Қақпаңды жап қазақ!
Ресейге салынған санкциялардың әсерінен жүздеген компаниялар Ресей нарығынан кетуде. Ресей азаматтары арасында да "өзге елдің азаматтығын қалай алуға болады" деген сұраныс саны артқан. Әлеуметтік желідегі жазабаларға қарап, әсіресе Қазақстан мен Қырғызстан азаматтығын алғысы келетіндердің көп екені байқалады.
Ресейліктер азаматтық алу мәселесінде Еуропа елдеріне басымдық бермеген. Ол жағы түсінікті де. Еуропа халқының көзқарасы, Ресейге салынған тыйымдар мәселесі бар.
Әлеуметтік желіде Қазақстан мен Қырғызстанға қоныс аударуға қатысты арнайы топтар, қауымдастықтар, арналар ашылған. Онда құжат жинау, пәтер жалдау, жұмыс іздеу, тіл үйрену, мектеп пен университетте оқу жағдайы, дәрі-дәрмек, азық-түлік бағасы және басқалар талқыланып, кеңес беріледі.
Ресейліктер Қазақстанда тиімді қолдануға болатын онлайн сервистерді игеру үстінде. Көлікті жалға алу немесе такси шақыру бойынша Yandex, Uber, Indriver, Anytime, тамаққа тапсырыс беру бойынша Chocofood, Glovo, Wolt, Яндекс.Еда, маркеттен тамақ жеткізу бойынша arbuz, magnum go қосымшаларын жүктеу және игеру саны артқан. Аталмыш қосымшалардың басым бөлігі Ресейде де жұмыс істейді, сондықтан ресейліктер үшін қосымшаларды қолдану қиындық туындатпайды. Сонымен қатар krisha.kz, kolesa.kz және hh.kz қосымшаларын да жүктеу саны артқан.
Ресейлік азаматтар Қырғызстан мен Қазақстанды тілдік жағынан тиімді санайтынын жасырмайды. Сонымен қатар Қазақстан мен Қырғызстан Ресеймен бірге Еуразиялық Одақ және ҰҚШҰ-ға мүше. Сондықтан қоныс аударғысы келетін ресейліктер Ресейден біржолата кетуді қаламайтыны көрініп тұр. Олардың басым бөлігі экономикалық жағдайға байланысты кетуді ұйғарса, кейбірі Путин режимінде өмір сүргісі келмейтінін айтады.
Қазақстанға қанша ресейліктің қоныс аудару мүмкін екендігі жайлы нақты ақпараттар жоқ. Қазақ қоғамы бұл құбылысқа алаңдаушылық білдіруде. Олар тың игеру кезеңіндегідей тағы да қазақ тіліне соққы жасалуы мүмкін деп есептейді. Қоғам белсенділері қандастардан басқаларға азаматтық беруді бес жылға тоқтату керек деп санайды.
Асхат Қасенғали
Abai.kz