1МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ИЕСІ ТАБЫЛМАЙ ТҰР
Соңғы кезде қоғамда зейнеткерлердің жасын ұлғайтуға байланысты дау әбден шарықтау шегіне жетті. Халық наразылығын танытқан сайын, Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко да әйелдерді зейнетке 58 жаста емес, 63 жаста шығару керектігін айтудан танар емес. Тіпті бар қаржыгердің айтуынша, егер қазақстандықтардың зейнет жасын ұлғайтпаса, ерте ме, кеш пе, Қазақстанның зейнетақы жүйесі қирап, банкротқа ұшырайтын көрінеді.
Осындай түрлі уәждер айтып, қарапайым халықтың мазасын қашырған Марченкоға қарсы наразылық танытушылардың қатары артуда. Бұған дейін Алматыда екі рет өткен наразылық шарасына жиналған зейнеткерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері «Марченконы тоқтатайық!» деп ұрандаса да, ол «әйелдердің зейнетке шығу жасын біртіндеп басқа елдермен теңестіру керек. Бұл реформа Үкіметтің 400 млрд. теңгесін үнемдемек» деген пікірді індете түсті. Ол ол ма, Марченконың айтуынша, оның 63 жаста зейнетке шығу керек деген ұсынысын Ұлттық банкте жұмыс істейтін нәзік жандылар қуана қолдапты.
Соңғы кезде қоғамда зейнеткерлердің жасын ұлғайтуға байланысты дау әбден шарықтау шегіне жетті. Халық наразылығын танытқан сайын, Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко да әйелдерді зейнетке 58 жаста емес, 63 жаста шығару керектігін айтудан танар емес. Тіпті бар қаржыгердің айтуынша, егер қазақстандықтардың зейнет жасын ұлғайтпаса, ерте ме, кеш пе, Қазақстанның зейнетақы жүйесі қирап, банкротқа ұшырайтын көрінеді.
Осындай түрлі уәждер айтып, қарапайым халықтың мазасын қашырған Марченкоға қарсы наразылық танытушылардың қатары артуда. Бұған дейін Алматыда екі рет өткен наразылық шарасына жиналған зейнеткерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері «Марченконы тоқтатайық!» деп ұрандаса да, ол «әйелдердің зейнетке шығу жасын біртіндеп басқа елдермен теңестіру керек. Бұл реформа Үкіметтің 400 млрд. теңгесін үнемдемек» деген пікірді індете түсті. Ол ол ма, Марченконың айтуынша, оның 63 жаста зейнетке шығу керек деген ұсынысын Ұлттық банкте жұмыс істейтін нәзік жандылар қуана қолдапты.
Елбасы ел халқының өмір сүру ұзақтығын 70 жасқа жеткізу керектігін айтқан болатын. Бұл тұрғыда Григорий Марченко: «Соңғы 10 жылда тұрғындардың орташа өмір сүру мерзімі 3 жылға өсті. Егер ауыл адамының жағдайын жақсартсақ және әйелдер мен балалардың өлімін азайтсақ, онда адамдардың орташа өмір сүру мерзімі 4 жылға ұзарады. Қазір еркектер зейнетке шыққаннан соң тағы 12,5 жыл, ал әйелдер 20,4 жыл өмір сүреді екен. Сондықтан, осыншама жыл оларға зейнетақы төлеп тұру бюджетке ауыртпалық салып, зейнетақы жүйесін банкротқа ұшыратады» деп салды.
Сонымен, Үкіметтің аталмыш реформасы арқылы ең төменгі зейнетақы алатындарды одан әрі жұмыс істеуге мәжбүрлемек көрінеді. Сондай-ақ жекеменшік зейнетақы қорларының инфляция жеп қойған және банктер мен Қор жетекшілерінің жеке мүддесі үшін пайдаланылған қаржылардың орнын толтырмақшы екен. Мұндай қадамға баруды құп көрмейтін қарапайым халық өкілдері: «Біздің шенеуніктер неге бәрін Батыс елдерінен көшіріп алғысы келеді? Дамыған елдердің реформасы бізге сәйкес келе ме? Олардың тұрмыс жағдайы да күнкөрісі де бізден жоғары емес пе?!» деген жанайқайын білдіріп-ақ келеді. Алайда, Ұлттық банк төрағасы Г.Марченко: «60 жылдан кейін мұнай қоры да сарқылады. Мұнайдан түсетін табыс азайса, халыққа зейнетақы төлей алмау қаупі бар», - деп көңілі күпті жұртты тығырыққа бір тіреп тастады.
Айтпақшы, Есеп комитетінің бұрынғы басшысы, Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев зейнетақы қорында иесіз 1 млрд. теңгенің бар екендігін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің назарына салды. Бәлкім, Өксікбаев мұны Есеп комитетінде жүргенде-ақ анықтаған шығар. Енді міне, бұл ақпаратты жариялаудың ұтымды сәті келген сияқты. Ол: «Зейнетақы қорындағы 1 млрд.-тай теңгенің иесі табылған жоқ. Дивиденттер өсіп жатыр, ал қор мұны өз мақсатына пайдалануда. Бұл ақшаның болашағы қандай?», - деген сауалды министрге төтесінен қойды. Депутаттар алдына алғаш шығып, абдыраған министр Серік Әбденов: «Мұндай мәселенің бары рас. Бұл ақшалар кейбір азаматтардың қайтыс болуына және басқа елге көшуіне байланысты қалып қойған. Бұны мемлекеттің қорына алуға мүмкіндігіміз де жоқ. Өйткені бұл ақша иелерінің туыстары, жақындары бар. Олар «Азаматтық кодекс» арқылы анықталады десек те, әзірге табу мүмкін болмай тұр», - деп салқынқанды жауап берді.
Біз зейнетақы төңірегінде қалыптасып отырған жағдай туралы Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы Айдар Әлібаевқа аз-кем сауал тастаған едік.
Айдар Әлібаев, Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы:
МАРЧЕНКО ИЕСІ ЖОҚ АҚШАЛАРДЫ РЕТТЕСІН
- Айдар мырза, Ұлттық банк төрағасы Г.Марченко зейнет жасын ұлғайту керектігін көптен бері айтып жүр. Сіз бұған қалай қарайсыз?
- Зейнет жасын ұлғайтуға қарсы емеспін. Бірақ экономикалық дағдарыс қысып, өмір сүру деңгейі төмендеген тұста, сондай-ақ жұмыссыздық көбейіп, баға шарықтап бара жатқан уақытта зейнет жасын ұлғайту дұрыс емес. Оның үстіне бүгінде экономикалық, әлеуметтік жағдай аса мәз емес уақытта әйелдердің зейнет жасын көтерсек, жағдай қалай болады? «Сарыарқа» кинотеатрының жанына жиналып, наразылығын танытып жүрген зейнеткерлерді, қоғам мүшелерін жақсы түсінемін. Себебі, бұл әрекеттер зейнетақы қоры жүйесіне әсер ете қоймайды. Кез келген реформа мәселенің, жүйенің жақсаруына, оң бағытқа көшуіне әсер етуі керек. Алайда, әйелдердің жасын ұлғайтуды қалайша жағдайдың жақсарғаны деп түсінеміз? Меніңше, зейнет жасын көтерудің қажеті жоқ. Онсыз да Қазақстан бұрынғы Кеңес одағы елдері ішінде алғаш болып 1998 жылы әйелдер мен еркектердің жасын үш жасқа көтерген болатын. Біз ауызға көп алатын Ресей де әлі күнге дейін бұрынғы зейнет жасын ұстап тұр. Яғни, әйелдер 55, еркектер 60 жаста зейнетке шығады. Біз онсыз да бір мәрте көтердік. Енді тағы да көтерсек, бұл мүлдем ақылға сыймайды.
- Қазір қоғамда жұмыс істейтін жекеменшік зейнетақы қорларын біріктіріп, біртұтас мемлекеттік қор құрып, оны шетелдік компаниялардың басқаруына беріледі екен деген әңгіме бар. Бұл қаншалықты рас?
- Өз басым шетелдік компаниялар басқаруында қандай да бір біртұтас мемлекеттік қор құруға қарсымын. Тіпті, дамуы артта қалған мемлекеттің өзі зейнетақы жүйесін ешқашан шетелдіктерге басқартқан емес. Бұл ақылға сыйымсыз. Шын мәнінде, бұл - Қазақстанның ұлттық мүддесіне қайшы келетін шаруа. Жағдай осылай өрбісе, бұл қоғам арасында келеңсіз жағдайлардың белең алуына ықпал етеді. Осыған байланысты, аталған мәселе жөнінде Ұлттық банк басшысы өзінің көзқарасын еш бұлталақсыз тура ортаға салуы тиіс. Қазақстанның зейнетақы активтері бірігіп, оны шетелдік компанияның басқаруына беру деген идея дұрыс емес. Бұл тек зейнетақы қорына деген қызығушылықты ғана емес, тіпті тәуелсіз еліміздің мүддесіне қайшы келеді. Бізде ақшаның қайнар көзі онсыз да көп емес. Тек қана Ұлттық қор мен зейнетақы жинақтау қорында ғана. Ұлттық қорда жатқан ақша батыстық ақша түрінде аз кіріс әкелуде. Егер қазір басқармаға зейнетақы активтерін, барлық ресурстарымызды берсек, біз болашақта Батыстың қаржылық институттарына тәуелді боламыз. Бұны тек экономикалық ғана емес, саяси тәуелсіздігімізден біртіндеп айрылуға әкелетін жол деп түсінемін. Сондықтан да шетелдік компанияның басқаруына үзілді-кесілді қарсымын. Соңғы кездері зейнетақы активтеріне деген қызығушылық күшейіп тұр. Солардың бірі Дүниежүзілік банк арқылы өрбіп жатуы да мүмкін. Басқарушы шетелдік компания қазақстандықтардың жинағын табысы мардымсыз батыстың құнды қағаздарын сатып алуға жұмсап, ақыры тақырға отырғызып кетуі ықтимал. Мұндай жағдайда инфляцияны жабатын табысты да армандап қаламыз. Әрі халықаралық тәжірибеден осындай реформаның тиімді болғанын кездестірмейсіз. Ұйымдастырушылық, құқықтық жағынан алып қарастырсақ, біздің қорлардың қызметі қалыпты. Тек барлық таяқ табыстылық жағынан келіп тиеді. Ал қордың табысты болмауына объективті себептер бар. 2011 жылы көптеген зейнетақы қоры теріс табысты тіркеді, өйткені нарықта сенімді, өтемпаздығы жоғары құнды қағаздар жоқ. Қор нарығына қатысушы мықты компаниялар да болмай тұр. Экономикамыз осал болғаннан кейін қордың «нәтижесі» де сондай. Әрине, мұның бәріне ЖЗҚ қызметкерлерінің кәсіби біліксіздігіне сілтей салу, ең оңай жол.
- Жақында ғана Есеп комитетінің бұрынғы төрағасы, Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев зейнетақы қорларында 1 млрд. теңгенің иесі жоқ деді. Бұл туралы не дейсіз?
- Мұндай ақша бұрын да болған, қазір де бар. Марченко әйелдердің зейнет жасын көтеруді айта бергенше, осы мәселемен айналыспай ма?! Бұл да өзекті мәселе. Кез келген қорда мұндай ақша бар. Бірақ зейнетақы қорлары мұны жасырып, айтқысы келмейді. Оларға бұл тиімді де. Одан да бұл ақша кіріс әкелсін. Ұлттық банк бұл ақшамен қалай жұмыс істеу керек екендігі туралы ережені шешу керек.
Қарапайым халық зейнетақы қорында жинақталған қаржының келешегіне үлкен үмітпен қарауда. 11 жинақтаушы зейнетақы қорындағы 17 миллиард доллардан астам қаржыдан айрылып қалу қаупі 8 миллионнан астам салымшының кеуілін күпті етті. Шынында да, тірнектеп жинаған еңбектің ертеңін кімге сеніп тапсырамыз? Әзірге басы ашық сауалдарға нақты жауап жоқ сияқты.
Ал, басқа елдермен салыстыра айтсақ, зейнет жасы 65 жас болып саналатын АҚШ-та адамның орташа өмір сүру ұзақтығы - 78 жас, Канадада - 81 жас, Испанияда - 80 жас өмір сүрсе, бізде орташа өмір сүру ұзақтығы - 67 жас. Ол ол ма, зейнетақы мөлшері де жер мен көктей. АҚШ-та 1200 доллар (жалақының 50 пайызы), Жапонияда - 60 пайыз, Германияда - 70 пайыз, Францияда - 50 пайыз, Ұлыбританияда - 50 пайыз, ал бізде - 210 АҚШ доллары ғана.
"Түркістан" газеті