Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Жаңалықтар 5275 0 пікір 1 Қазан, 2012 сағат 12:33

Тұрсын Жұртбай. ««Алқа» әдеби үйірмесіне байланысты айтарым мынау» (жалғасы)

3.Даниал Ысқақов

«Алашордашылардың» тергеу ісіне тартылған екінші топтың соңына ала «Біләл Сүлеевтің, Даниал Ысқақовтың, Әбдірахман  Мұңайтпасовтың және басқалардың» үстінен №2370 тергеу ісі (кейінгі қайта тіркеу бойынша №06610 іс) жүргізіліп, олардың жауаптары ІІІ томға тіркелген. Бұл азаматтарға нақты айып тағылмаған, тек көрсетінділерде аты аталғаны үшін ғана тергеуге тартылған. Олардан алынған сұрақ-жауаптар да бір-екі протоколдан аспайды. Оларды айыптылардан гөрі куәлардың қатарына жатқызуға болады. Солардың бірі - Даниал Кәкітайұлы Ысқақов.

3.Даниал Ысқақов

«Алашордашылардың» тергеу ісіне тартылған екінші топтың соңына ала «Біләл Сүлеевтің, Даниал Ысқақовтың, Әбдірахман  Мұңайтпасовтың және басқалардың» үстінен №2370 тергеу ісі (кейінгі қайта тіркеу бойынша №06610 іс) жүргізіліп, олардың жауаптары ІІІ томға тіркелген. Бұл азаматтарға нақты айып тағылмаған, тек көрсетінділерде аты аталғаны үшін ғана тергеуге тартылған. Олардан алынған сұрақ-жауаптар да бір-екі протоколдан аспайды. Оларды айыптылардан гөрі куәлардың қатарына жатқызуға болады. Солардың бірі - Даниал Кәкітайұлы Ысқақов.

«1931 жылдың 14 сәуірі. Алматы. ПП ОГПУ-дің 3 ерекше бөлімінің өкілі подполковник Лаптев осы күні тергеуге түскен №23-70 іс бойынша «Тынышбаев Мұхамеджанға және басқаларға ҚІК 58-7, 58-11, 59-3 баптар бойынша айып тағылғандармен» байланысы жөнінде жеткілікті айғақтар болғандықтан да Даниал Ысқақовты тұтқындау туралы қаулы қабылдады. Семей губерниясынан шыққан, 33 жаста, Ташкент қаласының тұрғыны, партияда жоқ, жоғары білімді, Орта Азия ауыл шаруашылығы институтының жанындағы рабфактің оқытушысы, үйленген, бұрын сотталмаған, жауапқа тартылмаған. Қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысқан, солармен бірге ұлтшылдық идеясын насихаттаған және тұрғындарды кеңес өкіметінің шараларына қарсы үгіттеген. ҚК-нің 12-8 баптарына сәйкес Даниал Ысқақовты  №3470 істе көрсетілген ҚК-нің 58-10, 58-11 баптары бойынша жауапқа тартуға қаулы етілді.

Бұл туралы ГПУ-ге қарасты мекемелерді қадағалайтын прокурорға хабарланды. АТП өкілі Саенкомен келісілді. Рогожин».

Анкеталық анықтама: Даниал Кәкітайұлы Ысқақов - Абайдың туған інісі Ысқақ Құнанбайұлының немересі. Семейдің мұғалімдер гимназиясында Ж.Аймауытовпен, М.Әуезовпен қатар оқыған. «Алашорданың» Семейдегі «Талап» жас алаш ұйымын құрушы, оның жарнашысы, «Абай» журналының демеушісі болған. Алашордашылар жаппай қуғындала бастағанда бесіктен бірге өскен досы Мұхтар Әуезов екеуі Ташкентке ауысқан. Онда Х.Досмұхамедовпен бірге Ташкентте «Сана», «Шолпан» журналдарын шығаруға қатысқан. «Сананың» жарық көрген  алғашқы екі санында М.Әуезовтің «Бәйбіше - тоқал» пьесасының әлеуметтік астары мен көркем бейнеленуі туралы «Қорғансыздар» атты әдеби сын мақаласы жарық көрді. Бұл сол тұста нақты көркем әдеби сынның талабына толық жауап беретін пайымды басылым болып табылады.

Тәркілеу науқанында Құнанбай тұқымдары тұтастай қуғынға ұшырап, жер аударылғанда оларды Ташкент пен Шымкент маңына жасырын қоныстандырған. Оған «үш-төрт жасар халық жауының тұқымы», Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың қызы Мінәш Ысқақованың:

«Шамасы 1929-1930 жылдардың бірі болар, менің туған әкем Әрхам Кәкітайұлы "Құнанбай ұрпағы" болғаны үшін қуғындалып, басына тұтқындалу қатері төнгенде Мұхтар ағаның көмегімен (естелік кеңес тұсында жазылғандықтан да Даниал Ысқақовтың есімін тура атаудан секемденген, кейін алғашқы мәтінді өзгертуге Мінәш апай бізге ықылас білдірмеді - Т.Ж.) Ташкент түбінен пана тауып, сонда қоныс тепкен екен. Әкемнің соңынан іздеп барған анам Сақыпжамал 3-4 жасар мені өзімен бірге ала кетіпті. Бізді Ташкентте қарсы алған, пәренже жамылған әйел (ол Зина деген апай еді, 1961 жылы көргенмін) анамды өзбектің арбасына отырғызды да мені алып қалды (Әкесі Әрхамның жасырынып жатқан жерін сыр сақтауды қаперіне ала қоймаған жас нәрестеден жасырған - Т.Ж.). Бөтен адамнан қорқып, жылап келе жатқан мені биік үйдің жанында тұрған екі ер адамның қасына әкелгенде, аққұба өңді кісі мені құшағына алып: "Жылама, мен сенің ағаң Дәкумін. Ал мына кісі Мұхтар ағаң. Қазір сені Мүкәрәма апаң ертіп әкетеді, ертең әке-шешеңе өзіміз апарамыз",- деді. "Ағаң, апаң",- деген жылы сөз бен аққұба, қара торы өңді туыстарымның бейнесі жат жерде бірінші рет көргендіктен бе, жоқ әлде балалық сезімнен бе, әйтеуір күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпей, сақталып қалыпты. Және Мұхтар ағаны, туған ағамыз екен деген әсер менің санамда 1942 жылға дейін өзгермеді»,- деген (Мұхтар Әуезов туралы естеліктер. А., 1997 жыл. 200-бет) естелігі толық дәлел.

Ташкент қаласында Мұхтар Әуезовпен бір үйде тұрған. Екеуін де қатар тұтқындап әкеткенде көшеде қаңғырып қалған Мұғамила Мұхтарқызын қашан Әлкей Марғұлан мен Шафик Шокин Алматыға әкеп орналастырғанша паналатқан адам - Даниалдың әйелі, естек қызы Мүкарамма бегім болатын.

Даниал Ысқақовтың шығармашылығы қалың көпшілікке бейтаныс. Сондықтан да оның негізгі еңбектеріне қысқаша шолу бере кетуді жөн көрдік.

Даниал Ысқақовтың алғашқы әдеби сыны "Қорғансыздар" (Әуезұлының „Бәйбіше-Тоқалына" тексеру) - деген атпен  автордың өзі басқарма мүшесі яғни шығарушысы болған "Сана» журналының 1924 жылғы №2-3 сандарында басылған. Мақаланың соңында: «Егер «Бәйбіше-тоқалдың» идеясы, әсердің түрі осы айтылғандай деп танысақ, тексерушінің ендігі міндеті: жазушының ол мақсатын қандай дәрежеде орындай алғанын, пьесаның көріністерін, байланыстарын сол мақсатына үйлестіре алған, үйлестіре алмағанын қарастыру болмақ. Енді соны орындауға көшеміз. Даниял. (Аяғы бар)»,- деп көрсетілген.

Журналдың жабылуына байланысты мақаланың соңы басылмай қалды. Қолжазбасы сақталды ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Т.Жұртбайдың алғысөзімен 1986 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінде, сондай-ақ "Абай"журналының 1993 жылғы № 6 санында жарияланды. Ал оның аудармалары мыналар: "Үлкен бақшашының өмірі" - А.П. Чеховтің әңгімесі. 1926 жылы Мәскеудегі Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасынан 3.000 данамен басылып шыққан. "Төрт күн" - орыс жазушысы В.М.Гаршиннің «Четыре дня» деген әңгімесінің аудармасы. 1926 жылы Мәскеудегі Қазақстан мемлекет баспасының Күншығыс бөлімі 3.000 данамен басып шығарған. Сонымен қатар Г.И.Серебрякованың «Маркстың жас шағы», поляк-орыс жазушысы Бруно Ясенскийдің "Терісін ауыстырған адам" ("Человек меняет кожу") атты романдары  1935 жылы Д.Ысқақовтың тәржімасымен қазақша басылып шыққаны туралы «Әдеби өмір шежіресінде» («Қазақ Совет әдебиетінің тарихы». Бірінші кітап, 1967) атап көрсетілген. Бірақ бұл екі аударма кітап әзірше табылмай отыр. Д.Ысқақовтың бұл әдеби шығармалары Т.Жұртбайдың құрастыруымен шыққан «Алаш ақиықтары» атты жинақта барынша жинақталып басылды.

Абдолла Байтасовпен бірігіп «Көркем әдебиет туралы» мақала жазып, Сәбиттің, Әбдірахманның, Қошкенің пікірлеріне пікір қосады, Әбдірахманның сыңаржақ пікірлерін сынайды, әдебиеттің ұлттық сипатта болуын қостайды. Ескерте кететініміз, бұл мақала осы уақытқа дейін Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің атына телініп келді. "Көркем әдебиет туралы" мақаласы - «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы 8-9 тамыздағы сандарында "Екеу" деген бүркеншік атпен жарияланды. Кейін "Қазақ әдебиетінің" 1989 жылғы 3 қарашадағы санында басылды. Авторлары  - Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов деп, екі жазушының "Екеу" деген бүркеншік атпен қол қойған ертеректегі мақалаларына сүйеніп жаңылыс көрсетілген. Әдебиет зерттеушілері де осы уақытқа дейін соған сүйеніп, қате пайымдаулар жасап келеді. Нағында бұл - белгілі алаш мәдениетінің қайраткерлері, әдебиет сыншылары, аудармашы Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақовтың мақаласы. Осы мақаласы үшін екеуі де 1930 жылы  тергеуге алынып, түрмеге қамалған.

Мақала авторы ретінде көрсетіліп отырған Ж.Аймауытовтың өзі түрме тергеушілеріне берген жауабында:

«Екеу» деген бүркеншiк атпен жазылған көркем әдебиет туралы мақаланы оқыдым. Оның иелерi - Байтасов Абдолла мен Ысқақов Даниал. Соңғы адам үйiрменiң бағдары талқыланған мәжiлiске қатысты ма, анық айта алмаймын, қатысқан болуы да мүмкiн. Мақаланы мен қолжазба түрiнде оқыдым, оны маған Ташкенттегi жоғары оқу орындарының не рабфактың бiрiнде оқып жүрген Шымкенттiк студенттердiң бiреуi әкеп бердi. Оған дейiн мен Ташкентке барғанмын, сонда А.Байтасовпен де, Ысқақовпен де кезiктiм, олар маған: «Еңбекшi қазақ» газетiнде көркем әдебиет туралы мақалалардың жариялануына байланысты бiз де мақала жазуды ойластырып жүрмiз,- дедi. Қашан дайын болған кезде оны маған көрсетiңдер, мүмкiн мен кей жерiн түзетiп берермiн дедiм. Сол уағдаластықтың желеуiмен ол мақаланы әлгi студенттер арқылы Шымкентке берiп жiберiптi. Бұл - 1927 жылдың алғашқы жартысындағы қыс айларының бiрi болатын. Мақалаға аздаған өзгерiс енгiзiп, мұны баспа бетiнде жариялауға болады деген тiлекпен өздерiне қайыра жолдадым. Мақала газетке жарияланған соң ондағы пiкiрлердi толық қостайтынын бiлдiрген Әуезовтiң пiкiрiн өз құлағыммен естiдiм. Мақаланы мен өңдеп бергеннен кейiн оны өзге қазақ жазушылары, мысалы, Дулатов қарап шықты ма жоқ па, ол жағын бiлмеймiн. Ол мақаланы «Алқаның» бағдарын толықтай қостаған дүние деп мен есептемеймiн. Аймауытов (қолы қойылған)»,- деп анықтап тұрып көрсеткен.

Осы мақала үшін екеуіне 1937 жылы: "Алқа" жасырын контрреволюциялық ұйымына қатысты, кеңес өкіметінің мәдениет туралы саясатына қарсы шығып мақала жазып, газет бетінде ашық пікір білдірді"- деген жалған айып тағылып, ату жазасына бұйырылды. Шындықты қалпына келтіру мақсатында алаштың екі азаматының басын бәйгеге тіккен бұл мақала нағыз иелері - А.Байтасов пен Д.Ысқақовтың атынан тұңғыш рет «Алаш ақиықтары» атты жинақта жарияланды. Сонымен, тергеу ісіне оралайық.

1931 жылы 14 сәуір күні тергеуші Лафиулов Даниал Ысқақовтан жауап алған. Тергеудің негізгі бағыты «Сана» журналындағы ұлтшылдық идеологияның, яғни, көркем әдебиеттегі ұлттық сана мен ұлттық көркем шындықтың насихатталуын әшкерелеу тұрғысында жүргізілген:

«Комиссияның жоспары бойынша («Сана» журналының) екінші санын жарыққа шығару көзделген. Түркхалкомағарту мекемесінің мемлекеттік ғылыми кеңесіне қарасты ғылым комиссиясына қызметке келгенімше оның бірінші саны шығып үлгеріпті. Менің есімде сақталғаны, ол журналда мынадай мақалалар  жарияланды:

1.ГУСОМ бекіткен, Байтасов қайта қарап шыққан 1-баспалдақтағы мектептерге арналған жалпыға ортақ оқу бағдарламасы.

2. М.Тынышбаевтің «Мырза Едіге батыр» (тарихи дастанның кейіпкері) атты мақаласы және қазақ тұрғындарының саны туралы кесте.

3. Жұмабаевтің қазақтың халық ақыны Ақан туралы мақаласы.

Ұлтаралық межелеуге байланысты комиссияның қаулысымен редакция алқасы құрылды, оның құрамына Х.Досмұхамедов, Қ.Кемеңгеров және мен кірдім. Осы алқа мүшелеріне материалдарды дайындау тапсырылды. Бұл кезде комиссияның қолында журналға арнап әр жерден жіберілген және жергілікті ташкендік авторлар жазған материалдар болды. Келіп түскен материалдардың барлығын комиссияның төрағасы ретінде Х.Досмұхамедов қарап шықты және басылуға тиісті материалдарды сол іріктеп алды.

Журнал ешқандай да кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізген жоқ және ондай әдеби міндетті алдына қойған да емес. Оның басты мақсаты - оқу-ағарту саласы болды, алайда ол кезде қазақ көркем әдебиетін бағалауда пікір қайшылықтары болатын, соған орай басылған Ғаббас Тоғжановтың рецензиясына бола журналды ұлтшыл мекеменің қатарына қосты, алайда онда кеңес өкіметіне қарсы бағытталған немесе таза ұлтшылдықты көздейтін ештеңе де жоқ болатын.

Ол кезде көркем шығарманы маркстік тұрғыдан бағалай алатын сын қазақ әдебиетінде мүлдем жоқ еді. Егерде «Сана» журналы нақты таптық бағыт ұстай алмаса, онда мұны сол кезде қазақ тілінде шыққан барлық басылымдарға кінә ретінде көрсетуге болады. Д.Ысқақов».

Ал Даниал Ысқақов өзінің 1931 жылы 31 сәуір күнгі тергеуде берген жауабында Халел Досмұхамедовпен ғылыми шаруашылық мәселелеріне қатысты жиі араласып тұрғандығын айтқан. Екеуінің сөздері бір арадан шыққан. Сол сияқты Дәурен Тұрғынбаевтің (сол кезде 45 жаста екен) 1931 жылы 11 мамыр күнгі жауабы да сол мазмұндас.

«1931 жылдың 17 қыркүйегі күнгі Даниял Ысқақовтан алынған жауаптың хаттамасы: Ташкентте 23-жылдан тұрамын. 26-жылы Қызылордада комиссияның жұмысымен бес күндей болдым. Байтасов саяси курсқа хат беріп жіберді. Онда бұрынғы алашордашылардан ешкімді кездестіргемін жоқ. 24-26-жылдардың арасында бұрынғы алашордашылардың ішінен ғылыми комиссияда жұмыс істейтін Халел Досмұхамедовпен қызмет барысында кездесіп жүрдім. Ал куәға тартылып отырған Тынышбаевпен, Қашқынбаевпен қоғамдық орындарда ғана өте сирек ұшырасып қалып жүрдім. Мен Ташкентте тұрғанда Ермековпен 2-3 рет қана жолықтым, одан көп емес. Сұраған мәселеге тік жауап беретін шыншыл адам, ал оның өкіметке қарсы пікір айтқаны есімде жоқ. Бұрынғы алашордашылардың Ташкентте ұйым құрғаны және олардың Заки Валидовпен байланысы туралы мүлдем хабарсызбын.

Енді мақаланың жайына келетін болсақ ( көркем әдебиет туралы «Екеу» деген бүркеншік атпен Абдолла Байтасов екеуі бірігіп жазған сын мақаланы айтып отыр - Т.Ж.) мұнда бір түсініспестік бар. Қашан екенін білмеймін, Байтасов Абдолла маған Аймауытов екеуінің атынан мақала жазып әкелгендігін айтып, сол туралы пікір білдіруімді сұрады. Көркем әдебиетті маркстік тұрғыдан талдау тәжірибем бар болғандықтан да оқып шығып, өзімнің пікірімді білдірдім. Кей тұстарымен келіспейтінімді де айтып, түзетуді ұсындым. Жандосов Ораз да танысып шығып, біраз уақыт ұстады. Арада недәуір уақыт өткен соң мақаланы менің көзімше қайтадан көшіріп шығып, авторлыққа мені де қосып, «Екеуміздің» атымыздан шығарды. Мұның жөнін сұрағанымда Байтасов: «Мақаланы оқып шыққан Аймауытов: екеуіңнің атыңнан шығара беріңдер, пікір екеуіңдікі. Мен қосылмай-ақ қояйын - деп кеңес берді. Ішінде сенің түзеткендерің мен пікірлерің бар болғандықтан да сенің атыңды да қостым. Онда тұрған ештеңе жоқ», - деп жауап берді. Бұл мақала 26-жылы не 27-жылы жарық көрді.

«Алқа» әдеби үйірмесіне байланысты айтарым мынау: 26-жылдың қарсаңында Байтасов менің пәтеріме менің үйде жоқ кезімде «Алқаның» бағдарламасын тастап кетіпті. Ешкім ештеңе түсіндірген жоқ. Жарғы біздің үйде біраз жатты. Мен оған ешқандай мән бергемін жоқ. Екеуміз бұрын да бірлесіп жұмыс істеп, кітаптар аударғамыз. Бір апта өткен соң ол менен «Алқа» әдеби үйірмесінің жарғысын менің оқыған, оқымағандығымды сұрады. Одан бізге келетін қандай пайда бар екенін сұрағанымда: Мәскеулік студенттер ұйымдастырыпты. Мәскеуде әдеби үйірмелердің бағытын негіз етіп алыпты - деді. Мен жарғыны оқып шығып, пікірімді айтуға келістім. Одан басқа ешқандай уәде бергемін жоқ. Жиырма күндей менің үйімде жатты. Қарап шығуға мұршам болмады. Ол тағы да мен жоқта үйге келіп, ендігі оқып бітірген шығар деген оймен жарғыны алып кетіпті. Мен жарғыны оқып үлгермегенімді айттым. Біраз уақыт өткен соң ол маған: үйірмені құруды ешкімде қолдаған жоқ - деген мағынада Жұмабаевқа хат жазып жібергенін айтты.

Әділевпен мен ғылыми комиссияда қызмет істеп жүргенде таныстым. Ол да сонда жұмыс істейтін. Бірде ол Халел Досмұхамедовтен демалыс сұрап, Ташкенттен кетіп қалды. Содан кейін мен онымен Қызылордада Қазақ театрының директоры болып жүрген кезінде бір рет қонақта болдым. Қонақта Байтасов, Кемеңгеров және ...(аты-жөні танылмады) болды. Содан кейін кездесудің сәті түспеді (Қолы қойылған)».

Міне, Д.Ысқақовтың «қылмысы» да, жауабы да осы. Тек тергеудің мысын қайыру үшін өзінің «Көркем әдебиет туралы» мақалаға қатысын жеңілдетіп баяндап отыр. Ал ай бойы ұстаған «Алқа» бағдарламасын оқымадым дегені - жорта жауап. Сонша көлемді де емес және пікір білдіруге ниеттенген мақаланы оқымауы мүмкін емес. Қалай болған күннің өзінде Даниал Ысқақовтың айыбы толық дәлелденбейді. Осыған орай Мәскеу тергеушілері:

«ПП ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкіліне: Ермеков Әлімханды ... Ысқақов Даниалды ... жауапқа тартқан №2107 істі ОГПУ-дің коллегиясының 32 жылғы 3 наурыз күнгі қаулысына сәйкес қосымша тергеуге жіберіп отырмын»,- деген (ІІІ том, 205-бет) ілеспе хат жолдаған.

Қосымша тергеу де күткен нәтижені бермесе керек. Амалсыз кейбір айыпталушылардың үстінен жүргізілген тергеу ісін тоқтату туралы:

«... Омаров Уәлихан, Сүлеев Біләл, Ысқақов Даниял түрмеден босатылсын. (Қолы)», - деген Қаулы қабылдауға мәжбүр болады.

Құрығына түскенді құтқармайтын  кәнігі тергеушілер Қаулының соңына: «Бақылауға алынсын», - деген бұрыштама қойып, оған жеңіл ғана «қарғыбау тағып» қоя берген.

Құпия бақылау мекемесіне берілген бұл нұсқау, яғни «Бальзактың шегірен былғарысы» 1938 жылы тұзаққа айналды. Даниал Ысқақов Алматыда ұсталып, жазаға тартылды. Қосымша әфсаналық деректерге қарағанда Даниал Ысқақов атылмаған, 1945 жылы айдауда жүріп дүниеден қайтқан-мыс. Ұрпақтарының шежіресінде де солай көрсетілген. Оған өжет мінезді, өткір тілді, Кәкітайдың кіші әйелі Бибі азапты жылдары бауырына басып, «кекшіл, өкпешіл, қайдағы-жайдағы әңгімені құлағына құйып алатын, өкпе-назды кеудесіне ұялатқан», зайырлы ұстаз Мінәш Әрхамқызы Ысқақованың естелігіндегі Даниалды бауырына басқан Бибі апаға Мұхтар Әуезов айтқан бір сөздің астары негіз болған. Түрмеден босаған соң да Мұхтар мен Даниалдың арасы ажырамаған.

Мінәш Әрхамқызы: «1935 жылы анам Сақыпжамал қайтыс болып, әкем екеуміз Алматыдағы Дәку (Даниал) ағаның үйіне келдік. Сонда Мұхтар аға Дәку ағамен қазіргі Құрманғазы көшесінде қарсы есіктес көрші тұрды. Астанаға келген соң мен ондағы 12-ші мектепте оқыдым. Дәку ағалардың үйіне барғанда Мұхтар аға екеуінің қатар жүріп, қатар отырғанын жиі көргендіктен болар, мен ол кісілердің алдында еркін жүріп, еркін сөйлейтінмін. Дәку аға өте бауырмал, балажан адам еді. Мені "жетім" деп аялай ма, әйтеуір ерекше жақсы көруші еді.

Сол кезде Дәку ағаның үйі толған жетім балалар еді. Шағатай, Шыңғыстай, Саида, Зәкен, өзінің Динар, Роза, Марат атты балалары ұзын ас столында қаздай тізіліп отыратын едік. Әйелі Мүкарамма шешеміз біріміздің шекемізден шертпей тамақтандыратын. Қазан қаласының университетін бітірген, ұлты башқұр болуға тиіс, өзінің ұлт тілін сындырмай, ас ішкенде асықпай, сөйлемей, қасық, шанышқыны дұрыс ұстап отыруға көңіл бөліп: «Аш ішкәннә шашмағыз, бойығызға сіңім, қолығыңызды жуығыз», т.б. деп түсіндіріп, тәрбиелеген, көркіне санасы, мәдениеті жарасқан, өте сабырлы, иман жүзді, дауысын көтеріп сөйлемейтін, қоңыр үнді, ақылды ана еді. Ашық күнде жай түсіп, Дәку аға тұтқындалды, өзін тергеу орыны шақырып, жер аударды. Далада иесіз қалған үш баласын Ташкентте тұратын апасы Мәрзия азар жинап әкетіпті. Талай қорлық, зорлық көрсе де қажырлықпен үш баласына жоғары білім әперді. Динар, Роза Алматыда оқыды. Марат Москвадағы Ломоносов атындағы университетті бітірген. Математика ғылымының кандидаты. Қазір бәрі де зейнеткер, Алматыда тұрады. Мүкәрәмма, Мәрзия апайлар Ташкентте тұрып, ұзақ жасап қайтыс болды...

Содан... 1945 жылы Абай атамыздың 100 жылдық тойы халықтың бір қуанышты, бір қайғылы кезеңінде өтті. Себебі үйінен соғысқа аттанған 2-3 азаматының бірде-бірі тірі оралмай, жерге қарап қалған шаңырақтағылар да, майданнан жарымжан болса да тірі оралғанына тәубә еткен отбасылар да көп болатын. Соған қарамастан бүкіл ел Абайдай дана бабасының тойынан рухтанғандай, бойларына күш алып, қаяу көңілдері көтеріліп серпілгендей еді. Осы тойға әжем Бибі Павлодардан арнайы шақырылды. Ол кезде әкем Қасқабұлақта тұрғандықтан, үлкен апам аудан орталығындағы менің үйіме түсті. Атам Оразмағанбет пен енем Үмітай әжемді құшақ жая, жылап, көрісіп қарсы алды. Анық білетінім, біздің үй - мен келін боп түскен осы Байзақ би баба шаңырағымен бұрын да құдандалы, сыйлас адамдар екен. Әжем ескілік салтты өте қатаң сақтайтын, иманжүзді адам еді. Ол кісі өте жақын болмаса да кісі аттарын тергеп, Құнанды - күземе, Торғайды - шырылдауық, Топайды - асық атты деп күлкіге батыратын. Бұл жолы да сол салтын сақтап, төрге салынған көрпеге жетелеген енеме: "Би атамның төріне шығып, алжыды деп ойлайсыңдар ма?",- деп ортадағы төсекке арқасын сүйеп отырды.

Өткен күндердегі қуаныш, өкініштерін айтысып, бірде жылап, бірде күлісіп жатқан мезетте үйге дауыстап сәлем беріп, Балташ аға (Балтақай Толғанбаев) мен әкем және Мұхтар аға кіріп келді. Мұхтар аға кірген бетте жіті басып, төсек жанында отырған әжемді: "Кіші апа!"- деп құшақтай алды. Әжем сәл таңырқап: "Жаным-ау, Мұхтарсың ба?" - деп маңдайынан сүйді де: "Мұхтар-ау, Дәкуім қайда, Дәкуім?",- деп зарлап жылап қоя берді. Оқыс оқиғадан ұялып калған мен: "Әже, әже қойыңыз",- деп айырайын десем, Мұхтар ағаның да көзінен ыстық жас моншақтап тұр екен. Мен кері қарай серпілдім. Осы кезде әкем таяп келіп: "Жеңеше, сабыр етіңіз. Мұхтардың ортамызда тірі жүргеніне тәубе дейік. Абай атасының 100 жылдық тойын тойлатып, тоз-тоз боп кеткен ұрпақтарын жан-жақтан жинатып, бастарыңызды қосып жатқан, міне, осы Мұхтар. Басқаның қолынан бұл іс келмес еді",- деді. "Мұхтардың тіршілігі",- дегенде әжем дауысын көтеріп: "Мен Мұхтарға неге тірі жүрсің деп отырмын ба? Тел қозыдай қатар жүретін сыңарың Дәкуім қайда деп сұрап отырмын ғой",- деп алып: "Момыным-ау, ақкөңіл, ақботам, аңқауым Дәкуім-ау",- деп тағы боздай жөнелді.

Сол сәтте Мұхтар аға орындықтан қайта көтеріліп: "Кіші апа-ау, Дәку тірі ғой, тірі. Бір сәуле, бір үміт бар, аз күнгі бейнеті болар",- деп әжемді қайта құшақтады. Әжем жылауын тез тиып: "Аузыңа май құлыным, қапаста қамыққан қарақтарым-ай, бейнеті ештеме етпес, құдай-ау тірі көрсете гөр...",- деп Мұхтар ағаны құшағына алғанша, ол кісінің сағынышы мен жастық шақтағы ана көкірегін аңсағанынан ба, аузын толтыра: "Кіші апа-ау, Кіші апа",- деп маңдайын әжемнің кеудесіне төсеп еркелегендей болғанда Балташ аға әзілдеп: "Мұхтар, бізге де бірдеңе қалдыр, Бибі әже біздің де анамыз ғой",- дегенде үйдегілер ду күліп, көңілсіздік серпіліп, көңіл орнығып қалып еді.

Әжем - Кәкітай атамның екінші әйелі болған. Осыған орай ағайындарымыз ол кісіні "Кіші апа" атандырған. Дәку аға осы әжемнің бауырындағы меншігі екен. Семейге жиі қатынап, барлық қажеттерін өтеп, еркелетіп өзі тәрбиелепті. Әрине, әжемнің сол қамқорлығынан Мұхтар аға да құр қалмағаны анық»,- деп еске алады (сонда, 200-203беттер).

Ұрпақ арасындағы тылсым құпияларды тарқату әдепсіздік болар. Дегенмен де Мінәш апайдың: «Мұхтар ағаны, туған ағамыз екен деген әсер менің санамда 1942 жылға дейін өзгермеді» және «Мұхтар аға орындықтан қайта көтеріліп: "Кіші апа-ау, Дәку тірі ғой, тірі. Бір сәуле, бір үміт бар, аз күнгі бейнеті болар",- деген сөздердің астарында тағдырлы тұспал жатқанын ескерте кетеміз.

Кеңгірбай бидің батасымен Ырғызбайдың тұсында «шынжыр балақ, шұбар төстік» қонған, тағы да сол батаның жорымы бойынша: «Тоғыз ата болғанда, тоз-тозала болмақпыз», - деген Әубәкір Құнанбаевтың «Елімен қоштасуындағы» аян шындыққа айналды. Ырғызбайдың, Құнанбайдың, оның ішінде Абайдың тұқымдары тоғызыншы буында «тоз-тозала болды». Соның бірі - Даниал Кәкітайұлы Ысқақовтың алаш идеясы жолындағы кешкен тауқыметі осындай.


4.Қошке Кемеңгеров

Тергеуге тартылып, бірақ сұрақ астына аз алынған, көрсетінділері де шағын алаш азаматының бірі - Қошке Кемеңгеров. Мұның басты себебі: жалпы тергеу ісі аяқталып қалған, алдыңғы топтағылардың істері Мәскеуге жіберіліп қойған. Кейбір адамдардың қылмысты істері дәлелденбегендіктен де ол жақтан тергеу істері кері қайтарылып жатқан. Тергеу барысына осы жайт та әсер етсе керек.

Анкеталық анықтама: Қошке (Қошмұхамед) Кемеңгеров - 1896 жылы 15 шілде күні туған. Омбы ветеринарлық-фельдшерлік мектебінің екі класын бітірген, Омбы ауыл шаруашылығы училищесін тәмәмдаған, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқыған, аспирантураға түскен. Қазақ тұрмысы туралы көркем шығармалардың, көсемсөздердің, тарихи зерттеулердің авторы. Тұңғыш қазақ драма театрының сахнасы 1926 жылы 11 қаңтарда Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақина» атты пьесасымен ашылған.

Әдебиеттің ұлттық сипаты мен таптық ұстанымы туралы баспасөзде Қ.Кемеңгеровтің «Көркем әдебиет туралы» ( «Еңбекші қазақ», 1926 жылғы 1 желтоқсан), «Сәбитпен айтысты доғардым» («Еңбекші қазақ», 1927 жыл, 30 қаңтар) атты мақалалары жарияланды. Ол Сәбит Мұқановтың «Көркем әдебиет туралы» («Еңбекші қазақ», 1926,14-15 қазан), «Көркем әдебиет туралы қорытынды пікірлерім» атты мақалаларына пікір қосу ретінде жазылып, «Қызыл Қазақстан» журналының 1927 жылғы №2 санында жарияланды. Содан кейін тұңғыш рет араб қарпінен крилл қарпіне қотарылып, Т.Жұртбай құрастырған «Алаш ақиықтары» атты жинақта басылым көрді.

Оған осы мақаласы үшін:

«Кеңес өкіметінің мәдениет майданындағы шараларына баспасөзде қарсы шықты, астыртын «Алқа» ұйымына қатысты»,- деген айып тағылды.

Қошке Кемеңгеров 1930 жылы 17 қыркүйекте М.Әуезовпен, М.Күдеринмен бір күні тұтқынға алынды.

«Қазақстандағы бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың төтенше өкiлеттiгiнiң жанындағы үштiктiң 1932 жылғы 20 көкек күнгі мәжiлiсiнiң № III/к мәжілісхатының көшірмесі:

Тыңдалды: № 2370-iс бойынша: ... Кемеңгеров Қошмұхамедтi, Бұралқиев Мұстафаны ҚК 58/10, 11-статьялары бойынша жауапқа тартты».

Алайда ұзақ уақыт нақты айып тағылмай, сұраққа тартылмай келген. Оған Дихан Қамзабекұлының жарияланымындағы төмендегі жауап толық дәлел:

«ҚСР-ындағы ОГПУ басқармасына тергеуде жатқан Қошмұхамед Кемеңгерұлынан  Мәлімдеме

Жазықсыз абақтыда отырғаныма, міне, 10 ай өтті. Маған Қылмыс Кодексінің 58 (11-7) бабы бойынша айып тағылыпты. Бірақ мен өзімді кінәлі санамаймын. Кеңес өкіметіне қарсы күресу үшін жекебасылық немесе қоғамдық сипаттағы салмақты негіз болу керек. Менде ондай жағдай болған емес, нақтырақ айтсам, мұғалім кезімде материалдық тұрғыдан толық қамтамасыз етілген едім, бұған қоса Шығыстану факультетінің аспиранты ретінде маған ғылыми перспективалар ашылған-ды. Қоғамдық сипаттағы негізде Кеңес өкіметіне қарсы болу деген - қаражүзділердің реакциялық әрекеттерін, ұлы державалық шовинизмді қайта жандандыру. Мұндай қаскүнемдікті кім жақтайды? «Алаш Орданың» басшылығындағы буржуазиялық-ұлттық қозғалыспен байланысымды 1919 жылдың басында үзгенмін. Содан бастап мен өзімді ілгері ұмтылғандардың қатарындамын деп есептеймін, мұны жарияланған еңбектерім (дұрыстап аударылып, түсінік жасалса) растайды. Ұлтшылдық дүниетаным қалдықтарынан 1922 жылы, Қазақстандағы коллективтендіру мен таптық айырылым қатаң басталған уақытта біржолата құтылдым.

7 жыл ішінде мен Ташкентте түрлі оқу орындарында сабақ бердім. Осы уақытта менен дәріс тындаған шәкірттердің қайсысы болсын сабақ үстінде кеңес өкіметіне қарсы ой білдіргенімді айтса, өзімді айыпты санар едім. Маған Шығыстану факультетінің екі студенті жала жауып, куәлік беруі мүмкін деп ойлаймын, өйткені олар өздерінің жеке карьерасының жолында мені бәсекелес деп пайымдаушы еді. Жыл сайын жазда қымызбен емделу үшін мен Сібір өлкесіндегі ауылыма барамын. Егер туған ауылымдағы біреу мені кеңестік шараларды бұзды, кеңеске қарсы үгіт жүргізді десе, өзімді айыпты санар едім. Қайта мен туған елімде егінді кеңейтуге, жайылымды жақсартуға, колхоз құруға ықпал жасадым. 10 ай ішінде маған шімірікпестен жала жапқандармен жүздестірмеуді заңсыздық деп есептеймін. Мен Сіздерден өз қолыммен жазған куәліктеріме ғана назар аударуларыңызды сұраймын. Ташкентте тергеуші Ағабековке берген жауабымды біржақты деп санаймын. Өйткені ол: қараңғы карцерге саламын, тіпті атқызамын - деп қорқытты. Мен III дәрежелі туберкулезбен ауырамын, мұны анықтаған комиссияның 2 шілдеде берген актісі бар. Олар мені І-топтағы инвалид деп тапты. Абақтының ауыр жағдайында туберкулездің салдарынан ерте жан тапсыруым мүмкін.

Менің осы айтқандарыма назар салып, емделу үшін босатуларыңызды өтінемін. Тіпті болмаған жағдайда қолхат беріп аз-кем сауығып алсам деймін.

17 шілде, 1931 жыл. Алматы абақтысы» (Қ.Кемеңгерұлы. Шығармалары. Құрастырған Д.Қамзабекұлы. А.Алаш. 2005 199-200 беттер).

Бұл көрсетінді ешқандай деректік салыстыруларды қажет етпейді. Барлығы да тергеу барысындағы оқиғаларды қамтиды. Тек Ағабековтің тергеушілік пен қоса тергеуге тіркелген хаттар мен тілшелерді, жекелеген мақалалларды аударумен айналысқанын да еске сала кетеміз.

Осыдан тура екі ай кейін, 1931 жылдың 17 қыркүйегі күні Қошмұқамед Кемеңгеров тағы да жауапқа шақырылады. Бұл жолы тергеушілер тұтқындалған адамдардың көрсетінділеріне жүгініп нақты сұрақтар қойған. Соған орай:

"23-жылы мен Қызылорда қаласында болып, ғылыми ағарту жұмысына қатысты мәселелермен айналыстым. Ол кезде мен Ташкентте тұратынмын. Ысқақовтан сұрасаңыздар да айтар, ол уақытта Ермеков те, Байтасов та Ташкентте тұрған емес, сондықтан бірге жүрген емеспіз.

Жұмабаевпен ешқашанда хат жазысқан емеспін, ішінара Байтасовпен хат алмасып тұрдық. Соңғы адам маған Ташкентте: кеңес платформасына негізделген жазушылардың «Алқа» әдеби үйірмесін құрмақ екен. Оған партияда жоқтар да, коммунистер де қатыса алатын көрінеді. Үйірме ассоциация ретінде ресми тіркелген және жұмыс істеп жатқан сияқты - деді. Платформаның жарғысымен танысып шықтым. Мен ол кезде материалистік іліммен таныс емес едім, сондықтан да бағдарлама жалпы алғанда орынды сияқтанды. Мен оны қазір оқысам, оның марксизммен арадағы қайшылығын аңғарған болар едім. Бұл 25-жыл болатын. Сәрсен мен Жәкен: ассоциацияға коммунистер де, партияда жоқтар да қатысады. Пікір білдіріңіз - дегенді айтты. Бірақ та бұл мәселе жөнінде ешкіммен хат алмасудың реті келмеді. Онымен танысқаным туралы тізімге қол қойдым ба, жоқ па, білмеймін, нақты есімде қалмапты. Байтасовтың Смағұл Сәдуақасовқа бағдарламаны көрсеткенін білемін. Мен онымен бұл мәселе төңірегінде әңгімелескен емеспін. Мұның барлығы жай ғана сөз күйінде қалды, ешқандай отырыс болған жоқ.

(...) Байтасов маған: 21-жылы Заки Валидовтің Ташкентке келіп, қазақ ұлтшылдарымен кездескенін айтты. Бұдан басқа ештеңе білмеймін. Қазақ ұлтшылдарының төңкерісшіл ұйымы туралы ештеңе естігемін жоқ, білмеймін де. Ал Тынышбаевтің өңін білгеніммен де, өзімен таныс емеспін. Әлеуметшілердің ұйымына ешқашан мүше болған емеспін және ол туралы ештеңе білмеймін»,- деп жауап берген.

Бұл жауапқа да тереңдеп, не таратып түсінік беріп жатудың қажеттігі жоқ сияқты. Өйткені, мұндағы негізгі айтылған мәселелер М.Жұмабаевтің, Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтің жауаптарында толық талданғандықтан да қайталап жатпаймыз. Екі жылға созылған тергеу:

«... 8. Кемеңгеров Қошмұхамедтi - бес жыл мерзiмге концлагерьге жiберуге, оны сонша мерзiмге жер аударумен ауыстыруға... шешiм қабылдаумен» аяқталды.

Әрине, бұл шешім емес - сот үкімі еді.

Тергеу тігіндісіне қатталған, тінту кезінде тәргіленген, жоғарыда көрсетілген Д.Қамзабекұлының басылымында жарияланған екі хатты Қ.Кемеңгерұлының тергеудегі жауабына тікелей қатысты болғандықтан да және олардың арасындағы қарым-қатынасты анықтайтындықтан да назарға ұсынамыз.

Бірінші хат, Қ.Кемеңгерұлының 1931 жылдың 17 қыркүйегі күнгі жауабында: «Жұмабаевпен ешқашанда хат жазысқан емеспін, ішінара Байтасовпен хат алмасып тұрдық»,- деп атап көрсеткен Абдолла Байтасовқа арналған. Ал А.Байтасов туралы мағлұматтар «Жетілмеген елдің баласы» атты тарауда берілген болатын.

«Ғабдолла дос! Жағдайың қалай? Орынборға қайтіп жеттің? Қазақстандағылардың халі оңды ма? Қайтар сапарыңның алдында жолыға алмағандығымнан, бұл хатты тездете жіберіп отырмын. Жыл басында Қазақстан мемлекеттік баспасы ауыл шаруашылығынан оқулық жаз деп қолқа салып еді. Мен осыны ойластырып, керекті материалдарды қорытып жатырмын. Баспадағылар мұны қашан баса алады екен, соны білші.

Екінші өтінішім: Госпланға соқ, Смағұлға жолық. Біз тараптан қандай көмек қажет екенін біл. Оның бізге қандай жәрдемі керек екенін де айт. Смағұлда қабілет те, жүрек те бар. Менің бұған онымен "Жас азаматта" істес болған кезде көзім анық жетті.

Түркістан мәселесі туралы ондағылар қандай шешімге келгенін де сұрашы. Екі облыс Қазақстанға қосылса, қазақ мекемелерінің жайы не болмақ? Ташкентті астана ету мәселесі де көтеріліп еді ғой.

Хат жаз. Жарайды, сау-саламатта бол! Құшақтасып көріскенше. Бауырың Қошке. 13.ІҮ. 1924 жыл».

Осы хатқа және оның мазмұнына ғана емес, Абдолла Байтасовқа қаратыла жазылған М.Дулатовтың, М.Жұмабаевтің, Ж.Аймауытовтың, Д.Ысқақовтың, Е.Байғасқиннің тігіндідегі хаттары мен тілшелеріне, ілеспелеріне жүгінсек, онда осынау алаш оғланының - Абдолла Байтасовтың ел сеніміне кірген, жұғымы бар, сыр бөлісе алатын, «досы көппен - сыйласқан, досы жоқпен - сырласқан», бұйымтайды тиянақты орындайтын ықтиятты екені анық танылады. Оның осы мінезін ашу үшін де Қ.Кемеңгеровтің хатын көпшілікке қайыра ұсындық.

Ал келесі Дінше Әділевке жолданған хаттың қазақ өнері тарихына тікелей қатысы бар. Өйткені, Дінше Әділев - Қазақ театрының тұңғыш директоры, ал Қошке Кемеңгеров - театр шымылдығын ашқан тұңғыш пьесаның авторы. Демек олардың арасында өзара шығармашылық байланыс болуы заңды. Омбыдан таныс, өзара шымшыма қалжыңы бар, еркін сөйлесетіні хаттың мәтінінен анық аңғарылады. Оқу-ағарту комиссариатында мәдениет пен жастар ісі жөнінде ұйымдастыру саласымен айналысып, Діншенің «алаш ісі үшін жан аямай тер төгіп жүрген кезі» (Діншенің өз сөзі).

«Дінше бауырым! Денсаулығың жөнінде, қызметіңнің өскені турасында естідік. Әлі күнге сүр бойдақ жүргеніңді де білдік. Мейлі, әзілді қоялық. Іске келейік.

Ғұмырыңда талай тарихты бастан кешірдің ғой сен. Менің ептеп қаламды ермек ететінімді білесің. Сенің сонау Қиыр Шығыс сапарыңнан бастап қазіргі өміріңе шейін терең танысқым келеді. Қандай мақсатпен коммунизм жолына түстің? Бұл жолдан неге ауытқыдың? Және өзің көрген уақиғалар хақында, сапарлас, қарым-қатынас жасап жүрген достарың туралы қысқаша ақпар бер. Жалқауланба. Уақытыңды бөл. Өмірдің алдында әйтеуір есеп беруіміз керек қой. Мен қазақ зиялыларының өмірі жөнінде роман жазуға отырдым.

Егер Түркістандағы ерліктерің туралы хатқа жаза алмасаң, онда ауызша айт. Бір жерде кездесейік. Қазақстанның дүмді деген қайраткерлеріне мінездеме бер. Осы өтінішімді аяқсыз қалдырма. Өзіңе сенемін.

Ниеттес тілеушің һәм досың Қошке. 16.ІІІ.1925 жыл».

Хаттың мазмұнына қарағанда, «Алтын сақина» пьесасын сахнаға қою үшін емес, М.Шолоховтың «Тынық донындағы» Григорий Мелеховтың тағдырына ұқсас «партизанның өмірінен» роман жазуға ниет еткендіктен қолына қалам алған. Жалпы, Діншенің тағдырына сол тұстағы М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов сияқты жазушылар шығармашылық ықылас танытқан. Соның ішінде дерек ретінде расталып отырғаны осы Қошке Кемеңгеров қана. Әрине, бұл тілек - тек тілек күйінде қалған. Романның қандай дәрежеде орындалғаны, қолжазбасының тағдыры, бимәлім. Бұдан кейінгі екеуінің де өмірі аласапыранға араласып кеткендіктен де бұл тақырыпқа қайырылып соғуға мұршалары болмауы да мүмкін.

Қалай дегенмен де, араға бір жыл салып барып, 1926 жылы 12-қаңтар күні қазақ драма театрының сахнасы Дінше Әділев директор боп тұрғанда Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақинасымен» ашылған. Бұл екі адамның да аттары қашан тәуелсіздік алғанша жартылай жабық күйде болғандықтан да, алғашқы премьера Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегіне» тиесілі болып келді. Бар айтарымыз, жоғарыдағы хат екеуінің арасына бір нәзік байланыс орнатқаны анық.

Жалпы, Қошке Кемеңгеровтің табиғи болмысынан дәрігерлік пен жазушылық өнерді нәзік байланыстырып тұрған сезім сәулесі анық аңғарылады. Оны Алматының түрмесінде жатқанда елдегі жарына жазған:

Ашығып үш күн болды жаттым төзіп.

Жатырмын жас өмірден күдер үзіп.

Жан жарым, жандай көрген үш құлыным,

Қаласың әлде кімге көзің сүзіп, -

деген үшбу өлеңінен түйсінуге болады.

Бұл болмыс - осы текке қатысты тектік түзілім де сияқты. Өйткені сезімін көркем жеткізуге ұмтылу Қошкенің балаларының ғана емес, оның немересінің де, өзге емес, өз шәкіртіміз, ата мұрасын тиянақтап жинап жүрген Қайырбек Кемеңгердің бойына да сол қасиеттің тумысынан біткенін сезіндік. Тағдырлы тектің отбасының кейінгі тағдыры туралы мағлұматты аты аталған Қайырбек өреннің «Омбыда оқыған қазақтар» атты жинағындағы «Жан жарым, жандай көрген үш құлыным» деген эссесінен алынған үзінді арқылы жеткіземіз.

Қ.Кемеңгер: «Жолдасы тұтқындалғаннан кейін Гүлсім үш баласын алып 1930 жылдың күзінде Омбыға оралады. Қайратты келіншек жол жөнекей талай азап шегіп, күйеуі туып-өскен Қаржас аулына жетеді. Гүлсім бір уақытта Қошкенің әкесі Дүйсебай қажының қаржысына салынған Қаржас мектебіне балаларын қалдырады да, өзі қолындағы алтын жүзік, білезіктерін сатып Алматыға кетеді. Алматыға жеткен соң, абақтыда жатқан серігіне күнде тамақ тасып, оның көңілін сергітіп, жолдасымен тар күннің тауқыметін бірге тартады.

Алматы абақтысынан Қошке Кемеңгерұлы 1932 жылы Орталық Ресей жеріне, Валуйки деген қалаға жер аударылады. Туған жерден алысқа айдалып бара жатқан жан серігін Гүлсім бұл жолы да жалғыз қалдырған жоқ. Аяулы жар айдауға жолдасымен бірге кетеді. Алайда Қошке қасына отбасын толық алмайды. Ол өзімен бірге Гүлсім мен екі қызын ғана алып, Нарманбетті ауылындағы ағасына және бір Аллаға аманат қылып тапсырып кетеді. Айдаудағы ауыр тұрмыста күн не болады деген қауіптен болса керек, Қошке тағы бірнеше жыл ұлынан айырылуға мәжбүр болады.

Әке-шешесі еркелетіп Нартай деп кеткен Нарманбет Қаржаста 1935 жылға дейін Қошкенің ағасы Құлмағамбеттің қолында қалады. Айдаудағы кесілген мерзім аяқталып, ауылына оралған отбасын жасы сегізге жетіп қалған Нартай жатырқаған сезіммен қарсы алады. Бірнеше жыл көрмей, көңілі суып қалған жас бала туыстарын біраз уақытқа дейін танымайды. Әке-шешесі қанша бауырына тартса да, Нартайдың мұздап қалған жүрегі біразға дейін жібімейді. Валуйки жеріндегі өмір сол уақытта жасы есейіп қалған Қошкенің үлкен қызы Зайраның есінде жақсы сақталған.

Қошке отбасы баяғы Ташкенттен кейін енді ғана бір шаңырақтың астына жиналғандай болады. Аяулы ата-ананың аясында үш бала енді өздерін бақытты санады. Саналары кіріп қалған оларға алдағы екі жыл өмірлеріндегі ең бір тамаша кез болды. Қошкенің жары Гүлсім де: "Өткен өмір өтті, бәрі қайыр. Қорлық пен қиындық көрген бес жыл ішінде өлмей тірі қалдық, Аллаға шүкір. Ендігі өміріміз жарқын болса екен",- деп болашаққа ақ үмітпен қараған еді. Қошке айдаудан келген жылы Омбы облысының Шарбақкөл деген елді мекенінің аудандық ауруханасына дәрігер болып жұмысқа тұрады.

Шарбақкөл өңірі - өзінің нағашы жұртының елі болғандықтан, Қошкеге жат жер емес еді. Аяулы азамат жергілікті халықты емдеп, көпшіліктің алғысына бөленіп жатты. Қолы босаған кезде баяғы ермегі - қолына қаламын алып, заман ағымы туралы, әдебиеттің бағыт-бағдары жайында мазалаған ойларын хатқа түсіріп жүрді. 1937 жылы қызы Зайраға: "Амандық болса, Алматыға барамыз. Мен роман жазып аяқтадым. Соны баспаға жеткізу керек",- деген екен. Өкінішке орай, Қошке тұтқындалғаннан кейін, оның барлық қолжазбалары із-түзсіз НКВД кабинеттерінен қайтпады.

Болашақты кім болжай алған? Алдағы күн қандай сыбаға тартатынын жұмыр басты пенде қайдан білсін? Қошкенің Алматыға қолжазбаларымды апарамын деген арманы да сағымға айналды. Енді ғана есін жинай бастаған ұйыған отбасының шаңырағы бір-ақ күнде құлады. Қазақты қан жылатқан 1937 жылдың жетінші тамызында Қошке жұмысынан оралмайды.

"Сібір жерінде Кеңес үкіметіне қарсы жасырын ұйым құрушы, Жапония елінің шпионы" деген жалған жаламен Қошке Кемеңгерұлы тағы да қамауға алынады. Осы жолы жағдайдың ауыр екенін, енді қайтып оралмайтынын сезген Қошке отыз үш-ақ жаста жесір қалып бара жатқан аяулы жары Гүлсімге: "Заманның беті жаман. Ертең тірі көрісу-көріспеу екіталай. Сондықтан балалар өз күнін өздері көрер. Қасында өзің, туыстары болса адам болып кетер. Ал сен болсаң әлі жассың. Мен сені қидым. Қош!",- деген екен. Қошке Кемеңгерұлы нақақтан атылған уақытта оннан асқан Зайралар әкелері туралы шындықты білмеді. Көп жыл бойы олар аяулы әкелері оралады деген сеніммен жүрді»,- деп (аталған жинақ, Астана, 2007, 105-107 беттер) баяндайды.

1937 жылы ұсталып, сол жылы 21 - қараша күні Омбы түрмесінде атылып кетті.

Бір жұбанышы, Қошкенің артында қалған ұрпағы Омбының орманын паналап, әкелерін ұмытпай өмір сүрді. Барлық «халық жауларының» әйелдеріне ортақ қасірет тауқыметін Гүлсім де басынан кешіп, бес жыл айдауда болды. Соның ішінде Қошкенің қызы Зайраның батылдығы мен ата-анасына деген терең махаббаты ерекше сүйінішке лайық. Құрбылары әке-шешесінен бас тартып жатқанда ол соларды аңсап, аңсарын өлеңмен дәптеріне түсірген.

Қ.Кемеңгер: «1947 жылы Зайра әкесіне арнап кезекті өлеңін жазды. Әкеге деген ыстық сезім мен қатты сағыныш көздің жасы мен қағаздағы жыр жолдарына айналады. Ұзақ өлеңде мына секілді жолдар бар:

Нұрлы жүз көлеңкең тұр көз алдымда,

Кетпейсің жатсам, тұрсам еш жадымнан.

Тұңғиық терең жарға кеттің түсіп,

Бетіне қалықтайтын күнің бар ма?

Он жылға толар биыл Сіз шыққалы,

Өмірдің талқысынан жан бұққалы.

Күн мен түн, ай мен жылдар ауысады,

Сонда да көрінбейді еш нысаны.

Әкелік, мейірбандық жылы сөзің,

Ботам деп, құлыным деп тұрған кезің.

Ойымнан бір кетпейді, әкежаным,

Асыл зат, қойдан қоңыр әр мінезің.

Әкелік тәрбиеңді көргенім жоқ.

Ішімде он жыл болды тұтанды шоқ.

Алтындай дидарыңды көріп өлсем,

Сол күнде қам көңілім болмақшы тоқ», -

деп (сонда, 111-бет) жырлапты мұңлы қыз.

Түрме әфсанасының осы тарауын Қошкенің: «Мен сені қидым» және қызы Зайраның: «Тұңғиық терең жарға кеттің түсіп»,- деген сөзімен аяқтағым келеді. Өйткені, бұл жолдарда адамның бойын ерітетін барлық шуақты сезімдер шынайы құйылып тұр. Ал шынайылықтан асқан қасиетті болмыс жоқ.

Иә, қимасымызды - қимай, тұңғиық терең жарға түсіп кетпей, еркін өмір сүруге сіз бен біздің де толық қақымыз бар.

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»

0 пікір