, жоқ, тек Украинаның шығыс аймақтарын ғана қамти ма? Оның жауабы тек Путинге ғана мәлім көрінеді. АҚШ бастаған НАТО елдері Украинаға әскер жібермегенімен, қару-жарақ, техника, қаржы, медициналық көмек және жаттықтырушы мен кеңесші жағынан барлық көмекті жасауға даяр екенін жеткізді. Олар қазірше НАТО-ға мүше елдерге қарулы күштерін топтаумен шектелуде. АҚШ-тың қару-жарақ көмегі Киевке жеткені хабарланды. Британия, Канада, Испания, Франция елдерінен де көмек толлассыз баруда. НАТО елдерінің соғыс кемелері Жерорта теңізінде жаттығу жүргізуде. Өзін қатаң да қайтпас көшбасшы санатуға дағдыланған Путин осы жолы ойынды тым үлкен бастап жіберіп, шегіне алмай тұруы да мүмкін.
Путин қақпанға түсті
Украиндықтардасоғыстан басқа таңдау да қалмаған. АҚШ бастаған Батыс елдері Ресейдің тағдырына (Украин жерінде) бәс тіккені сезіледі. Бұл жолғы болар ықтимал соғыс НАТО-ның да сыналар тұсы. Ресейдің Украинаға жасар кез-келген агрессиясы үшін Байден үкіметі Ресейге бұрын-соңды болмаған қатаң санкция жасалатыны туралы қатаң ескерту де жасаған.
Санкция формасы Ресейдің банк жүйесін халқаралық Swift төлем жүйесіннен үзіп тастау; Германиямен тұтасатын «Солтүстік ағын-2» газ құбыры жобасына тосқауыл қою; Банктерде Ресей рубльіне шетел валютасын айырбастауды шектеу; тіпті Путиннің өзіне де санкция салуды ойластырмақ. Путинде шегінер жол да қалмай бара жатқанға ұқсайды. Десе де дипломатиялық келіссөздер әлі үзілген емес. Енді Путинге шегінер жолдың өзі қымбатқа түсуі мүмкін. Түбі, бұл тірес Ресей үшін апатқа айналуы да ықтимал. Бәлкім, бұл АҚШ-тың Путинге құрған қақпаны болсашы! Путинді соғысқа мәжбүр ету арқылы, Ресейді аздырып-тоздыру арқылы күйрету амалы болуы да ғажап емес...
Қытайдың амбициясы
Путиннің сеніп отырған жалғыз одақтасы – Қытай. 2008 жылғы Грузия мен 2014 жылғы Украинға жасағанагрессиясынан бері Батыс Ресейге санкция салумен келеді. Путин бұл санкцияның салдарын Қытайға сатылған мол шикізат есебінен еңсеріп отыр. 2022 жылдың 4 ақпанында Пекинде жасаған Ресей-Қытай «бірлескен мәлімдемесі» Путиннің НАТО алдындағы салмағын сәл де болса арттырып, алда болатын келіссөздерде өз пайдасын берері анық. Осы жолғы кездесуде Путин мен Си төраға арасындағы қол қойған жаңа келісім ішінде салмақтысы – Ресейдің Қиыр Шығысынан жылына Қытайға 10 млрд текше метр газ бен Қазақстан арқылы шикі мұнай жеткізу келісімі деуге болады. Әрі жеткізілетін жалпы құны 120-250 млрд доллар делінген газдың есебін рубль не юань емес, еуромен есеп айырысуға келісім жасағанына қарағанда, Мәскеу мен Пекиннің бірлесіп АҚШ-қа қарсы тұрмақ саяси одағының да баянды болуы екіталай көрінеді. Егер Путин Украинға соғыс ашар болса, АҚШ, Британия бастаған азулы елдер Ресейге салынар санкция салдары тым ауыр болатынын ескертуде. Ресейге қатаң санкция жарияланған жағдайда, Ресеймен істестік жасаған кез-келген Қытай компаниясына да қатаң санкция салынатынын Ақ Үй өкілі ашық айтты. Бүгінде Батыс күштері мен Жапония, Аустралия, Үндістан сияқты жаңа одақ және Аустралия, Британия, АҚШ –тық AUKUS англо-саксондық ұйымдар Қытайдың Шығысы мен Оңтүстік теңізде және Үнді-Қытай шекарасында болатын ықтимал қақтығысқа жауап беруге қауқарлы деуге негіз бар. Олардың көздеген мақсаты - Қытайдың асқынған агрессиялық амбициясын басып, тынысын тарылту. Ресей Украинаға соғыс ашқан жағдайда, Қытай да Тайваньға басып кіруді жоспарлап отыр деушілер де бар. Ондай басып кіру бола қалған жағдайда, бұл соғыс әлемдік сипатқа айналуы ықтимал.
Сөз жоқ, АҚШ бір уақытта екі, тіпті үш бағытта соғысуға қауқарлы. Бұл соғыс оты тұтанса, Қытай мен Ресей бүгінгі өркениет әлемінің басты дұшпанына айналып шыға келері анық. Зардабы Мәскеу мен Пекин үшін ауыр соғары анық.
Украина кризисі үлкен соғысқа айналуы екіталай. Путинге соғыс ашу үшін, сенімсіз болса да бір ілік-сылтау іздеп табуы керек. Әрине «орыс әлемі» ұраны аясында орыс диаспроларын қорғауды сылтау етуі мүмкін. Батыс ақпараты бойынша, Кремль Украинаның шығыс облыстарындағы Украин азаматтарына (орыс диаспораларына) 3,5 млн Ресей паспортын таратқан көрінеді. Бұл Путиннің «өз азаматтарын қорғау» сылтауы үшін керекті көне тәсілі. Путиннің арманы тым ауқымды. Ресейдің ықпал аймағын, Еуразия құрлығының солтүстік жиегін Шығыс еуропадан бастап, Орта Азияны уысында ұстап, Пәкістанді Қытай арқылы көктей өтіп, Үндістанмен серіктесіп, Үнді мұхитына шығу. Үндістан мен Қытайды негізгі нарық етіп, Үнді-Тынық мұхитымен жалғасқан Ұлы Еуразия құрлығының қожасы болу. Сөйтіп, жарты әлемнің қожалығына қол жеткізу. Бүгінде осы жобасының саяси негіздері қалануда.
Украин халқының таңдауы
Өз тағдырына таңдау жасау – тәуелсіз елдің хақысы. Егемендіктің 30 жылында украиндықтар экономикалық жетістікке жете қоймағанымен, саяси прогресстерді бағындырды. Демократия нышандары қалыптасты. «Батысшылдар» мен «ресейшілдер» арасындағы күресте «батысшылдар» басым түсті. Халық өзінің стратегиялық саяси даму бағытын таңдады. Ол – Батыс болды. Еуроодақ Украинға барынша қол үшін бергенімен, қойған талаптарын толық орындау жолында қиындықтарды еңсеруде.
Украинның таңдаған стратегиялық сыртқы саясаты Кремлдің жүйкесіне тиюде. Мәскеу Украинның ішкі ісіне араласып, лоббистерін іске қосуын тоқтатар емес. Украин халқы Ресейден алыстап, Батысқа – Еуропаға жақындауды шешті. Қазақ халқының тағдыры сияқты, Шар Россия боданы мен Кеңес Одағының езгісі – украин халқына қасірет-қайғыдан басқа түк әкелмегені белгілі. Өткен ғасырдағы ашаршылық 4 млн украиндықтарды жалмап кетті. Ұжданды украиндықтар бұл қолдан жасалған геноцид екенін заңмен түйіндеп алды. Қазақ пен украиын халықтарының тағдыры ұқсас – Кремльден көрген тепкісі мен езгісі өте ауыр болды. Бір кездері тіпті Ұлт ретінде жойылып кетудің аз-ақ, алдында қалды. Сондықтан олардың жан дүниесінде Ресейге деген сенім ұшқынының қалмағанын біз жақсы түсінеміз.
Мәскеу озбырлығының шегі жоқ екен. 21 ғасырда да ортағасырлық әдетінен жаңылар емес. Ендігі жерде украиндықтардың да жалғыз таңдауы қалғаны байқалады. Ол – қолына қару алып, елін-жерін қорғау, қан төгіп, құрбан беруге тәуекел ету. Не жеңіске жетіп, Еуропа қауымдастығының бір мүшесі болып, адамша өмір кешу, не жеңіліп бодандыққа түсіп, бордай тозу.
Десе де өркениет әлемі украинды жалғыз қалтырмайтын көрінеді. АҚШ, Канада және Еуропаның шешімі анық болды. Ол – Украинаға батыл қолдау көрсету. Олар кеңесшілерімен, қару-жарақ, техника және қаржысымен Киевке жаппай көмек көрсетуде. Украиндықтар бүгінгі күннің соғысына жауап бере алатын армиясын да жасақтап үлгергенге ұқсайды. АҚШ, Канада, Еуропадағы қандастары, еріктілер де Отанды – Украинаны қорғау соғысына белсене араласпақ екен. Елдегі 42 млн тұрғынның ішінде Ресейге бүйрегі бұратындар саны да аз емес. Десе де халықтың басым бөлігі өздерінің болашағын Еуропамен байланыстырады. Осы жолда болатын қиыншылық, кедергілер де енді оларды алған бетінен қайтара алмайтын көрінеді. Десе де Ресейден елдің шығысындағы аймақтарды Қырымды аннекциялап алғандай, жұтып кетер қатер де төніп тұр.
Бұл тірестің маңызы мен мәні тым арыда жатуы да мүмкін. Украин-Ресей тіресі тек украин халқының тағдырын шешіп қана қоймай, НАТО-ның да болашағын айқындайтын түрі бар. НАТО құрамындағы 30 ел, Шығыс Еуропадағы ең үлкен мемлекет, Еуропаның «серіктесі» Украинаны Мәскеудің азуынан аман алып қала алмаса, онда НАТО-ның да беделі мен сенімі жоғалмақ. Зұлымдық ошағының бір бұты саналған Ресейдің империялық астамшылығынан құтылу – бүгінгі Батыс қоғамының басты мақсаты болуға тиіс. Сондықтан, бұл тіресті НАТО мен Мәскеу арасындағы шешуші белдесу деуге негіз бар.
НАТО-ның Шығысқа кеңеюі
1949 жылы, Кеңес Одағының еуропаға кеңеюінің алдын алу мақстында құрылған НАТО (North Atlantic Treaty Organization, құрамында 12 ел болған) ұйымына қарсы күш ретінде, 1955 жылы Кеңес Одағының қолдауымен Польшада Варшава ұйымы құрылды. 1991 жылы КО құлағанан соң, сол варшавалықтар негізінен НАТО ұйымының мүшесіне айналды.
НАТО шығысқа кеңею үстінде. Мүше саны бүгінде 30 мемлекетке жеткен. 1997 жылдан кейін бұл одаққа Эстония, Латвия, Литва, Польша, Чехия, Словения, Веньгрия, Румыния, Словакия, Хорватия, Косова, Албания, Солтүстік Македония, Болгария қатарлы 14 мемлекет мүшелікке өткен. Кремльдің талабы, міне, осы 1997 жылдан кейін қабылданған осы елдерден НАТО күштерін алып кету. Ресейдің алаңдауының да негізі жоқ емес. Ресей территориясының батысынан ендеп келе жатқан мұздай қаруланған НАТО күштері Путиннің ұйқысын қашырады. Украина НАТО құшағына өтер болса, Қара теңіздің Ресей үшін стратегиялық маңызынан мән кетпек. Путин билігінің алаңы күшті. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Кремльдің талаптарынан АҚШ бас тарытып, жазбаша жауабын қайтарған. Бұл Кремль үшін үлкен соққы саналуда. Сонда да Мәскеу билігі әлі де дипломаиялық ресурстардың сарқылмағанын, келісу мүмкіндігі барын айтып, өзін алдарқатып отырған сыңайлы. Осы жолы Украинаның да, АҚШ бастаған НАТО мүшелерінің де майданы анық, Украина тәуелсіз ел, оның таңдауына ешкім қол сұға алмайды. Украин жеріне жасалар басқыншылық – НАТО елдеріне төнген қауіп. НАТО Украинаның мемлекеттік тұтастығы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Ресей күш көрсетер болса, онда Батыстың ең ауыр жазасына душар болады. Енді Путинге шегінер жол тарылып, айтар сылтау да азаюда. Путин бопсалау ойнын тым үлкен бастап алғанға ұқсайды. Алдағы жерде Путинге «аттан түсу» үшін де лайықты сылту керек немесе соғыс ашу үшін де нақты себеп қажет. Соғыстың, шапқыншылықтың жауапкершілігі мен зардабы Кремль үшін апаттан ауыр болмақ.
Бір жағынан, бұл ықтимал соғысты АҚШ бастаған НАТО қалап та отырған сияқты көрінеді. Путин бұл шырғадан аттап өтіп кетуі керек, болмаса опық жейді. Соғыстың Ресейге тиімділігі шамалы. Соғыс ұзаққа созылар болса, Ресей тұралайды. Соңы күйреуге апаруы мүмкін. Өзін қанша қатаң лидер образында сомдаса да, Путиннің де үрейі басым екені сезіле бастады. Жаппай үлкен соғыстың болу мүмкіндігітөмендеу болғанымен, Украинның шығыс аймағындағы ішкі соғыс күшейіп кетуі ықтимал. Путин осы аймақтағы жанжалға барын салады.
Қорта айтқанда, Украин-Ресей арасындағы тірес үлкен соғысқа ұласа ма, жоқ па, оны ешкім де дөп басып айта алмайды. Соғыс бола қалған жағдайда, бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі әрі салдары да үлкен соғыс болатыны айтылуда. Соғыста Мәскеу жеңсе де, жеңілсе де Қазақстанға үлкен әсері болады. Батыс елдері Ресейге салатын ауыр санкциялар ЕАЭО-тың белді мүшесі, экспортының негізі Ресей арқылы Еуропаға шығатын, тау-кен өнімдерін Ресей зауттары тұтынатын Қазақстанның экономикасы үшін үлкен соққы болары белгілі.
Қаңтар уақиғасынан соң Кремльге кіріптарлығымыз арта түскенін ескерсек, ҰҚШҰ атынан Украин-Ресей қақтығысына араласпаған күннің өзінде Путиннің агрессорлық қадамдарына кем деген де Кырым аннекциясын «түсіністікпен» қарағанымыздай, түсіністік танытып қалуымыз да бек мүмкін.
Алдағы кезеңде Путиннің кесірі тұтас Орта Азиядағы кері әсерін күшейте түсері анық.
Бақан Берікжан
Abai.kz