Жексенбі, 24 Қараша 2024
3571 13 пікір 21 Наурыз, 2022 сағат 13:57

Наурыз мерекесінің дауы мен шешімі

Ел егемен болса да, 30 жылды тәуелсіз мемлекет ретінде сүрсек те, әлі күнге елдік идеология мен ұлттық идея орнықпай келеді. Тіпті ұлтқа идея болар кейбір тақырыптар дау-дамайға түсті, рухани талан-тараж болуда. Сол аяулы тақырыптың бірі - Наурыз мейрамы.

Бұл мерекені алашордашылар мемлекеттің ұлы мерекесі ретінде ғана емес, ұлтты ұжымдастырушы идея есебінде қарастырып, шешім қабылдаған еді. Бүгінде бұл мерекенің шырқы бұзылып, әркім талайтын тақырыпқа айналды. Әлі күнге жауапты орган тұжырымдамасын да бекіте алмай, уақыт созып келеді.

Осының кесірінен Наурыз мейрамының шешімдерінен гөрі бала-шаға әлеужеліге шығып дауласатын тқырыпқа айналды.Осыған орай, тарихи-ғылыми айғақтар мен деректерді келтіре отырып, шешімге итермелейтін нәрсені ортаға салуды жөн көрдік.

Наурыз мерекесінің прототүркілік сипаты

Бес мың жыл бұрынғы Алматының солтұс-батысындағы 170 шм жердегі Аңырақай жотасындағы Таңбалы жартаста қашалған композициялық петроглиф. Күндидарлы Тәңір мен түнкейіпті - бір біріне құшақ жайып көрісіп тұр; олардың ортасында Сиыр жылының төрт маусымы бейнеленген, бұлардан төмен он екі мүшелдің кейпіндегі бейнелер қол ұстасып билеп жүр. Бұл – қола заманынан да ерте неолит дәуіріне жетелейтін дерек және бұл бүгінгі Наурыз мерекесінің толық тарихи куәлігі, төлқұжаты!

САҚТАР/СКИФТЕР.Күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балаларды саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жылды құрайтын әрбір тәуліктің келешегін алдын ала жақсарту үшін 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, елдің, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. (Квинт Курций Руф. Поход Александра. б.з.д. І ғ. – Ақселеу Сейдімбекұлы. «Қазақ әлемі»)

ҒҰНДАР. Жағда Бабалықұлы, «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатта былайша суреттейді: «Қытайлардың жазғанына қарағанда, ғұндардың хандары – тәңірқұттар Наурыз басталатын күні тау басына шығып, ұясынан жаңа көтерілген күнге қол жайып, тілек сұрап, дұға қылады. Ол дұға қайырғанда, тәңірқұттың арқа жағын ала қолында қобызы бар абыз отырады. Тәңірқұт дұғасын оқып болғанда, абыз 9 қоңыр күй тартады екен. Ол күй тартып болғанда, оның соңын ала отырған 365 күйші бір-бірден күй тартады.

ТҮРКІЛЕР/ТӨРІКТЕР.Махмұт Қашғари: «Көшпенділер өз жаңа жылдарын тойлағанда, барлығы бір ауылда жиналып, өткен ескі өшпенділіктерін ұмытып, қару-жарақтарын тастап, бір біріне ізгі тілектерін айтады».

ҚАЗАҚТАР. Қазақтар Қыдыр түнін ұйқысыз өткізіп Бас таңды қалай қарсы алады?
... жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таң атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жастар мәз-мейрам болысады...»
Қазақтың «бастаңғы» жоралғысы бас таңды қарсы алудан орныққан: қариялар ұйықтамай «белкөтерер» отырыста тойлайды, таң асырады; қыз-келіншектер «ұйқыашар» дастарханын жаяды, уызқағанақ қояды; ерлер «селтеткізер» сыйлығын әзірлейді. Барлығы жабылып таңды қарсы алады.

Мүшелдік күнтізбенің астрологиялық мәні

Птолемейдің «Альмагест» еңбегінде Амал/қамал жұлдызы шоқжұлдызға енбегендердің қатарынан және ол жылжымайтын жұлдыздардың бірі. Гиппарх «тұмсықтағы жұлдыз» атаса, ертеде ол «тас төбедегі жұлдыз» деген атаумен танылған. Тағы бір дереккөзде Тоқты шоқжұлдызының маңдайындағы сары жұлдыз кейде «Тоқтының екінші мүйізі» аталған.
Наурыздың қазақ үшін басты мәні – жылдың ауысуы. Күн-Түн теңесімінен бұрын, наурыз айы туғанда, Күн Тоқты (ежелгі түркіше – Қозы/қоды, М.Қашқари) шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал/Қамал жұлдызына беттейді, «көріседі». Бұның әсері жерге беріліп,жыл маусымы ауысады - көктем шығады, мүшелдік жыл алмасады. Жыл алмасу Күн мен Түннің телеңелуіне қатысты емес, осы айтылған аспандық үдеріске қатысты. Бұл юлианша – 1 наурыз, григорианша – 14 наурызға келеді.

Мүшел басы әлемдік күнтізбеге негіз болған

Шоқан Уәлихановтың қазақы күнтізбені үш тілде келтірген астрологиялық сызбасында 1 наурыздан бастайды. Ал наурыз айы кәзіргіше 14-наурыз екені мәлім.

Шәкәрім Құдайбердінің баласы Ахат Шәкәрімұлының естелігінде: «14-март – ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді... Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс (ұлы іс).»

Аталмыш жыл ауысу күнтізбесін 18-ғасырға дейін дүние жүзі мойындаған: христиандық Рождествомен жыл ауыстырғанға дейін, Рим империясы мен Ресей патшалығы күнтізбесін 1 марттан бастаған. Бұл күнтізбе бүкіладамзаттық сипаты бар құндылық, бұл қазаққа да тән, бірақ құндылығымызды толық қамтып тұр. Юлиан күнтібесі мүшелдік күнтізбенің басталауымен парапар болып тұр.

Мүшелдік ай атаулары

«Халық календары» еңбегінің авторы М.Ысқақовтың жазуынша, Бируни мен Ұлықбектің келтірген мағлұматтарына қарағанда мүшелдік ай атаулары болған, олар былай аталған:
1) октябрь - кешку немесе күску (мағынасы—«тышқан),
2) ноябрь - ут немес ұд (сиыр),
3) декабрь - барыс,
4) январь - тувушқан немесе табышқан (қоян),
5) февраль - ұлу немесе нек,
6) март – ыйлан (жылан),
7) апрель - юнед немесе юнд (жылқы),
8) май - қон (қой),
9) июнь - бічін немесе січен (мешін),
10) июль - доқұқ немесе тақығу (тауық),
11) август - іт (ит),
12) сентябрь - лағзын (доңыз). X ғасырдан бергі жазбаларда «лағзын» орнына «доңғұз» (доңыз) айтылатынын атап өтеді. Мүшелдік айлар революцияға дейінгі қалмақ календарында болған екен.
Март айынан басталатын түркілік күнтізбедегі реттік айлары Бируни мен Ұлықбектің кітаптарында былай аталған:
1) ұлұғ ай,
2) кішік ай,
3) бірінші ай,
4) екінші ай,
5) үшінші ай,
6) төртінші ай,
7) бесінші ай,
8) алтыншы ай,
9) жетінші ай,
10) сегізінші ай,
11) тоғызыншы ай,
12) оныншы ай.
Бұл айларды Сібірдегі кейбір түркі тілдес халықтарда Октябрь революциясына дейін қолданылып келген. Бұл атаулар европалық (сентябрь - жетінші, октябрь - сегізінші,ноябрь - тоғызыншы,декабрь - оныншы) реттік ай аттарымен сәйкес келеді – сонда кім кімнен не алған деген сауал туындайды.

Маңғолия мен Шығыс Түркістан қазақтары әлі де қолданады.
Негізі қазақ күнтізбесінде тарихта март айын «Амал» деп те атаған. Яғни, парсылық күнтізбенің ықпалы да жүрген: һүт, март – һамал, апрель – саратан, май – зауза... аталады.

Амал мен Наурыз. Көктем мен жаңа жыл

Қазақтың жаңа жылын Күн-Түн теңелісімен дәйектеушілер 21-22 наурызда дейді. Бірақ Ресейдегі 1917 жылғы революцияға дейінгі фольклорда,тіпті қазырғы әдебиетте де жыл басының көктемге сәйкес келетіні айтылады, жырланады. Ешбір туынды Күн мен Түн теңесімін бұған қатысты әңгіме етпейді. Неге? Себебі, қазақтың жыл алмасымы көктем мезгілінің ауысымен бір келеді. Бұл дәстүр ортаазиялық ғылыми-әдеби туындыларда әбден орныққан. Бұл да Амал/һамал айының келуімен тікелей байланысты астрологиялық үдеріс. Қазақтағы «Амал келді – Жыл келді» дейтін тәмсіл, көктеммен бірге ғана жаңа жыл келеді деген ұғымды меңзеп тұр! Көктем Күн мен Түннің теңелуінен 8-9 күн бұрын келеді. Күн мен Түн күзде де теңеледі, бірақ неге жыл алмаспайды?! Мәселе Күн мен Түн арбасуының уақыттың жаңаруына қатысы жоқтығында! Бұл ежелгі диалектикалық таным, күнек пен түнек, ақ пен қара арбасуы, үйлесімі - бұл құндылық! Алайда бұл көктемде жаңа жылмен қабаттаса келеді. Содан жұрт шатасады.
Амал айының Наурыз мейрамына, жаңа жылға қатыстылығын әйгілейтін әдеби жәдігерлер қыруар. Күн мен Амал жұлдызына қатысты көктемнің келуін ортаазиялық ақын Рабғұзи (Насреддин) «Көктем» өлеңінде былайша суреттейді:
Ғаламның Күні кезіктіріп Тоқтыдағы Қамалды,
Қар мен мұзды ерітіп, аласапыран басталды.
Аяз бенен қарға бөккен ел еді...
Қарашы енді:
Күн келеді, Күн келеді!

Наурыз мейрамының мезгілі

Ортаазиялық уақыт өлшеуші орын ертеден Бұқар хандығындағы жұлдызшылардың есебімен «Бұқар есебі» ретінде мойындалған. Өйткені, көп уақыт бойы бұқарлық математиктер мен астрономдар ешкімге дес бермеген. Наурыз мерекесінің бастау уақытын нақтылап жоғарыда Шәкәрімұлы Ақаттың естелігінен үзінді келтірдік. Бұны белгілі әулие, жазушы, этнограф Мәшкүр Жүсіп Көпеев былайша қолдайды: «Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде (ескіше1-8 наурыз аралығы – С.Е.) болдым..., дәл сегізінші күн: «Мазар Шариф» - деседі, - деп Наурыз мерекесі де, ай да бүгінгі 14 наурыздан басталатынын және ресми 8 күн және бейресми халықтық мейрам бір айға созылады деп дерек береді. Бұқарды билеген Абдолла хан ресми түрде Жаңа жыл мен Наурыз мерекесін біріктіріп мерекелеген! Осылайша бұрыннан келе жатқан тартыстың шешімін әділ тапқан. Бұл бәлкім, бұрынырақтан келе жатқан үрдіс болуы бек мүмкін.
Белгілі фарабитанушы Ақжан Машанов өзінің «Әл-фараби» тарихи деректі кітабында «нау» сөзіне қатысты былайша ашып көрсетеді: «Ал айдың тоғыс (аял) жұлдыздарының туғаны мен батқанын нау деп атайды. Демек, нау туралы дау туады. Ол дау астрономдар, есепшілер арасында атам замандардан бері бітпей келе жатқан дау. Сондықтан нау құрымай, дау құрымас деген.»

Наурыз мейрамының мезгілі турасында 20-ғасырда алашордашылар да біршама пікір таластырған, ақыры жаңа құрылып жатқан Алашорда мемлекетінің ұлттық идеясы ретінде, идеологияның алғышарты есебінде Наурыз мерекесін 22 наурызға тіреп, алаш көсемі Әлихан Бөкейхан нүкте қойып, 1915 жылдан бастап бекиді. Бірақ бұл саяси шешім болатын, ғылыми-этнографиялық емес еді. Бұл кезде елдің бір бөлігінде мереке ежелден бері Амал айының келуімен бірге тойланатын жыл басы болатын. Ғылыммен дәйектеуге, зерттеуге олардың шамасы мен уақыты болмады. Осыны негізге алған және алаш идеясын өз пайдасына жарату үшін большевиктік орда да осы датаға тоқталды. 1920 жылы Түркістан республикасының Атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов өзінің бұйрығымен 22 наурыз бүкілхалықтық «Көктем мрекесі», «Наурыз» болып бекітілсін деген шешім шығарады.

Бірақ қазақ халқынан басты қауіпті байқаған сталиндік Ресей басшылығы 1926 жылдан бастап бұл мейрамды ресми мерекелеуге тыйым салады. Алайда, көптеген өңірлерде бұл мереке бейресми түрде тойлана берді. Тек қана «наурыз» атауының орнына «амал», «көрісу» деген кезекші сөздер қолданылды.

Дәйекті түрде тағы да зерттелмеген күйі, халық арасындағы мерекеленіп келген наурыз мейрамына ден қойылмастан, 1991 жылы 15 наурызда бұл мейрамды Қазақ КСР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Наурыздың 22-сі – халықтық мереке «Наурыз мейрамы» болып жарияланды. Бұл бар болғаны Т.Рысқұлов бұйрығының қайталануы болатын.

Көрісу - Жаңа жылды қарсы алу ғұрпы

Көрісу – мереке емес, ғұрып. Бұл ғұрыптың тарихы өте ежелгі дәуірден басталады. Көрісу тек қана Наурыз мейрамына қатысты емес. Ай жаңарғанда да, жыл жаңарғанда да түркілердің осылайша көрісу ғұрпымен бірін бірі құттықтауы атқару ертеден келе жатыр. Аңырақай жотасындағы Таңбалытастағы бір біріне құшақтарын жайған құдыреттердің сұлбасына қарағанда оны да көрісу ғұрпының ежелгі нұсқасы ретінде мойындауға тура келеді.

Ай мен жыл жаңарғанда түркілерде көрісу ғұрпын атқару ертеден қалмай келеді. 13-ғасырда Үндістанда құрылған Дели сұлтанатында мұсылмандық айдың жаңару кезіндегі басты ғұрып көрісу болған. Жұрт қуанысып бір бірімен үш рет төс қағыстырады, сұлтан оларға қазынасынан алтын-күмістен шашу шашады.

1736 жылы Әбілқайр ханның ордасында болып, бірнеше сурет жыйдасын салып, тарихымызға елеулі үлес қалдырған Дж. Кестелдің екі ер адамның көрісу ғұрпын бейнелейтін суреті.

Мүшелдік жыл жаңарғанда бүкіл қазақ көріскен
Бұған айғақтар көп.Әсіресе әдеби туындыларда жүр.
Абай Құнанбайұлы өзінің әйгілі «Жазғытұры» өлеңінде Амал мен көрісуге қатысты жолдары бар:
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Көрісуге қатысты Ахмет Байтұрсынұлы да қалам тартқан:
Келгенінше құттықтап бірін-бірі,
Қуанышта көрісіп кәрі-жасы.
Көңілі түгел адамның сен келген соң,
Самарқанның елжіреп түскен тасы.

Наурыз мерекесінің қазақы атаулары

Наурыз. Наурыз атауын қазақ ешқашан жатырқаған емес, өйткені қазақ шежіресінде Қазақтан туған екі ұл: Алаш пен Наурыз. Наурыз жастай шетінеп кеткен деседі. Демек, бұл бекер аңыз емес. Наурыз атауы қазаққа тым жақын деген сөз.

Наурыздама. Наурызға қатысты салтанат пен той «наурыздама» («наурызнама» емес) аталған... Ал Абай былай дейді: «...Ол күнде Наурыз бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен.» Абай заманында қазақ наурыз мейрамын «наурызНама» емес, «Наурыздама» деген.

Бұл турасында Мәжһүр Жүсіп КӨПЕЙҰЛЫ: «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!» – десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен.»

Ұлы іс. Қазақ халқы Наурыз мерекесін «ұлы іс» атаған; «ұлы істің ұлы күні» тіркесі осыған айғақ. Мұндағы «ұлы іс» тіркесі кейін бірігіп «ұлыс» сөзіне айналып кеткен. «Наурыз» бен «Ұлыстың ұлы күні – Ұлыс күн» атаулары бір бірімен синоним ретінде қолданылған. «Ұлыстың ұлы күні» деген бүкіл ұлыстың тойлайтын мерекесі деген ұғым емес, «Ұлы істің ұлы күні» - Күн мен Түннің теңесетін күнін «ұлы іске» меңзеп тұр, әйтпесе ұлыстың басқа да жаппай тойлайтын кездері аз болмаған.

Ш.Құдайбердіұлы мен М.Көпейұлының жазуынша, наурыз мейрамы бұрынырақта «Ұлыс» аталған. Шәкәрімұлы Ақат та өз естелігінде де «Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс.» - дейді.
Бұған А.Сейдімбек: «Ұлыс таңы атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді» деген баянындағы «ұлыс таң» тіркесі «Ұлы Іс таңы» екендігі өзінен өзі сұранып тұр. «Ұлы іс таң» тіркесі наурызда қарсы алынатын «бас таңды» меңзеп тұр.
Қазақтағы «Ісің оң болсын!» деген тілек ұлыстың оң-терісі емес, івстің оң-терісі болатынын байқатады. Демек, «ұлыс оң болсын» емес – «Ұлы іс оң болсын!» деген тілек дұрыс!

Уыз-мереке. Болат Бопайұлы осы атауға қатысты өлең жолдарын келтіреді:
Уыз айы туғанда, көктегі ай толғанда,
Қозы, лақтар маңырап, қой мен қозы жамырап,
Рахаттанып қаласың, уызға қарын тойғанда.
Уыз айы болғанда, ай қараңғы солғанда,
Ақ көбейіп бұл маңда, қыраңдап бір қаларсың,
Уыз айда уыз бай, уызға келер қонақ сай
Уыз ішіп қыдырып, қонақ болып жүрдім жай,
Уыз айым керемет, қадірін мұның кім білед?..

Қысқасы, Наурыз мейрамының екі сипаты бар: ежелден табиғи астрономиялық Күн-Түн арбасуына қатысты Наурыз мерекесі мен көктеммен бірге келетін мүшелдік жыл басының біріккен нұсқасы. Бұл қос құбылысты халқымыз әуелден 8-9 күн бойы біріктіріп мейрамдаған. Түркілік жыл басының бөлек датасы мәні соңғы ғасырда көзден таса болған.

Серік Ерғали

Abai.kz

 

 

 

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5604