Қазақстанда көлік бағасы рекордтық деңгейге жетті

2025 жылдың маусым айында Қазақстанда автокөлік өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға қымбаттады. Бұл ЕАЭО елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Зерттеуге сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақтың басқа мемлекеттерінде бағаның өсуі айтарлықтай төмен болды. Мәселен, Ресейде автокөлік бар болғаны 1,4%-ға, Қырғызстанда – 0,2%-ға қымбаттады, ал Армения мен Беларусьте 2024 жылдың маусымымен салыстырғанда көлік бағасы төмендеді. ЕАЭО-да орташа өсім 2,2%-ды құрады.
Қазақстанда 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында автокөліктер 9,3%-ға қымбаттаса, Ресейде 2,8%-ға қымбаттады. Одақтың басқа елдері айтарлықтай өзгерістерді тіркеген жоқ.
Біз жаңа көліктер құнының күрт өскенін байқап отырмыз. Олар бір жыл ішінде 21,3%-ға қымбаттады. Сонымен бірге ескі көлік бағасы төмендеді, - деп атап өтті Бірінші кредиттік бюро.
Сонымен қатар Қазақстанда ЕАЭО елдері арасында азық-түлік емес тауарлар мен қызметтер бағасы ең көп қымбаттаған. Ал азық-түлік тауарларының бағасы бірқалыпты өскен, тіпті одақтық орташа деңгейден төмен болды.