Сіләм би – Селяби – Челябі – Челябинск
немесе Орал қазақтары
Кеңес Одағы тараған жылдардан бастап (қызыл империя тұсында рұқсат етілмейтін тақырыптар), орыстың біраз ғалымдары, қазіргі уақытта Ресейде тұрып жатқан қазақтардың тарихын, дәстүрін сонымен қатар, олардың ұстанымы мен сенімдерін және тұрып жатқан аймақтарының атауларын тұрақты түрде зерттеп, жинақтап, бұлттартпас шынайы дәлелдермен нақтылап, оны сол елдің баспасөзінде ара-тұра болса да, жарыққа шығарып келеді. Соның бірі және бірегейі Челябинск қаласында тұратын Юрий Бошняков. Біз, енді осы кісінің жазғандарын оқырман талқысына ұсындық.
«Оңтүстік Орал даласы ежелден Еуропаға өтудің ең ыңғайлы орны – «Каспий дәлізіне» қақпа ретінде қызмет еткен. Оңтүстігінде сусыз шөлейт, солтүстігінде табыны бар көшпелілер үшін адам өтпес Тайга болды. Мұнда кімдер ғана көшпеді дейсіз. Солтүстікте ирандықтар-сарматтар, аландар және басқалар. Содан кейін ғұндардан бастап түркілерге дейін... X-XI ғасырларда Оңтүстік Орал даласы Қыпшақ конфедерациясының құрамына кірді, ұлыстар ыдырағаннан кейін оны Кіші жүздің башқұрттары мен маңғыт тайпалары бірге бөлісті. Шамамен XVII ғасырға қарай қуатты Қазақ хандығы башқұрт шекарасына тақады.
Осылайша қазақтар XVII ғасырға қарай башқұрт шекарасында болды. Бұл халықтардың қарым-қатынасы әр түрлі болды».
Осыларды оқи отырып, автордың жазбаларынан тағы мынандай жолдарды кездестіресің: «Батыста башқұрттар мен қазақ руларының арасындағы шекара Орал өзені арқылы өтті. Сол жағалауда қазақтардың жазғы жайылымдары орналасты. Олар Магнитогорск ауданында Верхнеуральск, Агап, Кизил аудандарында, Варна, Троицк, Гимен аудандарында болды. «Қыз Жібек» лиро-эпостық поэмасының бас кейіпкері – Төлеген Оралдың бойымен (қазақтар Жайық немесе Ақ Жайық деп атайды) Магнитогорск ауданында көшіп жүрген, біздің облыстарымыздың қазақтарында өте қызықты нұсқасы бар».
«Қазақтардың ұсыныстары бойынша олардың көшуінің солтүстік шекарасы оларды башқұрттардан бөліп тұрған Миан өзені бойынша өткен. Аңыз-әңгімелердің бірінде: «Кіші жүз руларының бірі Сұлтан Тағанбайдың төрт ұлы болған – Ишимбай, Сарыбай, Мағынт және Селімбай. Үлкен ұлы – Ишимбай башқұртқа үйленіп, әкесін ашуландырады. Тағанбай оны өз шекарасынан шығарып, Ишимбай өліп, халық оның қанын мәңгі ішуі керек деген қарғыс айтады. Сондықтан ол кетеді. Ишимбай таулы Башқұртстанда аң аулап жүріп, тасқа жаншылып, қаза табады, ал мәйіттің жанында жерге құлаған тастың астынан «Ишимбайдың қаны» атанған мұнай фонтаны құйылады. Башқұртстанда мұнайшылар қаласы – Ишимбай бар.
Тағанбайдың екінші ұлы - Сарыбай өз ауылдарымен Тобыл өзенінің маңына көшіп келеді. Оның қыстайтын жері Сарыбай деп аталады. Бұл Қазақстанның Қостанай облысындағы әйгілі Соколов-Сарыбай кен орнының ауданы.
Тағанбайдың үшінші ұлы - Мағынт өз ауылдарымен Орал өзені бойымен көшіп келген. Ол башқұрттар мен қазақтар Мағынтау таулары деп атай бастаған тау аймағында бірнеше рет тоқтады. Кейіннен осында Магнитная қазақ ауылы пайда болды. Бұл жер темір рудасына бай болды, ал орыс қызмет етушілері Магинт атауын магнитке айналдырды, содан кейін оның негізінде металлургтер қаласы – Магнитогорск бой көтерді.
Тағанбайдың төртінші ұлы – Селімбай ең көрнекті болды. Ол өз ауылдарымен бірге қиыр солтүстікте, Миас өзенінде, башқұрт көшпенділерінің қасында жүрді. Ол барымтаны, өзара рейдтерді тоқтата алды. Башқұрт руларымен бейбітшілік орнатты. Көптеген қазақтар мен башқұрттар оның қарамағында болды. Бірлескен некелер пайда болды. Қазақтар да, башқұрттар да оны құрметтеп, жақсы көрді. Қазақтар Селімбайды би деп жариялап, оны жаңа құрметті есіммен Селәби деп атады. Тіпті отарлау дәуірінде орыстардың да ұлы адамды еске алу үшін аталған Селәби аңғарының атауын өзгертуге батылы жетпеді. Олардың бекінісі Селяба деп аталды, бұл атау кейіннен Челябіге айналды. Мүмкін, біздің қаламыздың аумағында ежелгі уақытта ең солтүстік қазақ көшпелілері болған шығар.
Сонымен, қазіргі Башкортстандағы Ишимбай қаласы, қазақша айтқанда Есілбай немесе, Есімбай болуы мүмкін (Есіл өзенін орыс тілінде Ишим деп ататайды емес пе). Сонымен қатар, Мағынтау - Магнитогорск қаласының түпкі атауы. Яғни айтқанда, - Манғыт я болмаса Мағынт, кейіннен орыс тілінде Магнит, артынан Магнитороск деп аталған болды ғой. Ресейдің осы күнгі Челябинск қаласының атауының да қалай шыққанын енді түсіндік. Кіші жүз төресі – Сіләмбай (Селимбай), артынан қалың жұртшылық Сіләм би деп атаған азаматтың есімі, осы араға әскери қорған ретінде салынған қалашықтың атына айналып Селяби, кейіннен Челябі деп аталғанын білдік. Орыс ғалымының шындыққа жақын келетін тарихи шығармасын оқи келе, Челябинск облысының аумағын өз заманында қазақ тайпалары және руларының көнеден мекендегенін аңғарамыз.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz