Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 4188 14 пікір 23 Ақпан, 2022 сағат 11:55

Аралас мектептерді жабу керек!

Алматы дүбәралардың ордасына айналды

«Қазақ әдебиеті» газетінің оқырманы Бесзәкір Құралбаев ағамыз редакцияға хабарласып, жөн сұрасқан соң: «Қазақ жазушылары қайда қарап отыр?», – деген сұрақты төтесінен қойды. Қапелімде не дерімізді білмедік. – «Жолығайық. Сонда түсінесің не айтпағымды», – деді әңгімені ұзартпай.

№62 Шона Смаханұлы атындағы мектеп

Шонаның жолын жалғар ешкім жоқ па?

Қаңтардың ортасы болатын. Елдегі күрделі шақтың екпіні саябырсығанымен, жұрт көңілінен кірбің, күдік, уайым тарқамаған. Әлі де сол кептен толық арылған жоқпыз. Уәде бойынша ағамыздың жұмыс орнына бардық. Амандық-саулықтан соң, тағы да бұрынғы сұрағын қайталады.
– Қазақ жазушылары қайда қарап отыр?! Түсінсем бұйырмасын. Ел өзінің зиялы қауымына сенеді. Бізді бастаса, жол көрсетсе, елімізде болып жатқан бассыздықтарға тоқтау салса деп ойлайды. Зиялы десе, елдің ойына алдымен қаламгерлер оралады. Сөзге тоқтайтын халық едік қой. Кешегі қырғында жұртшылық ешкімді тыңдамады. Тыңдағысы келмеді. Өйткені, ешкімге сенбейді. Зиялыларымыздың ел алдында беделі қалмаған. Соның кесірі…

Бесзәкір Құралбаев

Оқырман қауым бұл кісі кім болды екен деп ойлайтын шығар. Инженер-технолог Бесзәкір Құралбаев ұзақ жылдар бойы Алматы ауыр машина жасау зауытында еңбек етіп, қарапайым жұмысшыдан зауыт директорының орынбасарлығына дейін көтерілген. Егемендік алған соң «Төре» атты жеке компания ашып, жүздеген адамды жұмыспен қамтыған. Еліміздің түкпір-түкпірінде күрделі инженерлік жұмыстарды қолға алып, бәрін абыроймен атқарған. Соның бірі – ең алғашқы тальго-вагондарын Алматыда құрастырған Бесзәкір ағамыздың зауыты болатын. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан Төре ауылын құрып, шетелдегі қандастарымызды көшіріп әкеліп, 64 отбасын баспанамен, жұмыспен қамтыған меценат­тардың бірі.

– Сен менің не айтпағымды түсініп отырған жоқсың ғой, иә? – дейді Бекең аздан соң. Жүзінде әлдебір уайым бар. – Кешегі қырғынның себебі көп қой. Соның бірін айтайын. Алматы – дүбәра жұртшылықтың ордасына айналды. Елдің не істеп, не қойып, қалай күн көріп жатқанын ешкім білмейді… Рухани-мәдени біртұтастық жоқ. Әсіресе, тілі мен ділі, діні бұтарланып кеткен. Мені білім саласындағы жағдай қатты толғандырады. Қолыма түскен ақпарат бойынша, бүгінгі күні Алматыда 202 мектеп бар екен. Соның 60-ы ­қазақ мектебі. Түсінесің бе, бар-жоғы алпыс. 90-дай орыс мектебі, 50-ге жуық аралас мектеп бар екен. Әрине, бұл нақты ақпарат болмауы мүмкін. Өзің анықтарсың. Тәуелсіздіктің 30 жылын өткіздік. Еркіндік таңын атырған Алматыдағы жағдай осы. Алматы қазақыланбаса, еліміздің әр түкпірінен көшіп келгендерді өгейсітіп, өз тілінде қарсы алмаса, білім саласындағы ұлтсыздандыру тоқтамаса, біз ешқашан оңалмаймыз. Былықтың көбі осы аралас мектеп дегеннен шығып жатыр. Аралас мектеп не үшін керек? Одан білім алған балалар не орыс, не қазақ емес, дүбәра болып шығады. Рухы, тәрбиесі, мәдениеті жармақ секілді бұтарланып тұрады. Елуден артық аралас мектепті не қазақ, не орыс мектебі етіп қайта құру керек. Қазақ мектептерінің көбі қаланың шеткі аудандарында. Бала сыймайды. Оқушы көп, Шаңырақтағы бір мектепте 30-дан көп 1-сынып ашылғанын оқыған шығарсыздар. Ондай жағдайда білім сапасы қайдан болсын?! Сондықтан ата-аналар амалсыз балаларын орыс немесе аралас мектепке беруге мәжбүр. Маған қазақ мектебі алыс әрі бала көп болғандықтан, балаларын орыс мектебіне бергенін талай таныстарым айтты. Олардікі сылтау емес. Егер үйінің іргесінде қазақ мектебі болса, олар балаларын сүйрелеп орыс мектебіне бармас еді. Мемлекеттік тілді тұғырына қондыру үшін аралас мектептерді жабу керек!

Бесзәкір мырза бұдан кейінгі әңгімесін әріден толғады. 1986 жылдың мамыр айында белгілі қаламгер, сатирик Шона Смаханұлы елді жинап, үйді-үйді аралап: «Алматыда жалғыз қазақ мектебі бар. Бұл – қазақ халқына жасалған қиянат» деп бастама көтеріп, Алматы қаласынан қазақ мектебін ашуды қолға алады. Сол кезде Алматы ауыр машина жасау зауытының инженері болып қызмет етіп жүрген Бесзәкір Құралбаев ағамыз досы, журналист Құдиярбек Ағыбаевтың айтуымен Шона Смаханұлымен танысады. Суретші Қалқаман Тілеуханов, журналист Батырхан Дәрімбет, әдебиеттанушы-ғалым Еділ Тұрсынов қатарлы белсенді топ тізе қосып, күн-түн демей жұртшылықты үгіттейді. Сол жылы күзде Төле би көшесінің бойындағы Тастақ базарының маңынан №62 мектепті қазақ мектебі етіп құрады.

– Қазақ мектебін құру үшін қаладағы қазақ отбасыларын, базарларды, адам көп жиналатын жерлерді аралап, қол жинап, бірігіп жұмыс істедік. Кейбір ата-аналар біздің уәжімізді тыңдап, еңбегімізді қолдап, көздеріне жас алды. Енді кейбірі «бұл бастамадан түк шықпайды, қазақ мектебінде білім болмайды, оның керегі жоқ» деп қарсы шықты. «Ұлтшыл» деп сыртымыздан өсектегендер де табылды. Бірақ бізді қолдағандар көп еді. Тіпті қысқа уақыттың ішінде бір мектепке сыймайтын мыңдаған бала тізімделді. Ақыры тамыз айында №62 мектеп бізге берілді. Бұл мектепте екі ауысыммен 400-дей бала оқыды. Ата-аналар «Біздің балаларымыз оқи алмай ма?» деп реніштерін білдіріп, жылап-сықтағанын көрдік. Күзден бастап өз балаларымызды сол мектепке ауыстырдық. Мектептің құрал-жабдығын өзіміз жасадық. Үйден парта, орындық тасыдық. Мектептің алғашқы 24 түлегі түгелдей оқуға түсті. Оның төртеуі кейін «Болашақ» стипендиясының иегері атанды. Біз осылай «қазақ мектебінде білім болмайды» дегендердің сөзін нақты нәтижемен жоққа шығардық. Алматыдағы қазақ мектебінің көбеюі осылай басталып еді. Содан бері 35 жыл өтті. Алматыда қазақ мектебі әлі аз. Аралас мектептерді қазақ мектебі етіп өзгертуге ешкім қарсы болмайды. Тек ниет керек. Мына жүрісіміз Шона Смаханұлының рухынан ұят! Қазақ қаламгерлерінің ішінен Шона ағамыздың ісін жалғастырар ешкім жоқ дегенге сенгім келмейді. Тіл үшін шырылдап жүрген азаматтар көп. Солар ең алдымен осы мәселені қолға алса, біз көмектесуге әзірміз. Өз басым халық алдында беделі зор, аузы дуалы Дулат Исабеков, Смағұл Елубай секілді ағаларыма сенемін. Менің ойымды қолдап, елге үн тастар деген үмітім зор. Қазір Алматы қаласының әкімі болып Ерболат Досаев келді. Жұрт алдындағы беделін тіктеудің амалы – аралас мектептерді қазақ мектебіне айналдыру екенін ол да түсінуі керек. «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы қаламгерлер мен зиялы қауымға әрі барша жұртшылыққа «Аралас мектепті жабайық» деген ұсыныс айтқым келеді. 30 жыл қазақ тілін Мемлекеттік тіл ете алмауымыздың себебі – енжарлығымыз, бойкүйездігіміз. Соның зардабын қаңтарда тарттық. Енді кешеуілдетсек, бәрінен кеш қаламыз, – деп аяқтады сөзін Бесзәкір ағамыз.

Айта кетейік, 1991 жылы Алматыда қазақ мектептерін ашуға ұйытқы болған әрі осы мектептің ашылуына тікелей өзі бастамашы болған №62 мектепке сатира сарбазы Шона Смаханұлының аты берілді.

СТАТИСТИКАЛЫҚ МӘЛІМЕТ

Редакция қалалық Білім басқармасына арнайы сұрақ жіберіп, статистикалық мәліметтер алды. Қаңтардағы оқиға кезінде қалалық әкімшілікте орналасқан Білім басқармасының компьютерлері өртеніп кеткендіктен, кейбір мәліметтер (орыс мектептерінде қанша қазақ баласы оқиды, олардың жас ерекшелігі қандай?) толық емес екенін ескертті.
Қалада 207 мемлекеттік және 88 жекеменшік мектеп бар. Қазақ мектебі – 70, орыс мектебі – 64, ұйғыр мектебі – 3. Аралас мектептің саны – 70.
Осы мектептерде 300 мыңнан астам бала білім алады.

АРАЛАС МЕКТЕП БОЛМЫСЫМЫЗҒА ҚАРСЫ

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:

- Аралас мектепті бітірген адамдардың санасы да «аралас» болады. Олардың қай топқа жататынын білмейсің. Бұл кәдімгі моргиналдар сияқты болып шығуы мүмкін. Содан қорқамын. Аралас мектепті не үшін салып жатырмыз? Мектепке бөлінетін қаржының аздығынан ба, әлде мұның ар жағында түстіктегі көршінің мүддесіне «қолжаулық» саясат бар ма? Меніңше, бар сияқты. Қазақ, орыс мектептерін жеке-жеке аша берсін, бірақ аралас қылу біздің болмысымызға мүлде қарсы.
Қазақ мектебін бітіріп шыққан балалардың ұлтына, тіліне, діліне көзқарасы аралас мектепте оқыған балаларға қарағанда басқаша болады. Өйткені, олар – қай қызметте отырса да, қазақ тілінде ойланады, сол тілде түс көреді, қазақтың қамына, болашағына еш уақытта бей-жай қарай алмайды.

Мемлекеттің қаржысы қанша мектеп саламын десе де жетеді. Баяғыда Дариға Назарбаева Шымкентке барып: «Сіздер баланы көп туасыздар, біз мектеп салып үлгермей жатырмыз… Шаршадық», – деп айтыпты. Бұл не сандырақ өзі? Бұл – «дүбәрә мектептің» нәтижесі. Мен 2014 жылы Англияда «Өкпек жолаушыны» қойып,­ премьерадан соң «BBC» телеарнасынан эфирге шығатын болдым. Барсам, ол жерде Түрікмен, Өзбек, Тәжік, Қырғыз секілді Орта Азияның барлық елінің жеке редакциясы бар. Қазақстанның ғана редакциясы жоқ. «Неге?» деп сұрап едім, «Дариға Назарбаева келіп: «Бізге бөлек редакцияның керегі жоқ, штатқа ақша бөліп қайтеміз, Ресеймен бірге боламыз», – деді. Сол үшін Қазақ редакциясын қысқарттық», – деп шындарын айтты. Сондағы бөлетіні 3-4 адамның жалақысы емес пе? Бұл қыруар қаржыны талап ете ме? Содан соң амал жоқ Қырғыз редакциясында сұхбат бердім. Осындайды болдырмас үшін Қазақстанда аралас мектепті тоқтатуымыз керек. Он мектеп ашылса, балалардың таңдауы бойынша қазақ яки орыс мектебі болсын. Балалар өздері таңдайды. Бірақ қазақ тіліне көбірек көңіл бөлу керек. Орыс мектептерінде қазақ тілі жүрдім-бардым емес, кәдімгідей «пән», «тіл» ретінде өтілуі тиіс. Қазір орыс мектептерінде қазақ тілі пәнінен «бес» алып келген орыстың балалары екі сөздің басын құрап айта алмайды. Ал біз немісше оқысақ немісше, ағылшынша оқысақ ағылшынша сайраймыз. Осының бәрін тоқтатуымыз керек. Мен аралас мектепке түбегейлі қарсымын!

КЕЛЕР ҰРПАҚ ҚОР БОЛМАСЫН

- Алматы қаласында аралас мектеп көп. Ал аралас мектепті бітірген балалар орыстілді болып жатыр. Бұл сөзіміз дәлелдеуді қажет етпейді: барыңыздар, көріңіздер, сөйлесіңіздер.

Алматы – өкінішке қарай, орыстілді қала. Сүйікті қаламызды тұрғындарының бәрі мемлекеттік тілді еркін меңгерген шаһарға айналдыру мүмкін болмай келеді. Сол үшін қаншама мектеп ашылды. Біздің оқушы кезімізде 12 қазақ мектебі ғана бар еді, қазір олардың саны алпысқа жетіп жығылады. Олардың қайсысына барсаңыз да, балалардың дәлізде орысша сөйлесетініне куә боласыз. Неге? Өйткені, мектеп жасындағы жеткіншектер үйінде де, аулада да орысша сөйлесуді қалыптастырған. Сондықтан мектепте де әдетін үзбей орысша сөйлеседі.

«Ұядан қанат қаққан соң» қазақ тілін ұмыта бастайды. Орысша сөйлеп, іс-қағаздарды орыс тілінде жазады. Маған аралас мектеп қазақ тіліне қарсы практикалық орталық секілді сезіледі. Яғни, бала не қазақшаны, не орысшаны толық білмейді, екі тілдің арасында дүбәра болып қалады. Бұл жалғыз – менің пікірім емес, бүкіл қазақ зиялыларының ойы.

Сондықтан келер ұрпақ өз тілін білмей қор бола ма деп алаңдаймыз. Қорыта айт­қанда, аралас мектептерді азайтып немесе түгелімен қазақ мектептеріне ауыстыратын кез келді. Бұл – уақыт талабы.

P.S. Бұл тақы­рыпты алдағы уақытта да жалғастырып, зиялы қауым өкілдерінің пікірін үзбей беретін боламыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың назары ауып, зиялы қауым көтерген мәселеге бей-жай қарамайды деген ойдамыз.

Тоқтарәлі Таңжарық

Дереккөзі: «Қазақ Әдебиеті» газеті

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357