Жексенбі, 24 Қараша 2024
Шолу 3387 10 пікір 24 Наурыз, 2022 сағат 15:49

Соғысқа бір ай...

Украинаға Ресейдің басып кіргеніне тура бір ай уақыт болды. 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украинаға басып кірді. Әуе және зымыран соққыларын жасау арқылы әскери нысандар, қоймалар мен әуежайларды атқылап, артынша құрлық әскери күштері арқылы Украина аумағына енді. Ресей әскери сарапшылары Киев үш күнде құлайтынын айтса, Батыс сарапшылары бес күннің ішінде құлауы мүмкін екенін жеткізді. Алайда араға бір ай уақыт салып, Ресей әскері әлі Украина астанасына жетпеді. 

Қазіргі соғыстың беталысына келсек. Украина теңізді бақылауынан шығарып алды. Ресей әскері соғыстың алғашқы күндерінде Украина порттарына қуатты соққы жасап, теңіздегі Украина кемелерін жоюға тырысты. Ол бір жағынан болжамды дүние болатын. Себебі Ресей теңіз күштерінің саны да, техникасы да әлдеқайда көп. Сондықтан теңіздегі басымдықты ерте ме, кеш пе Украина жоғалтып алатынын болжаған болатын.

Украина әуесін бақылауда ұстау үшін Киев пен Мәскеу арасында тайталас жүріп жатыр. Ресей соғыстың бірінші күні Украинаның әуе қорғаныс жүйесін толық жойдық деп мәлімдеген болатын, алайда ол шындыққа жанаспайтыны нақтыланды. Қазір Украина тарапының мәліметінше Ресейдің 103 ұшағы құлатылған. Әрине, бұл ақпараттық соғыста асыра сілтеу болуы бек мүмкін, дегенмен құлаған ұшақтың көптігі фото және видео дәлелмен көрсетілуде.

Украина қалалары соғыс салдарынан қирап жатыр. Херсон қаласы басқыншы әскерінің қолына өтті. Қала ішінде ұрыс сала отырып шегінген Украина жасақтары, басқыншы қолына өткен қалаға соққы жасады. Херсон әуежайына топтастырылған Ресей әскерінің ұшақ, тікұшақ және өзге де әскери техникаларын артиллериялық соққымен жою операциясы іске асты.

Елдің оңтүстік-шығысында орналасқан Мариуполь қаласы толық қоршауда қалды. Қалада соғысқа дейін 500 мыңға жуық халық болған. Ал соғыс басталғанда 200 мыңнан астам халық бары айтылуда. Ресей әскері қаланы толассыз бомбалап, зымыранмен соққы жасауда. Қалада перзентхана мен ауруханаға бомба тасталды. Мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тапты. Қаланың қорғанысын «Азов» ұлттық жасағы өз қолына алған. Қалада азық-түлік азайып, гуманитарлық апат басталды.

Харьков қаласын Ресей әскерінің атқылап жатқанына тура бір ай болды. Алғаш болып Ресей әскері соққы жасаған қала осы Харьков еді. Қалаға екі мәрте тікелей шабуыл жасап, екі мәрте сәтсіздікке ұшыраған Ресей әскері тактикасын өзгертіп, қаланы алыстан атқылап жатыр. Осылайша қаланың қарсыласуын тоқтатуды жоспарлап отыр.

Ел астанысы Киевті де қоршау операциясы Мәскеу қалағандай іске аспауда. Қаланы қоршауға тиіс жасақтар шығынға ұшырауда. Сондықтан Ресей бұл операцияға тікелей шабуылға Сирия мен Ливиядан келетін жасақтарды және Беларусь әскерін қатыстыруы мүмкін деген ақпарат бар. Алайда Киевке шабуыл жасау үлкен шығын екенін де ескеріп, Мәскеу шабуыл жасамай, ұзақ уақыт қоршауға алып, қаланың қарсыласуы мүмкіндігін жою тактикасын да таңдауы мүмкін дейді мамандар.

Украинадан соғыстың кесірінен 3,4 млн адам босып кеткен. Оның басым бөлігі Польшаға барып тұрақтауда. Экономистер тікелей шығын 70 млрд долларды құрағанын айтуда. Ресей әскері өнеркәсіп кешендері, сауда орталықтары мен әуежайды атқылау арқылы Украинаны бірнеше жылға экономикалық тұрғыдан тұралатып тастауды көздеп отырғаны да жасырын емес.

Ресей мен Украина соғысындағы тікелей әскери шығынды бағалау қиын. Себебі ақпарат сан алуан, сәйкесінше тараптар өз шығындарын азайтып, қарсылас шығынын көбейтіп көрсетуі заңды құбылыс. Алайда Батыс сарапшылары екі тараптан да қаза тапқандар саны 7-10 мың арасында деген санды келтіреді. Ресей әскері 5 млрд доллар болатын әскери техникасын жоғалтқаны жайлы да ақпарат бар.

Ал Ресейге салынған санкциялар елді тіпті құлдырату алдында тұр. Әлемдік экономиканы бағалау ұйымдары Ресей экономикасын «дефолт алдындағы күйде тұр» деп бағалады. Ал Кремль әскери және экономикалық шығынға қарамастан алған бетінен қайтатын түрі жоқ...

Асхат Қасенғали

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592