Дүйсенбі, 29 Желтоқсан 2025
Білгенге маржан 425 0 пікір 29 Желтоқсан, 2025 сағат 14:14

Құмыл-Баркөлдегі рулардың орналасуы

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

 

 

Құмыл(Еуірғол) қаласындағы ең басты қазақ руларының картасы

Құмыл қаласы 7 ғасырда Еуірғол деген атпен белгілі болған. Алғаш рет Еуір деп аталған қамал Аратүрік ауданының жерінде болған еді. Аймақ орталығының сол өңірден батысқа көшірілуі осы жаңа қаланың пайда болуына себепші болды. Әйтседе, Еуірғол деген атау бұл қамал салынбай тұрып, заманымызға дейінгі 1 ғасырда да осы өңірде бар екен. Демек, Ғұн кезінде осындай атпен қаланған бір қорған тұрған болуы керек.

Бұл өңір 7 ғасырда Құмы(昆莫, 西膜) деген атпен де аталатын. Бұл осы өңірдің Құбы шөлінде орналасқанымен және сол ғасырда осы араға көшіп келген Көбек() тайпасының атымен де байланысты болатын.

Ал, жалпы алғанда Құмыл аймағының барлық тарапы Ұрым(古戎地) делінген. Кейінгі Үрімжі қаласының атауы, Тәңіртаудың Ерентау деп те аталатыны, Тәңіртауының солтүстік айрығының Еренқабырға деген атқа ие болуы, осы Ұрым атауының бәрі — ариилердің ежелгі атажұрты болғанынан. Еуір сөзіне "ан" деген мемлекеттікті білдіретін ұғым қосылып, осыдан барып арииан, Ұрым, Үрім, Ерен атауларын туындаған. Ескі қытай жазбаларында арииан тұқымдары Рұң деген атпен қатталды. Осы ариийлердің бұл жақта қалған тұқымдары(蠕蠕, 芮芮, 蝚蠕) 4 ғасырда Әруан(柔然) қағанатын құрды. Қоңырбөрік, Қызылбөрік, Ақбөрік, Қарабөрік рулары мен Ұраңқайлар осы қағанаттың мұрагерлері.

Құбылай хан заманында қазіргі Құмыл атауы пайда болды. 1970 жылы Құмыл аймағы құрылғанда, бұл қала аймақ орталығы болды.

Құмыл(Еуірғол) қала аумағына Қарамай, Дұңхы, Шихы, Жаңақала, Лиюан қатарлы 5 аумақ қарайды. Ең басты рулары: Жәнтекей, Жәдік, Ителі, Молқы, Қарақас.

Дебелдірік(Дауал-Тұра) қазақ ауылына Шәшәй, Секіре деген 2 елді мекен қарайды. Ең басты рулары: Көнсадақ, Молқы, Жәдік, Жәнтекей.

Ұлатай қазақ ауылына Ұлатай, Шопыл қатарлы 3 елді мекен қарайды. Ең басты рулары: Ителі, Шұбарайғыр, Жәнтекей, Жәдік, Молқы, Қарақас, Сарбас.

Қойлық(Люшугу) қазақ ауылына Қойлық, Жалғызтерек деген 2 елді мекен қарайды. Ең басты рулары: Жәдік, Жәнтекей, Қарақас, Молқы.

Ақтас ауылына Ақтас, Малшылық қатарлы 4 елді мекен қарайды. Ең басты рулары: Молқы, Жәнтекей, Қарақас, Шеруші.

Батыстау(Шисан) ауылына Қарағайты, Өрікті, Тараты қатарлы 4 елді мекен қарайды. Ең басты рулары: Ителі, Сарбас, Шұбарайғыр, Қарақас, Тасбике Жәдік, Молқы.

Тасбұлақ(Тасбілік Чинчың) ауылына Қотынтам бастатқан 7 елді мекен қарайды. Аздаған қазақ тұрады. Ең басты рулары: Жәдік, Ителі, Жәнтекей, Бура, Шұбарайғыр, Қарақас.

Балуантұр(Таужягүң) кентіне Балуантұр, Қарасу, Қарабидай, Машаң, Хаңгүң қатарлы 11 елді мекен қарайды. Аздаған қазақ тұрады. Ең басты рулары: Ителі, Жәдік, Жәнтекей, Қарақас.

Жетіқұдық ауылына Жетіқұдық елді мекені қарайды. Аздаған қазақ тұрады. Ең басты рулары: Жәнтекей, Молқы, Ителі, Көнсадақ, Жәдік.

Астана(Арпу) кентіне Астана, Ордакәріз, Сұмқаға қатарлы 9 елді мекен қарайды. Аздаған қазақ тұрады. Ең басты рулары: Ителі, Жәнтекей.

Қоянбұлақ(Тошқанбұлақ, Хұйчың) ауылына Тошқанбұлақ, Алтын қатарлы 5 елді мекен қарайды. Мұнда азырақ Сарбас бар.

Рахатбақ(Рәтбақ, Хуаюан) ауылына Қаратал, Қызылту қатарлы 8 екен мекен қарайды. Мұнда азырақ Молқы бар.

Тяньшань(Тәңіртау) ауылына Дарақты, Қараағаш, Қараағашаузы, Ардаугу, Сандаугу қатарлы 10 елді мекен қарайды. Ең басты рулары: Молқы, Жәдік, Қарақас, Ителі, Найман, Жәнтекей.

Бұларды Рахатбақ(Хуаюан) ауылының Қызылту қыстағына көшірген.

Қазағы жоқ Қосқұдық, Боғаз(Нанху), Қаратөбе(Упу), Бұлыңтораңғы(Дачуанван), Қутары(Шиңшиңшя), Жамансу, Сандаулиң ауылдарын атамадық.

Үкіметтің 2020 жылғы ресми санағы бойынша, Құмыл қаласында 15 мың 503 қазақ болған. Қорыта келгенде, Құмыл қаласы қазағының 21 пайызын Жәнтекей руы, 17 пайызын Молқы руы, тағы 17 пайызын Ителі руы, 13 пайызын Жәдік руы, 11 пайызын Қарақас руы ұстайды.

***

Баркөл қазақ автономиялы ауданындағы ең басты қазақ руларының картасы

Заманымызға дейінгі 1 ғасырда мұнда Бори елі(蒲类) болған. Бори көлі уақыт өте келе Баркөл көлі ретінде айтылып кеткен. 640 жылы Таң елі мұнда Бори ауданын құрған. Жері Боғда тауына созылған бұл ауданның құрылуы Мори ауданының атауын да тудырды. Құбылай хан заманында бұл жер Баркөл атанды. 1760 жылы мұнда Баркөл қамалы салынды. 1954 жылы бұл жерде Баркөл қазақ автономиялы ауданы құрылды.

Баркөл қаласының қалалық аумағына Тәңіртау, Береке, Жаңақала қатарлы 4 мөлтек аудан кіреді. Ең басты рулары: Жәнтекей, Жәдік, Ителі, Қарақас, Молқы.

Көлбойы ауылына Көлбойы, Ынтымақ қатарлы 4 елді мекен қарайды. Ең басты рулары: Жәнтекей(Секел, Тасбике, Шақабай, Есағасы), Жәдік, Ителі, Сарбас, Қарақас, Молқы.

Шалоба ауылына Шалоба, Қызылтал, Бақыт қатарлы 3 елді мекен қарайды. Ең басты рулары: Жәнтекей, Жәдік.

Сарышоқы ауылына 3 елді мекен қарайды. Ең басты рулары: Жәнтекей(Шақабай), Жәдік, Ителі, Қарақас, Молқы.

Үлкен Құлыншәрі ауылына 4 елді мекен қарайды. Ең басты рулары: Жәнтекей, Жәдік, Қарақас, Молқы, Шимойын.

Бачаңзы ауылына Құбы, Ағашоба деген 2 елді мекен қарайды. Ең басты рулары: Жәдік, Жәнтекей, Ителі.

Басқа ұлттарды негіз еткен Боршонжы, Дахы, Күйсу, Сантаңху кенттері мен Шырынзы(Сынтас), Хуаюан ауылдарын атамадық.

Үкіметтің 2020 жылғы ресми санағы бойынша, Баркөл қазақ автономиялы ауданында 40 мың 446 қазақ болған. Қорыта келгенде, Баркөл қазақ автономиялы ауданы қазағының 33 пайызын Жәнтекей(Шақабай, Секел, Есағасы, Тасбике) руы, 28 пайызын Жәдік руы, 13 пайызын Ителі руы, 11 пайызын Қарақас руы, 9 пайызын Молқы руы ұстайды.

***

Аратүрік ауданындағы ең басты қазақ руларының картасы

Бұл өңір Моңғолияның Құбы-Алтай аймағымен шектесіп жатыр. Заманымызға дейінгі 2 ғасырда бұл өңір Еуір деген атпен белгілі болып, Ғұн жайылымы еді. 73~94 жылдары Еуір аймағы Көші еліне(车师) қарады. 1929 жылы Аратүрік ауданы болып құрылды. Аратүрік атауы Еуір-тұрық(Еуір-Тұра), яғни Еуір қамалы деген аттан шыққан.

Аратүрік(Еуірғұл) қала аумағына 2 мөлтек аудан кіреді. Ең басты рулары: Жәдік, Сарбас, Жәнтекей, Уақ, Қарақас.

Нарынкір қазақ ауылына 4 елді мекен қарайды. Ең басты руы: Жәдік. Қалғандары: Жәнтекей, Уақ, Қарақас, Сарбас.

Тұркөл кентіне 4 елді мекен қарайды. Ең басты руы: Сарбас. Қалғандары: Жәнтекей, Ителі, Уақ, Қарақас, Найман, Жәдік.

Ауданның қазағы жоқ Ном, Адақ, Бай, Тоқала сынды ауылдарын атамадық. Үкіметтің 2020 жылғы ресми санағы бойынша, Аратүрік ауданында 4 мың 833 қазақ болған. Қорыта келгенде, Аратүрік ауданы қазағының 49 пайызын Жәдік руы, 29 пайызын Сарбас руы ұстайды.

***

Жинақтай келіп, Құмыл аймағындағы 70 мыңға жуық қазақтың 27 пайызын Жәнтекей руы, 26 пайызын Жәдік руы, 13 пайызын Ителі руы, 10 пайызын Молқы руы, тағы 10 пайызын Қарақас руы ұстайтынына көз жеткіздік.

Зерттеген: Көкбөрі Мүбарак

Abai.kz

 

0 пікір