Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2671 0 пікір 19 Қазан, 2012 сағат 10:09

Жекенің малы мемлекет қамқорлығына алынады

 

 

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржы ми­нистрлі­гін, Экономика және бюд­жет­ті жоспарлау ми­нистрлі­гін ауыл­ды-аймаққа сеп­тесу­ге ша­қыруда. Ауыл шаруа­шылы­ғы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аман мырза­ның пайымда­уын­ша, болашақ­та бұл екі министрліктің ауылға қол ұшын созуға деген ықы­лас-ниеті нық болса, ауыл фер­­мер­лерінің  жағдайы да оңа­ла түспек.

Жалпы, бұл екі мемлекеттік органнан көмек сұраудың астарында: алдағы қысқа дайындық; жеке үй шаруашылығындағы мал басын қыстан аман алып шығу; мал азы­­ғын реттеу; малдың аналық басының төмендеуіне жол бермеу; мал өсіруде шаруалардың шығындарына өтемақы төлеу тәрізді мәселелер жатыр. Бұған қа­тыс­ты Евгений Аман мәлімдегендей, бү­гінде мал шаруашылықтарында ірі қара  мал басының, соның ішінде аналық мал ба­­сының  өсімін қадағалау мақсатында Үкі­­мет өз резервінен 1,5 млрд теңгеден ас­там қаржы бөлмек. Бұл қаржы шаруа­лар­­ға  алдағы қыс маусымында  мал басын ба­ғып-қағудағы шығындарды ішінара өтеу үшін берілмек. Қазіргі кезде Үкіметтің тиісті қаулысының жобасы мемлекеттік ор­гандарға, яғни Қаржы, Экономика және бюд­жетті жоспарлау министрліктеріне ке­лісу үшін бағытталған. Осы орайда жауапты хат­шы тиісті министр­ліктер­ден жобаны  ке­лі­суді жеделдетіп, ауыл­ға көмектесуді сұ­ра­ды. «Келісуді же­дел­детсек, бұл өз ке­зе­гін­де қарашадан бастап шаруа­­шы­­лықтарға мем­лекеттік кө­мек көрсету үшін қажет бол­мақ», - дейді Ауыл шаруашы­лы­ғы ми­нистр­­лігінің жауап­ты хатшысы Евгений Аман...

Жеке шаруалар мұндай көмекке мұқтаж

Жауапты хатшы осылай деп тізбелеп жатқан тұста сала мамандары да өзіндік ой-пікірлерін білдіруден қалыс қалмады. Мамандардың байыптауынша, мұндай қаржылай көмекке  шаруалар өте зәру.

Сағындық САТЫБАЛДИН, экономист ғалым:

- Үкімет тарапынан көмек туралы ар­найы қаулы тағайындалғаны да дұрыс. Себебі қазірде шаруа қожалықтары өз алдына,  жекелеген қолдағы үй шар­уашы­лық­тарындағы  мал азығын реттеу, мал басын сақтау жайы - ауылдың басты проб­лемаларының бірі. Мысалы, Евгений Аман мыр­за,  Қарағанды, Атырау, Маңғыстау, Ал­ма­ты облысы, Қостанай, Шығыс Қазақ­стан, Жамбыл облыстарында мал азығын дайын­дау жұмысы өте әлсіз екенін сөз етті. Сонда еліміздің белді-белді аймақтарында мал азығын даярлау солғын, жемшөптің ба­ғасы анағұрлым қымбат болса, үй ша­руа­шылығындағы мал басын өсіру үшін неге сол мал азығының жоқ дегенде 25 па­йы­­зын мемлекеттік төлеуді қолға алмасқа? Егер біз мал шаруашылығын дамытқымыз келсе, осы мәселені ойластырғанымыз жөн. Асылтұқымды мал өсіріп отырған шар­уашылықтарға ғана көңіл бөле бер­мей,  шалғай ауылда жатқан үй-жайында мал өсіріп отырған, не жайылымдық жері жоқ, не мемлекеттік көмек ала алмайтын ағайынға  септік тигізу қажет. Ол шаруалар мұндай көмекке мұқтаж. Жеке меншігінде жайылымы жоқ болғандықтан, олар жемшөпті сатып алуға мәжбүр. Ал қазір ауылды жерлерде бір мәшине шөптің бағасы 50-60 мың теңге. Жемнің тоннасы тіптен қымбат. Қайсыбір шаруалар аз-маз шөп алып, қақаған қыс ортасында азықсыз қалатын жайттар да бар.  Сондықтан мал азығын мемлекеттік реттеуді бастайтын кезең әлдеқашан жетті.

«Береген қолым алаған» екенін сездіру қажет

Негізінен, үй-жайда мал өсіретін шаруа­­ларға дем беру қажеттігін алға тартқан ма­мандар «болашақта көмектесіп қана қой­май, оларға өзінен қайтара ала­ты­нын сездіріп отырған жөн» дейді. Мә­селен, жергілікті жерде мал басын өсіруді, оны азықпен қамтамасыз етуді мемлекет өзіне міндеттесе, уақыт өте келе үкіметтік тараптан шаруаға ет және ет өнімдеріне тапсырыс беру жүйесін енгізген жөн.

Ғалижан МӘДИЕВ, экономист сарапшы:

- Қазір үй-жайдағы мал өсіретін шаруаларға мемлекет дем беріп жіберсе, кейін мал басы қыстан аман шыққанда, шаруаларға ет өткізуге мемлекеттік тапсы­рыс беру керек. Әрине, мемлекетке өткі­зілетін өнім бағамына қатысты тағайындау екі жаққа да тиімді болғаны жөн. Мем­ле­кетке ет өткізу арқылы малын  базарға апа­рып саудалағанда ортадағы делдалға желі­ніп қайтатын ағайынның да ұпайы түген­деледі. Бастысы  - мал басын өсіріп отыр­ған шаруаларға жауапкершілік жүк­теледі. Бұған қоса айтарым, шағын кластер жүйесін сауаттандыру керек. Егер ауылдағы ағайын шағын кластерлік жүйені сауатты меңгерер болса, бүгінде тау-тау болып өртеліп немесе болмашы тиын-тебенге өткі­зіліп жатқан қойдың жүні өндірілер еді. Міне, үй шаруашылығындағы мал басын өсіру­ге қатысты шаруалар жаңашылдықты сезінсін десек, осы жайттар шешімін табуы керек.

Өтемақы төлеу жүйесіне өзгеріс керек

Бұған қоса мамандар мал басы ауы­рып, шығынға ұшырағанда төленетін өтемақы жүйесіне өзгеріс керектігін де алға тартуда. Қазірде Үкімет ауру малдың есебі ретінде шаруаларға 30 пайыз өтема­қы төлеуде. Жасыратыны жоқ, мұны қай­сыбір қауым азсынып, қорасындағы ауру малын жасырып қалып, етке өткізіп жібе­ретін  жайттар да кездесіп қалады.

Мәкен ТОЙШЫБЕКОВ, мал шаруашы­лы­ғы ғылымының докторы, профессор:

- Мәселен, бір ірі қараның құны ауыл­ды жерде 80 мың теңгеге бағаланса, оның 80 пайыздық өтемақысы 64 мың теңгенің айналасында болады. Сол 30 пайыздық өтемақыны азырқанған шаруа қауымына малын базарға өткізіп жіберген әлдеқайда тиімді.  Демек, бізге аурудан шығын болған мал­дың өтемақысын 80 пайызға дейін өсіру қажет. Бұл - әлдеқандай төтенше жағ­дайдың орын алуынан сақтайды. Осы арқы­лы біз эпизоотикалық дерттің өңірге кеңі­нен жайылып кету қаупінен сақтана ала­мыз. Оған қоса төленген өтемақыға шаруа­лар жойылған мал басының орнына мал сатып ала алады. Бұл  «банкроттыққа» жол бермейді. Сондай-ақ шаруаларға бел­гілі мөлшерде дотация, субсидия бөліп қа­на қоймай, нақ осы мал азығын реттеу жұ­мыст­арын жүргізу керек. Мәселен, қазір­де республикамыздағы жайылымдық жер­лердің, егістік аймақтардың басым бө­лігі  жарамсыз саналуда. Осыған орай, мем­­лекет тарапынан арнайы қадағалау жұ­мыстары жүргізілгені жөн. Болмаса ауыл­дағы ағайын жыл сайын мал азығын даяр­лайтын шақ келгенде тығырыққа тіреліп әуре-сарсаңға түседі.

 

Ойтүйін:

Тіптен біз сөз етіп отырған мәселеге қатысты мамандардың қайсыбірі мал азығын бақылайтын, реттейтін, мал өсірудің шығынын есептеп жіктеп отыратын арнайы орган құрылуы керектігін де сөз етіп қалды. «Қалай десек те, мал басын өсіріп-бағудың қажеттігін алдымен шенеуніктер ұғынуы тиіс»  деседі мамандар.

Бұл ретте сарапшылар: «Өткенде шенеунік мырзалар болашақта бес жыл ішінде сырттан елге жоғары өнімді 72 мың ірі қараның әкелінетінінен хабардар етті. Олардың айтуынша, өнімді мол беретін малды сырттан импорттап әкелу жыл өткен сайын ұлғая бермек. Біз осылайша 2016 жылға қарай Қазақстанның экспортқа ет өнімін шығару әлеуетін 60 мың тоннаға жеткізбекпіз. Бұлайша мал басын импорттап әкелу ет өнімін молайта алмайды. Керісінше, біз болашақта қаржыны қолда бар мал басын көбейтуге, оны асылдандыруға жұмсағанымыз абзал», - деп отыр.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377