Абай атадан алтау емес... сегіз!
Абайдың «Атадан алтау, Анадан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ» деген өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ. Бірақ, тарихи жазбаларда атадан жетеу екеніне аса мән берілмей келеді.
Құнанбай көп әйелді болған. Үлкен әйелі - қыздай алған Күңкеден туған баласы Құдайберді. Екінші әйелі – Ұлжаннан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі - Айғыздан Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. Құнанбайдың төртінші әйелі - Нұрғанымнан бала болмаған.Құнанбай балаларының ішінде екі баласына үлкен үміт артқан. Халиолланы жастайынан орыс оқуына берсе, Абайды мұсылманша оқытады. Құнанбай балаларына өз атын жаздырып отырғанымен Халиолла мен Әбдірахманға әкесі Өскенбайдың есімін береді. «Халиолла Өскенбаев» деп жаздырғаны туралы куәлік қағаз (свидетельство) мұрағаттарда сақталған.Халиолланы ағайын туысы - Халел десе, оның аты-жөні орыс басылымдары мен архив деректерінде «Халиулла Ускенбаев» деп кездеседі.Бұл жөнінде Әрхам Ысқақовтың көлемді естелігінде: «Сөйтіп, (Құнанбай) Айғызды екі әйел үстіне тоқалдыққа алады. Бері келгенде балалары аппақ әже деседі екен. Осы Айғыздан 1848 жылы Абайдан үш жас кіші ұл туса, Құнанбай оның атын тағы да пайғамбар атымен Халиолла қояды» – деп жазады.
М.Әуезов өз еңбектерінде Халиолла туралы жазбағанымен, ол жайында жақсы білгені сөзсіз. Жасында, барлық Құнанбай балалары сияқты ауыл молдасы Ғабитханнан дәріс алып, мұсылманша хат таниды. Кейіннен Халиолла Семейдегі Камалиден хазіреттің медресесінде 3 жыл оқып, оған қоса өзі ынта қойып, орысша сауатын ашады. Бұл туралы Әрхам Ысқақұлы өзінің естелігінде айтады. Омбы қаласындағы «Кадет корпусына» оқуға беру үшін көп қаражат жинағанымен, бұл оқуға қара халықтың баласын алмайды. Не төре тұқымы, не аға сұлтан, не патшадан шен алғандардың баласы болуы шарт екен. Соның анығын білген Абай Халелді аға сұлтан Өскенбайдың немересі деген куәлік қағаз алып, Халилолланың тегін атасы Өскенбайдың атына жаздырады. Омбыға оқуға апарып орналастырмақ ниеті де болған Абайдың ел ішіндегі шаруаларға байланысты Халиолланы Омбыға апару мәселесі орыс тілін білетін Ғабитхан молдаға тапсырылады. Әрхам: «Халиолла сабырлы, көп сөйлемейтін, тұйық болады. Абай Ысқақтан Халиолла артық, ойлы ақылды, дана адам болар деп үміт артады» дейді. Абайдың өмірі мен әдеби мұрасын танытуда елеулі еңбек еткен, Абайдың алғашқы өлеңдерін жинақтаушы Кәкітай Ысқақұлы да Халиолланың Омбыдағы оқуы жайлы деректер келтіріп: «Өзге жұрт орыстан баласын жасырып жүргенде, балаларына орысша оқу оқытып, Халиолла деген баласын Омский кадетскии корпустан оқытып, онан соң Москвадағы Павловский кавелерискии школдан оқытып, сабақты жақсы бітіріп, корнет болып, қызметте жүргенде, ауырып дүниеден қайтып еді» дейді.
Халиолла 1848 жылы дүниеге келіп, небары 22 жасында 1870 жылы өмірден озған.Қайтыс болғанда Құнанбай Омбыға кісі жіберіп, оның денесін елге алғызып, Сары қатын қыстауына жерлейді.
М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясында кішкене қарындасы үш жасар Камшатты еркелетіп ойнатып жүрген Абайдың бейнесі суреттеледі. Кәмшат Құнанбайдың үшінші әйелі Айғыздан туған Смағұлдың қарындасы. Осы Кәмшат Абай ұрпақтары тарихи шежіресінде көрсетілмейді. Құнанбай мен Бөжей арасындағы тартыста бітім үшін Бөжейге берілген кішкентай Кәмшат ру аралық шежіреге енгізілмесе де тарихи шежіреде Абайдың қарындасы екені рас.
Құнанбай Қарқаралыдан келген соң, Бөжеймен татуласу мақсатында Жидебайда бас қосып, Айғыздан туған үш жасар Қамшатты Бөжейге беретіні тарихта аян.
Сондықтан Абайдың ата-анадан туған ағайындастары сегіз екенін айтуымыз қажет.
Алмахан Мұхаметқалиқызы,
Астана
Abai.kz