Қаңтар қырғыны: 152 адамға үкім шықты
Қанды қаңтардан кейін қозғалған істер бойынша 152 адамға үкім шықты, олардың 17-і жазаны түрмеде өтейді. Бұл туралы Бас прокуратура өкілі Елдос Қылымжанов брифингте мәлімдеді.
Жазасын түрмеде өтейтіндер "қару-жарақ ұрлау, сақтау, шығынды өтемеу, жазаны толық өтемеу секілді ауыр қылмыстар жасағандар" екені айтылды.
Қылымжановтың мәліметінше, 35 адамның еркіндігі шектелді. Бас прокуратура өкілінің айтуынша, 262 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Солардың 44-і "терроризм", 47-і "жаппай тәртіпсіздік" айыптарымен қозғалған. 209 қылмыстық іс сотқа жіберілді, сол істер бойынша 323 адам сот алдында жауап берді немесе жауап береді. Бас прокуратураның хабарлауынша, 733 адам қамауда отыр.
Қылымжановтың мәлімдеуінше, 5 қаңтарда полицияның екі департаментінің, ҰҚК-нің екі департаментінің басшысы ғимараттарды тастап кеткен. Олар да күдікті деп танылды. Қылымжанов Жамбыл облысы полициясы басшысының бұрынғы орынбасары ұсталғанын хабарлады.
Қанды қаңтардан соң мыңдаған адам ұсталды, жүздеген адам түрлі айыптармен қамауға алынды. Қамаудағылардың көбісін азаптағаны мәлім болды.
Abai.kz