Бейсенбі, 19 Қараша 2026
Жаңалықтар 133 0 пікір 19 Қараша, 2026 сағат 16:49

«Көлеңкелі» сауда: «Отбасы банк» тазалауды бастады...

Сурет: forbes.kz сайтынан алынды.

Елімізде баспана кезегін түгендеу науқаны қыза түсті. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттен үй алуға үміттілер тізімінен 52 535 қазақстандық шығарылды. Бұл — бастамасы ғана.

«Отбасы банктің» ресми ақпаратына үңілсек, қазіргі таңда кезекте 1,1 миллионға жуық адам тұр. Алайда банк мамандары бұл тізімдегі 200 мыңға дейінгі азаматтың кезектен түсіп қалуы мүмкін екенін ашық айтып отыр. Мұндай ауқымды «тазалауға» не түрткі болды және оның астарында қандай әлеуметтік әділетсіздіктер жатыр? Саралап көрейік.

Заңдағы «саңылау» қалай жабылды?

Осы жылдың 14 қыркүйегіне дейін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың жеке деректерін тексеру оңай болмады. Себебі ескі ереже бойынша азамат келісім бермесе, банк оның басында баспана бар-жоғын тексере алмайтын. Бұл норма талай жыл бойы алыпсатарлар мен баспанасы бар ауқатты адамдардың кезекте «тығылып» отыруына мүмкіндік берді.

Қыркүйекте күшіне енген заңнамалық түзетулер бұл кедергіні жойды. Енді банк азаматтың рұқсатынсыз-ақ деректер базасына үңіле алады. Нәтижесі көп күттірмеді: алғашқы тексерістің өзінде-ақ басында жеке баспанасы бола тұра, мемлекеттің тегін немесе жеңілдетілген үйіне дәмелі болған 52,5 мыңнан астам адам анықталды.

400 пәтерде үлесі бар «мұқтаж» азамат

Инвентаризация барысында жаға ұстатарлық деректер де әшкереленді. «Отбасы банктің» Алғашқы баспанамен қамтамасыз ету орталығы департаментінің директоры Азат Әшімовтің айтуынша, кезекте тұрған бір азаматтың... 400 пәтерде үлесі бар болып шыққан!

Бұған дейін өзін тексеруге рұқсат бермей келген бұл «мұқтаж» жанның әрекеті заңдағы олқылықтың қаншалықты сорақы болғанын көрсетеді.

«Үлестік меншік» мәселесі: 90-жылдардың жаңғырығы мен жаңа шектеу

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының басты шарты — соңғы 5 жылда азаматтың атында жеке баспананың болмауы. Дегенмен, елімізде өзінің жеке үйі болмаса да, ата-анасының пәтерінде үлесі (1/3, 1/5 немесе 1/7 бөлігі) бар азаматтар көп. Бұл — 1990-2000 жылдардағы жекешелендіру науқаны мен мұрагерліктен қалған тәжірибе.

Осы мәселені ескерген билік бастапқыда тұрғын үйдегі үлес мөлшері 50 пайыздан аспауы тиіс деген шешім қабылдаған еді. Алайда, пысықайлар бұл талапты да айналып өтудің жолын тапты: бір адам бірнеше пәтердің тең жартысына (50%) иелік етіп, бәрібір кезекте тұра берген. Сондықтан талап тағы да қатаңдатылып, енді тек бір ғана тұрғын үйдегі үлес 50 пайыздан аспауы керек деген нақты шектеу қойылды.

Түйін: «Отбасы банк» енді мұндай тексерістерді тоқсан сайын тұрақты түрде жүргізіп тұрмақ. Бұл — жылдар бойы пәтер жалдап, шын мәнінде баспанаға зәру болып жүрген қарапайым халықтың кезегін жылжытуға жасалған маңызды қадам. Мемлекеттік қолдау шын мұқтаждарға ғана бұйыруы тиіс.

Abai.kz

0 пікір