Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Күбіртке 5977 15 пікір 1 Сәуір, 2022 сағат 10:44

Қазақстандағы ұлт саясатының моделі қандай болуы керек?

Гуманитарлық ғылымның ресми айналымдарында этнос, ұлт (нация), ұлттық (национальность), және халық деген ұғымдар мен терминдер бар.

Кеңестік ғылымда осы аталған терминдер халықаралық ғылыми қауымдастықпен мойындалған ұстанымнан бөлек қолданылды. Кеңестік ғылымда этнос пен ұлт (нация) ұғымдарының ара-жігі ажыратылмай синоним сөздер іспетті қолданылып, ғылыми қойыртпақ жасалды. «Ұлт» (нация) термині аясында халықтың этностық белгілеріне мән беріліп, ұлт дегеніміз – қазақ, қырғыз, өзбек, орыс, укарин, эстон және т.б. деп түсіндірілді. Негізінде бұл ұлт деген ұғымға қатыстылығы бар этнос ұғымын ашатын түсіндірме. Ал ұлттық (национальность) ұғымы азаматтардың этникалық қауымдастыққа қатыстылығымен түсіндірілді. Бұл ұстаным посткеңестік кеңістіктегі көптеген елдерде күнібүгінге дейін қолданылып келеді. Осындай қойыртпақтың нәтижесінде ұлт мәселесіне қатысты солақай саясатты ұстануға жол берілді.

Осы аталған терминдердің ара-жігін ажыратып дұрыс түсіну, халықаралық ғылыми қауымдастықпен мойындалған ұстанымда айтылғандай орынды қолдану бізге ұлт мәселесіндегі әлемдік тәжірибеге сай саясат моделін құруға мүміндік береді.

Алдымен этнос терминінің аңықтамасын талдасақ. Этимологиялық тұрғыдан алғанда -«этнос» грек сөзі, халық деген мағынаны береді. Ғылыми айналымға алғашқылардың бірі болып орыс этнограф ғалымы - С. М. Широкогоров енгізген.

С.М. Широкогоров және Макс Вебер берген аңықтамаға сәйкес этнос термині шығу тегі бір, ортақ салт-дәстүрлері бар, бірде тілде сөйлейтін адамдар тобы. Этнос белгілі бір аумақта ұзақ тарихи уақыт бойында табиғи қалыптасатын, іштен бөлінбейтін базалық әлеуметтік бірлік. Ұзақ уақыт бойы өзгеріске ұшырамаған, өз ана тілі мен мәдениетін сақтаған, статикалық, дәстүрлі-консервативтік бірлікті – «этнос» деп атаймыз. Сондықтан да этнос мәдениетінің ішіне кіріп оны бөлшектеу, этносты ыдыратуға бағытталған әрекет болып есептелінеді. Мәселен, этностың ана тілінен айыру, ол этностың жойылып, өзінен үстем этностың ассемиляциясына ұшырауына әкеп соғады.

«Халық» деген термин, бұл да базалық этноәлеуметтік ұғым болып табылады. Тарихи үдерістер барысында этностар өзге этностармен өзара қарым-қатынасқа түсіп, өзінің статикалық күйінен ажырай бастайды, бірте-бірте бұл этностар бірігіп, бір халықты құрайды. Халықтың қалыптасуының басқа да жолы бар. Ол халық ретінде қалыптасқан белсенді құрылымның өзінің маңайындағы этностарды әскери күш қолданумен өзіне қосуы. Осындай әрекеттердің негізінде ұсақ этностар үстем халықтың құрамына жұтылып кетеді. Халық болып қалыптасқан құрылымның ішкі жіктелуіде жоғары деңгейде болады. Осындай бірнеше этностардан халық ретінде құралған құрылымдар өз мемлекеттіктерін құрып, әлемдік өркениетті қалыптастыруға қатысады. Бірнеше тіпті ондаған этностардан құралып мемлекеттік түзген елдердің мысалы ретінде Швейцария, Пакистан, АҚШ сияқты елдерді айта аламыз.

Алайда тарихта бір текті этностан тұратын халыққа айналып, кейін мемлекеттік деңгейіне дейін өскен этноұлттық мемлекеттер бар. Мысалы, мемлекеттік саяси басқару формасы ретінде хандық билік жойылғанға дейінгі – Қазақ хандығы.

Ал енді ұлт (нация) терминіне келетін болсақ, «natio» деген латын сөзінен алынған.  Этимологиясы тайпа, халық, адамдар бұқарасы деген ұғымды береді. Ұлт (нация) сөзі қарапайым ғана тайпа, халық, адамдар бұқарасы деген ұғымнан саяси қауымдастық деген мағынаны білдіретін ұғымға дейін ұзақ тарихи кезең уақыт аралығында өзгеріп трансформацияға ұшырады. Бүгіндегі әлемдік ғылыми қауымдастық мойындаған және қолданатын ұғымы XVIII ғасырда қалыптасты.

Сонымен ұлт (нация) дегеніміз бір мемлекеттің аумағында өмір сүріп жатқан жеке адам-индивидтердің саяси қауымдастығы болып табылатын қоғамдық бірлік. Ұлт (нация) қалыптасуы барысында сол ұлтты құрайтын этностар мен халықтардың арасындағы мәдени айырмашылықтар көмескіленіп, ұлтты айқындаушы критерийлердің қатарында алға шықпайды. Бұл, «қайнап тұрған үлкен қазан» іспетті бір мемлекет шегінде жасанды жолмен құрылған, этникалық кімдіктің (идентичность) дәстүрлі формаларын көмескілендіретін мемлекеттік саяси құрылым. Ұлт қалыптасуы кезінде көп жағдайда этникалық топтар арасында тілдік айырмашылықтар жойылып, мемлекеттегі жан саны басым этностың тілі сол мелекеттегі барлық этностар қолданатын мемлекеттік тіл ретінде танылады. Қорыта айтқанда ұлт (нация) термині адамдардың белгілі бір мемлекетке қатысты азаматтығын айқындайтын шама.

Ұлттық (национальность) терминің ғылыми айналымға австриялық марксист, саяси қайраткер О. Бауэр енгізді. Ол бұл терминді ұлт (нация) деңгейіне өткен халық деп түсіндірді. Ұлттық (национальность) терминінің бүгіндегі түсінігі азаматтық белгісі бойынша белгілі бір ұлтқа (нация) қатыстылығын айқындайтын ұғымды білдіреді. Жоғарыда атап өткеніміздей кеңестік ғылым ұлттық (национальсность) терминің этнос терминіне синоним ретінде қолданды. Бұл әлемдік ғылыми қауымдастық қабылдаған аңықтамаға сәйкес келмейді. Себебі, мемлекет құрамына кірген этносты ұлттық (национальность) деп атау, заңдық-құқықтық тұрғыдан оларды сепартизмге шақырумен бірдей.

Сонымен қорыта айтатын болсақ ұлт адамның (нация) мемлекетке қатыстылығын айқындайтын болса, ал ұлттық (национальность) азаматтықты айқындайды. Мысалы, Қайрат пен Владимир дос. Олар Қазақстанның Алматы шаһарында туып-өскен. Қазір сол шаһарда тұрады. Қайрат пен Владимирдің ұлты – қазақ, Қазақстан мемлекетінің азаматтары. Этникалық белгілеріне қарай Қайраттың этносы – қазақ, Владимирдің этносы – орыс.

Әлемдік ғылыми қауымдастық қабылдаған «ұлт» термині түсінігін ашатын тағы бір жарқын мысал – бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы деп аталатын халықаралық ұйым. Бұл ұйымға мүшелікке этностық белгілеріне қарай емес, саяси құрылымына қарай – мемлекеттер болып қабылданады. Мәселен, 180-нен аса этностардың басын біріктірген Ресей Федерациясының әр этносы бұл ұйымға жеке-жеке этностар ретінде мүшелікке тұрмайды, біртұтас Ресей Федерациясы мемлекеті болып мүшелікке қабылданды.

Ұлттардың (нация) пайда болуы туралы көптеген теориялар бар. Әлемдік ғылыми қауымдастық олардың арасынан екеуіне ерекше назар аударады. Олар, саяси ұлтты (политическая нация) негіздейтін конструктивтік теория, екіншісі этно ұлтты (этнонация) негіздейтін примордиалистік теория.

Қысқаша тоқталатын болсақ, конструктивтік теория ұлтты (нация) мақсатты түрде конструкция тәрізді құрастырылған, қолдан жасалған құрылым ретінде сипаттайды, яғни жоғарыда айтып өткен жеке адам-индивиттердің этностық белгілерінен тыс бір мемлекеттің аумағында саяси қауымдастыққа бірігуі.

Ал, примордиалистік теория ұлтты (нация) бір текті этностан тұратын, табиғи жолымен мемлекеттік құрылым деңгейіне дейін өскен адамдардың этно ұлттық қауымдастығы деп түсіндіреді.

Біздің елге тоқталатын болсақ, Қазақ ұлтың сипаттауға осы екі терияны да қолдана аламыз. Жоғарыда көрсеткеніміздей, Қазақ ұлты осы қазіргі өзі өмір сүріп жатқан аумақта этнос ретінде қалыптасып, бір текті этностан тұратын мемлекеттік құрылым деңгейіне дейін жетіліп, этно ұлттық мемлекет ретінде Қазақ хандығы мемлекеттік саяси құрылымы ыдырағанға дейін өмір сүрді.

Қазақ елі отаршыл патшалық Ресейдің бодауына түсіп, қазақ жеріне славян текті және басқа этностардың көптеп қоңыстандыру кезеңінен бастап констурктивтік теорияда айталатын саяси ұлтқа (политическая нация) айналды.

Бүгінгі таңда ұлттың (нация) екі түрі бар: біріншісі – полиэтникалық ұлт (полиэтническая нация), екіншісі – моноэтникалық ұлт (моноэтническая нация).

Осылардың ішінде моноэтинкалық ұлт өте аз, тек әлемнің қиыр шетінде орналасқан елдерде кездеседі. Мысалы, Исландия елі.

Ал, әлемнің басым көпшілігі – полиэтникалық ұлттар. Мұндай ұлттар әртүрлі тарихи кезеңдегі әлем халықтарының түрлі саяси оқиғалардың әсерімен мидай араласу нәтижесінде қалыптасты. Мұның жарқын мысалы – политникалық Қазақ ұлты.

Жоғарыда көрсетілген аңықтамалардың негізінде, сондай-ақ әлемдік ғылыми қауымдастық мойындаған ұстанымға сүйене отырып, біз Қазақстан полиэтникалық ұлттық мемлекет деп толық айта аламыз. Бұл мемлекеттің негізін этноұлттық саяси мемлекеттік құрылым ретінде орта ғасырларда – Қазақ ұлтын қалыптастырды. Кейіннен тарихи уақыттардың өтуімен түрлі саяси оқиғалардың ағымымен этноұлттық саяси мемлекеттік құрылымның аумағына өзгеде көптеген этностар келіп қоныстанып, полиэтникалық саяси мемлекеттік құрылымға айналды. Бүгінде осы полиэтникалық саяси құрылымдағы 60%-дан астам басым этнос – бұл Қазақ ұлты. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақстан полиэтникалық ұлттық мемлекетінің азаматтарының ұлты – қазақ, этникалық белгілеріне қарай 120-дан астам этнос өкілдерін құрайды. Қазақ ұлтынан басқа этностардың барлығы Қазақ ұлтының ұлттық кімдігі (идентичность) қалыптасқан кезенге дейін этнодиаспоралар болып табылады.

Осы айтылған тезистерге сүйене отырып біз бүгінгі күннің талабына сай келе бермейтін, ескі кеңестік сүрлеумен келе жатқан ұлт мәселесіндегі мемлекеттік саясатты әлемдік тәжірибеде сыннан өткен, әлемдік ғылыми қауымдастық мойындаған ұстанымға қарай бұрып бейімдеуіміз керек деп есептейміз.

Ол – азаматтық қатыстылығына қарай әр жеке индивидтің саяси қауымдастыққа бірігу арқылы ұлттық мемлекетте өмір сүруі. Әр жеке индивидтің азаматтығы оның ұлттығын (национальность) айқындайды, яғни еліміздегі әрбір азаматтың ұлты – Қазақ болып танылу. Бұл ұлт мәселесіндегі саясаттың негізі, басты бағыты болып таңылмақ.

Ал енді осы саясаттың өміршендігін, мызғымастығын қамтамасыз ету келесідей үш тұғырға байланысты.

Бірінші, ұлттық мемлекетті баянды қылу: нәсілдік және этностық теңдікті мүлтіксіз сақтай отырып, қазақ ұлтының топастырушы рөлін арқау етіп, қазақ тілінің ұлтты ұйыстырушы фактор ретінде тану. Қазақстандағы барлық этностардың ана тілдері мен мәдениетінің табиғи дамуына жағдай жасау. Қазақстан халқының этностық белгісіне қарай дискриминацияға ұшырауына жол бермеу. Тіл саясатында мемлекеттік тілдің тұғырын бекемдеуде білім реформаларын жүргізу.

Бұл тұғырдың берік болуы үшін ешқандайда «Қазақстан халқы Ассамблеясы» сияқты конституциялық мәртебе берілген, мемлекеттік институттан жоғары тұратын орган қажет емес.

Қазақстан мемлекет ретінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы» сияқты ұйымға зәру еместігінің басты екі негізгі бар. Олар:

- Құқықтық алаңдағы негізсіздігі. Ассамблея сөзінің этимологиясы француз тілінен алғанда белгілі бір ұйымның жоғары органы дегенді білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда «Қазақстан халқы Ассамблеясы» мемлекеттіктен жоғары тұрған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы тәрізді орган дегенді білдіреді. Қазақстан бір ортақ мақсат төнірегінде көптеген ұлттардың біріккен ұйымы емес, Қазақстан полиэтникалық тәуелсіз ұлттық мемлекет. Сондай-ақ, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» әлемнің кейбір елдеріндегідей парламенті болып табылатын, «Ұлттық Ассамблея» деп аталатын жоғары заң шығарушы органда емес.

Осы ретте, этностық белгілерге қарай құрылған «Қазақстан халқы Ассамблеясын» құқықтық негізді деп тану сепартизмге жол ашумен бірдей болып есептелінеді. Себебі, қазақ жеріндегі әрбір этнос Қазақ ұлтын құрушы өкіл ретінде сезінбейінше, Қазақстан деп аталын ортақ үйде өздерін бөтен, белгілі бір артықшылықтар берілген асыранды жетім баладай сезінеді. Ал, коституциялық мәртебе берілген «Қазақстан халқы Ассамблеясы» сияқты ұйым, болашақта «бөтенсіну», «жетім баланың күйін кешекендей» ахуалға сепаратистік көніл-күй сыйлап, құқытық негіз беруі мүмкін.

Осыған орай, Қазақстан деп аталатын мемлекеттегі барлық этностардың тілін (мемлекеттік тілден басқа) мәдениетін, салт-дәстүрін дамыту «Қазақстан халқы Ассамблеясы» сияқты ұйымдар арқылы мемлекеттің қандайда бір қолдауынсыз табиғи жолмен дамуы тиіс.

- «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ұйымының 9 өкілі жалпыұлттық сайлаусыз Қазақстанның ең жоғарғы органы – Парламент Мәжілісіне өтуі, Қазақстанның унитарлы деп танылған ұлттық-мемлекеттік құрлысына нұсқан келтіреді әрі азаматтардың теңдігі қағиадасына сай келмейді.

Құқықтық тұрғыдан алғанда «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ұйымының атынан өз ішіндегі сайлау арқылы Парламент Мәжілісіне өткен депутаттар, федерациялық басқару нысаныңдағы мемлекеттің федерациялық субъектісінің атынан жоғары заң шығарушы органға өткен өкілдері тәрізді көрінеді. Сондықтанда мемлекеттік құрлысы унитарлы деп танылған елде мұндайға жол беру құқықтық дұрыс емес.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» ұйымының сайтында: «Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді» делінген. Осылай болса, онда Ассамблея өз өкілдерін жалпыұлттық сайлау арқылы Парламент Мәжілісіне өткізбейді? Сонда Ассамблея Сессиясының мүшелерінің сайлау құқығы Қазақстанның өзге азаматтарының сайлау құқығынан жоғары ма?

Сондай-ақ, Ассамлея мүшелері Парламенті Мәжіліс сайлауында екі рет дауыс беріп сайлау құқығына ие:

Біріншісі, жалыпұлттық сайлауға қатардағы Қазақстанның азаматы ретінде қатысып дауыс береді;

Екіншісі, Ассамлея ішіндегі сайлауға қатысып дауыс береді.

Бұл Қазақстан азаматтарының құқықтық теңсіздігіні жарқын көрінісі.

Тіл саясатында мемлекеттік тілдің тұғырын бекемдеу келесідей білім реформасын жүргізу арқылы көрініс табады:

- Мектепке дейінгі барлық тәрбие және білім беру мекемелері мемлекеттік тілге көшірілу;

- Патшалы Ресей империясы тұсында рухани отарлау құралы болған, бастауын «Түземдік мектептер» деп аталатын білім ошақтарынан алатын – аралас тілді мектептерді тәрбие және білім беру ошақтары ретін жұмыстарын тоқтату. Олардың барлығын сол аймақтардағы этнодемографиялық ерекшеліктерге қарай не таза қазақ тілді, немесе таза орыс тілді мектептерге айналдыру.

Жоғарыда көрсетілген білім реформаның нәтижесінде 20-25 жылдың ішінде мемлекеттік тілді еркін қолданатын, Қазақстан деп аталатын полиэтникалық мемлекеттің жас буын азаматтарын қалыптастырамыз.

Екінші, әлеуметтік теңдікді қамтамасыз ету. Ортақ ұлттық құндылықтарды тұтыну. Тәрбие және білім беру саласында тарихи танымдық, патриоттық мазмұндарға көніл бөлу. Азаматтардың нәсілі, этносы, жасы, жынысына қарамастан сапалы жақсы білім, медицианалық қызмет алуларына, қоғамда өзін тұлға ретінде, кәсіби маман ретінде қоғам өмірінің әртүрлі саласында (ғылым, білім, өнер, мәдениет, спорт, мемлекеттік қызмет) жүзеге асыра білуіне толықтай жағдай жасау. Әлемдік додаларда Қазақстанды осы елдің азамата ретінде лайықты таныстыруға, ұлттың намысын қорғай білуге мүмкіндік жасау. Бұл тұғыр бүгінде спорт, өнер, мәдениет саласында өзін жақсы көрсетуде. Мәселен, дүниежүзілік аренада өнерлерін, спорттық машықтарын көрсететін Димаш Құдайбергенді, Геннадий Головкинді, Қанат Исламды, Дмитрий Баландинді, Ольга Рыпакованы, Жансая Әбдімәлікті әлем жұртшылығы қазақ ұлтының өкілдері деп таниды.

Ортақ ұлттық құндылықтар ретінде Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі күнінің, Қазақстан Республикасының Конституциясы күнінің, Ұлттық валюта күнінің, 14 науырыз – Көрісу немесе Амал меркесін, 21 науырыз – жыл басы Наурыз мейрамын ұлықтап, Қазақстандағы барлық этностарды азаматтық белгілері бойынша бір ұлтқа ұйыстырушы мазмұның насихаттап, дәріптеу. Осы құндылықтарды ортақ тұтынуға шақыру.

Тәрбие және білім беру саласында тарихи танымдық, патриоттық мазмұндарға көніл бөлу ісі, Қазақстан Республикасы Конституциясының преамбуласындағы: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта  лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деп айтылған басты тезистік ойдың шеңберінде жүргізілуі тиіс.

Ол үшін орта білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарының тарих пәнінің оқу бағдарламаларында Қазақ ұлтының қалыптасуы мен хандық басқару формасындағы ұлттық мемлекеттігін құруы, патшалы Ресей мемлекеттінің бодауына өтуі мен КСРО құрамында мемлекеттік субъект ретінде өмір сүруі, қазақ жеріне бүгіндегі Қазақстандағы барлық этностардың белгілі бір тарихи кезеңдерде келіп қоңыстанғаны, жер аударылып келгені қандайда болмасын бір әсірелеусіз объективті баяндалуы, сондай-ақ бүгіндегі қазақ жеріндегі барлық этностардың ортақ тарихи тағдыры - олардың барлығының өкілдерін азаматтық белгілері бойынша - Қазақ деп аталатын ұлтқа біріктіргенін қандайда болмасын бір әсерелеусіз, байсалды әрі ұғынықты түрде оқытылуы тиіс деп есептейміз.

Жоғарыда баяндалған мазмұнда тәрбие және білім беру үдерістері ұйымдастырылып, Отаның һәм ұлтың сүйюге, еркiндiк һәм жауапкершілікке, теңдiк һәм паритеттікке, татулық һәм достыққа,  толеранттылық һәм либералдыққа шақыратын патриоттық рухтағы тәрбие берілуі қажет.

Үшінші, Қазақстанның экономикалық өсіп-өркендеуін қамтамасыз ету. Гүлденген, өсіп-өркендеген, халықаралық қатынаста өзіндік салмағы бар, әлемдік қауымдастықта ойып тұрып өзінің орының алған елде өмір сүру кез келген адам үшін сол елдің азаматы ретінде қызықты, әрі мақтаныш сезімін тудырады. Қазақстанның экономикалық өркендеген елге айналуы, алдынғы айтылған екі тұғырға тікелей байланысты. Нәсілдік және этностық тендік аясында, азаматтық белгілері бойынша бір ұлттың бойында өзін сезіну, қоғамның әр саласы бойынша өзін жүзеге асыруға мүмкін болған әлеуметтік теңдік сақталған қоғамда экономикасы өркендеген, этникалық жанжалдардан ада, жемқорлықсыз күшті мемлекет құруға болады.  

Сөзімізді қорытындылайтын болсақ, ұлт мәселесінде бүгіндегі қоғамымызда орын алып жатқан түйткілді проблемаларды ашық көтермей, кеңес кезінен қалған ескі сүрлеуден шықпай,  керсінше мұндай мәселелер жоқ деп оның бетін ғана әрлеп қою, мемлекеттің ұлттық саясатының нәтижелі емес екенің көрсетеді. Ұлт мәселесіндегі саясаттың бүгінгі таңдағы моделі, бүгінгі күннің талабына сай емес, әлемдік ұстаным негізінде қалыптасқан тәжірибеден алыс. Мұндай жағдайда этникалық түсініспеушіліктер орын алып, олардың түрлі әлеуметтік және тұрмыстық жағдайлардың себебімен жанжалдарға ұласуы заңды құбылыс.

Осыған орай, ұлт мәселесіне қатысты әлемдік ғылыми қауымдастықпен мойындалған ұғым-түсініктер аясында, әлемдік тәжірибені назарға ала отырып, елдегі этностарды азаматтық белгілері бойынша бір ұлтқа ұйыстыратын, бүгінгі күннің талабынан шығатын ұзақ мерзімді стратегиялық мақсат-мұраттарды көздейтін, Қазақстанның өзіндік ұлттық саясатының моделін құру, ұлттық-мемлекеттік идеалогиясын жасау қажет деп есептейміз.

Аманкелді Садуақас

Пайдаланған дерек көздері:

  • Қазақстан Республикасының Конституциясы;
  • «Материалы к истории киргиз-казакского народа», М. Тынышпаев;
  • «Қазақ тарихының әліппесі», М. Мағауин;
  • «Елдегі діни ахуал, өзгерістер біздің бағытымыздың дұрыс екенің көрсете бастады» М. Мырзахметов, «Адырна» ұлттық-этнографиялық порталы, 2011;
  • «Аралас мектеп және шала қазақ мәселесі», М. Мырзахметов, Baq.kz сайты;
  • «Ұлттың бір адамын қорлау барлық ұлтты қорлаумен бірдей», А.Айталы, «Ана тілі» газеті, 2020;
  • «Советская национальная политика в условиях административно-командной системы», Ижевская государственная сельскохозяйственная академия, Смиронова Л.В., «Вестник ОГУ» №7/июль 2006;
  • «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының заңы;
  • https://carnegieendowment.org/sada/?fa=46097&lang=en
  • https://www.fergananews.com/articles/7947
  • https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%9D%D0%B0%D1%86%D0%B8%D0%BE%D0%BD%D0%B0%D0%BB%D1%8C%D0%BD%D1%8B%D0%B9_%D1%81%D0%BE%D1%81%D1%82%D0%B0%D0%B2_%D0%9A%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D1%85%D1%81%D1%82%D0%B0%D0%BD%D0%B0
  • https://dic.academic.ru/dic.nsf/politology/398/%D0%90%D1%81%D1%81%D0%B0%D0%BC%D0%B1%D0%BB%D0%B5%D1%8F
  • https://www.geopolitica.ru/article/etnos-narod-naciya-nacionalnost-raznica-ponyatiy-i-opasnost-ih-smesheniya
  • https://thequestion.ru/questions/178143/kakaia_raznitsa_mezhdu_natsiei_i_etnosom_0f003f1d
  • https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%9D%D0%B0%D1%86%D0%B8%D1%8F
  • https://www.akorda.kz/kz/national_projects/kazakstan-halky-assambleyasy

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1961