Роберт Луис Стивенсон. Теңіздегі Рождество
Мұз сірескен арқан-бау, қиып түсер қанжардай,
Полубада теңізші тайғақтайды жүре алмай.
Теңіз беті долданып, терістіктен соқты жел,
Жартасты кеп ұрғылап, көбіктерін шашты сел.
Таң ата бір-ақ естідік, жағалаудың гүрсілін,
Білдік сонда қатердің бізге тура төнгенін.
Аттан салып айқайлап, жармастық кеп арқанға,
Жая салып желкенді, кемені кеттік бұрмаққа.
Бағытынан кемені бұрдық қанша талпынып,
Күні бойы жел үдеп тұрып алды алқынып.
Күні бойы суықта жанталастық жан шығып,
Өлім менен өмірдің арасында малтығып.
Қараймыз қорқып тынымсыз өрекпіген толқынға,
Бұрған сайын кемеміз таяй берді жағаға.
Көрінді әне үйлер де, жағалау шашқан ақ көбік,
Қарауыл тұр әнекей, біздің жаққа көз тігіп.
Шатырлары үйлердің аппақ қырау, мұз басқан,
Жылтылдайды оттары шақырғандай со маңнан.
Терезелер мінекей, көрінді анық мұржа да,
Піскен тамақ исі де келді, міне, мұрныма.
Күмбірледі кенеттен қоңырауы шіркеудің,
Берейін айтып, уа достым, құпиясын бұл істің.
Дауыл ілді біздерді дәл рождество күні кеп,
Қаруылдан әрірек туған ұям тұр «кел» деп.
Өзіме ыстық бұрышты, көрем ыстық жандарды,
Әкем менен шешемді қудай болған шаштары.
Пеште жанған алау от жарық шашад жалпылдап,
Жүргендей тап бір билеп пері, жын ойнап.
Білем олар отыр айтып мен жайлы,
Қараусыз қалған шаруа мен ұлын жоқтап жылайды.
Құдай сүйер ісім жоқ, сыбаңдар мені аямай,
Нем бар еді теңізде үйімде тыныш отырмай.
Жанды шамы маяктың, кеш батып, түсті қараңғы,
«Босат, желкен бауларын!» деп капитан жар салды.
«Шыдас бермейді кеме оған,» деді көмекші жалмажан,
«Сайтаным оны ұрмайды» деп қайырды капитан.
Теңселіп барып пәрменмен қалды тіктеп бойын да,
Тұмсығын тосып жел жаққа, кетті түсіп жолына.
Ерте батар қыс күні, теңізді ымырт жайлады,
Артқа салып қатерді, келеміз жүзіп айлақты.
«Үһ» деп жан шақырды кемедегі барлығы,
Көк теңізді бетке алып кемеміз зрығып ағады.
Ойлай берем тек бірақ суық түнді жамылып,
Ата-қоныс арттағы, әке-шешем қос ғарып.
Ағылшын тілінен аударған: Нағыз Қапшықбайұлы
Abai.kz