Президент ешбір партияға мүше болмауы керек!
Билік басындағы айқын басымдыққа ие «Нұр Отан» партиясына деген қоғам пікірі екіұшты. Ел-жұрттың дені бұл партияға қатысты көңіл толмаушылықтарын білдіріп жатыр. Ал өткен айдың аяғында партияішілік сьез өтіп, партия тізгінін президент Тоқаев ұстаған еді.
Сол жиында Президент:
«Менің конституциялық міндетім – биліктің барлық тармағының келісілген іс-әрекетін және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету.
Бұл жағдайлар, әрине, Президенттің кез келген партиялар мен қозғалыстардың қызметінен алшақтауын білдіреді. Сондықтан, біраз уақыттан кейін, мүмкін жыл аяғына қарай, менің «Нұр Отанға» одан ары төрағалық етуімнің орындылығы туралы мәселеге қайта ораламыз», - деп сөйлеген еді.
Осыған байланысты біз, Abai.kz ақпараттық порталы оқырмандары арасында «Президент Тоқаевқа «Нұр Отан» партиясы керек пе?» атты сауалнама жүргізген едік. Сауалнаманы күні бүгінге дейін 6 мыңнан аса адам қарап, 60-қа жуық жазба пікір түскен.
Сауалнамаға қатысушылардың 48.4%-ы (519) «президент ешбір партияға мүше болмауы тиіс», - деп жауап берсе, тағы 30%-ы (322) «президент «Нұр Отанды» таратуы керек», - деген жауапты таңдаған. Ал респонденттердің 7 пайызы «президент Тоқаев өз партиясын құруы тиіс» деп есептейді екен.
Сонымен қатар, сауалнамаға қатысушылардың 6,3 пайызы «президент Тоқаев «Нұр Отанға» мүше болуы керек», - деп жауап берсе, респонденттердің 8,3 пайызы керісінше, «Нұр Отанға» мүше болмауы керек», - деген жауап нұсқасын таңдаған екен. Ал сіз қалай ойлайсыз?
Abai.kz