Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ақмылтық 3333 35 пікір 15 Наурыз, 2022 сағат 12:09

«Жемқорлыққа алғыс»: Халың қалай, қазақ армиясы?

Украин тарабы Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгуге «жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтары» үшін алғыс айтыпты. «Әскери әлеуетіміз сіздерден әлде қайда әлсіз болса да, күштік құрылымдарыңыздың «түйені түгімен жұтатын» жемқорлығының арқасында күн өткен сайын ырықты орынға шығып келеміз, сол үшін де көптен-көп рахмет!»,  деген мағынада үшбу хат жолдапты.

Мұны – от пен оқтың арасында жүрсе де, әзілін тастамаған КВН-ші президент Зеленскийдің кезекті қағытпасы деп қарасаңыз да, ақпараттық соғыс тәсілін ұтымды пайдаланып жатқан украин қорғаныс бөлімінің кезекті мылтықсыз шабуылы деп түсінсеңіз де – ерік өзіңізде. «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, әзілдің астарында ауыр зіл жатқаны анық.

Іс жүзінде жағдай көрсеткендей, Ресей әскерінің қуаты ел ойлағандай болмай шықты. Тұтқынға түскен орыс солдаттарының аужал ететін ас-ауқатының, аса қажетті дәрі-дәрмектерінің пайдалану уақыты өтіп кеткені түсірілген бейне жазбаларды украиндардың үйреншікті ақпараттық айласы десек те, айдалаға лағып кеткен, жарылмай қалған ескі бомбалар, шаруалардың олжасына айналған төбесіне шөлке байланған танкілер, Киевті қоршауға алуға шыққан әскери техникалардың жол бойында 64 шақырымдық сап түзеп, бірнеше күн қаңтарылып қалуы, Ресейдің мақтаулы ұшқыштарының, соғыс көрген үш бірдей генарал-майорының өлімі – өзге елдердің де әскери мамандарының назарын аударып, түрлі жорамалдар мен қауесеттердің таралуына мұрындық болуда.

Путиннің аталмыш «соғыс операциясының» өте қысқа мерзімге жоспарланғаны, жарты айдан астам уақыт өтсе де мақсатына жете алмауы - украин тарабының күшін, қарсылығын қате бағамдап, теріс мәлімет берген барлау органдарының, әскерлерді тамақпен, соғыс техникаларын жанармаймен қамтамасыз етуге жауапты артқы қамдау тобының жұмысының дұрыс үйлестірілмеуінен деген пікірлер айтылуда.

Нәтижесінде Украина жағы Ресейдің 31 батальонының күшін жойдық десе, Англия барлау органы да «Ресей Украина аумағына кірген әскери техникасының төрттен бірінен айырылды», деп растап отыр. Ресей қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі де «жойқын қарулардың сәтсіздігіне техникалық ақау себеп болды», дегенді жиі айтуда. АҚШ-тың бейтарап сарапшылары да Ресейдің ең озық деген қаруларының электронды басқару жүйесіне Қытайдың арзанқол өнімдері қолданылған деген байлам жасауда.

Айланып келгенде бәрі Ресей әскерінің АҚШ-тың Ирақта Садамды құлатуға, Ауғанстанда Тәліптер мен Әл-Каиданы жою мақсатында алып барған «найзағай» операциясындай әбжіл қимыл көрсетудің орнына, шығынға ұшырап, мемлекет басшысының бұйрығын дер кезінде орындай алмауын әскери саланы жайлаған жемқорлықтан, қорғаныс саласын дамытуға, модернизациялауға бөлінген қаржының жетер жеріне жетпей, араны ашылғандардың жемсауына, Ресейдің бұрынғы Сыртқы Істер министрінің сөзімен айтқанда, «шетелде демалуға, яхталарға» жұмсалғанынан көріп отыр. Соның кесірінен орыс әскері кеңес заманынан қалған, уақыты өткен әскери техникаларға арқа сүйеп, ескі соғыс тактикасын қолданып, жоғарыдан бұйрық күтетін тиімсіз басқару жүйесінен зардап шегуде екен.

Керісінше, АҚШ пен НАТО елдерінен ең озық әскери қарулар, атап айтқанда, танкіге, әуе қорғанысына арналған иыққа қоятын жалғыз кісілік зымыран атқыштар алған украин сарбаздары топтаспай, бытырай шабуылдап, берілмей келеді. Ресей тарабының соңғы кезде оңтүстік, солтүстік, шығыстағы қалалармен бірге, батысында жаппай зымырандармен атқылай бастауы шарасыздықтан жасалған қадам.

Ресейдегі жеңіліске ұрындыратын жемқорлықты украиндар ғана емес, бастыс елдері де тиімді пайдалануда. Путин мен Шойгуге ғана емес, билікке жақын олигархтар мен ірі лауазым иелеріне жаппай санкция салуда. Қымбат мал-мүліктерін тәркілеп, жалғанды жалпағынан басып, тайраңдап жүруіне шектеу қоюда. Соған байланысты ел арасында, элитада алауыздық пайда болғаны, елде саяси тұрақсыздық, билікке қарсы бас көтерулер болатыны жайында өсек-аяң қарша борауда.

«Тәуелсіздігімізді қорғап қалған» Ресей тарабына айтылып жатқан сындар бізге де етене таныс. Қазақстан қорғаныс саласы да құрылғаннан бері атышулы істерден кенде емес. 90-жылдардағы «Солтүстік Кореяға сатылды» деген әскери ұшақтар дауы, Бен Ладеннің Елбасының туыстырымен саят құрғаны жайлы ақпараттарды айтпаған да, кешегі бүкіл елді дүрліктірген Арыс пен Жамбылдың қару-жарақ қоймаларындағы жарылыс, қатардағы курсанттан бастап генаралдардың өліміне себеп болған Ресейден сатып алынған әскери ұшақтар апатын тізбелеуге болады. Депутат Айдос Сарым мырза жақында алыс аймақта болса бір сәрі, Алматыдағы әскери казарманың шұрық тесік еденіне сүрініп, құлай жаздағанын айтады. Қорғанысқа, әскери қызметшілердің жағдайын жақсартуға ақша бөлінбейді емес, бөлініп жатыр. Бұл жерде де жемқорлықтың құлағы қылтияды.

Ресей бастаған соғыс салдарынан туындаған экономикалық, қаржылық тұрақсыздық біздің билікке, халыққа да оңай соғайын деп тұрған жоқ. «Тыныш өмір сүргің келсе, соғысты зертте» деп батыстың бір білгірі айтқандай біздің де әскери саламызды қайта жасақтайтын, Хрущев заманынан бері қарайғы әскери техникалардың жарамдылығын сараптан өткізетін, әскерилердің материалдық жағдайын, еңсесін, рухын көтеретін уақыт жетті. Аймақтық, халықаралық геосаяси жағдай күрделі кезеңге қадам басты. Біздің билік бейтарап позиция ұстағанымен, ел ішінде де, сыртында да Ресейге жақтас болуға итермелеп отырған күштер жетерлік. Біріккен ұлттар ұйымы «террористік ұйым» деп таныған Тәліптер Ресейді айыптап отыр. Иран Ирақтың күрдтер аймағына орналасқан АҚШ елшілігін зымырандармен атқылады. Қытайдың Ресейге қашанға дейін болысары белгісіз.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

35 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5636