Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2926 0 пікір 16 Қазан, 2012 сағат 06:50

Амангелді Кеңшілікұлы. ПАРАСАТ МАЙДАНЫ (жалғасы)

Редакциядан:

19-ншы қазан күні Астанада әйгілі жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдікұлының кеші өтеді.

 

Енді бұған не дейсіз?  Зұлымдықтың аузымен сөйлеген өтіріктің айтып отырғандары расында да шындық емес пе осы?   Қалай мойындамауға болады, оның мірдің оғындай дәлелдерін?  Бірақ оны мойындасақ күндердің-күнінде біздің бәріміз сол зұлымдықтың апанына түсіп, оның жемтігіне айналатынымыз да айдай ақиқат қой.  Міне осындай зұлматтан шошып, жер бетіндегі жауыздыққа қарсы парасат майданын бастап, жан азабына түскен ғаріп жан тозақтың отына күйгендей қиналып, жүрегінің алтын сарайының қоймасын ашып, зұлымдықтың келтірген дәлелдеріне қарсы жауап іздейді.

- Өмір күрес. Адамдар алдымен қара күшпен күресетін болды. Одан кейін неше түрлі қару-жарақ ойлап тауып, соғыс ашып, халықтарды жаппай қырғынға ұшыратты. Енді қатері одан кем емес ақыл-парасат майданы шықты. Егер бұл майданда ізгілік жеңіске жетпесе, адамзаттың рухани күйреу дәуірі басталады - дейді ол шарасыздықтан қамығып.

Редакциядан:

19-ншы қазан күні Астанада әйгілі жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдікұлының кеші өтеді.

 

Енді бұған не дейсіз?  Зұлымдықтың аузымен сөйлеген өтіріктің айтып отырғандары расында да шындық емес пе осы?   Қалай мойындамауға болады, оның мірдің оғындай дәлелдерін?  Бірақ оны мойындасақ күндердің-күнінде біздің бәріміз сол зұлымдықтың апанына түсіп, оның жемтігіне айналатынымыз да айдай ақиқат қой.  Міне осындай зұлматтан шошып, жер бетіндегі жауыздыққа қарсы парасат майданын бастап, жан азабына түскен ғаріп жан тозақтың отына күйгендей қиналып, жүрегінің алтын сарайының қоймасын ашып, зұлымдықтың келтірген дәлелдеріне қарсы жауап іздейді.

- Өмір күрес. Адамдар алдымен қара күшпен күресетін болды. Одан кейін неше түрлі қару-жарақ ойлап тауып, соғыс ашып, халықтарды жаппай қырғынға ұшыратты. Енді қатері одан кем емес ақыл-парасат майданы шықты. Егер бұл майданда ізгілік жеңіске жетпесе, адамзаттың рухани күйреу дәуірі басталады - дейді ол шарасыздықтан қамығып.

Мойындағымыз келмегенмен, сол рухани күйреу дәуірі басталып кеткен жоқ па, осы бізде?  Неге адамзат баласы дүниедегі әділеттілікті  әлемдегі бір-екі күшті мемлекеттің ұғымымен өлшеп, әлсіздердің ініне су құюмен келеді. Әлемде тек мықтылар ғана өмір сүріп, аяғынан тік тұра алмай жатқан сәби мемлекеттер жойылуы керек пе сонда, жер бетінен?  Мыңдаған мешіт салсақ  та, неге адамның бойындағы имандылық жоғалып барады, жылдан-жылға? Неге біздің ақындарымыз билікті мақтап жыр жазғандарын немесе аяғына жығылып, сөзін сөйлеп, сойылын соғып нәпақа тапқандарын соншалықты ұлы мәртебе санайды?   Гомер, Данте, Шекспир, Гете, Пушкин, Абай мен Жұмекендердің адамдық санасы көтерілген ұлы биікке шығуға талпынудың  орнына, неге ақыл-парасатымыздың көшін тоқтатып, рухымыз құлдырап, өлі жандарға айналып барамыз күннен-күнге? Рухани күйреуге ұшырағанымыз рас болмаса, халық үшін жазықсыз атылып кеткен Алаш қайраткерлерінің жанын беріп көксеген, өмірін қиып қорғаған ұлы мұраттары қайда қалды? Қайда?

«Парасат майданы» повестін оқып отырғаныңда осындай бір шамырқанған мазасыз ойдың тиегі босап, көңіл кеңістігіңнің бір түкпірінде үнсіз жылап қоя береді. Күресінге лақтырылған рухыңмен табысып, жүрегіңді езіп, жаныңды қинаған сұрақтардың жауабын тапқандай боласың.   - Рас өтірікпен күн көрген заман көп болды. Қазір де онымен күн көріп жүргендер аз емес шығар. Бірақ ол өтіріктің өз басының жақсылығынан емес, өтірікке негізделген қоғамның кінасынан ғой. Егер оның орнында шындыққа негізделген әділ қоғам болса, өтірік сол сәтте әшкере болып, сіз айтқандай, бізге кекірейіп, жоғарыдан қарап сөйлей алмас еді...

Шығарманы оқи бастағаннан-ақ суреткер Әбдікұлының талай кітаптың шаңын жұтып, өз ақиқатын дәлелдеу үшін айтысатын ізгілік пен зұлымдықтың қисындарын бақайшағына дейін зерттегенін аңғарасың. Зұлымдықты жақтаған бейтаныс кейіпкердің хатын оқып, келтірген дәлелдерімен таныса бастағаныңда, кейде тіпті, пенделік түйсігіңнің оның алдында жығыла жаздайтыны да рас. Біраз уақыт өткеннен кейін оған беретін ізгіліктің жауабын оқығаныңда, райыңнан қайтып, сол пенделік түйсігіңнің солқылдақтығынан үрейлене бастайсың.

«Парасат майданы» күтпеген жерден қайғылы аяқталады. Ауыр қасіретті арқалап, жан азабын кешкен  науқас, ақырында, ешқандай да бейтаныс хат жазушының жоқ екені, өзінің біресе ізгілік, енді бірде зұлымдық болып айтысып жүргені туралы ащы ақиқатқа көзі жетіп,  өзіне-өзі қол салып өледі.

Повесттің басты кейіпкері қаза тапты. Бірақ рух тазалығы үшін болған шайқас әлі жалғасып жатыр. Зұлымдық салтанат құрып, үстемдігін жүргізіп  тұрған заманда парасат майданындағы сол ұлы ұрыста қиналып, азапқа түсетін бір жұмбақ әлем бар. Ол  - адамның жаны. Жан  өлген күні - Ізгілік өледі. Өмір өледі. Біз өлеміз....

***

Өнерге үлкен дайындықпен келген Төлен Әбдікұлы «Оң қол» әңгімесін жиырмадан асқан шағында жазып,  әдебиет әлемін дүр сілкіндірді.  Ал, «Парасат майданы» секілді кемел туынды қаламгердің қаламынан алпысқа жақындап қалған шағында туды. Уақыт таразысымен өлшесек,  көңіліңе алуан-алуан ой тағалайтын екі шығарманың өмірге келуінің арасын отыз жылдан астам уақыт бөліп тұр. Әрине, осы жылдардың ішінде Төкеңнің шығармашылық шабыты талай мәрте  жемісін беріп, әдебиетіміздің баға жетпес байлығы болып қалатын талай-талай туындылар өмірге келді. Бірақ сол дүниелердің барлығы да, осы екі аралықты жалғап тұрған жазушы шығармашылығының алтын көпірі, «Парасат майданы» повестін туғызуға себепкер болған тізбекті туындылардай болып көрінеді маған. .

Әдебиеттің табалдырығын аттауға мүмкіндік берген «Оң қол» әңгімесі  Төлен Әбдікұлының өнердегі ұстанымының беташарын жасап берген  алғашқы туындысы болды. Ал, көркем туындыдан гөрі жазушының жан азабына көбірек ұқсайтын «Парасат майданы» повестінен өнердегі ұлы мақсатын зұлымдықпен күресуге арнаған шығарма  авторының, сол парасат майданын қорытындылаған ойының түйінін танығандай боламыз.  Дегенмен «Тозақ оттары жымыңдайды»,  «Әке», «Ақиқат», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», «Қайырсыз жұма», «Өліара» секілді, осы екі шығарманың өмірге келуінің аралығында туған талай тамаша туындылардың көркемдік табиғатын таразыламайынша, Төкеңнің тамыры тереңге жайылған суреткерлік шеберлігін де толық тани алмайтынымыз басы ашық әңгіме.

Зады, өнердегі үлкен суреткерлердің барлығының да шығармашылық табиғатының күретамыры болып табылатын, індетіп өтетін өмірлік тақырыбы болады. Шекспирдің ақындық жанары пенделік болмыстағы екіжүзділікке қатты қадалды. Бальзак ақша құдіретінің күйретуші күшке айналып, адамдық  табиғатымыздың тұнығын қалай лайлайтынын жырлады. Толстой пенде баласының болмысындағы жалғандыққа қарсы соғыс ашып, өмір-бойы сонымен күресіп өтті. Чехов адамның бүкіл үмітін қиратып, ауызға алуға да тұрмайтын өлі жандардан мәңгі өлмейтін шығармашылық жасады. Жазушының жаны жыртысқа түсетін парасат майданында жүрген қатыгез талант Төлен Әбдікұлы болса, жылы сәуледен гөрі, қайғының бораны қаттырақ соғатын шығармалары арқылы, түптің түбінде адамзатты көрге тығатын зұлымдықпен өмір бойы айқасып келеді.

Байқадыңыз ба, суреткерлік табиғаты Чеховқа қатты ұқсайтын Төленнің шығармашылығында шамадан тыс қатыгездік та бар. Егер Толстой мен Достоевскийдің өнерлері Маслова мен Раскольников сияқты, өмір сүруге еш үміті қалмаған адамдардың жанын түнектен суырып алып тірілтіп жіберсе, Чехов пен Әбдікұлының шығармаларында ізгілік үшін күресуге тиіс  ғажайып сәуленің өзі сөніп, адамның ең соңғы үміті талқандалып, зұлымдықтың өртінде жанып жатады.  «Тозақ оттары жымыңдайды» повестінде жазушы Әбдікұлының өнердегі қатыгездігі Чеховтан да асып түсіп, зұлымдықтың қатал табиғатын көрсету үшін ол, тіпті, тұтас бір тайпаның жанын құрбандыққа шалып жіберуден тайынбайды.

Хикаяда шаңырағы қиратылып, ортасына түскен араку тайпасының қалай зұлымдықпен жойылатыны баяндалғанымен, «Тозақ оттары жымыңдайды» повестін оқыған біздің бәріміз де ол шығармадан, қан жұтып, қасірет шегіп, зұлымдықтың отында жанып бара жатқан ұлтымыздың жаны мен аянышты тағдырын  көргендей әсер алған болатынбыз.

Асылы, жазушы Әбдікұлы, өнердің тіл, форма, стиль т.с.с формальдық жағына ғана назар аудармай,  Алланың талантқа аманат етіп арқалатып қойған  ұлы мақсатын әлимсақтан  дұрыс түсінгенгендіктен, қасаң қағида мен ғұмыры шектеулі идеологияның шылауына шырмалып кетпеген суреткер. Шерімізді тарқатып, қайғымызды жеңілдетіп, адамдық сүрлеуден адасып   кетпеуді үйрететін оның ғажайып  дастандарының барлығында да, пенделік мұратқа бағынбайтын, имандылық күнінің әсем шуағындай жарқыраған  ізгілікті идея  мен толғақты ой жатады.

Төлен шығармашылығынан жалған идеологияның тіршілігіне құндақталып,  уақытша ғана қажеттіліктің қазанын қайнатып, пенделік мұратқа ғана қызмет етіп жатқан бірде-бір туындыны таба алмайсың.  Оның қаламынан туған әңгіме, повесть, романдарының ішкі табиғатында, қоғамның зұлымдығы туғызған  әділетсіздікке қарсы шығып, ар-ұяттың сөзін биіктен сөйлеген  азаматтық үн мен өмірдің жабайы шындығына бағынғысы келмей бүлік бастайтын, ой мұңын емген адамдық парасат жатады.  Жазушы Әбдікұлы заман сұранысы туғызған сайқал шындықты емес, зұлымдық салтанат құрған замандағы, өмір топырағының астында көміліп қалған Құдайлық шындықты іздейтін суреткер. Суреткердің жанын шүберекке түйіп, сондай ұлы шындықты іздеген шығармаларының бірі  - «Тозақ оттары жымыңдайды» повесті.

Егер  «Оң қол» әңгімесінде Алманың санасына батпандап кірген  зұлымдық, байғұс қызды қылқындырып өлтірген болса, «Тозақ оттары жымыңдайды» повестінде енді сол тажалдың тұтас бір халыққа қалай ауыз салып, аяусыз жаныштап, қанға тұншықтырғанының куәгері боламыз.

Шығарманың басты кейіпкері Эдуард Бейкер мырза өркениет әлемінде төңкеріс жасаған - ұлы ғалым. Ол жасаған операциялардың сәтсіз аяқталғаны жоқ. Топырақтан адам жаратпағаны болмаса, қалғанының  бәрі оның қолынан келеді. Бейкер мырза - моргта жатқан адамның өзін тірілтіп алған, медицинадағы феномен.  Өмір сүруге еш үміті қалмаған науқастарды да аяғынан тік тұрғызып жіберген - нағыз сиқыршы.

Бір жағынан шыққан тегі мен бауырына басып әлдилеген топырағын ұмытып, даңқтың дәл осындай биік тұғырына көтерілген профессорды кіналауға да болмайтын шығар.  Өркениет әлеміне ол өз еркімен келген жоқ қой, мүлде бейтаныс өмірге оны жаңқа құрлы көрмеген зұлым тағдырдың дауылы ұшырып әкелді.  Әйтпесе, өркениетке қызмет етпек түгіл, ол өзінің ішкі арманында, оның быт -шытын шығарып қиратып, күлін көкке ұшырғысы келіп жүрген адам емес пе?  Оралмайтын күндер үшін! Даңқты жылдар үшін!

О, Тәңірім-ау! Егер қарғыс атқыр өркениет болмағанда, Кияку-Бейкердің тағдырының бораны мүлде басқа жаққа қарай соғып, өмір-жайлауы  мүлде басқаша жайқалушы еді-ау! Ол ата-бабаларынан қалған батырлықтың сарқытын ішіп,  қанды  жорықтарға аттанып, жұртты тамсандырып, қалаған қалыңдығын таңдап, үйленіп, бақуатты, барақат тірлік кешер еді.  Ол берген сертіне адал болып, әкесі Чородан үйренген киелі шөптен жасайтын дәрісін, араку жұртын емдеу үшін ғана қолданар еді. Араку тайпасының сегіз бақсысының бірі болып мойындалған ол, керек болса тіпті,  өзінің сертінде тұрып, бауырлары үшін жанын пида етіп, нағыз оғыландай  ерлікпен қаза табар еді. Ол...

Бірақ бәрі де оның армандағанынан басқаша болды. Қайғы жамылып, қасірет жастанып, тағдырдың жартасына соғылған Кияку-Бейкердің балалық арманының күлі көкке ұшты. Басына аспан құлағандай қайғыны көтере алмаған ол, кіндігін кескен халқының тағдырынан ажырап, жылдар өте асқақ армандарының қайда қалғанын ұмытып,  өркениеттің адамына айналды.  Ғылымға құлай беріліп, тынымсыз ізденіс пен адал еңбегінің арқасында  адам баласының ақылы сенбейтін игілікке жетті.  Бойындағы ерекше дарыны оны  әлемдегі ең танымал адамға айналдырды. Оқиға күтпеген жерден күрт өзгермегенде, Бейкер мырза ештеңені де есіне алмай, өмірі қалыпты арнасымен аға беруі әбден ықтимал-тұғын.

Бейкер мырзадан италияндық Ливино Паллатели есімді журналисттің сұхбат алуға келіп, екеуінің арасында болған әңгіме,  оқиғаны мүлде басқа арнаға бұрып жібереді. Енді сіз, адамзат баласын Құдайдай табындырған құдірет иесінің емес, өткен өмірінің елесінен құтылу үшін, ұзақ жылдар бойы өзін-өзі алдаудан қажыған бейбақтың, қабырғасын қайыстырған жан азабымен танысып, оған деген бір аяушылық сезім бойыңды билеп ала жөнеледі. Журналистпен әңгімелескеннен соң, профессордың ішінде бір алапат құйын көтеріліп, сезімдері өрмектің құрындай шайқалып қоя береді. Балалық шақтың белесінде қалып қойған өмірдің кермек дәмі есіне түсіп, сағыныштың саусақтары жан жарасының аузын  тырнап жібереді.  Сол уақытта ол өзінің ешқандай да ғұлама ғалым емес, араку тайпасының өкілі Кияку екенін  есіне түсіріп, шын мәнісіндегі бақытты өмірінің терезесінен ойша  сығалап, жанын қоярға жер таппай қиналады. Оқырманды еліктіріп әкететін негізгі оқиға осыдан соң басталады.

Повесттегі негізгі оқиға басталмай тұрып,  әуелі біз, бағзы замандардағы қазақтың нағыз батырларындай жүрегі жомарт, ештеңеден қорықпайтын, рухы асқақ баһадүрлердің ерлігін тамашалағандай боламыз. Олардың барлығы шетінен - жаужүрек жігіттер,  хас сұлуға үйлену үшін, жан шыдамайтын ауыр сынақтан өтіп,  өмірін өлімге тігуден де қорықпайтын - жанкештілер. Индеецтерді  аяусыз қыратын зұлымдық басталғанға дейін, сіз тек, мұражай аралап, ондағы жәдігерлерді тамашалауға келген көрермендей, шығармада суреттелетін аракулықтардың өмірін қызықтап, салт-дәстүрімен танысып, жігіттерінің намысшылдығына, ержүректігіне  сүйсініп, бәрін тек  алыстан бақылап қана жүресіз.

Міне, сүйген қызына деген шексіз махаббатын дәлелдеу үшін, ішінде үлкендігі бармақтай улы құмырсқалары бар қолғапты киіп, аппақ тістерін ақситып,  сізге қарап, күліп тұрған - Канато батыр. Ол он  жасында аңға шықты. Бес ягуарды өлтірді. Қанталаған көздері шоқтай жанып, тиқандармен соғыста жауырынына қадалған садақ оғын жұлып алып, атқан адамды жекпе-жекке шақырған - нағыз жігітіңіз, осы Канато.  Мұндай оғылан құмырсқаларға қолын талатқанға селт ете қоюшы ма еді, тәйірі. (Шығарманы оқи бастағаныңда ондағы сипатталатын осындай көріністер «алғаным ару болмаса, алдыма алып сүймен-ді!» (Шалкиіз) деп, дүниедегі сұлулықтың өзіне асқақ қарап, батырлықтан басқаны бақыт санамаған қаймағы бұзылмаған қазақтың бағзы замандағы өмір сүру салтын  көз алдыңа елестетеді).

Көктегі ұлы Тәңір мен ата-бабалардың аруағы қолдаған,  арманы әппақ, жүрегі шыныдай таза, әділеттілік пен батырлықты ғана мұрат еткен ұлы тайпаға қандай нәубат келуі мүмкін?  Кім олардың аруағын қорлап, рухын таптай алады? Кім? Олардың тізесін бүктіруге кімнің шамасы жетеді? Өкінішке қарай, ондай қара күш бар екен. Оның аты -  өркениет. Бұл шығармада да ең негізгі қылмыскер көзге көрінбегеніменен, біз оның кім екенін түйсікпен сеземіз. Ол өркениетті ойлап тауып, зұлымдығын заңдастырып алған - қоғамның  санасы.

Өркениеттің зұлымдығы араку тайпасын қызыл қанға бояды, ержүрек батырларының рухын сындырды,  қыздарын күңге, ұлдарын құлға айналдырып, індет таратып, ақыр соңында оларды жер бетінен жойып жіберді. Адамзаттық мүддені жалаулатып, айуандықпен істелген осы зұлымдықтардың барлығы да, шын мәнісінде жер бетіндегі бес-алты халықтың  пайдасын ғана көздегендіктен жасалған жауыздықтар болатын.

Шығарманың соңында Бейкер мырза Бразилияға аттанып,  өзін даңқтың аспанына шығарған өркениеттің, тайпаластарының  жерін тартып алып, қалай көзін құртып жіберген зұлымдығын көзімен көреді. Ең ақыры  оның, араку тайпасынан қалған соңғы индеецті құтқаруға да шамасы келмей, шарасыздықтан зар қақсап қалады.  Ақырында ол араку тайпасының ең соңғы адамы өзі екенін де ұмытып, тіпті, өзін адам қатарынан да шығарып тастайды.

Оқиғаның қайғылы аяқталып, зұлымдықтың тағы да жеңіске жеткені үшін, оқырманның жазушы Әбдікұлымен келіспеуіне, тіпті, өкпелеуіне толық қақысы бар.  Дегенмен, зұлымдықтан сақтандыру үшін, оның адамзатты жарасы мәңгі жазылмайтын қасіретке душар ете алатынын жеріне жеткізіп айта алмаса, оқырманның көңілін қимай, ығына жығыла кетсе, суреткер Әбдікұлы өзінің жазушылық парызын адал атқарып шықпаған болар еді.

Әрине, адамдық ақыл-таразымен өлшесек - оқырмандікі дұрыс. Пенде баласының сағын сындырмай, алдағы күндерге құлшындыру үшін, үнемі оның рухын көтеріп, шабыттандырып отыратын идея керек.  Алайда, Құдайлық мизан-таразыға салып өлшесек, жазушы Әбдікұлынікі дұрыс болып шығады.  Себебі, мойнына үлкен жауапкершілік жүктеп, халықтың мұңын жырлай отырып, Құдайлық шындықты айтпауға суреткер Әбдікұлының еш қақысы жоқ. Ал, Құдайлық шындықты әңгімелейтін  болсақ, қоғамда ылғи да зұлымдықтың жеңіп, салтанат құрып келе жатқаны өтірік пе екен?

Қаламның құдіретіне жүгініп, жазушының Құдайлық шындықты іздеген сондай шығармаларының бірі «Тозақ оттары жымыңдайды» повесті, замандасым, ақын Есей Жеңісұлының дәл байқағанындай барлық уақытта да маңыздылығын жоймайтын шығарма болып қала береді.  Және  қазақты ұзақ уақыт үнсіз қалған рухымен сырластырғаны, жүрегіндегі шемен болып қатып қалған зарын қозғағаны үшін ғана повесттің маңыздылығы арта түспек емес.  Адамзаттық ақыл-ойды тұншықтыруға жанталасып жатқан жабайы өркениеттің зұлымдығы қайтадан үстемдік ете бастаған, алып империялардың  жақсы өмір сүруі үшін, тұтас бір халықтарды жер бетінен жойып жіберудің амалдары жасалып, санамыз қайтадан қылмыскерге айнала бастаған шақта, мұндай шығармалар еш уақытта да маңыздылығын жоймайды. Қайта олардың маңыздылығы бұрынғыдан бетер арта түседі. Езілген ұлттарға деген аяушылық сезімді оятып, адам баласының санасын сілкіндіріп, жабайы өркениеттің зұлымдығына қарсы жұмылдыру үшін «Тозақ оттары жымыңдайды» секілді, өз ұлтының жүрегін жұбата отырып, адамзатқа ортақ қайғыны жырлаған шығармалар мәңгі жасауға тиіс.  Өркениеттің ойлап тапқан машинасы өзімізге қарсы шығып, Қабылдың пышағындай біздің халқымызды  жайратып тастамауы үшін, мұндай туындыларды әлемнің барлық тіліне аударып, адамзаттық  ақыл-ойдың ортақ игілігіне айналдырған абзал.

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5441