Тоқаевқа қастандық, Сүлейменовтің сөзі һәм русофобия
Сәуір айы басталар-басталмастан әлемдік БАҚ-та Қазақстан жайлы үш ақпарат қызу талқылануда. Үшеуі де қызық, үшеуі де маңызды. Енді соларға бір шолу жасайық...
Сүлейменовтің сөзі және орыс әлемінің реакциясы
1 сәуір күні ҚР ПӘ басшысының бірінші орынбасары Тимур Сулейменов Қазақстанның Украина мен Ресей арасындағы соғысқа қатысты позициясын жариялап, Euractiv порталына сұхбат берді.
ҚР ПӘ басшысының бірінші орынбасары Тимур Сулейменов Қазақстан Ресей үшін АҚШ пен ЕО санкцияларын айналып өту инструменті болмайтынын, Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтынын, Қазақстан АҚШ пен ЕО тарапынан санкцияға іліккенін қаламайтынын айтқан.
«Біз әр нәрсені өз атымен айтамыз. Бұған қатысты бізде мәселе жоқ. Ресей «соғыс» сөзіне тыйым салатын заң қабылдау туралы шешім қабылдады. Олар соғысты «арнайы әскери операция» деп атайды. Ал біз, Қазақстанда оны өз атымен атаймыз.
Әрине, Ресей біздің өз жағында болғанымызды қалайды. Бірақ, Қазақстан Украинаның территориялық тұтастығын қолдайды. Біз Қырымды да, Донбассты да мойындаған жоқпыз. Өйткені, ол аумақтарды БҰҰ мойындаған жоқ. Ал біз БҰҰ шешімін ғана қолдаймыз», - деп пікір білдірген еді.
Сүлейменовтің бұл айтқандарын басқа-басқа орыс һәм орыс тілді ақпарат ызу-қызу талқылап жатыр. Барлығының айтып жатқандары: «Қазақстан арқамыздан пышақ сұқты», «сатқындық жасады», «опасыздық жасады» т.б. Барлығының жиынтық пікірі ретінде Владимир Евсеев деген әскери сарапшының «Московский комсомолецке» берген пікірін ұсынайық.
Сонымен: «Егер қаңтарда Ресей өзінің бітімгерлік әскерін жібермегенде, Қазақстанда қазіргі жағдай мүлде басқаша болар еді. Бірақ, Ресей әскер жіберіп, елдегі тұрақтылықты сақтап қалды. Ал енді қазір Қазақстан билігіндегі кейбір тұлғалар «бізге де санкция салмасы үшін АҚШ-пен тату болайық», деп жатыр. Сіз (Сүлейменовке қарата айтып отыр) алдымен өзіңізге не керегін анықтап алыңыз. Бәлкім, Сіз түрлі-түсті революцияны қалайтын шығарсыз?!
Қазақстанда түрлі көзқарастар бар. Ол жақта русофобия күш алып тұр. Қаңтар оқиғасының бір нұсқасы – АҚШ пен Ұлыбританияның Қвазақстанда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болғаны белгілі. Енді Қазақстан өз елінде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандардың жағына шығып, «Ресейге көмектеспейміз, санкциядан қорқамыз», деп отыр. Қазіргідей көпжақты әлемдік саясатта Қазақстанның өз орны бар ма? Бар болса, оның өз даусы болуы керек қой. Егер Тоқаев әрі қарай да, Назарбаев секілді екі жаққа ойнайтын болса, Ресей бұдан әрі Қазақстанға көмектесе ме, жоқ па деген мәселені ойланатын болады», - депті жаңағы Евсееев деген сарапшы.
Жалпы пікір осы сарында. Сондықтан, осы пікір де жеткілікті болар. Әрі қарай:
Путин неге хабарласты?
2 сәуір күні президент Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті. Ақорда таратқан ресми ақпараттарға сүйенсек, Президенттер екі мемлекет арасындағы сауда-саттық, экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын егжей-тегжейлі талқылаған.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің барысы туралы мәлімет берген.
Сарапшылар мен қоғамның сергек саналы азаматтары Путиннің дәл сол күні, едел-жедел хабарласуын жоғарыдағы Сүлейменовтің мәлімдемесімен байланыстыруда. Онан соң:
Тоқаевқа қастандық
3 сәуір күні ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Мемлекет басшысы мен бірқатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге қастандық жасауды жоспарлаған шетел барлау агенті құрықталғанын мәлімдеді.
25 наурыз күні қарсы барлау қызметкерлері тарапынан Нұр-Сұлтан қаласында шетелдік барлау қызметіне жұмыс істейтін азамат тұтқындалған.
«Ол арнаулы және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты террористік актілер жасауды жоспарлаған. Тінту барысында шетелде шығарылған дыбыс өшіргіші бар снайперлік винтовка, есірткі заттары және ірі ақша сомасы тәркіленді. Қару кәсіби түрде жасырылып, Қазақстанға бөлшектермен әкелінген», - делінген хабарламада.
Күдікті әлеуметтік желілерде материалдар жариялау арқылы Ресейге қарсы үндеуді насихаттау және қоғамда русофобтық көзқарастарды тудыру тапсырмаларын орындағаны хабарланды.
Шындығында, қазақ қоғамы, Қазақстан қоғамы дәл осы ресми мәлімдемеге қатысты екіұшты пікірде. Қоғамның бір тобы ҰҚК ақпаратына сенетіндіктерін, президент Тоқаевқа қатысты қастандық жасалуы мүмкін екенін айтса, екінші топ жұрт бұл ақпаратқа күдікпен қарайтындықтарын білдіруде.
Ал біздің көңілімізді бұрғаны, жоғарыдағы үш маңызды ақпараттың бірінің ізін ала екіншісі, араға күн салмай, үшіншісі қатар жариялануы. Аталған үш ақпаратты байланыстыратын екі фактор – Қазақстанның Украина мен Ресей арасындағы соғысқа қатысты позициясы және Қазақстандағы русофобтық көзқарас мәселесінің қатар айтылуы. Ал сіз не дейсіз?..
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz