Азамат Жолбарыс. Дінбұзармен «одақтасқан» Қ. Лама Шәріптің «реформасы» неге жүзеге аспады?
«Жақсылыққа, ізгі істерге жәрдемдесіңдер. Күнә жасауға және дұшпандық әрекеттерге болыспаңдар. Аллаһ тағаладан қорқыңдар! Аллаһ тағаланың азабы қатты» («Мәйдә» сүресі, 2-аят).
Былтыр ғана құрылған су жаңа дін істері агенттігінің төрағасы Қ. Лама Шәріп өз қызметін ең алдымен еліміздегі Ислам дінін өз әл-қадірінше жүргізіп жатқан Діни басқарма мен оның мешіттеріне «реформа» жасаудан бастауға кірісті де, өзіне «одақтас» етіп, ұшарын жел, қонарын сай білетін дінбұзар Мұрат Телібековпен тіл табысты. Құдай сақтап, жүзеге аспай қалған «реформасына» тоқталмас бұрын дінбұзар Мұрат Телібеков дегеннің кім екенін қалың оқырманға таныстырайық.
«Жақсылыққа, ізгі істерге жәрдемдесіңдер. Күнә жасауға және дұшпандық әрекеттерге болыспаңдар. Аллаһ тағаладан қорқыңдар! Аллаһ тағаланың азабы қатты» («Мәйдә» сүресі, 2-аят).
Былтыр ғана құрылған су жаңа дін істері агенттігінің төрағасы Қ. Лама Шәріп өз қызметін ең алдымен еліміздегі Ислам дінін өз әл-қадірінше жүргізіп жатқан Діни басқарма мен оның мешіттеріне «реформа» жасаудан бастауға кірісті де, өзіне «одақтас» етіп, ұшарын жел, қонарын сай білетін дінбұзар Мұрат Телібековпен тіл табысты. Құдай сақтап, жүзеге аспай қалған «реформасына» тоқталмас бұрын дінбұзар Мұрат Телібеков дегеннің кім екенін қалың оқырманға таныстырайық.
Қаншама жылдардан бері Исламға жатпайтын ахмадияшылардың жыртысын жыртып келе жатқан Мұрат Телібековтің өмірбаян парақшасында мамандығы журналист деп көрсетілген. Техника ғылымдарының кандидаты. Кезінде бірнеше телеарналарға басын сұғып көргенімен, сыйыспады. Содан кейін біраз уақыт Ирина Петрушованың басшылығындағы «Республика» газетінің редакциясымен қарым-қатынас орнатты. Кезінде өзін халықаралық Ислам лигасының меншікті тілшісімін деп те көлгірсіді. Халықаралық ұйымдардан аз-кем хабары бар жан халықаралық Ислам лигасы мен БАҚ-ның арасында жер мен көктей айырмашылық барын білетін болар. Бұл мұсылман елдерінің басын қосқан іргелі халықаралық ұйым. Негізі 1962 жылы қаланып, штаб пәтері Мекке шаһарында орналасқан. Ұйымның басты мақсаты - мұсылман елдерінің діни қарым-қатынастарына басымдық беру арқылы оның ықпалын күшейту. Өзін халықаралық Ислам лигасының меншікті тілшісіне балайтын М. Телібековтің мақалаларынан көзі қарақты оқырман Ислам жайында бірауыз да байыпты сөз таппасы хақ. Алайда, мұсылмандықты бет-перде ету оған ұнағаны соншалық араға көп уақыт салмай-ақ «Қазақстан мұсылмандары одағы» атты қуыршақ ұйымның өзін-өзі сайлаған төрағасы болып шыға келді. Ол жыртысын жыртып жүрген ахмадияның Исламға қанша қайнаса да сорпасы қосылмайтынын мұсылмандар жақсы біледі. Алғашқыда әділет органдарының ҚМДБ-ны ел мұсылмандарының атынан тек Діни басқарманың ғана сөйлей алатынын алға тартып, ұйымды тіркеуден бас тартқан-ды. Дегенмен, қулығына құрық бойлатпайтын ол айлаға көшіп, «Қазақстан мұсылмандар одағының жеке қайырымдылық қоры» деген атаумен тіркеліп кетті. Өзі оның құрылтайшыларының қатарында да жоқ. Бүгінде бұл қуыршақ ұйымның Қарағанды мен Шымкентте филиалдары жұмыс істеуде. «Қазақстан республикасы азаматтарын үйлестіру арқылы мұқтаж жандарға демеушілер арқылы материалдық және рухани көмек көрсету, жеке адамның дамуын қалыптастыру», - деп жарғысында өз «мақсаттарын» айқындағанымен оған сай жұмыс істеп, ең болмаса бір рет те қайырымдылық іс-шарасын өткізбегені атына заты сай келмейтіндігін көрсетеді.
«Жеке адамның дамуын қалыптастыру» деген әдемі сөздер іс жүзінде жүзеге асты ма? Ешқандай мүшесі жоқ ұйымға өзін-өзі төраға сайлап алған оның алғашқы жұмысы ел мүміндерінің қара шаңырағы ҚМДБ-мен жағаласудан басталды. Өйткені, ахмадияшылардың жыртысын жыртушы Мұрат Телібековтің ел мұсылмандарының атынан сөйлеуге шариғатқа салса да, адамгершілік аясына салса да ешбір қисыны келмейді. Осылайша ҚМДБ -мен ҚМО - арасындағы (кикілжің қолдан әдейі ұйымдастырылған демеске лаж жоқ) баспасөз беттерінде жарық көріп жатты. Бұған төрешілік етіп, «әй дер әже, қой дер қожа» табылмады. Амалсыз Діни басқарма оның заңсыз іс-әрекеттері үшін әділет орындарына жүгінуге мәжбүр болды. Енді солардың бірнешеуін тізіп өтсек:
1. 2005 жыл, сәуір. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі ҚР Парламентіне хат жолдап, «Страна и мир» газетіне жарияланған М. Телібековтің мақаласы дінаралық өшпенділікті қоздыратыны жайында мәлімдеп, жауапқа тартылуын сұрады.
2. 2005 жыл мамыр. «Мегаполис» газетінде М. Телібековтің «пәтуәсы» (пәтуә-шешімді тек діни басқарма беруге құқылы) жариялануына орай Бас мүфти арнайы мамандандырылған сотқа талап арыз түсірді. Өйткені, мақала шыққан кезде Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының қайырымдылық қоры әлі ресми тіркеуден өтпеген еді. Ал, М. Телібеков «пәтуә» бергенде аталмыш ұйымның басшысы деп қол қойған. Осыған орай сот М. Телібековке 10 АЕК (9710 мың теңге) көлемінде айыппұл салып, әкімшілік жауапқа тартты.
3. 2005 жыл, маусым. Бас мүфти ҚМО-ны тіркемеу жөнінде Алматы қаласының арнайы мамандандырылған сотына және қалалық Әділет басқармасына талап-арыз түсірді. Алайда сот талап-арыздың орындалуы мүмкін еместігін алға тартып, өтініш қанағаттандырылмады. Осылайша ел мұсылмандары арасына жік салушы ұйым пайда болды.
4. 2005 жыл, шілде. «Нұр-Мүбәрак» Мысыр Ислам мәдениеті университетінің проректоры Шәмшиддин Керім ҚМО және «31» телеарна «университеттің беделіне нұқсан келтірді» деп 3 миллион теңге өтемақы талап етіп, Алматы қаласының мамандандырылған сотына талап-арыз түсірді. Дегенмен, аталмыш университеттің ректоры, доктор Хижазидің талап-арыздан бас тартуына байланысты сот отырысы өтпей қалды.
5. 2005 жыл, қыркүйек. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі мұсылмандар арасында үрей туғызды деп М. Телібековтің үстінен Алматы қаласының прокуратурасына арыз түсірді. Бұған себеп төтенше жағдай орын алғанда мешіттерде өрт қауіпсіздік шаралары ескерілмегені жөнінде М. Телібековтің орынсыз жала жауып, ҚМДБ-ны айыптауы. Прокуратура М. Телібековтен жазбаша түсініктеме алды.
6. 2005 жыл, қазан. Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі «Мегаполис» газетінде «Ислам исламға қарсы» деген Телібековтің мақаласына орай Алматы қаласы, Бостандық ауданының сотына шағымданып, «ар-намысы мен беделіне нұқсан келтірді» деп автордан және газет редакциясынан 10 миллион теңге моральдық өтемақы талап етті. Сот жауапкерді көпшілік алдында кешірім сұрауын міндеттеп, 50 мың теңге талапкерге төлеуге шешім шығарды.
7. 2005 жыл, қараша. «Мегаполис» газеті Бас мүфтиден кешірім сұрап, мақала жариялады. Алайда, аудандық соттың шешіміне қанағаттанбаған Ә. Дербісәлі қалалық сотқа аппелияциялық шағым түсіріп, жауапкерлерден 10 миллион теңге төлеуді талап етті. Қалалық сот арызды қарап шығып, аудандық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.
8. 2005 жыл. Желтоқсан. Алматы қаласының Әділет департаменті «Қазақстан мұсылмандар одағының қайырымдылық қорының таратылуы мүмкін екендігін ескертіп хат жолдады. Өйткені, қордың заңды мекен-жайы нақты тұрғылықты жерімен сейкес келмейтіндігі және құрылтайшының басшы қызметін атқармайтыны анықталған.
9. 2005 жыл, желтоқсан. ҚМДБ баспасөз мәслихатын өткізіп, оған жиналғандарға Қазақстан мұсылмандары одағының қайырымдылық қорын заңсыз ұйым деп жариялады.
10. Алматы қаласының арнайы мамандандырылған соты Ә. Дербісәлінің талап арызы бойынша Бостандық ауданының прокуратурасының қозғаған әкімшілік ісі бойынша сот отырысын өткізді. Бұған себеп ҚМО-ның жанынан құрылған Орталық Азия бойынша адам құқықтары жөніндегі мұсылман комитетінің ҚР Президенті Н. Назарбаевқа жолдаған ашық хаты. Өйткені, мұсылман комитеті мемлекеттік тіркеуден өтпеген болатын. Сот ҚМО-на 10300 теңге көлемінде айыппұл салды.
Әрине, бұл тізімді ары қарай да жалғастыруға болады. Бірақ, бұдан мұсылман жамағатына тиер пайда жоқ. Мұнан көрініп отырғанындай бұл қордың жарғысында дінмен емес, қайырымдылық іс-шаралармен шұғылданатыны атап көрсетілген. Әйтсе де, М. Телібековтің іс-әрекеті тек дінге, мұсылмандар арасына іріткі салу ғана. Мұны тіркеген әділет орындары «байқар, сезер, көрер» емес.
М. Телібеков қашан қарасаң орындалуы өте күмәнді идеяларды айтып, жұртты елең еткізудің хас шеберіне айналған. Ол тіпті өзін мұсылмандардың және өзге діндегілердің «нағыз қорғаушысы» етіп көрсетуден және осы жайында тілшілерге сұхбат беруден еш жалыққан емес. «Жеке тұлғаның дамуын қалыптастырамын» деп тыраштанып жатқаны. Шамасы өзін жұрт тез ұмытып кетеді-ау қауіптенсе керек.
Өзін-өзі төраға сайлап алған аты дардай «Қазақстан мұсылмандар одағы» атты ұйымда небәрі 2-3 адам штатта тіркеулі тұр. Оның өзі жай көз алдау ғана. Сонда ол еліміздің бүкіл мұсылмандарының талап-тілектерін Исламға жатпайтын ахмадияшылардың жыртысын жыртып жүрген М. Телібеков жалғыз өзі орындамақ па? Қалайша? Жоғарыда атап көрсетілгеніндей осы кезге дейін қордың жарғысына сай бірде-бір нақты қайырымдылық іс-шарасын өткізгенін естімеппіз де, көрмеппіз де.
Оның бар мақсаты мұсылмандар арасына іріткі салу арқылы Батысқа жарамсақтанып, қомақты қаржысына ие болу. Себебі, М. Телібеков мырза ЕҚЫҰ-ның бастамасымен әр жылы күзде Варшава қаласында өтетін үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты қонағы. Бұл жиында ол Қазақстанды батыстық демократия үлгісіне сай дамымай жатқанын айтып, ұпайын түгендеп жүр. Еліміздің бүкіл мұсылмандарының атынан елімізді, жұртымызды кінәлап сөйлеп, тіл тигізеді. Оның сөзінде де бәтуә жоқ. Себебі, сүйексіз қызыл тілге ерік беріп, нақты деректер мен дәйектерді келтіре алмай, малтаны езе береді, езе береді. Жалпы ел мұсылмандарының атынан халықаралық жиындарда сөйлеуінің өзі барып тұрған бассыздық. Өйткені, ең құрығанда шариғатты айтпағанның өзінде М. Телібеков арабша қара (әріп) танырлық та діни білімнен де мақұрым. Ал, оның шариғи «пәтуәлар» шығаруы тіпті күлкілі. Пәтуәларды тек ислам дінінің аса білгір оқымыстылары мен фақих ғалымдары ғана бере алады. Бұған терең білім керек екенін ол ойланып та көрген емес. Пәтуәсының түрі күні кешегі 90-жылдардың басындағы көше митингісінде аузына келгенді құсатын дүмбілез әсіре белсендінің деңгейінде. Оған екі дүние - бір қадам. Оның бар қызметі мұсылмандар арасына жік салып, дай-дай ету. Бұл батыстық тіс қаққан Ислам жауларының зымиян айла-тәсілімен астасып жатыр.
Өкінішке орай осындай діни сауатсыз қара дүрсін адамның елімізде Дін істері жөнінде агенттік құрылып, оның төрағасы болып Қайрат Лама Шәріп тағайындалғанда асығы алшысынан түскендей сезінді. Өйткені, агенттіктің басшысына ең бірінші болып М. Телібеков мырза балаша қуанып, қолдау білдірді. Агенттік төрағасының: «Біз бір халықпыз, сондықтан бір дінді ұстануымыз керек» деген мәлімдемесі қоғамдық дауға ұласа жаздаған. Осыған орай арнайы тұжырымдаманың да дайындалып жатқанын тілші қауымына жеткізген. Қайрат Лама Шәріптің осылай дегенін бүкіл БАҚ іліп алып, қоғамдық пікір туғызды. Дегенмен, оның айтқандарына өзінің әріптестері де қарсы шықты. Сол кездегі мәдениет министрі, бүгінгі мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед мұның құр даурықпа екенін айтып тілшілерге сұхбат берді. («Оставьте наши души». Авторы Т. Алина. «Мегаполис» газетінің 2011 жылғы 4 шілдедегі саны). Тіпті Парламентегі бірнеше депуттар өре түрегеліп, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың атына арнайы сауал жолдап, мән-жайды түсіндіруді талап еті. Өйткені, еліміздің Ата заңы бойынша әркімге ар-ұждан құқығы берілген. Бір сөзбен айтқанда, қандай дінді ұстанса да әркімнің еркі. Бұған шектеу қойылмаған.
Дегенмен, бір жыл бұрын Дін істері агенттігі төрағасының уәде еткен арнайы тұжырымдасын қарапайым жұрт күні бүгінге дейін күте-күте жалықты.
Қайрат Лама-Шәріп қызметіне кірісе сала ешкімге байқатпастан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына реформа (Саудиялық үлгіде) жасауға барын салды. Мемлекеттік органдар тарапынан діни басқарманы қатаң бақылауға алып, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауды мақсат етті. Ұзақ жылдар бойы Мысырда, Біріккен Араб Әмірлігінде, Сауд Арабиясында елшілікте қызметте жүргенде Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі бас-басымен кеткен мыңдаған жеке үлкенді-кішілі мешіттерді Діни басқарманың маңайына топтастыра алды. Имамдардың білімін жетілдіру институты мен «Нұр-Мүбәрак» Мысыр ислам мәдениеті университетін, 9 медресе ашып жергілікті мамандарды дайындауға даңғыл жол салып берді. Бүгінде діни басқарманың жанынан тұрақты түрде газет пен журнал шығып, ресми түрде ондаған ислами сайттар қызу жұмыс істеуде. «Зекет» қоры ашылып, Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорының демеушілігімен соңғы 2,5 жылда мешіттер мен медреселерге 2 миллион данадан астам кітаптар мен кітапшалар таратылды. Бұдан өзге де көптеген игі істерге мұрындық болған шейх Әбсаттар қажы Дербісәліні ел мұсылмандары үш рет Бас мүфти етіп сайлады. Әрине, мұның бәрі ҚР Дін істер агенттігінің төрағасы Қайрат мырзаға аса ұнай қоймағаны белгілі. Қайтсе де Бас мүфтидің ел алдында беделін түсіріп, өзіне біржолата құлдық ұрар басыбайлы бағыныштысы етіп алуды көздеді. Осы ойын жүзеге асыру үшін ҚМДБ-ның ғана емес-ау, Исламның ежелгі жауы, дінбұзар Мұрат Телібековпен ауыз жаласуға дейін баруға арланбады. Бұған қатысты оның ұстанымы: «Жауымның жауы менің досым» болса керек. Өзінің Елорда төріндегі атақты мәлімдемесінен кейін араға көп уақыт салмай-ақ, М. Телібековпен ресми түрде кездесті. Білетіндердің айтуынша, өзара жүздесу агенттік басшының жазбаша түрде шақыртуынан кейін жүзеге асқан. Дін істері агенттігінің төрағасымен кездескеніне шабыттанған дінбұзар М. Телібеков оған жастарды исламға тартуды бет перде етіп, шариғат құптай қоймайтын түрлі фестивалдарды, суретшілер көрмесін, тіпті балет бишілерінің байқауларын өткізуді ұсынған. Сондай-ақ, «Хабар» телеарнасынан исламға байланысты авторлық бағдарлама ашуға ықпал етуін төрағадан қиылып тұрып сұраса керек. Қайрат Лама Шәріп бұған жауап ретінде оған өзінің екі томдық кітабын (білетіндердің айтуынша Мәдинада оқитын бірқатар қазақ жастарына арабша кітаптардан аудартып дайындаған) сыйлай отырып, авторлық жобаның тұжырымдамасын дайындауды тапсырған. Арада көп өтпей М. Телібеков хабар жобасының дайын екенін төрағаға мәлімдейді. Онда әр апта сайын Мысырға, Ливияға, Сауд Арабиясына тағы да басқа араб мемлекеттеріне барып, ондағы діни жағдай мен төңкерістердің тәжірибесін үйрену жағы да назардан тыс қалмаған. Мұндай ойға алынған бағдарламалар түптің түбінде іске аса қалса, тып-тыныш жатқан еліміздің тұтастығы мен тұрақтылығына үлкен қауіп төндіретіні айтпаса да түсінікті. Мұнысы солардағы бассыздық пен бейберекетсіздіктің «тәжірибесін» бізге ұсыну болып шықпай ма? Қазірге бұл дінбұзар мен Дін істер агенттігі төрағасының арасындағы «келісім» ғана.
Дін істер агенттігінің төрағасы ҚМДБ-ны айтқанына көндіріп, дегенімен жүргізу үшін қара шаңырақты бөлшектеп тастауды көздеп, өзіндік реформа жасауды қолға алды. Оған сәйкес Бас мүфтиді ел мұсылмандары құрылтайында сайламай Cауд Арабиясындағыдай мемлекет басшысының облыс әкімдері секілді тағайындауын көздеген. Әр мешітті жеке өз алдына діни бірлестікке айналдырып, аттарын да ауыстыруды мақсат еткен. Сондай-ақ, зекет салығын енгізуді де ойластырған. Діни агенттікке Үкімет жағынан берілген өкілеттілікті азсынып, түрлі қитұртқы әрекеттерге барудан да тартынып қалмаған. Мысалы, Бас мүфтиді жұрт алдында «ұстазым» дей отырып, оны орнынан алып тастап, кадрларды өзі тағайындап, қаржы-қаражат жағына да ауыз салуды ойластырыпты. Әрине, осы және басқа да алға қойған жоспарларының күні бүгінге дейін жүзеге аспағанына ел мұсылмандары куә.
Бақандай алты жыл Сауд Арабиясының тәжірибесін жатпай-тұрмай зерттеген Қайрат мырза Қазақстандағы жағдайды мүлде есінен шығарып алғандай. Өйткені, Саудияда бір ғана Ислам діні үстемдік құрса, бізде жағдай мүлде басқаша. Оларда мемлекеттік дін Ислам болса, біз зайырлы елміз.
Шыдамның да шегі бар емес пе? Тек осындай әрекеттерден кейін ғана ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы ҚР Президентіне ашық хат жолдап, мән-жайдан толық хабардар етті. ( «Почему Абсаттар Дербисали Қайрата Лама Шарифа чаем не напоил», Ж. Тулендиева, газета «Мегаполис» 23.04.12. года)
Республикадағы белді-белді бұқаралық ақпарат құралдары Бас мүфтиді қолдап, қорғады. Өйтпегенде ше? Осы уақытқа дейін хазреттің атқарған бүкіл игі істері бүкіл ел-жұрт пен баспасөздің назарында болса. Елбасы да дер кезінде мүфтиге қолдау білдіріп, Мемлекеттік хатшы Діни Агенттік басшысының мәселесін май шаммен қарады. Енді қызықты қараңыз. Тағы да Діни агенттік төрағасына «одақтасы» дінбұзар Мұрат Телібеков араша түсті. «Діни агенттіктің құрылуы елдегі діни институттардың, соның ішінде ҚМДБ-ның өз міндетін тиісті дәрежеде атқара алмауынан. Діни салада тәртіп орнатудың уақыты әбден пісіп-жетілді. Әйтпесе, тағы бір төрешіл орган құрудың қандай мәні бар? Әрине, бастапқыда түсінбеушіліктер мен түрлі қөзқарастардың болуы заңдылық. Дегенмен, бәсекелестік заманында мұның пайдасы өте зор. Бұл өз кезегінде діни жағдайды жақсартып, оның дамуына өлшеусіз үлес қосары сөзсіз» деп сайрады дінбұзар. ( «Почему Абсаттар Дербисали Қайрата Лама Шарифа чаем не напоил», Ж. Тулендиева, газета «Мегаполис» 23.04.12. года)
Одан кейін Елбасының өзі келіп ашқан «Хазрет Сұлтан» мешітін Діни істер агенттігі толық өз бақылауына алуға ұмтылды. Тіпті, діндарлардың жалақыларына дейін өздері белгілеп, қайыр-садақаға да ауыз салмақшы болды. Тағы да билік араға түсіп, халықтық-демократиялық «Нұр-Отан» партиясы ҚМДБ-ны қолдап шықты. М. Телібеков ескі әуеніне басып: «ҚМДБ мен Діни істер агенттігінің арасындағы келіспеушілік көпке аян. Өйткені, билік агенттік арқылы монополияға айналған діни басқарманың құзіретін кемітіп, қызмет аясын тарылтпақшы болды. Себебі, монополияға айналған саладан түбі жақсылық шықпайды. Тіпті, оның басшысы әлемдегі ең ақылды ғұлама болса да! Билік пен мансап мықты тұлғаның өзін қатты өзертіп жібереді.
Билік рухани саланы қадағалаусыз қалдырғанын түсініп, жанталаса бақылауға алуға бар күшін салды. Соның салдары болар шариғатқа ден қойған Бекболат Тілеухан Парламенттен ығыстырылып шығарылды. Бұл текетіресте Қайрат Лама Шәріп міндетті түрде басым түсуі керек. Өйткені, ар-намыстың таразыға тартылар тұсы осы», ( «В чужую мечеть - со своим уставом. Удастся ли загнать джинна обратно в бутылку» (С. Исабаева, газета «Central Asia Monitor» 24.08.12.) деп агенттік төрағасын Исламның ақ туын көтеруші әділетті басшы етіп көрсетуге тырысты.
Осылайша ҚМДБ-ның рөлі мен халқымыздың бірлігі мен ынтымағы жолындағы қыруар жұмыстарын түкке алғысыз етіп тастап, жала жапты. Алайда, ҚМДБ-ны төртке: шығыс, батыс, оңтүстік және орталық аймақтарға бөліп, осынша төрт әлсіз мүфтиятқа бөлшектеп, құзіретін кеміту арқылы ел мұсылмандары арасына сына қағу қаскөйлік екенін Ақорда өте жақсы түсінді. Соңғы кездері лаңкестердің ислам атын жамылып, еліміздің әр аумағында жарылыстар ұйымдастырып, халқымыздың тыныштығын бұзуы ел мүміндерінің бірлікте өмір сүруінің аса маңызды екенін тағы бір рет дәлелдеп берді. Елбасының өзі: «Радикалдық экстремистік әрекеттер мемлекетіміздің, жалпы әлеуметтің тыныштығын бұзуға ұмтылып жатқанын мойындауымыз керек» деп ойын ашық білдірген болатын.
Жоғарыдағы айтқандарымызды саралай келе ойларымызды былайша түйіндесек:
Біріншіден, еліміздің тыныштығы мен бірлігіне басты назар аударып отырған Ақорда мұсылмандардың бөлінуіне ешқандай да мүдделі емес. Сондықтан да Қазақстан Республикасы Діни істер агенттігінің ҚМДБ-ны төрт мүфтиятқа бөлшектеу әрекетіне бей-жай қарай алмайды. Өйткені, ҚМДБ ел мұсылмандарының басын біріктіріп отырған ресми ислами ұйым. Лаңкестердің әрекеттері күшейіп тұрған мына алмағайып заманда мұсылмандардың бірлігі мен ынтымағына ірткі салуға тырысу әрекеті ел қауіпсіздігі мен тұтастығына мейлінше қауіпті.
Екіншіден, Ақорда мешіттердің атын өзгертуге байланысты Діни агенттік басшысының ұсынысын қабылдамады. Бұл халық және мешіт салдырғысы келушілердің арасында түсінбеушілікке апарып соғатыны айдан анық.
Үшіншіден, дін саласын реттеу мен жүйелеуде басқа елдің (Сауд Арабиясының) үлгісін қолдану бізге мүлде жарамайды. Себебі, халқымыздың ерекшелігі, түрлі діни конфессиялардың болуы бұған жол бермесі анық. Оның үстіне мешіттерді қайтадан жеке діни бірлестіктерге айналдыру Батыс пен Ресейдің мұсылмандардың басын біріктірмей, бір-бірінен оқшаулау тәсілі. Мұсылмандардың басын біріктірмеу дін дұшпандарына ғана тиімді.
Осылайша, өздерін ел мұсылмандарының және бүкіл діннің билеп-төстеушісіне айналдырғысы келген екі ниеттестің алға қойған жымысқы жоспарлары Құдай сақтап қазірше жүзеге аспай қалды. Керісінше аққа құдай жақ демекші, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі басқарған ҚМДБ бұлардың қитұртқы «тасадан тас атқандарын» білсе де білмеген, көрсе де көрмегендей қызметтерін белгілі заң аясында өз қал-қадірінше атқаруда. Мұны бір жағынан «Ит үреді керуен көшеді» дей салуға да болар.
Әйтсе де, еліміздегі түрлі діндер мен конфессиялардың өзара ынтымағы мен түсіністігіне ұйытқы болып, іс-әрекеттерін заң шеңберінде үйлестіріп, реттейді дейтін агенттік төрағасының жеке басының пендешілігінен шыға алмауы ойландырады. Дін секілді ел тағдырындағы қатпары мол аса маңызды саланы жауапкершілігіне жеңіл қарайтын бұл секілді өресі тар шенеуніктің қолына сеніп тапсыруға бола ма? Бірлік пен ынтымақты берік ұстанған мемлекеттік саясатпен іс-әрекеті мен ниет-пиғылы үйлеспейтін Қ. Лама Шәріп қайта жасақталып жатқан үкімет құрамынан көрінуге лайық па?
«Abai.kz»