Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3117 0 пікір 12 Қазан, 2012 сағат 05:06

Қымбат Сіләмбеков. Тіндей нәзік таным

«Төбеңнен Тәңірі баспаса, астыңнан Жер айырылмаса, түркі халқын, ел-жұртын кім қорғайды? Ынтымақ қажет!»

Күлтегін

Еуразияның ен даласын еншіліген көкжал көшпенділер дүниені талай дүр сілкіндіріп, сілтідей тындырып еді. Айбынынан ай жасырынған қаһарлы ғұндар батыстың бозамық таңын қылша шауып, құлдық дәуірдің қабырғасын қақыратып, құр сүлдерін қалдырды. Үйсіндер Күншығыста айдаһар айдарлы қытай қауымын тоқсыртып, өзіне тәу еткізді. Қыпшақтар Cақлап славяндарды сарсаңға салып, сергелдеңге түсірді...

Сонда Тәңір текті түріктің түйсігінің түйіткілі не? Болмысында бұғып жатқан бұл қандай буырқаныс? Көкірегін кернеген нендей «көксеу»? ЕРКІНДІК.        Иә, еркіндікке деген еміреніс. Еркіндік үшін егес. Еркіндікпен ертеңін ерттеу. Еркіндік пен елдік - тел бауырлар. М. Жұмабаев тілімен түрлесек: «Тіршілік көркі - Ерік».

«Төбеңнен Тәңірі баспаса, астыңнан Жер айырылмаса, түркі халқын, ел-жұртын кім қорғайды? Ынтымақ қажет!»

Күлтегін

Еуразияның ен даласын еншіліген көкжал көшпенділер дүниені талай дүр сілкіндіріп, сілтідей тындырып еді. Айбынынан ай жасырынған қаһарлы ғұндар батыстың бозамық таңын қылша шауып, құлдық дәуірдің қабырғасын қақыратып, құр сүлдерін қалдырды. Үйсіндер Күншығыста айдаһар айдарлы қытай қауымын тоқсыртып, өзіне тәу еткізді. Қыпшақтар Cақлап славяндарды сарсаңға салып, сергелдеңге түсірді...

Сонда Тәңір текті түріктің түйсігінің түйіткілі не? Болмысында бұғып жатқан бұл қандай буырқаныс? Көкірегін кернеген нендей «көксеу»? ЕРКІНДІК.        Иә, еркіндікке деген еміреніс. Еркіндік үшін егес. Еркіндікпен ертеңін ерттеу. Еркіндік пен елдік - тел бауырлар. М. Жұмабаев тілімен түрлесек: «Тіршілік көркі - Ерік».

Еркіндік жайлы тебіреніс-толғанысыма жазушы, ғалым Т. Жұртбай пайымдаған «Мәңгілік ел» пәлсапасы тиек болады. Сонау Орхон жазбаларында қайталанатын «Түркі елінің» баламасы «Мәңгілік ел». Ғалым тілімен жеткізсек: «Мәңгілік ел» - түркі тегінің тұтастығы мен тәуелсіздігінің кепілдігін қамтамасыз етуге деген арналған тектік, иә! - тектік тазалық пен еркіндік идеологиясы». «Ерлік пен бірлікті идеал еткен» (А. Сейдімбек) идеология! Л. Гумелев еңбегінде жиі айтатын «Вечный эль» танымы. Мәселен, Римдіктер өз астанасын мәңгі қалаға теңейді екен, ал ағылшындар мен француздар өздерін бұрыннан бар ұлтпыз, сондықтан алда да мәңгі жасампаз ел боламыз деп сенеді екен, сол тәрізді әлемнің жарты бөлігін өз өктемдігінде ұстаған ержүрек түрктер де өз елін «Мәңгі елге» балаған ғой, қайран ата-бабам...

Айбынын асырмай-ақ, Алтын тау мен Жас Аспан (Өтүкен) тауының ақиығы болып, «ел тұтатын жер Өтүкен жынысында» берекелі өмір сүре бермеді ме?  «Түркі қағаны Өтүкен-жыныста /қоныстанса/ елде мұң жоқ», - деп жырлағандай жылы орнында жатқа бермей отыра бермеді ме? Немесе   М. Жұмабаев жырлағандай, «... жүр кетелік Алтайға, алтын таққа» деп «алтын тағын» күзетіп отыра бермеді ме? Бірақ, «төрт бұрыштың бәрі дұшпан екен». Сол себепті асыл текті қыран құзартта құлдилайтыны тәрізді, түрік те еркіндігі үшін «сарбаздармен аттанып, төрт бұрыштағы халықты көп алды, бәрін бейбіт етті, бастыны еңкейтті, тізеліні бүктірді». Сол еркіндікке, ерлікке ұмтылысынан Ұлы Далада жолбарыстай жортып, көкбөрідей күжірейді. Бұл - «Мәңгілік елдің» іргесін қалар - негізгі кепіл ерлігі.

Неге түрік өзінің тотемін көкжал бөріге телиді? Неге? Табиғи заңдылық па? Сол көкбөріні символдық емес, танымдық мәнде алып көрейікші.

Көкбөрі немесе қазіргі түсініктегі қасқыр әлі күнге дейін адамзатқа илігіп көрмеген. Адамзат пен осы түз тағысының тайталасы әлі күнге дейін тәмам емес. Дәл осындай күреспен өзге жануарлар күрессе, баяғыда-ақ тұқымы тұздай құритын еді. Ал қасекең қыңырлығын қояр емес. Бар құпия - көкбөрілердің тезге келмес кербез мінезі - еркіндікті  сүйетіндігінде жатыр. Ал сол бөрілер өз мекенін қорғауда жан алысып, жан берісетін көрінеді. Түріктің қанында да осы аталмыш қасиеттердің барлығы бусанып жатыр. Бұл кездейсоқтық па? «Көк» түріктер үшін қасиет. Көк Тәңірі, Көк Аспан, Көкбөрі, Көктеңіз. Бірақ «көк» түсінігіндегі бөрі символы әлдеқайда терең философияға тартатын тәрізді.  Асқан философ Анақарыс та грек патшасының сауалдарына «табиғат заңына бағынған аңдарды меңзей отырып, өз халқының ұлылығын жеткізген» (Т. Жұртбай) екен. Сондағы данышпанның жауабы бойынша: ең өжет жан-жануар - ең тағы аңдар, себебі олар өзінің бостандығы үшін күреседі, ең әділетті жан-жануар - тағы хайуанаттар, себебі олар табиғат ырқымен өмір сүреді, ал табиғат - Құдайдың жаратқан жаратылысы. Міне, барлық сыр сол «табиғаттың ұлылығын мойындауға» (Т. Жұртбай) келіп тіреледі. Сонда көк түріктердің бұл тотемдік танымының өзі бітпес болжамдар баяны...

Жер - «Мәңгілік елдің» киелі кепілі. «Жер - отанның белгісі, елдің мәңгілік еншісі» (Т. Жұртбай), - деп намысын қайрап, алмасын білеп, Мөде тәңірқұты жауын жастандырды. «Менде ештеңе жоқ, тек жерім бар, елім бар», - деп, Тұмар патшайым да Кіреуге (Кирге) аттанған жоқ па? Кеше ғана Олжас Сүлейменов ақынымыз да Ата Заңымызға «Жер - ұлттың, халықтың игілігі» деп жазайық деп жар салған жоқ па? Алашордалықтардың да бес тұғырлы мақсатының басты ұйытқысы - Жер еді: Жер-Отан, Жер - экономика, Жер - қорғаныс, Жер - мәдениет, Жер - намыс. Ә. Бөкейханов: «Жер жекеменшікке берілді дегенше, қазақ та өз бостандығынан, тәуелсіздігінен айырылды деп есепте», - деген екен. Ал Асан Қайғының Жерұйықты іздеуі ше? Ал киелі кеңістікте ғұмыр кешкен Жиделі-Байсын ше? Ал соңғы жырау Жамбылдың Өтегені неге Жиделі Байсынды іздейді? Жаңа нәубеттің алдын алу мақсатындағы мәңгі қиял ма? Қазтуған Еділін Жерұйыққа теңесе, жыр алыбы Жамбыл Жерұйықты тапты, ол - Қазақстан. Сол сияқты Қасым да «Қойсын енді Қорқыт күйі сарнамай, Атам Абай арманына бер тыным, «Гүлжазира», «Жерұйықтан» кем бе екен, Сен тапппасаң, біздер таптық жер тыңын» деп тепсінеді өзінің кең торқалы Қазақстанын тоң кеудесіне түптеп. Мағжан айтқан, қара шаңырақтың иесі - қазақ, Жерұйықтың да иесі. Ежелгі дәуір әдебиетінің үлгісі саналатын «Ергенеқон» дастанындағы түрік тектестердің жұмақ жерді ақтабан болып шұбырып кезгені, шұбалып келіп қонғаны тарихи оқиғаның әдеби туындыдағы симметриясы болар.  Бұл да «Мәңгілік елдің» сейілмес рухының бір сағымы... Ұлттық рух осы жер танымында, жер ділінің табиғатында жатыр.

Түптеп келгенде, «жерді жеті рет жаңартқан» (Шәкәрім), «өрісін кеңейтіп, өресін биік байлаған» (А. Егеубай) көк тәңірлі көк түркілердің «Мәңгілік ел» идеологиясының иін-иірімінде - еркіндік, ерлік, елдік. Еркіндік ерлікпен өлшенсе, ерлікпен еншіленеді. Ал бірлікпен өріледі. Сол сірі сана сонау Тарғытай Афрасиябтан (Алып Ер Тұңға) Иданбарыс патша пен Тұмар патшайымға, одан Мөде тәңірқұтынан Елсау күнбиге, Еділ патшадан Күлтегін мен Білге қағанға, одан Тоныкөктен Майқы бабама, одан сахара бардтары мен Керей, Жәнібек бектерге, одан Абылай сынды ақиыққа, соңғы көкжал Кенесарыға дейінгі көктүрік қанынан ұйыған әрбір кіндіктіге беріліп,  желісі үзілмей бүгінгімен «сабақтасты»...

Түрік деген алып бәйтеректің бір бұтағын бұтарласаң, тағы бір бұтағы бүршігін атып, көктей кетеді, тағысын тағы... Түрік жұртының мәңгілігі сол - тұғырынан бірі тайса, бірі тарих төсіне тырмысады, ол бойкүйезденсе, екінші бір адуындысы аранын ашып айдай әлемді өзіне қаратады. Сонау сарбаз сақ, қарымы қатты ғұндар, үйсіндер, одан қалса, түріктер, қарлұқтар, оғыз-қыпшақ, керей-найман, одан қалса қазақ.... Тіпті, мұсылман топырағын басып, адал сарбаздары болған қыпшақ, селжұқ, қарахандар араб елін еркін билеп, төстеді емес пе? Селжұқтар «ислам сұлтандары» атанды. Бір сөзбен айтсақ: «Түріктер - Алланың әділет сарбаздары» (М. Қашқари).

Сонда түрік тектестердің туырлығының тайқымауы неде? Ең бірінші, түрік адамгершілік қоғамын, философиялық қоғамды, бүгінгі тілмен айтқанда, демократияны құра білді.  Түріктер өзіне береке-бірлік, ал дұшпанына бейбіт тілейді. Дұшпанын дос, досын тату ету, жұртты біріктіріп, еркін елдік құру. Міне, түріктің тәңірлік түйсігі. «Біріккен халықты от-су қылмадым», «бәрі бейбіт, бәрі тату» (Күлтегін). Тұрсын Жұртбаев: «Ол («Мәңгілік ел» нысанасы - С.Қ.) нәсілдік жікшілдікті оятпайды, бірақ атамекеннің азаттығын, ата-тегінің тазалығын, түрік ұлтының рухани және дәстүрлік, тілдік тәуелсіздігін басты қасиет ретінде ұстанады», - деп қарымталы тұжырым жасайды. Төрт дүниенің түкпір-түкпірінде сақтаулы тұрған 15-20 мың сына жазуының сарыны да осы - «Мәңгілік ел». Тіпті «Мәңгілік ел» танымының сана түбінде ұйығаны соншалық - Шыңғысханның атын шығарған «моңғол» этнониміне де негіз болған көрінеді (Х. Қожа-Ахмет зерттеуі бойынша, Шыңғысхан қаған сайланған құрылтайда ежелгі түрік империясын қайта құрған түркі тайпаларының шаттана қуануың себебі: «Моңғол» этнонимін емес, «Мәңгі ел» идеологиясының негізіндегі одақ бірлігін қабылдағаны, «Мәңгі ел» танымын жаңғырқанына қуануы еді).  Осыдан шығатын қорытынды: «Мәңгі ел» - мемлекеттік идеология...

Ал осы қазірде «ағылшындық-американдық әлемдік нұсқа» мен «арийлік үлгінің» ұстанған позициясы саналатын  «ғаламдастыру» идеясы да осы «Мәңгілік ел» үлгісімен тамырласып жатқандай. Бірақ олардың идеологиясы бөлек: жер бетіндегі адамзат тек бір ұлтқа бағынып, бір дін, бір діл ,бір тілмен өмір сүруі қажет. Ал «Мәңгілік елде» ондай идея жоқ. Тек «бәрі бейбіт», тең дәрежеде, құқықтық теңгеруде өмір сүру. «... Билік дегеніміз жай ғана әкімшілік-әлеуметтік қана ұғым емес, ол тамырын Тәңіріден тартатын киелі нысана» (Т. Жұртбай).

Хажиб Жүсіп Баласағұнның жәуанмәрттік ілімінің түп негізі де осы. «Қайтсем, түрк құтын сақтап қаламын», - деп, ой шыңырауына шомылып, тұма тұнығын сүзіп «ел-жұрттың қасиетін ұлықтап, қадірін арттыратын ұйытқы бектер», - деген байламға бекіп, «Бек деген тек! Бек деген білік!» - деп жар салды.  Дәл сол сияқты «Қаған - елдіктің белгісі» («Күлтегін», кіші жазу) деген сарын, біздің Ата Заңда: «Президент - мемлекеттің тәуелсіздігінің кепілі» (ІІІ бөлім 40 бап, 2 тармақ), - деп көрсетілген.

Біл, әділ заң - басшылықтың тұғыры,

Бегі әділ ме? Берік елдің жұлыны! - дейді Ж. Баласағұн. Әділ заң дегені - адамзатты жікке бөлмей, желісін үзбей біртекті билеу болар. Міне, түрік қоғамының артықшылығы да осында. Маған салса, түрік қоғамындағы бұл қағиданы - ең алғашқы демократия дер едім. Демократияны қазіргі Италия (Рим) емес, түрік халқы қалады дер едім. Асылында, Батыста құлдық қоғам асқақтап тұрғанда, прототүріктер, сақ-савраматтар әскери демократияны қалап қойған еді. Шығыста династиялық дүрілдеп тұрғанда, түріктерде гуманистік қоғам құрылымы құрылып жатты... Жә, бұл - тарих жауабындағы, жауапкершілігіндегі сыр...

Сол әділеттік ілімі А. Йассауидың софылық дүниетанымымен селбесіп Абайға жетті. Ал Абай мен Шәһкәрімнің ар ілімі осыдан бастау алғандай бүгінгі жетті.

Ал сол әділеттік ілімі бейбіт пен береке-бірліктің бұғанағын бекем ету үшін қызмет етпей ме? «Төрт бұрыштағы халықты көп алды, бәрін бейбіт етті» («Күлтегін»). Майқы бабам: «Түбі осы Алаш баласы бір шаңыраққа бірігейік. Сонда ғана мұратың орындалады» (Т. Зәкенұлы. Тарихи роман. Астана: Елорда, 2002. «Көк бөрілердің көз жасы»,184б. ), - деп асқақ арманын ақтарып еді. Сол бірлік Асан қайғыда «Еділ бол да, Жайық бол» деп жырланса, Ақтамберді де «Бірлікте бар қасиет» деп түйінделсе, Абайда «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос», - деп ғибратын тұжырымдайды. Мағжан «Қосылып батыр түрік балалары, Таптатпа, жолын кесіп, тізгінге орал» («Орал тауы» өлеңі) деп ширыға шамырқанады. Ал Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевың: «Қазақтың бүкіл тарихы - бірігу тарихы, тұтастану тарихы», - деген түйіні талай жайттан сыр тартады. Иә, қазақ қашанда манаурап жүргенімен, ел басына күн туғанда бір тудың тұғырына қонып, танабында топтаса білген еді... Ал ең бірінші, тәуелсіздік, одан кейін Түркстан федерациясын құруды мақсат тұтқан М. Шоқайдың: «Біз -түрікмендер, өзбектер, қазақтар, қырғыздар, башқұрттар, татарлар - бәріміз бір түркі отбасының мүшелеріміз, біртұтас мемлекет құруға, бір түркі ұлты болуға тырысуымыз керек...», - деген тілек-мұратында да сол біртұтас бірлік аңсары жатыр.

Бірақ, бірақ... Боз таңның түндігін түріп, қара түнек түнеріп, Мағжан «Күнбатысының» да кебін киер күн де келеді екен-ау.

«Табғаш халқының сөзі тәтті, ақығы асыл. [Олар] тәтті сөзі, асыл қазынасымен арбап, жырақтағы халықты өзіне соншама жақындатар еді. [Олардың] тәтті сөзі, асыл дүниесіне алданып түркі халқы өлдің» («Күлтегін»), - деген Йоллығ-тегіннің бұл үзіндісінде үлкен астар бұқпалап жатыр. Бұны Күлтегіннің тілімен айтсақ: «Түркі халқы ерлікке емес, естілікке зәру» (Қ. Салғарұлы). Иә, сол дәуірден бастау алған берекесіздік әр заманда әр қырынан көрініп, бүгінгі күнге де жетті. Осындай халықтық мінез көрсету қу қытайдың құрығына түскен ғұндар да, орыс отарына түсер алдына қазақта та қайталанды. Тіпті тарпаң көшпенділердің тізгінге құрық бермес бас асаулығы сонау сақ-скиф дәуірінен белгілі еді. Егер бұл сақтар біріге білгенде батыстағы, тіпті, Азиядағы ең алапат патшалық болар еді. Бірақ, берекесі сөгілді...

Ж. Баласағұн да «Опа құрып, жафа толды ғаламға» (А. Егеубай), - деп күңірене күрсінді емес пе? «Күлтегінде»: «Бектерінің, халықтарының ымырасыздығынан, табғаш халқының тепкісіне көнгендіктен, арбауына көнгендіктен, інілі-ағалының дауласқандығынан, бекті халықтың жауласқандығынан түркі халқы елдігін жойды», - дейді. Әр заманда сол үрдіс үдеп отырды...

«Мәңгілік ел» - мәңгілік аңсар, рухани аңсар ретінде «қиял патшалығында» ғана өмір сүріп, ең аяғы, санада ғана сәуледей жылт еткен көркем әлемге айналып тынды. Сол зар «опасыз дүние» (Алып Ер-Тұңғаны жоқтау) Қорқыттың қобызында күңіреніп, көрінде азынағандай. Кетбұғаның домбырасында боздап, қара домбыра шанағының шерменесіне айналғандай. Апыр-ау, сол заһип зар «зар заман» ақындарының да көкірегін кернеген жоқ па? Абайдың ақиқат алаңында да сайрап жатыр. Кешегі «Ер Түріктер» деп өткенді жүрек жөргегінде құндақтап, «Шарқ ұрып ерікке ұмтылған түрік жаны, Шынымен ауырды ма, бітіп халі?!», - деп, қабырғасы қайысқан Мағжанның да көкірек көрі емес пе еді? Сұлтанмахмұт та жұрттың азғындығын сынай келе: «Бұлардың түрік еді арғы заты, Жиһанды тітіреткен салтанаты, Бұл күнде азып-тозып күлкі болған, Бұлар да сол түріктің жұрағаты», - дейді келеке қылып.

«Елді халық едім, елім қазір қайда, кімге ел жұрт іздермін? Қағанды халық едім, қағаным қайда, қандай қағанға күш-қуатымды беремін!», - деген күңіреніс, арман Доспамбет жырауда «Күдеріден бау тағып, Кіреуке киер күн қайды, Толғамалы ақ балта, Толғап ұстар күн қайда, Кет-Бұғадай билерден Кеңес сұрар күн қайда», - деген сарынмен сүрленсе, Ақтамбердіде «Күдеріден бау тағып, Ақ кіреке киер ме екеміз,  Ел жазылып жайлауда, Жақсылар кеңес құрғанда Мұртымыз өрге шаншылып, Бұрын да сөйлер ме екеміз!», - деген өріммен өрілсе, "көшпелiлер өркениетiнiң осынау жарық дүниемен шырқырап қоштасқан соңғы үнi" (Ақселеу Сейдімбек) Махамбетте «Желп-желп еткен ала ту, Жиырып алар күн қайда?!», - деген жарлы үнмен жоқ болады... Кешегі исі «Алаштықтар»: «...Сонда бізді кім жұрт қылады? Онда біз жұрт болмаймыз! Жоғаламыз!» (М. Дулатұлы), - деп, шырылдаған шерлі үнінде де үзік ой жатқандай...

Иә, түрік деген асыл тектіліктің ұрпағы әр жерде тарыдай шашырап, құмдай сусып, тастай батты. Түрік тегі ғасыр сайын тұлға айналып, асыл қасиеттерін тәрк етіп, тұттай жалаңаштанды да қалды. Өрлігі өшті. Өрісі тарылды. Өресі келте болды...

Сүйінбай «Бөрілігі байрағында»:

Бөрілі байрақ астында,

Бөгеліп көрген жан емен.

Бөрідей жортып кеткенде,

Бөлініп қалған жан емен. - деген асқақ пафос, романтикалық рух жалындап тұр-ақ. Бірақ:

«Бөрілі байрақ құласа,

Күйремей кеткен жан емен», - дегендегі «бөрілі байрақ құлауы» Мағжан поэзиясында:

«Күш кеміді, айбынды ту құлады», - деген көркемдік ойға ұласады. Демек, «Бөрілі байрақ» - көкжал түріктің символы, ал оның сұлауы - түрік тектес өршіл рухтың жастануымен көркемдік-идеялық тұрғыда сипаттаймыз. «Бөрілі байрақ» жығылды - түрік ғұмыры үзілді...

Халық өз болмысын сақтап қалмаса, қалай ел болып, еңсе көтеріп, ертеңге ентелемек?! Қанында тулаған намыс, қайнаған қайрат, буырқанған қуат болмаса, елдікке деген еміреніс болмаса, қалай тәуелсіздік деген тұғырда қомданбақ?..

Қазақ та Азаттық пен Бірлікті идеал тұтты. Ал қазақ қазір сол «мәңгілік аңсарға» ауаны жайылып жеткенмен, аусары басып, аруағы қашып қорғай алмай жүр. Моңғолдар айтқан «асау мінезді» арындылығынан айырылып, орысың айтқан «қой момындылыққа» салынып, бойкүйезденіп барады. Кім кінәлі?

Сірә, сайсаттанушы Әзімбай Ғали: «Ұлттық мінез тарихтың соққылауына сәйкес өзгеріп отырады», - дегені дұрыс па деймін. Қайдам... Қазір қазекеңе қамшы бассаң да, ауызына шөп алмас момындылықтан танбайтын тәрізді.

Айтпақшы, кешегі Түркия президенті Тұғрыл Озал да елбасымыз Н. Ә. Назарбаевпен жеке кездесулерінде Кіші Азия мен Орталық Азия, Қазақстанды қосып біртұтас түрік бірлестігін (түркі әлемін біріктіріп Ұлы Түркия бірлестігін) құруға ниетті екенін емеурінмен жеткізген жоқ па? Елбасымыз Н. Назарбаев та түркі жұртын рухани тұтастыққа жетуге үндейтін Орта Азия одағын құру туралы идеясы да сол - Орхан бәдізіндегі «Мәңгі ел» танымының алакеуім сәулесі болар...

 

Қымбат Сіләмбеков

Әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дың 2-курс студенті

«Abai.kz»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443