Назарбаев феномені
Соңғы уақыттарда Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей патшасының диалогы туралы тағы да алып қашпа сөздер тарап жатыр. Нұрсұлтан Назарбаевты бағалау мәселесі қазақ қоғамында әлі күнге дейін эмоцияның тұтқынында қалып отыр. Біреу оны мемлекеттің негізін қалаған тұлға десе, екіншісі мемлекеттегі барлық жүйелік кемшілікті содан көреді. Бірақ меніңше, Нұрсұлтан Назарбаевты тек «жеке адам деңгейінде ғана» қарастырсақ, тарихи қателікке ұрынамыз. Ол тек тұлға ғана емес, «тұтас бір кезеңнің бейнесі». Кезеңдерге мұқият болған жөн. Ол «бодан» кезіндегі теоктриялық, «орысқұл» кезіндегі социалистік, «егемен» алған кездегі демократиялық кезеңдер...
Сондықтан «Назарбаев — тарихи функция». 1991 жылы Қазақстан егемендік алғанда, мемлекет жоқ еді. КСРО-нан ең соңынан шыққан ел. Мемлекеттік Институттары жоқ, элитасы да қалыптаспаған, қоғам идеологиялық вакуумда қалған. Осындай жағдайда Назарбаев «өтпелі мемлекеттің «қауіпсіз қозғалысын» қамтамасыз етті». Бұл демократия жолындағы емес, алдымен мемлекеттік құрылымды сақтауды мақсат еткен кезең болатын. Философиялық тұрғыдан айтқанда, Назарбаев реформатор емес, стабилизатор; революционер емес, модератор қызметін атқарды. Елді тыныштыққа шақыру да оңай шаруа еместі.
Негізі саясаттану тұрғысынан «билеушінің күшеюі — жүйенің әлсіздігінен». Сол сияқты Назарбаев билігінің ұзаққа созылуы көбіне жеке амбициядан емес, мемлекеттік институттардың әлсіздігінен туындады: Партиялар болмады, тәуелсіз сот қалыптаспады, билік тармақтары теңгерілмеді. Партия дегенің «Ермегияевтың» ермегі болды... Сот дегенің алтынның пьедесталы, билік тармағы «министрлікте хатшылықтар». Осындай вакуумда тұлға билігі-орталықтандырылған инсттитутқа айналып шыға келді. Бұл енді сыпайы түрі. Дұрысы «Әулеттің хандығы» орнады. Бұл — посткеңестік кеңістіктегі табиғи құбылыс еді. Сондықтан Назарбаевты сынау орынды, бірақ оны мемлекеттілігіміздің «тарихи контекстінен» жұлып алып тастау — үстірттік.
Назарбаев феноменінің басты парадоксы мынада: ол мемлекеттің тәуелсіздігін жариялады, бірақ онда тәуелсіз ойлайтын саяси жүйе құрғысы келмеді. Тұрақтылық орнатты, бірақ қоғам өзгеріссіз қалу керек болды. Конституциямызда билік халықтыкі дедік. Бірақ қанша жерден «мемлекет құрдық» дегенмен, оның жаңалығын көрсетер мемлекеттің тәуелсіз институттары өспеді. Себебіғ бұл — бір адамның емес, кезеңнің трагедиясы. Жеке тұлғаны абсолюттендіру — қате. Назарбаевты әулие ету де, жау ету де екеуі де ғылыми емес. Тарихта мұндай фигуралар көп: Ататүрік, Дэн Сяопин, Ли Куан Ю. Олардың барлығы мемлекетті сақтап қалды, бірақ демократияны кейінге ысырып қойды. Назарбаев та — осы қатардағы өтпелі дәуірдің фигурасы.
Ең маңызды сұрақ «Назарбаев не істеді?» емес, Назарбаевтан кейін не қалды? Егер жүйе өздігінен жұмыс істей алса, ол тарихи миссиясын орындады деген сөз. Егер бәрі сол Назарбаевтың көлеңкесінде қалса
бұл кезеңнің аяқталмағанын көрсетеді.
Назарбаев қазақ тарихындағы, мемлекеттілігіндегі қажетті фигура. Ол мемлекетті сақтап қалды, бірақ оны толық жетілген саяси организмге айналдыра алмады. Сондықтан оны бағалаудың ең әділ формуласы: Назарбаев — тұлға емес, кезең. Ал кезеңдерді мадақтауға да, даттауға да болмайды. Олардан сабақ алу керек!
Назарбаев кезеңінен алынатын негізгі сабақтар туралы өз ойымды да айта кетейін. Ол мемлекетті сақтай алды, бірақ жүйені алмастыра алмады. Яғни, ол өтпелі кезеңде мемлекетті құлатпай ұстап тұрды, бірақ ұзақ мерзімде институттардың орнын жеке билік баса алмайтынын көрсетті.
Бірінші сабақ - ел бір адамға емес, құқыққа сүйеніп өмір сүруі тиіс.
Оның «тұрақтылық» дегені мақсатқа айналып кетті. Негізінен тұрақтылық құрал, инструмент қана. Тұрақтылық дамуға жол ашуы керек еді, бірақ ол тұлғаны әулие ететін құндылыққа айналып кетті.
Екінші сабақ - егер тұрақтылық өзгеріске қызмет етпесе, ол тоқырауға айналады.
Экономикада өсім болғанымен, ол саяси әділетті алмастыра алмайды. Экономика өсті, инфрақұрылым салынды. Бірақ «әлеуметтік әділет» сезімі күйреді, байлық тең бөлінбеді: биліктегілер қазанның аузын коррупцияның қақпағымен жапты; билік пен қоғам арсында сенім дағдарысы пайда болды. Үшінші сабақ-«ет бар жерде бет бар ма» деу- арсыздық, бұл әрине қате. Ел болам десе, Фараби аманатынан, Иасауи тағылымынан сабақ алған жөн.
Көпвекторлы саясат — дұрыс, бірақ ол ішкі егемендік тұғырларымен бекітілуі керек. Сыртқы саясатта баланс болғанымен ішкі саясатта: тіл, ақпарат, мәдени егемендік әлсіз қалды.
Төртінші сабақ - сыртқы қуатың ішкі ұлттық қуатпен азықтанбаса, ешқашан қауіпсіздікке жете алмайсың. Мемлекетті құрушы (государствообразующая нация) платформа мықты болу керек. Ол қазақ мәдениеті.
Билік жаңармаса, қоғам да жаңармайды. Ұзақ уақыт бойы, бір элита, бір логика, бір стиль үстем болды. Бұл билік-әулет; қоғам-бұқара диалектикасын алып келді, нәтижеде әділетсіздік сезімінің өсуіне әкелді.
Бесніші сабақ - билік — мұра емес, әрдайым мемлекеттілік жауапкершілік екенін есте сақтау лазым.
Тарихты бір адамның атымен жазу — ел болашағын аяққа таптау деген сөз. Егемендік елдің еңбегі, егер оны Назарбаевтың «сыйы» ретінде ұсынсаңыз, болмыс бұзылады. Бұл азаматтық жауапкершілікті әлсіретті,«бәрін билік шешеді» психологиясын тудырды.
Алтыншы сабақ - мемлекет деген киелі болмыстық ортақ аманат.
Саяси үнсіздік — уақытша тыныштық, бірақ ұзақ мерзімді қауіп. Назарбаев кезеңінде ұзақ уақыт сынға тыйым салынды, қоғамдық диалог тұншықты. Нәтижесі жиналған ашу, кенеттен бұрқ еткен жарылыс.
Жетінші сабақ - сын — қауіп емес, ол сақтандыру механизмі. Аталарымыз «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Қысқаша тұжырыммен келсек, «Мемлекетті «бір адам» құра алады, бірақ оны «бір тек қоғам» ғана сақтай алады.
Досан Кенжетай
Abai.kz